Тастама домбыраңды, күйді ұмытпа,
Тарта жүр, сонау тартқан сергелдеңді!40 –
деп өтініш білдіреді.
Қарашаштың күйші жігітке бостандық беруі, күйшінің қуанып «бостандық» күйін тартуы, жалпы оның құл болдым деп зар илеуі қаншалықты шындыққа келеді деген мәселе ертеректе әдебиетшілер арасында біраз талас тудырды.
Қ.Қуанышұлы «Жансүгірұлының екі поэмасы» деген мақаласында «...Ілиястың жоспарынша мәселе музыкада, музыканың әсерінде. Міне, осы музыканы тап мәселелерін шешуге құрал етуден үлкен қате шықпай ма? «Мүмкін» дүние жүзіндегі жақсы күйшілерді жиып алып күй тартқыза берсе, тап жауының бәрі де балқып, мейірімі түсіп, кедейлерді құлдықтан босатар», – дей келіп, одан әрі: «Поэманың осы күнгі түрінде сенуге қиын жері, ол – күйшінің құл болдым деп зарлауы. Күйші ханның қызымен бір үйде тұрады. Осы жағынан оның пәтер құлшылығын көрмегендігі айқын көрінеді. ...Сапақ Қарашашты оятқанда жендеттердің біреуі күйшіні ұрайын деп ұмтылса, «мейрімді» Қарашаш ұрғызбайды. «Күйшіме тиме» дейді. Күйші күйінен жаңылып күшенген кезде «мейрімді» ханның қызы күйшінің басына бостандық береді. Осының қандай жерінде құлдық бар? Бізше күйшінің зарлауы тек автордың шайнап берген, ауызға салған сөзі (пікірі) ғана, бұл пікір дәлелсіз тұр»41, – деп жазды. «Күйшінің:
Апырмау елге осылар төре ме екен?
Төрелік елге дұрыс бере ме екен?
Қой болдым қорасына келіп сіңген,
Құл болып осыларға өлем бе екен?
деген шумағын келтіріп, күйшінің «қой болдым» дегені бекер. Қой ханның қызының отауына жата ма»42, – деп кінәлайды.
«Қой болдым» деген сөзді Қ.Қуанышұлы дәл мағынасында ұғынып, тым ұшқары пікірге ұрынады. Бұл жердегі «қой болдым» деген сөздің мағынасы өз қорасынан адасып, екінші бір қой қораға сіңісіп кеткен қойлар сияқты деген ауыстырмалы мағынада айтылып отыр. «Қой» қазақта бас асаулығы жоқ, жуас, момын, мүсәпір мағынасында жиі қолданылады. Олай болса, табиғатында момын, мүсәпір, өз бостандығын күреспен алып кетуге құдіреті жетпейтін қойдай жуас күйшінің «қой болдым қорасына келіп сіңген» деуі образды айтылған, мағыналы сөз.
Ал, жоғарыдағы Қ.Қуанышұлының екі пікіріне келетін болсақ, ол бұл жерде де біржақты пікірге ойысып кеткенін көреміз.
