Ұнайды өмірімен Ақан маған57, –
деп жазады.
Ақанның өмірі шынында да I.Жансүгіровты қатты қызықтырады. Серінің басынан кешкен уақиғалары заман сырын ашып берерліктей шығармаға дайын сюжет сияқты. «Жер мұңын, елдің шерін өлең қылып» жаны ауырған Ақанның сүйген Ақмарқасын ала алмай күйінген тарихын да ақын жақсы түсінеді:
Сол үшін тау, пәлені басына үйген,
Тартқан ол тауқыметті болыс, биден.
Соқпадым онысына осы арада
Бар ма деп жолдастарым жазып жүрген58...
Ілияс «Құлагер» поэмасының кіріспесінде Ақан серінің өміріндегі кезеңді оқиғаларды шолу түрінде қысқа түйіп, оқушысына мағлұмат беріп кетеді:
Сұрама оның бәрін бүгін менен
Тіршілік болса тағы айтып берем59, –
деп Ақан жайына әлі де қайта оралатынын сездіреді.
Ақан төрде отырып, білек сыбанып, билік айтқан би, ауыл торып, ел шулатып, жортуыл жасаған ұры емес немесе жұрттан зекет жинап, әркімге алақанын жайып «нажысын дүниенің бойға жаққан» молда да емес, немесе бақайы шыққан кедей, арыз айтып, өсек таратып, жала жапқан жалақор да емес, ол өмірін сауық-сайранмен өткізген әнші, сері. Оны Ақын сөзімен айтқанда:
Достарыңызбен бөлісу: |