кезеңі болып саналады Екінші кезеңі - ұлттық мәдени
даму болып табылады.
Ұлт бірнеше этностардың сапалы біртұтастыққа
қосылуынан құралады және көптеген стихиялы пайда болған этникалық
қауымдастықтардың мемлекеттік-құқықтық реттелуі болып саналады. Жаңа
заманда Батыс Еуропада қуатты ұлттық мемлекеттік бірлестіктер қалыптаса
бастады.
Ұлт мемлекеттердің түрліше байланыстарының бірлігі болып табылады,
яғни этникалык, субэтникалык және қауымдық, конфессиялық және
корпоративтік, сондай-ақ барлығына ортақ мемлекеттік-құқықтық және
биліктің тікелей әкімшілік байланысы болып табылады. Бұл байланыстардың
органикалық үйлесімі ғана ұлт өмірінің өміршеңдігі мен толықтығын
қамтамасыз ете алады. Бұл кезеңге көшудің кажеттілігі мәдени-тарихи
үрдістің ықпалдасуынан туындайды. Кемелденген рухани мәдениетті тіршілік
иесі болу үшін адам жаһандану мәселелерінің әр түрлі сипатын саралауы
қажет. Оның бәрі адам болмысының деонтологизациясы себебінен, адамның
өзінің рухани-әмбебап мәнділігінен туындайды. Сондықтан адамзаттың
қоғамдық өмірі және оның ұлттық болашағы бүгінгі жаһандану дәуірінде өткір
мәселеге айналып отыр.
Біздің пікірімізше, ұлттық рух адам болмысында пайда болатын кез
келген мәселенің шешімін табуға, соның ішінде қазіргі кезеңдегі жаһандану
мәселелерін жан-жақты қарастырудың шешімі болып табылады.
Әлем жалпы әлемдік тарих, біріккен адамзат тарихы басталатын табиғи-
тарихи үдеріс кезеңіне енді. Бұл үдеріс қажетті және міндетті қоғамдық
қалыптасу, соның негізінде тәрбиенің мақсаттылығы, шарттары мен
міндеттері де өзгеріп, қайта қалыптасады. Мыңдаған жылдарға созылған
тарихи кезең адамдардың қандай болатынын анық көрсетті, оның диапозоны
үлкен: олар - тіршіліктің игілігі үшін өмір сүретін саналы топтар. Адамзат
қоғамы өмірлік қағидаларын барынша орнықтыра түсуге, халықаралық
қауымдастық үшін өздеріне ғана тиімді тәртіптерді орнатуға тырысады. Бұл
ережелер экономикаға, ақпарат саласына, ғылым мен білім беру саласына
тарайды. Олар барлық әлемге бұқаралық мәдениеттің таралуына, құқық саласы
бойынша жалпыға бірдей үлгілердің таралуына, оның ішінде адам құқығы мен
еркіндігі бойынша да белгілі бір үлгінің болуына күш салады.
Жаһандану факторлары құндылықтарды барынша кеңейту саясатын
жүргізеді, яғни жер шарының барлық аймақтарына өзінің тікелей немесе
жанама ықпалын нығайтады. Бұл прогрессивті іс-әрекеттің мақсаты
жаһандану жағдайында өркениет кеңістігін нығайту және өмір деңгейін көтеру
болып табылады.
Жалпы тарихи үдеріс тұрғысынан сараптайтын болсақ, қазіргі
жаһандануды толығымен алғанда детерминация деп сипаттауға болады.
Техногендік өркениеттер маңызды құндылықтар ретінде табиғатты игерудегі
жасампаздық іс-әрекет ретінде танылады. Қазіргі дағдарыс жағдайлары,
детерминация өткен заманнан келе жатқан барлық әлеуметтік, нәсілдік,
этникалық ерекшеліктерге басым назар аудару қажеттігін көрсетіп отыр.
Ұлттық егемендікті сақтай отырып, болашаққа қарай ұмтылу - әзірге
барлық адамзаттың өркендеуіндегі шынайы болашақтың детерминациясы
болып табылады. Жаһандану үдерісінде ұлттық-мәдени құрылымдар толықтай
біріге алмайды, әр ұлттың озық мәдени үлгісін таныту үрдісі қалыптаса алады,
дүниетанымның дамуын туындататын және қалыптастыратын әлем
сипаттары, ұлттық әлем бейнелері жан-жақты қалыптаса алады. Мұнда әртүрлі
мәдениет негізінде пайда болған ортақ мәселелер жаңа қатынастарға ұмтылу
арқылы шешім табады.
