2- сабақ
Тақырып: Жеке тұлғаның қоғамдағы орны
ТЫҢДАЛЫМ
1- тапсырма. Мәтінге қатысты лексикалық қормен танысыңыздар.
Адамгершілік қасиеттері, дара ерекшеліктері, жауапты адам, тәжірибесінің молдығы, дүние танымы, қоршаған орта, адамның ішкі әлемі.
ОҚЫЛЫМ
2- тапсырма. Мәтіннен түсінгеніңізді айтыңыздар:
Тұлға – жеке адамның өзіндік адамгершілік, әлеуметтік, психологиялық қырларын ашып, адамды саналы іс-әрекет иесі және қоғам мүшесі ретінде жан-жақты сипаттайтын ұғым. Aдамның әлеуметтік қасиеттерінің жиынтығы, қоғамның даму жемісі және белсенді қызмет ету мен қарым-қатынас орнату арқылы жеке адамды әлеуметтік қатынастар жүйесіне енгізудің жемісі.
Жеке тұлғаның өзегі – оның «Мен» – жүйесі. Әрбір тұлға өзін-өзі тәрбиелеу арқылы «Мен» - жүйесін дамытып, жетілдіріп отыруы қажет.
Жеке тұлға дүниедегі бар нәрсені сол дайын түрінде қабылдап қана қоймай, өзіндік саналығы, ақылдылығы, белсенді іс-әрекеті негізінде қоршаған ортаның өзгеруіне, қоғамның дамуына әсер ете алады.
Жеке адамның индивид қалпынан тұлғатұғырына көтерілу процесіне қоғамдағы қалыптасқан ахуал, отбасындағы этностық тәлім тәрбие, білім берген оқу ордасы, ата бабасынан мирас болып бойына сіңетін генетикалық ерекшеліктері, жоғарғы психикалық процестердің жүзеге асу ерекшеліктері әсер етеді.
Ұлттық тәрбиенің негізі, рухани күші оның өмір сүру болмысынан туындаған өзіндік ұлағаты, тәжірибесінің молдығы, рухани мұрасының тереңдігі мен өнегелігінде жатыр. Қазақ қашанда ұрпағының толыққанды тұлға болып қалыптасуына атсалысып жырлары, әпсаналары, ертегілері арқылы бала кезінен ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп отырған.
Қазіргі ақпараттық технологиялардың жедел дамуына байланысты адамдар жер шарының әр бұрышындағы кез келген ғылыми, экономикалық, әлеуметтік, психологиялық, медициналық жаңалықтарды біліп отыруларына мүмкіншіліктері бар. Соның нәтижесінде адамның дүние танымы да кеңейе түсуде.
Әр жеке тұлғаның дүние танымы дегеніміз адамның дүниеге, қоғамдық қатынастарға, табиғатқа, өзіне деген көз қарастар жүйесі, оның бағыттылықтарының формасы. Ал адамның дүние танымы арқылы оның құндылықтары, өмірлік идеалдары мен ұстанымдары байқалады (Ғаламтор материалдарынан).
Достарыңызбен бөлісу: |