ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Өнер алды қызыл тіл
Көркем образ бен поэтикалық тілдің түп қазығы – идея. Мазмұннан түрді бөліп қарауға болмайтыны сияқты жазушы творчествосын зерттегенде де тек идеялық-тақырыптық, жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып, оның көркем тіліндегі табыстары мен жетістіктерін қағажу қалдыруға болмайды.
Көркем шығарманың бейнелеу тілінде толып жатқан нақыштар мен өрнектер болатындығы белгілі. Қандай болсын заттың немесе белгілі бір құбылыстың сыр-сипатын, қасиетін айқындай түсу үшін эпитет қолданылып отырса, соны түсініктірек етіп жеткізу үшін оқушыға бұрыннан таныс екінші бір нәрсемен салыстыра, теңей айтады. Ал, сыртқы белгілері жағынан ұқсастық, жақындығы бар екі нәрсенің бірінің орнына екіншісін ауыстырып қолдану – метафора делінеді.
Метафора жалпы троптың негізгі түрінің бірі. Троптың метафорадан басқа да көптеген түрлері бар. Мысалы: аллегория (пернелеу), әсірелеу (гипербола), кейіптеу (олицетворение), меңзеу (синегдоха) т. б. барлығы да поэтикалық тілдің тобына енеді. Поэтикалық тілдің осы түрлерінің қай-қайсысы болса да ақынның айтайын деп отырған белгілі бір ойын, идеясын оқушыға түсінікті, әсерлі, бейнелі түрде жеткізу үшін керек.
Ақынның поэтикалық тіліндегі эпитет, теңеу, метафора, троптың көптеген түрлері айтылып отырған ойдың дамуына орай сұрыпталып алынады.
Поэтикалық тілді бірінің үстіне бірін үйіп-төгіп жіберу де немесе қолданбай қою да жетістік бола бермейді. Алдыңғысы – былапыттық, соңғысы – жұтаңдық. Сондықтан поэтикалық тілді оз дәрежесінде пайдалану үшін белгілі бір ойға бейнелі сөздердің ең қажеттісі ғана алынады. Бұл ретте ақынды дәрі жасаушы – фармацефтке теңеуге болады. Фармацефт бір дәріні жасау үшін мысқалдың бірін аз, бірін тым көп алмай, мысқал мөлшеріне өте мұқият болады. Сол сияқты ақын да әрбір бейнелі сөздерді айтайын деген ойына лайықтап, қажетіне қарай үнеммен, дәл өткір, әсерлі етіп жұмсайды. Сонда ғана ол ой нысанаға дәл тиеді, оқушысына әсер етеді, тәрбиелік мәні артып, эстетикалық әсері күшейеді. Өйтпеген жағдайда өз орнында тұрмаған бейнелі сөз қаншама жылтырақ болса да, далаға атылған оқпен бірдей. Міне, реалистік поэзияда озық идея осындай шебер пайдаланылған поэтикалық тіл арқылы жүзеге асады. Ойды, идеяны ұмытып, әдемі, жылтырақ, әсіре қызыл сөздерді күні бұрын іріктеп алып, құлағынан сүйреп әкеліп өлең жолын құраған эстеттік тәсіл реалистік поэзияға жат құбылыс.
Әрбір ұлт жазушылары бір тақырыпты көтеріп, белгілі бір идеяны паш ете отыра, ұлттық ойлау ерекшеліктерін, ұлттық поэтикалық тілінің өзіндік үлгілерін де сақтап отырады. Бұл ең алдымен халықтың қоғамдық - әлеуметтік құрылысына, олардың өмірі, тіршілігі, шаруашылығының өзгешелігіне, мәдениет дәрежесіне т. б. байланысты. Сонымен бірге ана тілінің лексикалық байлығын толық пайдалана отырып, әрбір ойды, идеяны оқушыға жеткізерде бір ұлт жазушыларының өзі бір-біріне ұқсамайды, яғни С.Сейфуллинді I.Жансүгіровтен, Б.Майлинді С.Мұқановтан, Ә.Тәжібаевты А.Тоқмағамбетовтен т. б. бөлектеп тұратын, ең алдымен, осы ұлттық поэтикалық тілді әр қайсысының өзінше пайдалануына да байланысты. Мысалы, эпитет, метафора, теңеулерді ақындардың бәрі де қолданады. Бірақ, мәселе онда ғана емес, бір ақын метафораны, екіншісі эпитетті, үшіншісі теңеуді көп қолданады. Немесе оған жаңа мағына бере, жаңғырта пайдаланады. Ақындардың тіліндегі осы ерекшеліктері, сөз жоқ, олардың шығармаларының тақырыбы, композициялық құрылысы, жанрға қосқан өзіндік жаңалықтарымен т. б. тұтас бірлікте болуына байланысты.
