Хиноксалин және оксихинолин туындылары. Бұл топтың препараттарының ішінде микробтарға қарсы әсер ететін және малдың өсуіне дем беретін препараттардың маңызы бар. Микробтарға қарсы әсері олардың таңдамалы түрде ДНК-ның синтезін тежеуімен түсіндіріледі. Онымен қатар олар ішек таяқшаларының қабырғаларының құрылысына әсер етеді.
Диоксидин ішектер арқылы жақсы сіңеді, көзге тамызғанда жергілікті тітіркендіру байқалмайды. Олай болса оны еттің ішіне жіберу арқылы, кілегей қабыққа, теріге жағу арқылы да қолдануға болады деген сөз. Терапевтикалық концентрациясы 8-14 сағаттай сақталады. Ал оксихинолин препараттары ішектер арқылы сіңбейді.
Препараттар Грамм оң, Грамм теріс микрофлораға, кейбір патогенді саңырауқұлақтарға, қарапайымдарға химиотерапевтикалық және антисептикалық дәрілер ретінде жақсы әсер етеді.
Жанама әсерлерінен диспепсия, аллергия, еттердің тартылуы, эмбриотоксикоз, шеткергі жүйке жүйесінің, көздің жарақаттануы мүмкін.
Дәрілер қолданылған малды тек 6 күннен кейін ғана союға рұқсат етіледі.
Хиноксидин. Хиноксалин туындысы. Суда, спиртте нашар еритін, иіссіз, жасыл-сарғыш түсті кристаллды ұнтақ. Кең спектрлі әсерлі қасиеті бар. Ішек ауруларының ауыр түрінде, басқа дәрілерден нәтиже болмағанда қолданады. Жағымсыз әсері пайда болғанда гистаминге қарсы әсер ететін препараттарды және кальций препараттарын қолданады.
Диоксидин – Dioxydinum. Хиноксилин туындысы. Суда еритін, иіссіз, жасыл-сарғыш түсті кристаллды ұнтақ. Сақтаған кезде тұнба береді. Ондай жағдайда ампуланы су буында қыздыру керек. Әсері хиноксидиннің әсеріне ұқсас. Сүт қышқылы микрофлорасына әлсіз әсер етеді. Препараттың малдың өсімталдығына дем беруі осыған байланысты болуы да мүмкін.
Препаратқа қойлар, оның ішінде олардың төлдері өте сезімтал. Басқа малдарға ұзақ уақыт қолданғанда эмбриотоксикоз болуы мүмкін.
Микробқа қарсы әсер ететін дәрі ретінде ас қорыту және тыныс алу жүйелерінің ауруларында; антисептик ретінде жараларда, шиқанда, маститте қолданылады.
Хинозол. Оксихинолин туындысы. Суда жақсы ериді. Көбінесе жергілікті түрде қолданады. Дәрігердің қолын, залалсыздандыру үшін, жараларды жуып тазалау үшін қолданылады. Металлдармен реакцияласатындықтан хирургиялық инструменттерді залалсыздандыруға жарамайды.
Нитроксалин. Оксихинолин туындысы. Суда ерімейді. Кандида тектес саңырауқұлақтарға белсенді түрде әсер етеді. Бүйректер арқылы бөлінетіндіктен зәрде оның концентрациясы әр кезде жоғары. Препаратты қолданғанда зәр сары түске боялады.
Энтеросептол, оксолин қышқылы да жоғарыдағыдай әсер етеді.
Нафтридин туындылары. Бұл топтың препараттарының ішінде жоғарғы антибактериалды әсері бар налидикс қышқылының маңызы бар. Суда ерімейді. Әсері жағынан антибиотиктерге жуық, синтетикалық препарат. Ас қорыту түтікшесі арқылы жақсы сіңеді. Венаға жібергендегі әсері әлдеқайда жоғары. Грамм оң және Грамм теріс таяқшаларға қатарынан әсер етеді. Зәр арқылы өзгеріссіз түрінде бөлінеді. Зәр шығару жолының ауруларында; энтероколит, холециститтерде қолданады. Нитрофурандармен бірге қолданғанда тиімділігі төмендейді.
Біріктірілген химиотерапевтикалық препараттар. Негізгі мақсат:
Препараттардың дозасын азайту, экономикалық тиімділік және препараттардың жанама әсерлерін төмендету;
Патогенді микрофлораның препараттарға үйреншіліктілігін болырмау, дәрілерді қолдану уақытын ұзарту.
Бірге қолданылған дәрілер бір-бірінің әсерлерін күшейтуі, немесе әлсіретуі, немесе өзгеріссіз қалтыруы мүмкін. Сондықтан оларды төмендегідей жіктеуге болады:
индифферентті әсері - өзгеріс жоқ;
аддитивті әсері - өзгеріс екі препараттың әсерлерінің қосындысындай;
синергидті әсері - өзгеріс екі препараттың әсерлерінің қосындысынан жоғары;
антагонистік әсері - өзгеріс бір препараттың әсерінен де төмен.
Біріктірілген препараттарды шартты түрде резорбты және жергілікті әсер ететін біріктірілген препараттар деп бөледі.