Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – «1958 жылы Қытайда «шойын, болат балқыту» нау – қаны басталды. Шәуешекте шойын балқытуға арналған домна пештері салына бастады. Сол жылы қызметімнен босатылып, сот болғанға дейін өз үйімде болдым. Бір күні көшеде келе жатып, домна пешін салып жатқан жұмысшыларды кезіктірдім, үйіме келіп қолыма балғамды ұстап, әлгі жерге қайта келдім. Жұмысшылардың барлығы да мені танитындықтан, маған «қой» дей алған жоқ.
Мен дереу пештің қабырғасын балғамен нығарлауға кірістім, аңғарғаным – пеш қабырғасы жұқалау екен. Бір кезде бір қытай азаматы келіп, жұмысымның барысымен таныса бастады, менің істеген жұмысымды көрген соң ол өзгелердің барлығына мен сияқты нығыздауға бұйрық берді. Пеш жасалып біткен соң, болат қайнатып жатқанда пеш қабырғалары жұқалық етіп, балқытылған болат қатып қалыпты. Мұны естіген соң мен дереу кітап дүкендеріне барып домна пешіне қатысты кітаптарды сатып алдым. Оларды оқып, өзімнің домна пешімнің жобасын жасауға кірістім. Үш күннен кейін мен осы істі басқарып жүрген қытай азаматына өз сызбамды және қаражат жөніндегі есебімді бердім. Бірнеше күннен кейін әлгі қытай азаматы маған үйге келіп, осы пешті өзі жасасын деген басшыларының бұйрығын жеткізді. Мен оған: «Тұтқынмын, менің ісім әлі қаралған жоқ», – деп жұмыстан бас тартгым.
Арада тағы біраз күн салып әлгі қытай азаматы маған тағы келіп, осы пеш құрылысын маған жүктеген қала басшылығының шешімін жеткізді. Мен келісімімді беріп, қарамағыма 25 адам беруін талап еттім. Жұмысшыларды өзім таңдап, олардың арасына бір шұбар қазақты қосып алдым. Оның себебі, сол қазақ мені жұмыстан тайдырған кезде: «Мынау қызметтен кетсе, жанын баға алмайды», – деп шүйліккен еді. Жұмыс басталып кетті. Шым кірпіш тасып жүрген адамдарды біртіндеп ауыстырып, әлгі шұбар қазақты ауыстырмай қойдым. Бір кезде арқасынан тері ағып, әбден шаршады-ау деген кезде оны ауыстырып, жайласып отырған соң темекі ұсындым. Ал ол болса өзі тарапынан қателік кеткенін айтып, кешірім сұрады. Менің жобам бойынша салғызған пеш бір жарым тонна болат ерітті. Қала басшылығы маған ризашылығын білдіріп, бұл туралы газет бетіне де жарияланған еді» («Қазақстан – Zaman», 2009 ж., 21 мамыр).
Иә, күрескер адам қай кезде де өмірге деген құштарлығын жоғалтпайды.
Өмірбаяндық мінездемеден: «1961 жылы Қытай мемлекетінің көшуге кеңшілік саясаты бола қалған кезде Жағда Қазақстанға көшіп келеді (18.ІХ.1961). Жағданың көп өмірі сырттағы қазақтарды Қазақстанға көшіріп әкелуге бағытталған. 1945-1962 жылдар аралығында Қытайдан Қазақстанға өткен көшке белсене қатынасқан, басшылық еткен адамдардың бірі. Көрсетілген жылдар арасында Қытайдан көшіп келген қазақтың саны 350-400 мың адам мөлшерінде болды. Олардың көпшілігі кеңестік ашаршылық тұсында күн көрісі үшін ауып барған қазақ азаматтары еді». Міне, бұл да күрескерлік рухтың жемісі. Жағда Бабалықтың: «Қазақтар қытайға бошалап барып, боталап қайтты», – деген әйгілі қанатты сөзі осы тұста айтылған.