«Демек, стиль жазушының тілі, сөйлем құрылысы ғана емес, бір жазушыны екінші жазушыдан басқаша етіп көрсететін әр жазушының шығармаларына тән мазмұн мен түр ерекшеліктері»1 екені әр кез есте болуы шарт.
«Тілінің көркемдігі, сөз образдарының оригиналдығы жағынан Ілияс қазақ совет әдебиетінде айрықша орын алады»2, – деп жазады Қ.Жұмалиев. I.Жансүгіров поэзиясы қазақ әдебиетін түр жағынан байытқанын айта келіп, Т.Нұртазин де: «I.Жансүгіровтің поэтикалық жаңалықтары арнайы зерттеуге тұрарлық дүние»3, - дейді.
Қазақ совет әдебиетінің іргесін көтерушілер: С.Сейфуллин, Б.Майлин сияқты I.Жансүгіров те өздерінің прозалық, драмалық, поэтикалық шығармаларымен қазақ халқының рухани және тілдік мәдениетіне ерекше бағалы табыстар енгізгенін С.Кеңесбаев: «I.Жансүгіровтің тіліндегі метафоралық пен тілдің әсерін күшейту үшін халықтың дәстүрлі поэтикалық сөздігін жаңашылдықпен өзінше жаңғыртып пайдаланады»4, - деп айрықша бағалайды. Ақын тілінде тек қана метафоралық емес, эпитет, теңеу де өте мол кездеседі. Басқа ақындарға қарағанда поэтикалық тілінде метафора, эпитет, теңеудің мол болуының өзі I.Жансүгіровтің өзіндік бетін танытып жатса, сол бейнелеу сөздерді қалай пайдаланды, әрбір эпитет, теңеу, троптың түрлері мағыналық та, түр жағынан да ойды жеткізуге қаншалықты қызмет етіп тұр, ақын бейнелі, пернелі сөздерді қаншалықты «қиыннан қиыстырып» бере алды деген сұрауға талдау арқылы жауап берсек I.Жансүгіровтің өзіндік өзгешелігі айқынырақ ашыла түседі.
Поэтикалық тілді пайдалануда бүгінгі ақындарымыздың алдында сарқылмас мол қазына бар. Ол халқының бай ауыз әдебиеті, ол Абай негізін салған жазба әдебиет үлгілері, ол СССР халықтары әдебиетінің озық үлгілерінен үйрену жолы. Міне, осы озық дәстүрлерді бойына сіңіре, меңгере отырып, әрбір өрелі ақын өзіндік бетін, бағытын, яғни стилін танытады. Біз енді I.Жансүгіров поэзиясының тілі, оның өзіндік ерекшеліктеріне байланысты негізгі мәселелерге ғана тоқталамыз.
* * *
Ойлау жүйесі жетілген, тек адамзатқа ғана тән құбылыстың бірі – бір нәрсені екінші бір нәрсемен теңеуі, кейіптеуі, меңзеуі, салыстыруы (ассоциация пайда болуы). Осы ассоциация, образды ойлауы жағынан әр халық бір-біріне ұқсамай, дараланып тұратыны бар. Бұл халықтардың психикалық пішіні қоғамдық даму процесінің кезеңдеріне орай, өміріне, тіршілігіне, әдет-ғұрып, салт санасына байланысты қалыптасса, сол тіршілік, әдет-салт қаншалықты алшақ болса, олардың образды ойлау ерекшеліктері де соншалықты ерекше болады. Бірдеңені әсерлі түрде ұғындырғысы, суреттей айтқысы келсе, әр халық өзінің күнделікті өмірінде көзбен көріп, қолмен ұстап жүрген үйреншікті құбылыстарға байланысты айтады да, оның өзі сол халыққа соншалықты түсінікті, соншалықты ыстық та көрінеді. Әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік психикалық пішінінің бір қыры осы ұлттық ойлау ерекшеліктеріне байланысты. Ол, сөз жоқ, тіл арқылы жүзеге асады және оны халықтың ауыз әдебиеті үлгілерінен барынша мол кездестіреміз.