Әлем елдері өздерінің ұлттық мемлекеттік келбетін, тарихи
шекараларын сақтап қалуға ұмтылады. Мұндай жағдайда жаһандану жер
бетіндегі мәдениеттер мен этностардың төлтумалығын сақтап қалуға толық
мүмкіншілік туғызады. Дамудың мәдениетаралық, әмбебап - жалпы және
жалпыадамзаттық байланыстарына шектеу қойылмайды.
Қазіргі жаһандық даму бүкіл әлемде адамның қалыптасуы ғана емес,
сонымен қатар адамның өмір сүруінің барлық салаларына бірте-бірте енуінде.
Ұлттық-мәдени сәйкестікті жақтаушылар өздерінің тіл, ғұрып, діни сенімдері,
тарихы сәйкестіктерін барынша сақтауға және дамытуға ұмтылысы жаһандану
үдерісінің мазмұндық көрінісін білдіреді.
Біздің пікірімізше, адами қасиеттің өлшемі, яғни рухани өрлеу мен
шығармашылық бағдарды қазіргі әлемдік мәдениет деңгейінде дамыту
жаһандану мазмұнының кеңінен даму аясын көрсетеді. Жаһандану дәуірінде
адамилықтың терең мәнін сараптаумен қатар, ұлттық тәрбиенің қалыптасуын
рухани бағдар ретінде тану - жеке тұлғаны қалыптастыру шарты болуы тиіс.
Жер шарында адам болмысы жеке, топтық және жалпыұлттық түрде
көрініс береді, олардың тіршілік ету барысы да жалпы бір қағидаға негізделеді.
Егер бір адамның ойының күші салыстырмалы түрде әлсіз болса, онда осыған
ұқсас басқа адамдардың ойларымен біріккенде жалпы психикалық күш
ұлғаяды. Мұндай біріккен іс-әрекет жаһандануда шынайы көмек көрсетуге
бағытталған әлемдегі геосаяси және әлеуметтік-мәдени қатынастарды құруға
бағдар береді. Өмірлік маңызды мәселелерді оңтайлы шешу үшін барлық
мүмкіндіктерді қарастыру керек, яғни қоғамдық өмірді жаңа рухани
бастауларға әкелетін және олардың танымдық табиғатын жаңаша дамытуға
негіз болатын бағдарламалар жасалуы маңызды. Бұл бағдарламаларға
төмендегідей бағыттар енгізуілуі тиіс:
- мектепке дейінгі кезеңнен бастап, балалар мен жасөспірімдерді
әрқайсысының өзіне және басқаларға деген қамқорлық сезімінің болуы
қағидасымен тәрбиелеу;
- өскелең ұрпақты мектеп қабырғасынан бастап, ұлттық өнер түрлеріне
үйрету, ұлттық негізде тәрбиелеу.
Қазақ халқы өзінін ұлттық бостандығы мен тәуелсіздігі үшін қаншама
ұлт азаттық қозғалыстарына шығып, ұлттық тәуелсіздігін қалыптастыруға
ұмтылуының соңғысы көрінісі - желтоқсан көтерілісі болып табылады.
Еліміздің барша азаматтарының ұлттық тілі қалыптасып, азаматтарының
ұлттық тәуелсіздігімізге көзқарасы, этникалық тегіне, әлеуметтік жағдайына
жаңа қатынастың болуы жаһандану дәуіріндегі қол жеткізбейтін құндылықтар
екені сөзсіз.
Мемлекетіміз - қазақ ұлтының мемлекеті. Ал, кез келген мемлекетте
оның негізін қалаған ұлтпен бірге өзге де этникалық топтардың өмір сүруі -
әлемдік тәжірибеде бұрынан бар, үйреншікті құбылыс. Тек Қазақстанда
тұратын этникалық топтардың құрамы мен саны әркелкі. Бірақ, бұл фактор
мемлектіміздің өзінің тарихи мекенінде өмір сүріп отырған қазақ ұлты мен басқа
этникалық топтар бірігіп кұрған біртұтас мемлекет екендігін жоққа
шығармайды. Екіншіден, кез келген ұлттық мемлекет оны құрған ұлттың өзге
этникалық топтар алдындағы басымдылығын таныту құралы емес.
