Қызықтың айдынына құлаш ұрып,
Армансыз қаздай қалқып, қудай жүзген, –
әнші ақын.
Ақан – искусствоның адамы. Әдемілік, сұлулық идеалы болған, сол арманына жету үшін күрескен. Ақан өзінің майда қоңыр әнін салғанда Көкшетаудан балбұлақ құйылғандай тыңдаушының аузының суын құртумен ғана емес, сонымен бірге ол өзінің барлық романтикалық тұлғасымен де ерекше жан.
Кісі емес көп қатынды үйірлеген,
Болған жоқ бір пендеге тию деген,
Текті құс, тазалықты қолына алып,
Арманы-ақ сұлулықты сүю деген60, –
деп Ақан қасиетін ақын ерекше атап кетеді.
Ақын бұл сипатты сөзді реті келіп қалған соң ғана айтып отырған жоқ, мұнымен үстем таптың шоқпары дін иелерінің туғызған әртүрлі жалған лақаптарына қарсылық білдіріп отыр.
Дін иелері өнерге қарсы болды. Домбыраны шайтанның таяғы деп, жастардың сауық кешін жынның ойнағы деп ұқтырды. Осыдан келіп домбыра тартқан, ән салған, сауық-сайранның базарын құрып жүрген халық таланттары – сайтан, жын, пері саналды. Олай болса, сайтан жақсы іске бастауы мүмкін емес, адамдыққа, қиянатқа үйір келуі керек. Өнер иесі Ақан сайтан, жын, пері саналса, ол дін иелерінің пікірінше арамдыққа белшесінен малынған жан болуға тиісті. Міне, үстем тап өкілдерінің, дін иелерінің осындай жалған жаласына душар болған Ақанды I.Жансүгіров таза моральдың, адамгершіліктің, гуманизмнің адамы ретінде суреттейді.
Бар билік үстем тап өкілдері, дін иелерінің қолында тұрғанда Ақан сынды халық ұлының жаны жарадан сау болған ба еді. Әділеті жоқ, өсек-аяңы көп, ырду-дырдудың адамдары өнердің отын жаққан серінің ошағына су құйып, өшіруге тырыспады ма? «Кір өмір, тікен тұрмыс, улы өсек» Ақанның өнерлі жанының сырын түсіну былай тұрсын, қайта оны езе түсті, улай түсті.
Ақан ата жолы, ел дәстүрі деген жоқ, Ақмарқадай аруды сүйді. Бірақ арманына жете алмады, арманы ащы зарға айналып, сері Ақанның жүрегіне ғашықтық дерті жабысты. Амал не, сүйіскен жастардың сезімін елеушілер болмады. Ақмарқадай асылынан айрылмаймын деп Ақан өз заманының жуандарымен, би-болыстарымен қырғиқабақтасты. Әнін халық қанша сүйгенмен Ақанды ел жуандары қуғынға салды. Сөйтіп, Ақан жүрегіне заманы салған қайғылы таңбаның бірі осы Ақмарқаға байланысты болды:
Достарыңызбен бөлісу: |