Өмірбаяндық мінездемеден: «1961 жылы қазақ темір жолының «Темір жолшы» газетінде әде би қызметкер, 1962-1963 жылдары Ташкент-Рубцовка, Рубцовка-Ташкент аралығында почта тасыған. 1963-1982 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» журналында әде би қызметкер, бөлім бастығы сияқты қызметтерде болған. 1980-1988 жылдары республикалық «Ескерткіштер» қоғамында бөлім бастығы қызметін қосымша атқарған. 1989-1990 жылдары ҚазГУ-дің этнография факультетінде ғылыми қызметкер болды. Жағда Бабалықұлы өз өмірінде саяси қылмыскер ретінде төрт рет қамауда болған: 1986 жылы желтоқсан оқиғасына байланысты «Шыңдықты ашу, көмек сұрау» негізінде, елге, халықараға, Дүниежүзі ұлттар қауымдастығына (БҰҰ-ға) «Қайрат» қоғамы атынан жасырын түрде хат таратқан екі адамның бірі – Жағда, бірі – Сәбетқазы Ақатай. «Желтоқсан» тұсында (19-20. ХІІ. 1986ж.) Сәбетқазы мен Жағда күмәнді адам ретінде КГБ жағынан сұраққа тартылған. «Желтоқсан» оқиғасымен сабақтас ұлт-азаттық «Азат» азаматтық қозғалысының негізін салған екі адамның бірі – Сәбетқазы Ақатай, бірі – Жағда Бабалықұлы. Жағда Бабалықұлы этнолингвистикалық бағыттағы этнография-тарих ғылымымен шұғылданады. «Қырандар», «Саясат», «Төрт түлік аурулары» атты еңбектері жарық көрген. Қазақ тілінің ұмыт бола бастаған, ұмыт болған, жоғалып кеткен атаулары мен сөз тіркестерінің бір томдығын дайындаған. Қағазға түсірумен шұғылданады. 1994 жылы Қытай Халық Республикасының СУАР үкіметі Қазақстанмен байланыс жасаған азаматтарға: Қазақстандағы Жағда Бабалықұлымен (қазақ), Айтан Нүсіпжановпен (қазақ), Юсүпбек Мухлисовпен (ұйғыр) байланыс жасамау туралы нұсқау берген». Жағда Бабалықов тілшіге берген сұқбатында: «Мен бес мемлекетті көрдім. Гоминдан мемлекеті, Мау зы дұң мемлекеті, 1944-49 жылдары өмір сүрген Шығыс Түркістан республикасы, Кеңес өкіметі мен тәуелсіз Қазақстан. Сонда он сегіз үкіметтің ауысуына куә болдым. Бірақ, солардың ешқайсысы да мені ұнатпады, мен де оларды ұнатқан жоқпын. Тек Никита Сергеевич Хрущевтің пәрменімен 1963 жылы берілген ескі пәтерде тұрып келемін», – депті ол күрсініп.
Бізге де осындай емеуірін білдірді. Сол ескі пәтердің жаңалау тұсында, 1970-жылы жазылып, «Күн туа қалса...» – деген белгі қойылған сарғайған конвертке көзім түсті. Рұқсат сұрап танысып шықтым. Ішіне: «Фактілер, ойлар және болжамдар» – деп тақырып қойылыпты. Бұл қытайдағы «Мәдени төңкерістің» тұсында қағазға түскен пікірлер екен. Сондықтан да әшкерелеу сыпаты басым. Алайда ондай көңіл-күйге бой алдыруға және сондай пікір білдіруге Жағда Бабалықұлының азамат ретінде де, саяси тұлға, мемлекет қайраткері, күрескер ретінде де толық құқы бар болғандықтан да ішінара үзіндіні назарға ұсынамын.