Дүниежүзі әдебиеті классиктерінің қай-қайсысы болса да фольклорға соқпай, одан үйренбей кеткені жоқ десе болады. Жазба әдебиеті әлдеқашан туған, тіпті классикалық әдебиеті бар халықтың жазушылары фольклордан үйреніп, оны пайдаланып отырған. Мысалы, орыстың ұлы жазушылары А.С. Пушкин, Н.Некрасовтың творчестволарын еске түсірсек те жеткілікті. В.И. Ленин бұл ретте былай деп жазады: «Наши классики несомненно отсюда, из народного творчества, нередко черпали свое вдохновение»5. В.И. Ленин халық творчествосына, ең алдымен, әлеуметтік саяси тұрғыдан қарау керектігін ерекше ескерткен. Орыстың ірі жазушыларының бірі Демьян Бедныймен әңгімелескенде де В.И. Ленин бұқара халыққа жаңа сананы ұғындыруда, өмір құбылысына көзқарасты айқындау үшін халық творчествосының ескі түрлерін пайдалану қажет екендігін атап көрсеткен6.
Фольклордан көп нәрсені үйренген, оны творчестволық жолмен игерген М.Горький де халықтың ауыз әдебиетін ерекше бағалаған жазушы. Ол: «Жүздеген ғасырлар бойына... жеке данышпандар халық творчествосына негізделмеген бір де бір жинақтағыш пікір (обобщение), халық ертектері мен аңыздарындағы бұрын жасалған типтерге соқпай, бір де бір дүние жүзілік типті тудыра алған емес»7, – деп жазды. Халықтың ауыз әдебиетіндегі еңбек адамдарының бостандыққа талпыну пафосы, жарқын оптемизмімен қатар, ондағы көркемдік нақыштар, әбден қырланып, сұрыпталып жетілген типтік образдарды М.Горький қатты бағалаған және одан үйрену керектігін де әркезде айтып отырған. Жас ақын М.Г. Ярцеваға жазған хатында М. Горький «орыс тілімен жақсырақ танысу үшін мен сізге орыстың ертегілерін, былиналарын оқуды өте-мөте кеңес етер едім»8, – дейді. Сөз өнері фольклорда екенін үнемі айтқан ол, фольклорды жақсы білмейтін жазушының нашар жазушы екенін де ерекше ескерткен. Сонымен, фольклор әдебиеттің анасы, сөз өнерінің қайнар бұлағы деп біледі. Халық өмірін, халықтың эстетикалық өресін білгісі келген жазушы фольклорды оқып, біліп, оны өз бойына сіңіруі тиіс. Өйткені фольклордың бүгінгі жазба әдебиет өкілдеріне ерекше жақын тұратын себебі, оның түрлерінің халықтық сипатта, халыққа түсінікті, қарапайым не көркем. Халықтық жазушылардың фольклорға тонның ішкі бауындай жақын тұратыны осыдан.
Өткен ғасырдағы орыстың классикалық әдебиетінің ірі өкілдері былай тұрсын, совет тұсындағы көрнекті жазушылары да фольклордан бойын еш аулақтатқан емес. Д.Бедный, В.Маяковский, АТвардовский, М.Исаковскийлер өз творчествосында халық частушкаларының көркемдік-интонациялық (екпін) құрылысы, көркем өрнек, айқыш нақыштарын өзіндік стиліне, жазу үлгісіне орай түрлі дәрежеде, әр түрлі бағдарда пайдаланады.
