Суық күн!
Ақша қармен жерді жапқан.
Суық күн!
Жұрт жүрегін қалтыратқан.
Суық күн!
Ұлы Отанның жүрегіне
Жау жендет жасырынып бір оқ атқан, –
деген жолдарда «Суық күн!» деген сөздер үнемі өлең жолдың басында қайталанып, бар екпін мен басқа сөздер сол суық күннің әсерін, салдарын анықтау ретінде ғана тұрады.
Қазақ халқының ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама оқиғасына байланысты тудырған тарихи өлеңі жұртқа белгілі:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айырылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді.
Он бір буынды қара өлең ұйқасымен, өзінің зарлы да, қайғылы ән-әуенімен ел басындағы қасіретті бейнелейтін бұл өлең Ілиястың «Дала» поэмасындағы ақтабан шұбырындыға арнаған тарауының үлкен қазығы, түйіні ретінде алынады. Шапқыншылық пен босқыншылық күнін халықтың аузындағы (жоғарыда келтірілген) өлеңді қайталау арқылы ақын сол күндерге өз көзқарасын танытады. Бірақ, ақын 7-8 буынмен жазып отырғандықтан да төрт жолды, 11 буынды қара өлеңді сегіз жолға алып келеді.
«Қаратаудың басынан
Көш келеді» деген күн,
«Көшкен сайын бір тайлақ
Бос келеді» деген күн.
«Қарындас пен қара орын
Қалғаннан соң, дариға
Қара көзден мөлтілдеп
Жас келеді» деген күн.
Мұндағы басты мәселе, белгілі өлеңнің 7-8 буынмен сегіз жолға түсуінде емес, алғашқы төрт жолды өлеңнің бір жолын екі жолға бөліп, әр жолдың соңынан «деген күн» деп қайта-қайта айтуында. «Қара таудың басынан көш келеді деген күн» немесе «Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді деген күн» деп оқиғаның ауыртпалығын шегелей айтып, оқушыға эмоциялық әсер етіп отыр.
Поэтикалық синтаксистің қайталау үлгісін Ілияс мол пайдаланған ақын екенін жоғарыда да айттық. Жалпы қайталау дегеннің өзі формалдық тәсіл емес, ол әсіресе әнмен айтылатын өлеңдерде, халықтың толғау, термелерінде жиі ұшырасып отырады. Халықтың ауыз әдебиетін жақсы білген, одан көп үйренген Ілияс Жансүгіров творчествосында қайталау үлгісінің мол жүруінің бір себебі де оның фольклормен тығыз байланыстылығында.
Ақын сөйлеу тілдегі немесе өзінен бұрынғы поэзияда жиі қолданылып келетін инверсияларды толық пайдалана отырып, кейде өзінше жаңаша сөз тіркестерін қолданып, сөйлем мүшелерінің орнын ауыстырып отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |