61. Орын тап Бұл ойынға ойнағысы келгендердің бәрі қатынаса алады. Ойынды жүргізуші ойнаушыларды екі-екіден жұпқа бөліп, бірін алдына, бірін артына шеңбер бойына тұрғызады. Әрбір жұптың бір-бірінен арақашықтығы 2—3 адым. Ойыншыларды жұптарға бөлген кезде бір ойыншы сыңар қалса сол ойыншы келісім бойынша жүгіріп өз орнын табушы, ал жүргізуші оны қуалап ұстаушы болады. Кей жағдайларда сыңарсыз ойыншы болмауы да ықтимал, бұл жағдайда соңғы жұпта тұрған екі ойыншының бірі, уақытша ойыннан шыға тұрады. Ойын шарты бойынша жүгіріп орын табушы ойыншы өзі қалаған кез келген жұптың алдына тұра қалуына болады, осы кезде артта тұрған үшінші адам қуғыншыға ұстатпай жүгіре жөнелуі қажет. Егерде қуалаушы қуып жетіп қашқан ойыншыны орамалмен ұрса немесе денесіне қолын тигізген болса, онда екеуінің орындары ауысып, қуып жеткен ойыншы өзі қашып, қалаған жұптың алдына тұрады. Ойын осылай жалғаса береді. Ойын жылдамдықты, байқампаздықты дамытады.
62. Әне кетті, міне кетті Ойынға қатысушылар санына шек қойылмайды. Ойыншылар тізе қылталарын жерден сәл көтеріп, бір-біріне жақын айнала шеңбер құрып отырады. Бастаушының белгісі бойынша ойнаушының бірі орамалды тізесінің астымен көрсетпей екінші біреуге береді. Ойын осылай басталып кетеді. Ойынды жүргізуші ортада тұрады, ал ол ойын кезінде орамалдың кімге жеткендігін, қай қолда екенін білмеуге тиіс. Ойыншылар ортада тұрған адамның зейінін басқа нәрсеге аударып, жаңылдыру үшін: «Әне кетті, міне кетті», - деп шулап отырады. Ойында екі орамал пайдаланады, бірі қол орамал көпшілік үшін, екіншісі ұзын бұратылған, екіге бүктелген ұруға қолайлы орамал, ойын жүгізуші ұстайды. Егер ойын жүргізуші аяғының астына орамалды ұстаған адамды дәл тауып байқап, оны орамалмен ұрып қалса, онда екеуі орын ауыстырады. Ал, егер қателессе, ойыннан өзі шығып қалады, немесе ойыншылардың тілегін орындайтын болады.
63. Хан жақсы ма? Ойнаушылар дөңгелене отырып, орталарынан бір ойыншыны «хан», екіншісін «уәзір» етіп тағайындайды да, «уәзір» ойынды бастайды. Халық «ханның» «бас уәзірін» шақыртып алып: «Халқы ерігіп жатыр, бір ермек тауып берсін», – деп «ханға» жібереді. «Хан»: «еріксе хан жақсы ма?» деген ойын ойнасын», – дейді. «Уәзір» қайтып келіп, отырған ойнаушылардың ең шеткісінен бастап: «Хан жақсы ма?» – деп сұрайды. Әркім әр түрлі жауап береді. Ал «уәзір» әр ойыншының берген жауабын «ханға» бұлжытпай жеткізіп отырады. Біреуі жаман дейді, екіншісі жақсы дейді. «Уәзір» ойнаушылардың бәрінен сұрап біткеннен кейін «ханға» келіп:
– Тақсыр, кімнен зорлық, кімнен қарлық көрдіңіз, – дейді. Осы кезде «хан»:
– Ана отырған қауға басты әкел, мына отырған шұнақты әкел,— деп бәріне дерлік ат қойып, айдар тағып, шетінен бір-бірлеп шақырып, бес қатты, он тәтті деп жазасын бұйырады. Ал «уәзір» қолындағы екі қабатталып есілген орамалмен соғып, «хан» бұйрығын іске асырып отырады. Ұрудың қаттысында қол иыққа дейін көтеріледі де, тәттісінде қол шынтаққа дейін көтеріледі. Қаралаған ойыншылар жазасын алып болған соң, «хан» ортаға «ханды» жақсы дегендерді шығарады. Бұларға сый-сияпат беріп, өлең айтқызып, би билетеді. Осылайша ойын біткеннен кейін «хан» орнын «уәзірге» береді де, «хан» болған «уәзір» өзіне жақсы кісісін «уәзір» етіп тағайындап алады. Осылайша ойын жалғаса береді.