Біз күйші жігіттің Кенесарыны өзі іздеп келіп, ақырында ол Қарашаштың қарауына көшкенін айттық. Ал, қылышынан қан тамған, қаһарлы жанның қол астына түскен соң одан бірден шығып кету, әрине, оңайға түспейтіні белгілі. Екіншіден, бұл жерде ақын күйдің күшін романтикалық серпінмен береді де, Қарашаштың аяқ-қолын күймен шырмап тастайды. Күйшінің Қарашашпен бірге тұруы да оның бостандығының айғағы бола алмайды. Керісінше, бірге тұрған уақытта күйші хан тұқымының мейрімсіз қаталдығын, озбырлығын айқын сезіне түседі. Алғашқы кезде күйдің әуенімен ынтық болған күйші Сапақ оқиғасынан кейін шындық жайға көзі жете бастайды. Ал, күйшінің құлдықтан босануына күйдің жаңылған қадамы себепші болса, Қарашаш уәдесінде тұрып, оны босатып жіберсе, бұдан үстем тап пен езілуші таптың арасындағы қайшылық жоғалып кетті деп қарау, жалған түйіндеуге алып келер еді. Ақын таппен тапты біріктірген жоқ, қайшылықтарды да жасырған жоқ, бәрін көрді, барын айтты. Ол тек құнсыз шығармалардағыдай жағымсыз кейіпкерлерді бастан аяқ қара бояумен бояп, құбыжық етіп көрсетпеді. Олардың реалистік бейнесін жасады. Адамға тән жақсы-жаман қасиеттерді Қарашаш бойына береді және оның ішкі сезімін, әрекетін шынайы суреттейді. Мысалы, Сапақтың жігіттік мінезі үшін ел дірілдеткен Қарашаш күйші жігітке еркіндік берсе, бұл жерде екі тап өкілдерін күй арқылы татуластыру мәселесі қойылып отырған жоқ, тек Қарашаш характерінің әр түрлі қырлары мен сырлары көрініп тұр. Біздіңше күйші жігітке бостандық берген Қарашаштың іс-әрекеті, характері, сол сияқты күйші жігіттің бейнесі де реалистік түрде берілген. Қызды сүйген жігіттің де ескі ғұрыпты аттап кетуге шамасы келмейді.
Ханша қыздың қаһарынан қорқып, хан тұқымымен ортақ тіл таба алмайтынына күйшінің көзі жеткен кезде бостандық аңсап, ақырында, азаттық алып, «Азат» деген жаңа күй шертуі – шынайы қалпында, реалистік үлгіде беріледі.
Қ.Қуанышұлының жоғарыдағы, бірыңғай құрғақ мағынаға құрылған сындарының салдарынан үлкен туынды «Күйші» поэмасына дұрыс баға берілмегенін басқа әдебиетшілер орынды сынады. Е.Ысмайылов «Шын поэзияны қалай түсіну керек» деген мақаласында Қ.Қуанышұлының сынына қарсы тұрып: «Күйшінің» мазмұнында ешбір бүркеме, жанама пікір, символизммен айтылған мазмұны жоқ, тарихи дәуірге байланысты шындық уақиға. Сол шындық уақиғамен сәйкестенген күйдің сипаттары беріледі»43, - деп жазды.
Алайда «Күйші» негізінде реалистік поэма десек те, мұнда романтиканың недәуір орын алғанын айтқан жөн.
Бай баласы, терезесі тең Сапақтың өзін сергелдеңге салып, төбесінен әңгір таяқ ойнатқан Қарашаштың сүйген жігіті Күйші қандай кісі болмақ? Сұлу дейтін ол сұлу емес. Тегіне келсек, қара қасқа кедей, яғни Қарашашпен теңесер ешбір сипаты да жоқ. Бірақ, мұның құдіретті күші – өнерінде. Жанға бас имеген, өр мінез Қарашаштың өзін бас идіріп, толқытқан да осы күйдің күші.
Қарашашпен күйші арасындағы сезім қақтығыстарына себепші болған Күйшінің өнері, домбыраның құйқылжыған, бал тамған, тоқсан құбылған күйі. Олай болса, осы сюжеттің өзі, ең соңында күйдің, яғни өнердің күшін идеализациялап, әсірелеуге қызмет етіп тұр.
Міне, реалистік тартыс, сюжет, адамдар характері арқылы I.Жансүгіров үлкен романтикалық түйін түйеді. Күйші жігіт пен Қарашаш екеуінің арасындағы күй арқылы оянған сүйіспендік сезімнің, оны күйдің әуені арқылы іштей түсінуін бейнелеген жерлері романтикалық көтеріңкі леппен берілген. Осы бір психологиялық жайлар домбыра үні арқылы айтылады да, оны қыз да түсінеді. Ал, мұндай психологиялық тартыстар реалистіктен көрі романтикалық үлгіге көп келеді. Оның үстіне ақын күйдің сарынын, қыздың сұлулығын, жігіттің ойын, тілек-арманын да үнемі өсіріп, халық әдебиетінде кездесіп отыратын дәстүрлі романтикалық леп бере жырлайды. Мысалы:
Достарыңызбен бөлісу: |