Адамзат тарихында мемлекет ұлттардың бір-бірімен ықпалдасу
мүмкіндігі көбейген кезде, белгілі бір ұлттың бірегейлігін, яғни дінін, тілін,
мәдениетін сақтап, дамыту қажеттігіне орай пайда болған. Біздің мемлекетіміз
ең алдымен сан ғасырлық тарихы бар қазақ ұлтының бірлігі мен бірегейлігін
сақтап, дамытуға қызмет етеді. Қоғамдағы әлеуметтік құндылықтар, жеке
адамдардың бостандықтары мен құқықтары мәселесі біздің еліміздің
азаматтарының бәрі этникалық тегіне, дініне т.б. қарамастан бәрі де тең
құқылы, бәріне тең мүмкіндіктер берілген. Мұның өзі қазақстандықтарды
топтастыруға, Отанымыздың болашағы мен бүгінгі мүддесі жолында
жаһандану дәуірінде ұлттық тұтастығымызға және бірігуімізге ықпал етеді.
Жаһандану кезеңі - адамзаттың біртұтас ақпарат және коммуникациялар
кеңістігінде жан-жақты бірігумен, бүкіл планетаның біртұтас экономикалық
рынокқа айналуымен ерекшеленеді. Осы айтылған ерекшеліктерді біздің
халқымыз қалай басынан өткереді, бүкіл адамзаттық бәсекелістікке еліміз
өзінің орнын табу үшін не істеу керек? Әрине, жаһандану бір кезеңде
қалыптасқан құбылыс емес. Капиталдың еркін қозғалысы, адамдардың
кедергісіз жүріп-тұруы, тауарлардың елдер мен секторлар арасындағы
қозғалысы, ақпараттық интеллектуалдық өнім мен идеялардың қозғалысы
жаһандану үрдісін дамытушы негізгі факторларға жатады. Қазіргі қоғам
жаһандану үрдісінің дамуынан кейін қалмауы үшін осы факторларды толық
меңгеруі тиіс. Жаһанданудың заңдылықтарын байыппен зерттеу оны дұрыс
пайдалана білу қоғамның жалпы дамуына өзіндік әсерін тигізеді. Сонымен
қатар, жаһандану халықаралық бәсекелестікті дамытуға әсер етеді. Басқару
істерінде жаһандық дәуірде қоғамда жоғары деңгейдегі реттеушілік,
байыптылық, бәсекеге қабілеттілік қажет.
Біздің пікірімізше, әлемдегі ұлттар осы тұста білім және ғылымның
дамуымен, ұлттық мәдениет деңгейімен ғана жоғары бәсекелестік деңгейіне
көтеріле алады.
Ұлттардың осы заманғы талаптарға жауап беретін білім жолдарын
ұсынуы мен адамның интеллектуалдық қабілетін дамытуы жаһандану
жағдайында көптеген тиімді нәтижелерге қол жеткізеді. Осы жағдайда
интеллектуалдық әлеуеттің ролі артады. Бәсекеге қабілеттіліктің келесі
индексі инновациялық даму болып табылады. Бұл көрсеткіш технологиялар
индексінің дамуына жатады. Инновациялардың дамуы ғылыми зерттеулер мен
талдауларды инвестициялау көлемімен өлшенеді.
Зерттеуші М.Г.Делягин: «Жаһандану жағдайында бәсекелестің бірінші
ұстанымы адам сапасы немесе адами капитал», - дейді.
Олай болса, әлемдік білім-ғылым кеңістігіне кіру және білім беру
жүйесін халықаралық деңгейге көтеруде жан-жақты дамыған тұлғаны дамыту
жаһандану жағдайындағы басты талап болып табылады.
Жаһандық әлем болашақ үшін бәсекелесте жаңа қозғаушы күштер, жаңа
көзқарастар мен жаңа қатынастар қалыптастыруда. Қазақстанның әлемдік
үрдіс дағдарысына кірігуі, дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы
қоғамымыздың жылдам дамуына деген қажеттілікті туындатуда. Әлемдік
өркениеттегі болып жатқан мұндай жағдайлар білім саласында өз септігін
тигізуде.