Сонымен, классикалық туындылар берген жазушылар да, классикалық әдебиеті бар елдің жазушылары да өзінің сол үлгісімен қатар фольклордан да молынан үйреніп отырғанын көреміз. Ал, жазба әдебиеті кеш туған халықтар әдебиеті үшін фольклордың рөлі ерекше болатындығы өзінен өзі түсінікті.
Өйткені фольклорда типтік бейнелердің тамаша үлгілері жасалған. Әр дәуірдің жазушысы фольклорлық шығармалардың сюжетін, тақырыбын, әдіс, тәсілдерін пайдаланып келген, әлі де пайдалануда. Сонымен бірге фольклор поэтикалық тіл, қалыптасқан, дамыған стилистика, өлең құрылыстарында көркемдік жүйе жасады. Не бір тамаша образды нақыштар Мен өрнектерді тудырды. Міне, қай халықтың болса да жазба әдебиеті фольклордағы ықшамдылық, қарапайымдылық, бейнелікті өз бойына толық сіңіре отырып жасалынады. Фольклордың бұл қасиеттері – жазба әдебиетті ілгері дамытуға мүмкіндік жасайтын, серпін беретін сарқылмас қуатты арна.
Алайда фольклор көбіне ауызша тарайтындықтаң да оның жоғарыда айтылғандай құнды жақтарымен қатар, фольклор тілі, негізінен алғанда, халықтың сөйлеу тілінің барлық ерекшеліктерін сақтап отыратынын, ол шын мағынасындағы әдеби тіл еместігін де естен шығармау керек. Олай дейтініміз жазба әдебиетке қарағанда фольклордың өзіне тән кейбір стильдік лексикалық ерекшеліктері бар. Қазақтың сөйлеу тілі мен әдеби тілінің арасындағы айырмашылық, ең алдымен, қазақтың сөйлеу тілінің лексикалық ерекшеліктерінің болуында, «шын мағынасындағы әдеби тілмен салыстырғанда жалпы халықтық қарапайым тіл көркемдік, стильдік, дәлдік, орамдылық жағынан сұрыпталмаған, шыңдалып жетілмеген, олпы-солпы жақтары көп тіл»9. Сондықтан да мұндай тілмен «жеткізілген» ұғымға екінші адам түсінгенімен пікір жүйесінің, ой құрылысының жадағайлығынан, тыңдаушыға күшті әсер ете алмайтындығын да көреміз. Фольклорда бұндай жағдай аз кездеспейтінін де білеміз. Ал, әдеби тіл - көркемдік, стильдік, дәлдік, орамдылық жағынан сұрыпталып, шыңдалып жетілген, олпы-солпысы жоқ тіл. Әдеби тілмен жеткізіліп тұрған ұғымды жақсы түсінумен бірге пікір жүйесінің, ой құрылысының қиыннан қиысып келетіндігінен де тыңдаушы ләззат алып отырады. Сөз сараланып, орынсыз қайталанбай, өз орнын тауып қаланып тұрады. Пікір шашыраңқылығы да болмайды.
«Тілдің орамдылығы, әсерлілігі тәжірибеде тілдік материал арқылы көрінеді, сол материалдан белгілі тәсіл арқылы жасалады. Міне, сондай тілдік материалдың және тәсілдердің жиынтығы әдеби тілдің нормасы болып саналады. Екінші сөзбен айтқанда, әдеби тілдің фонетикалық (дыбыстық), лексикалық (сөз, сөзді қолдану), грамматикалық және стильдік нормалары болуы керек»10.