«Шығыс Түркістанның жергілікті халқы Мәнжу хандығы мен гоминдаң үкіметіне қарсы ғасырлар бойы ұлт бостандығы үшін күрес жүргізіп келді. Тарихшылардың жазуына қарағанда, олар: кейінгі бірнеше ғасырдың ішінде 400-ден астам ұлт-азаттық қозғалысы болды – деп көрсетеді. Ал, соның барлығы – отаршылардың озбырлығымен, аяусыз жаныштауымен, опасыздыққа ұшырап, сәтсіздікпен аяқталды. Бостандық үшін тұтанған әрбір ұшқынды – отаршылдар қанмен сөндіріп отырды. Сондықтан да тарих бетінде отаршылдардың озбырлық, шапқыншылық іс-әрекеті – саяси қылмыс атанды. Жергілікті халық ғасырлар бойы отар болудың ауыр азабын шегіп, кек қаны жүрегіне мұз болып қатты. Шығыс Түркістан халқы өзінің санының аздығына және жеңілетініне қарамастан, жауыздықтың алында мәңгі тізе бүкпейтіндігін және өзінің қасиетті ұлттық атын жойғызғысы келмейтіндігін дәлелдеп келеді. Сонымен бірге бостандық үшін болған күрес кезеңдеріндегі төгілген тер, аққан қан тамшылары ұрпақтан-ұрпаққа бостандық үшін күрес отын өшпестей етіп жағып отырды. Шығыс Түркістанда үздіксіз туып келе жатқан бостандық үшін болған күрестердің әзірше соңғысы – 1944 жылы Шығыс Түркістан республикасын құрған ұлт-азаттық қозғалысы. Ол қозғалыс сәтсіз аяқталғаннан бері қарай, Шығыс Түркістан халқының тағдыры мазаққа айналды. Алғашқы кезде Мау зы дұң өз аузынан: ««Үш аймақ»» төңкерісі – Қытай халық азаттық төңкерісінің бір бөлігі», – деп жариялады. Ал, Шығыс Түркістандағы өз әкімшілігін бекемдеп алғаннан кейін: ««Үш аймақ» қозғалысшылары, «Үш аймақ» рулары, «Үш аймақ» ұлтшылдары, «Үш аймақ» кеңесшілдері, «Үш аймақ» қосжүректілері», – деген айыпты ойлап тапты. Сосын: ««Үш аймақ» төңкерісі – Қытай мемлекетінің бүгініне жасалған қастандық», – деген қорытынды шығарды. 1944 жылы төңкеріс жасаған Шығыс Түркістан халқы мен оның зиялылары осындай саяси қалпақты киюге мәжбүр болды. Қытай үкіметінің ұлт саясаты – тек алдау, арбау, озбырлық жасау болып шықты. Аз санды ұлттардың құқықтарын қорлау, аяусыз басып жаншу, зорлықты үрде ассимиляцияландыру болды. Шығыс Түркістан халқының адал ұлы Ахметжан Қасмидің сөзімен айтқанда: «Жергілікті халық өмір ішінен – өлім, өлім ішінен – өмір іздеуге мәжбүр болып отыр». (...) Қытайлар Шығыс Түркістанды байлық-қазынаның қоймасы деп қарап, сол мол байлықты игеру және ұлт-азаттық қозғалыстың болуынан сақтану үшін елуінші жылдардың өзінде Шығыс Түркістанға 40-50 млн. Қытай халқын көшіруді жоспарлаған еді. Мұндай жоспар гоминдаң дәуірінде де болған еді. Бірақ олар іске асыра алмады. Ал, осы жоспар 1950 жылдан бастап кең көлемде халықты көшіру арқылы іске асырыла бастады. Қазіргі кезде олардың қанша миллионға жеткені белгісіз. Тек 1949 жылғы Шығыс Түркістандағы қытайлардың саны – 300 мың болатын. Сонымен бірге: «Кеңестер одағы қытайға шабуыл жасамақшы» – деген сылтаумен Шығыс Түркістанға аса зор көлемдегі әскери күш шоғырландырылды. Гоминдаңның тізе бүккен әскерлері «Іспен өтеу армиясы» деген атпен Шығыс Түркістанның