Жалпы жаһандану әртекті, бірақ әлемнің біртұтастыққа айналу
логикасымен біріктірілетін өзгерістердің жиынтығы. Жаһандану әлеуметтік
феномен – көп қырлы және көп құрамдас бөліктерді қамтиды.
Қазіргі қазақ даласы ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ
топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл шығыс араб-
парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп,
кейінгі ұрпақтарға мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге
таралғандары да аз емес. Солардың бірі бәрімізге танымал ұлы ғұлама Әбу
Насыр Әл-Фараби. Білімге, ізденуге деген құштарлықтың жетелеуімен ол, жас
шағында дүниедегі құбылыс біткеннің бәрі кісіге әрі ғажап, әрі таңсық
көрінетін кезде саяхат жасап, сол замандағы мәдени әлемнің көптеген
орталықтары Хорасанда, Бағдатта, Дамаскіде, Алеппада, Каирда болған.
Фараби Аристотельдің, Әл-Киндидің ізін қуып, философия мен ғылымның
барлық салалары бойынша үлкен жетістіктерге жетеді.
Материалдық дүние өткінші, ал руханилық – мәңгі. Руханилық адам
бойындағы адамилыққа байланысты болса, материалдық дүние пендешілікке
тән. Сондықтан Абай: «Менікі» өлсе өлсін, оған қайғырма, өзіңнің өзіңнен
кейінгі ұрпаққа қандай рухани мұра қалдыра алатындығыңды ойлан, бір
сөзбен айтқанда пенде емес, азамат, адам бол», - деп үйретеді.
Ж.Аймауытов: «Тәрбиенің түпкі мақсаты – адамды маңайындағы
табиғат төңірегіне, әлеумет төңірегіне ыңғайласуға ықпал беретін құрал күш
жасап беру» екенін айтса [27, 153б.], М.Жұмабаев: «Баланы тәрбие қылу –
тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз.
Қалса, өзін аса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару
деген сөз. Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық
теңізін қайратпен кеше білетін, адалдық жолда құрбан бола білетін, қысқасы,
адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел адамды
тәрбиелеу. Баланы адам қыла алу үшін тәрбиеші бар күшін, бар білімін
жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білу керек», - деп айтылған ойды тарқата
түседі.
Теориялық талдауларымыз көрсеткендей, қазіргі таңдағы құзыретті
тұлғаны даярлау мәселесі де қазақ ағартушы-ғалымдарының назарынан тыс
қалмаған. Жаһандану жағдайында білім беру парадигмасындағы өзгерістер
оқыту үдерісінің басты субъектілерінің бірі – оқытушының тұлғасына, оның
кәсіби шеберлігіне баса назар аударуды қажет етіп отырғаны белгілі.
Қоғамның жаһанданған қазіргі және болашақ өміріне қатысуға
мақсаттылықпен даярлау ісі тәрбие арқылы жүзеге асады. Тәрбие үдерісі
жалпы адамзаттық мәдениеттің бір бөлігі болғандықтан, мәдениеттану
тұрғысынан оқып үйренуге тура келеді. Олай болса, бұл үдеріс балаға
ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраны меңгертіп, сол арқылы осы
заманғы мәдениетке енуіне мүмкіндік береді. Тәрбие бір ұрпақтың озық
тәжірибесін екінші ұрпаққа жалғастырушы үдеріс, осы арқылы адамның
дамуына басшылық жасалады. Нәтижелі, жүйелі тәрбие жеке тұлғаны
дамытады, адамның қоғамдағы орнын анықтайды. Баланың оны игеруі
барынша қысқа мерзімде атқарылуы тиіс, сондықтан тәрбие ісі жалпы
адамзаттық гуманистік бағытта жүргізіліп, жеке бастың рухани дамуына
бағытталу керек.
Жеке тұлғаның дамуына халықтық педагогика мұралары, ұлттық
тәлім-тәрбие зор үлес қосады. Тәрбие үдерісінде халық педагогикасында
тәлімдерін енгізу арқылы қаны да, жаны да таза, елін, жерін, тілін қастерлей
алатын азамат дайындауға жол ашады. Бүгінгі мектептің оқу-тәрбие үдерісіне
ұлттық педагогиканың тәлімдері және әлемдік мәдениет құндылықтарын
енгізу мәселелері көптеген ғалымдардың еңбектерінен орын алады. Осы
құндылықтар жаһандану жағдайында мәдени қарым-қатынас және ұлттық
тәлім-тәрбие құралы болмақ.
