164. Тоқ бәйге жарысы
Тоқ бәйге жарысы – бұған тай, құнан қатыстырылмайды. Қалған аттардың барлығы қатыстырыла береді. Бәйгеге қосылатын аттар әлі толық жаратылып болмағандықтан жарысты тоқ бәйге деп атайды. Тоқ бәйге жарысы қашықтығы өзара келісім бойынша белгіленеді, көбіне 10-20 шақырым қашықтыққа шабылады.
165. Қалай айтуды білемін
Бұл жануарлардың, аңдар мен құстардың жүріс-тұрысын, даусын дәл қайталап дағдыландыратын аса қызықты ойын.
Ойынды ересек адам, я болмаса балалардың үлкені басқарады. Алдымен ойынға қатысатын балаларды кең бөлмеге, аулаға жинап алып айнала отырғызады да, ойынды былай бастайды:
Ойынды жүргізуші:
Ұқыпты ұтар,
Іздеген табар.
Оқыған озар,
Еріншек тозар –
деп айтып ойыншыларға мұқият тыңдап отыруды тапсырған соң, ойын жүргізуші ары қарай, кім қалай дауыстай біледі? – деп сұрақ қояды да, өзі ары қарай:
– Әтеш шақырады,
Есек бақырады.
Күзен шақылдайды,
Бақа бақылдайды.
Шыбын ызыңдайды,
Шіркей ызылдайды,
Торғай шырылдайды,
Бөдене бытпылдайды,
Қаз қаңқылдайды,
Бүркіт шаңқылдайды.
Қарға қарқылдайды,
Сұңқар саңқылдайды.
Қой маңырайды,
Қозы жамырайды,
Қасқыр ырылдайды,
Борсық қырылдайды,
Жылқы кісінейді.
Сиыр мөңірейді.
Тырна тыраулайды,
Мысық мияулайды.
Жылан ысылдайды,
Кейбір аң пысылдайды.
Ит арсылдайды,
Торғай қорсылдайды.
Аққу сұңқылдайды,
Тышқан шиқылдайды
Түйе боздайды
Сандуғаш сайрайды.
Тақпақты айтып болған соң, ойынды жүргізуші сол жағында отырған баладан бастап:
– Әтеш қалай дауыстайды? – деп сұрайды.
– Әтеш «ку-ка-ре-ку...» – деп шақырады, деп жауап береді ойыншы.
Мұнан кейін келесі отырған ойыншыдан Есек ше? – деп сұрайды.
Есек «ба. а. .а» деп ақырады, дейді кезегі келген ойыншы.
Ойын осылай жалғаса береді. Жүргізуші сұрағына дұрыс жауап бере алмаған ойыншы, жүргізуші талабын орындайды немесе өлең не тақпақ айтып, айыбынан құтылады.
Сұрақтар біткеннен кейін басқарушы ойынның келесі бөліміне ауысады.
– Кәнеки, балалар, малды қалай шақырудың дауысын салайық! – дейді.
Сөйтіп өзі:
– Биені құраулап,
Түйені көс-көстеп,
Сиырды аухаулап,
Ешкіні шөрелеп.
Шақыра аламыз,
Сауамыз, бағамыз – дейді.
Өлең аяқталған соң бұрынғы тәртіппен ойын жүргізуші балалардан:
– Биені қалай шақырамыз? – деп сұрайды.
– Биені «құрау-құрау» деп шақырамыз деп жауап беруі қажет.
– Түйені қалай шақырамыз? Түйені «көс-көс» деп шақырамыз.
– Сиырды ше?
– Сиырды «аухау-аухау» деп.
– Ешкіні ше?
– Ешкіні «шөре-шөре» деп шақырамыз.
Жауап аяқталған соң жүргізуші:
– Енді малды суға кім шақыра алады? – деп сұрайды. Егер ойнаушы балалар әлі кішкентай болса өзі былай деп айтып шығады:
– Жылқыны «моһ-моһ»,
Қойды «пүшайт-пүшайт»,
Ешкіні «шөре-шөре»,
Түйені «сорап-сорап»,
Сиырды «әукім-әукім»,
Итті «кә-кә»,
Тауықты «шеп-шеп»,
Мысықты «піш-піш», –
деп шақырады.
Ары қарай ойын жүргізуші ойыншыларға кезек келген жерден бастап, бір-бірлеп малды суға қалай шақыруды сұрап шығады. Жауабын толық алып болған соң:
– Малдың төлдеуін қалай айтады? – деп сұрайды.
Ойынның сөздері балаларға бұрын таныс болмаса, әрі олардың жасы тым кіші болса, жүргізушінің өзі алдымен айтып береді:
– Бие құлындайды,
Қой қоздайды,
Ешкі лақтайды,
Түйе боталайды,
Сиыр бұзаулайды,
Ит күшіктейді,
Тауық жүмыртқалайды,
Мысық балалайды.
Енді жүргізуші бұрынғы тәртіппен ойыншылардан айтылған жануарлардың түрлерін, жүрістерін, дауыстарын жеке-жеке орындап берулерін сұрап шығады. Сөзді дұрыс айтып, жауабын анық бере алмаған ойыншылар көпшіліктің қалауы бойынша ән салып, болмаса тақпақ айтып, не би билеп береді.
Достарыңызбен бөлісу: |