Қоғамдық сананың формалары сияқты халықтың әдеби тілі де халық өмірінің даму процесіне орай қалыптасып, дамып отырады. Кейбір стильдік айырмашылығы болғанмен халықтық тіл мен әдеби тілді бір-бірінен бөліп қарамау керек. Өйткені әдеби тіл аспаннан түсе қалған нәрсе емес, ол сол халықтың сөйлеу тілінің негізінде жасалады. Халықтың сөйлеу тілі әдеби тіл деген ұғымнан әлде қайда кең, қомақты жатқанын көреміз. Н.Сауранбаев осы жөнінде «...Жалпы халықтық тілге – бірыңғай ұлттық тілмен бірге, оның диалектілері, жергілікті говорлары, қарапайым тілі және сонымен бірге жазба әдебиет тілі де жатады»11 - дейді. Ал оларды бір нәрсе деп қарауға да болмайды дейтініміз, халықтың сөйлеу тіліндегі бірсыпыра ерекшеліктер әдеби тілде жоқ. А.М. Горький қарапайым халықтық тілді «речевой хаос» десе, әдеби тіл туралы «әдеби тіл - халықтық тіл, бірақ оның шеберлер арқылы сұрыпталған түрі» деген. Әдеби тілдің жоғарыдағы сипаттарына қосымша бір ерекшелігі – халыққа түгелдей түсініктілігі. Сонымен жазба әдебиет тілі мен фольклор тілінің арасында абылай өте алмас асу жоқ, кейбір өзгешеліктер мен кейбір жақындықтардың барын әр уақытта еске ала отырып, фольклор тіліне сыңаржақ қарауға болмайды.
Қазақ әдебиеті – күні бүгінге дейін халықтың ауыз әдебиетімен біте қайнасып дамыған әдебиет. Жазба әдебиеттің негізін қалаушы, классик ақынымыз Абай творчествосының қайнар бұлағының бірі – осы халықтың ауыз әдебиетінің озық нұсқалары. Абайдың ерекше дарындылығы сол, ол ауыз әдебиетінің асыл қасиеттерін меңгере отырып, оның дәрежесінде қалып қоймай, жазба әдебиеттің үлгілерімен берік ұштастыра білді, сөйтіп қазақ әдебиетіне үлкен революциялық жаңалық енгізді. Абайға дейін әдебиеттің талай өкілдері болғаны белгілі. Бірақ олардың әдебиет тарихындағы орындарын жоққа шығармағанның өзінде олардың барлығы да негізінен сол халық ауыз әдебиеті нұсқаларының үлгісінен онша көп ұзап кете алмайды. Ал Абайдың үлкен жаңалық туғызуына себепші болған басты фактор – ұлттық ауыз әдебиетінің бай мұраларының болуы, шығыс әдебиетінің, әсіресе, орыс әдебиетінің озық үлгілерінің әсері болғанын ерекше атап айтуымыз керек.
Абайды классикалық деңгейге көтеруде негізгі күштің бірі болған халық ауыз әдебиеті күні бүгінге дейінгі ақын-жазушыларымызға игі әсерін тигізіп, олардың әдебиет майданында жаңалық тудыруына көп себептердің бірі болып, қызмет атқарып келеді.
Халық ауыз әдебиеті үлгілерімен байланыс әр ұлттың әдеби, мәдени дамуының дәрежесіне қарай, тағы да басқа объективтік, субъективтік себептерге байланысты әртүрлі дәрежеде болып келеді.
Халықтың ауыз әдебиетімен тығыз байланысты әдебиеттің бірі – қазақ совет әдебиеті.
«Қазақ әдебиеті, - деп жазды проф. Е.Ысмайылов, ең алдымен, ұшан-теңіз бай ауыз әдебиеті негізінде туып, дамыды. Қазақтың ауыз әдебиетінің сан алуан формасынан, жанрларынан (батырлар жыры, ертегілер, ғашықтық жырлар, халықтық романдар, салт өлеңдер, мақал-мәтелдер т. б.) бастап осы күнге дейін сақталып, дамып отырған ақындар айтысына дейін барлығы да біздің рухани творчествомыздың тамаша байлығы, барлық елдердің ақын жазушылары мен ғалымдарын қайран қалдырған көркемдік ерекшеліктерін танытады»12. «Менің көзім мынаған кәміл жетті, - деп жазады Л. Соболев 1939 жылғы қазақ совет жазушыларының II съезінде сөйлеген сөзінде. – Қазақ совет әдебиетінде тең праволы, талантты, екі саланың, былайынша айтқанда, профессионалдық жазба әдебиет пен халықтық ауыз әдебиетінің бір арнаға құйылуы осы әдебиеттің ерекшелігі болып табылады. Халықтық поэзияның дәстүрлерін берік сақтаған алып жыршы Жамбылдың қуатты таланты және оның жарқын советтік дүние танымы қазақ әдебиетінің осы екі саласын: байырғы халық поэзиясы мен қазіргі профессионалдық поэзияны біріктіріп жібереді13.