Сонымен, жаһандану жағдайында мәдени-этникалық білім мен тәрбие
берудің міндеттері ретінде:
- жан-жақты мәдениетті тұлғаны тәрбиелеу; тұлғаның өзінің төл
мәдениеттен сусындауы және өзге мәдениеттерді ұғынуы үшін жағдай жасау;
мәдениеттердің сабақтастығы, бірін-бірі байытуына бағдар ұстауы;
- көп тілді тұлғаны қалыптастыру; өзінің ана тілінде және мемлекеттік
тілінде еркін ұғынысуға қабілетті азаматтарды даярлау, сол арқылы өзінің
этникалық тобына қатысты «бірдей адалдық» үлгісін көрсету, өмірде үш, төрт
одан да көп тілдерді шебер меңгертуге мүмкіндік бар екеніне көз жеткізу
қарастырылады.
Бүгінгі күні жаһандану жағдайында өркениеттіліктің өлшемі, тетігі,
құндылығы - шығармашылық сипаттағы ұлттық тәрбиенің орны ерекше. Оны
өлшем ретінде қабылдау себебі, кез келген мемлекеттің рухани да, әлеуметтік-
экономикалық дәрежесі онда өмір сүретін халықтың білім деңгейі мен
меңгерген білім, біліктерін шығармашылықпен қолдана алуына байланысты.
Себебі әлемдегі ғажайып жаңалықтарды өзі білім, білікті шығармашылық
құндылық ретінде бағалаумен, оны ізгі мақсаттарға сәйкес қолданып, жаңаны
табумен мүмкін болады.
Экономикалық саланың ауқымды дамуынан туындаған осы феномен
елдердің өзара қарым-қатынасын күшейте отырып, сәйкестік пен мәдени
бәсекелестік проблемасына тікелей әсер етіп, жаңа тәсілдерді табуды талап
етеді. Бірқалыпты және белгілі стандартты мәдени үлгілерді бүкіл әлем
бойынша тарату осы заманға мәдени жаһанданудың тікелей салдарына
айналуда деген пікірлер де бар. Бұған бірқатар факторлар себеп болды,
солардың ішінде мәдени ықпал жасау мен қарым-қатынас үшін шекаралардың
ашықтығы, бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе ғаламдық желілердің
әсерін атап кеткен жөн.
Жаһандану үрдісі міндетті түрде бірыңғай мәдениетті құруды талап
етпесе де, зерттеулер көрсеткендей ол, космополитті және біркелкілікті,
бұқаралықты, ұлттық мәдениеттердің, әсіресе әлемдік аренада бекіп
үлгермеген, басым емес мәдениеттердің шекараларын жою үрдісін меңзейді.
Мұндай жағдайда мәдени жаһандану, кей жағдайда мәдениетке қауіп қатер
тудыруы әбден мүмкін. Бірақ бұл жаһандануды теріске шығаруды емес,
керісінше оған сын көзбен қарай отырып, «біраз» өзгертулер мен түзетулерді
енгізуді меңзейді.
Дегенмен, жаһандану қазіргі таңда тоқтатуға келмейтін уақыт талабына
айналды. Ол дүниежүзілік экономиканың дамуына, жетілген компьютерлік
технологияға, біріккен ақпараттық кеңістік құруға негізделген. Сондықтан бұл
жерде бөлектеніп қалудың мағынасы жоқ. Жаһандану үдерісі адам өмірінің
барлық саласына: экономика, саясат, мәдениет, тіл, білім, рухани-
адамгершілік даму, халықаралық қатынастарға әсерін тигізеді. Бұл салалардың
барлығы ақпаратты игеру мен ауыстырудың жылдам қарқынына тартыла
отырып, жаңа сапалық қасиетке ие болады. Бұдан біз жаһанданудың күрделі,
көпдеңгейлі, қарама-қайшылықты үрдіс екенін көреміз. Осы жерде
жаһанданудың объективті үрдісінен шет қалмай, өз мемлекетіміздің
тәуелсіздігін, ұлттық «Мен»-ін, Қазақстан халықтарының төлтума, бірегей
мәдениетін, халық даналығының көпғасырлық тәжірибесі жинақталған
дәстүрлі мәдениеттің баға жетпес байлығын қалайша сақтап қаламыз деген
өткір мәселе қойылады.