барлық аудандарының байлық көздері менен стратегиялық орындарына орналастырылды. Қытай мемлекетінің атом және сутегі сынақтары Шығыс Түркістанның Такламакан ойпатында жүзеге асырылды. Егер қарсы қозғалыс бола қалса, үкімет Шығыс Түркістанға бұрынғысынан да мол күш шоғырландыруы мүмкін. Осындайды көріп және оның соңын болжап отырған жергілікті халық, жаңа үкіметтен жасқанып, қорқып, қорғалап қалады. Шын мәнінде бұл – біздің ойлануымызға және қауіптенуімізге мәжбүр ететін жайт. Егер тәуелсіздік үшін ұлт-азаттық қозғалысы бола қалған күнде, оның алғашқы адымы ұлтшылдық туы астында болуы табиғи. Мұның өзі басқа да ұлттық қайшылықтарды қоздыруы мүмкін. Қытай халқының ұлтшылдық сезімін қоздырып және бір жағынан әскери күшпен жаныштау жүргізетін болса, жергілікті халық бірден сыртқы жақтағы қорғаушыға мұқтаж болатынын анық. Езуге қарсы саяси тәуелсіздік үшін ту көтерген ұлт-азаттық қозғалысы сыртқы қорғауға арқа сүйеген кезде, қытайлар мұны халықаралық сахнаға көтеріп, байбалам салады. Капиталистің дүниесі оған қосыла тулайды. Езілген халықтың ұлт-азаттық қозғалысын қорғаған елге жала жабылады. Мұндай кезде Шығыс Түркістан мәселесі қытайдың ішкі мәселесі емес, халықаралық маңызы, орыны бар, дүниежүзілік соғыс қаупі бар мәселеге бейім болып қалуы мүмкін. Осындай жағдайда, өз алдына үкіметі жоқ, жай ғана қозғалысшы Шығыс Түркістан халқының тағдыры қалай қорғалуы мүмкін? Егер халықаралық жағдай қорғауға мүмкіндік бермесе, қытайлар аяусыз жаныштау орайына тағы да ие бола береді. Онда Шығыс Түркістан халқының азаттық арманы ең соңғы рет мәңгіге күйрейді. Қытай тарихшылары: «Қытай мен Шығыс Түркістан арасындағы байланыс жыл санаудан екі ғасыр бұрын басталады», – деп көсемсіп келеді. Ал, Шығыс Түркістанды ресми басып алу тарихы – Мәнжурлар құрған Мәнчин хандығы дәуірінен басталады. Оның өзіне де 3 ғасыр болып қалды. Отаршылдыққа Мәнчин хандығынан кейін – гоминдаң, гоминдаңнан кейін гунсаңдан мұрагерлік етіп келеді. Қазіргі қытай үкіметі Шығыс Түркістан жеріне этникалық қытайларды ағыл-тегіл қоныстандыру арқылы жергілікті халықты мәңгіге тұншықтыру бағытын қолданып отыр. Олар тіпті, Қазақстан мен Орта Азияны да: «Біздің жер», – дегенді кешегі гоминдаң үкіметі қалай айтқан болса, бүгінгі жаңа үкіметте солай айтып отыр. Бүгінгі үкімет қытайдың жас ұрпақтарына: «Орта Азия мен Қазақстан – біздің жер», – дегенді бастауыш мектеп оқулықтарына кіргізу арқылы сіңіріп келеді. Келешекте осы ұрпақ: бүгінгі отарлау саясатына мұрагерлік жасамайды – деп кім айта алады? Егер ту көтерген ұлт-азаттық қозғалысы жеңіліске ұшыраса, ұлттық қайшылықтан туылған кекті этникалық қытайлар бірнеше есе артық қайыруы мүмкін. Сонымен бірге алуан түрлі сылтаулар арқылы саяси тазалау жүргізіп, ұлттық мәселеде жергілікті халықтың ойлануына да мүмкіндік қалдырмай, мәңгі тұншықтыру жолын іздестіруі анық. Қытайлардың ежелден келе жатқан осы та биғатын Шығыс Түркістан халқы мен оның зиялылары жақсы түсінеді.