Сонымен ұлы Октябрь социалистік революциясына қазақтың бай ауыз әдебиетінің көркем үлгілері қаймағын бұзбастан, ұлы Абай негізін салған жазба әдебиет үлгісімен үзеңгілес келді. Әйтсе де 20-жылдары халықтың жалпы мәдени дәрежесін еске алсақ, жаңа туа бастаған, әлі барлық жанрлары қалыптасып болмаған жазба әдебиеттен көрі ертеден құлағына сіңіп, ойына ұялаған ауыз әдебиетінің әсері күштірек болғанын айту шарт. Ауыз әдебиетіндегі сюжеттер, мотивтер, әдіс-тәсілдер (приемдар), поэтикалық тілдің бай нақыштары қазақ жазушыларына ерекше жақын болды. Жинақтай айтқанда халықтың ауыз әдебиетінің байлығы, жазба әдебиеттің кеш тууы, оның үстіне ауыз әдебиетінің халықпен бірге ілгері дами беретін табиғаты жазба әдебиетпен байланысын күйшетуге мүмкіндік береді. Осындай объективтік жағдайлардың барлығы қазақ совет ақындарына халықтың ауыз әдебиеті үлгілерін, поэтикалық тілінің бай, озық дәстүрлерін пайдалануына себепші болды. Сондай ақынның бірі Ілияс Жансүгіров.
* * *
I.Жансүгіров халықтың ауыз әдебиетінің озық үлгілері мен қазақтың бұрын-соңғы сөз шеберлерінің асыл мұраларын жинағанда, біріншіден, оларды халықтың өз қажетіне, өз игілігіне жұмсауды, екіншіден, сол асыл мұралардан тіл ұстартудың сыйқырлы құдіретін үйренуді мақсат еткен.
I.Жансүгіров алдына қойған осы екі мақсатының орындалуы үшін аянбай еңбек етті және сол мақсатына белгілі дәрежеде жеткен ақын. Поэтикалық тілді байыту, ұстарту үшін ақын халық өмірін, тіршілігін жақсы біліп, халық тілінің лексикалық байлығы ғана емес, поэтикалық үлгілерін де өз бойына жинау керектігін жақсы түсінген. Айтайын деген жаңа ойын сол халықтың өзіне бұрыннан етене, ыстық сезілетін поэтикалық тіл үлгілері нұсқасымен жеткізуге тырысқан.
Қазақ халқы ертеден мал шаруашылығымен айналысып, кешпелі тұрмыс құрды. Сондықтан да ауыз әдебиетте болсын, жазба әдебиетте болсын теңеудің дені осы төрт түлік малға, көшпелі тұрмысқа ыңғайланған. Алайда, қазақ даласында ертеде жер шаруашылығы, яғни диханшылық, балық аулау, аң аулау кәсібі де болған. Олай болса, бұл кәсіптер де қазақ әдебиетінде теңеу боларлық көптеген ұғымдар тудырғаны белгілі. Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін негізінен патриархалды-феодалдық қоғамдық құрылысқа лайықты туған халықтың әдет-ғұрпы, салт-санасы да белгілі дәрежеде халықтың поэтикалық тілінен орын алған.
Халықтың поэтикалық тілінде берік орын тепкен дәстүрлі бейнелеулерді біз қазақ совет әдебиетінің көрнекті өкілдерінің творчестволарынан да жиі кездестіреміз.
Бейнелеу тілінің халықтық үлгілерін барынша мол пайдаланған ақынның бірі – Ілияс Жансүгіров. Халықтың ауыз әдебиетінде болсын, күнделікті сөйлеу тілінде болсын тұспалдау, әсірелеу, кейіптеулер жиі қолданылады. Оны Ілияс сол мағынасын сақтап, сөздің тіркестерін де бұзбай пайдаланады. Мысалы, қаһарлы қыстан малы аман-есен жұтқа ұшырамай шыққанды «қисаймай шықты қылшығы» деген метафорамен берсе, бір малы екі болып, шаруасы ілгері басқанын:
Достарыңызбен бөлісу: |