Сонымен, қазіргі жағдай өркениеттегі шұғыл өзгеріс жаһандану
мәселесімен белгілі. Біздің ойымызша, осы орайда орыс ғалымы В.Межуевтің:
«Жаһандану - әлемдік қауымдастықтағы ұлттық мемлекеттер мен
аймақтардың бір-біріне өзара тәуелділігінің артуы, олардың жалпыға ортақ
экономикалық, саяси жәен мәдени ережелері бар бір жүйеге бірте-бірте
тартылуы, интеграциялануы»,-деген пікірінің кейбір пайымдауларымен
келіспеуге болады. Керісінше, жаһандану бір ел мен екінші ел арасындағы
шиеленістердің азаюы, кең көлемде қауымдасудың мәні мен мағынасының
артуы, ақпараттар беру ісінің жеңілдеуі, қаржылық ақпараттық салаларда
біртұтас кеңістік жүйесінің қалыптасуы болып табылады. Халықаралық
қатынастардың
біркелкілендіру,
халықаралық
конвенциялар
жүйесі
қалыптасып, оған түрлі елдер мүше болып, соған сәйкес өздеріне түрлі
міндеттемелер алып, құқықтарға ие болуы да – жаһанданудың нәтижесі.
ХХ ғасырдың 2-ші жартысынан бастап өмірдің барлық саласына
әлемдік кірігу (интеграция) мен мемлекетаралық қатынас (коммуникация)
жалпыадамзаттық үдеріске айналды. Ал оның бүгінгі жалғасы - жаһандану.
Бұл жағдайда ұлттық рухы оянған ұлттар ғана дамудың тұрақты механизміне
айналады. Бұл орайда, кезінде Францияның тілге қатысты, Германия мен
Израильдің этникалық тұтастануларына қатысты, Англияның дәстүр
тазалығына қатысты, Қытайдың экономиканы экономикалық ерекшеліктерге
бейімдеуге қатысты, Ресейдің шіркеу арқылы ұлтты оятуға ұмтылуына
қатысты, түрік-монғол халықтарының жазуды (әліпби
)
жаңғырта бастауына
қатысты, араб әлемінің ұлттық ерекшеліктері бойынша даралануына қатысты
т.б. мемлекеттік деңгейде жүргізіле бастаған шараларға ден қоюға болады. Бұл
мемлекеттер өз ұлтын білімге, танымға ұлттық деңгейде әкелу үшін тәлім-
тәрбиелік шараларын барынша насихаттады.
Жалпы адамзаттық және этностық мәдениеттерді жойылу қаупінен
сақтап қалу әрекеті бірінші кезектегі мәселеге айналады. Бүгінде
халықаралық, мемлекетаралық мәселелер бұрынғыдай қырғиқабақтық, білек
күші, қару, соғыс, айла-шарғы арқылы емес, мәдениеттер сұхбаты негізінде
шешімін табуға бет алды.
ХХІ ғасыр адамдары жаһандық дағдарыстан шығу үшін жалпы
адамзаттық құндылықтарды қалыптастыру, ұлттық және жалпы адамзаттық
мәдениеттерді дамыту арқылы әлемнің тұтастығын сақтап қалу жолына түсті.
Мәдениеттанушылардың пікірі бойынша, рухани дағдарыстан арылу жолы-
адамзаттың мәдениет негізінде бірігуінде болып отыр.
B.И.Алексашина: «Бәрінен бұрын әлемнің тұтастығына негізделген
жалпы адамзатқа ортақ мәдениет керек. Әлемнің тұтастығы – адамдар мен
халықтардың өзара байланысы мен тәуелділігін ұстап тұрады», - дейді.
Қазіргі жаһандану жағдайында түрлі саяси, әлеуметтік, діни-
философиялық көзқарастардағы адамдардың бірігуі сол көзқарастық
бірліктен, адамзат қоғамына ортақ рухани құндылықтардан бастау алмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |