Қазақ күресі. Ұлттық ойындардың ішінде қазақ күресінің ерекше орны бар. Балуан болу адам өміріне қажетті батылдық, алғырлық, күштілік, ептілік, т.б. қасиеттерді дамытады, дарытады. Балуандардың күш сынасуы ат жарысы, ақындар айтысы сияқты қазақ халқының салт-дәстүрлерінің ажырамас бір бөлігі болып саналады. Күресуде балуандар бір-бірін жеңу арқылы жеңіске жетеді.
Қазақтар күш иесін «алып», «толағай», «балуан» деп атап, оны ерекше қасиет қонған адам ретінде таныған. Балуан болу – өнер. Қазақтар жыл он екі ай далада өмір кешіп, үнемі қозғалыста болу тірлігі арқылы жас баладан бастап еңкейген кәріге дейін дене-күш дайындығына ерекше талап қойды. Қазақ елінде ат үстінде еркін отырудан бастап, садақ ату, күрес, жекпе-жек айла-тәсілдерін меңгеру ұл мен қызға бірдей қойылатын талап деңгейіне көтерілді.
Халқымыздың үлкен байтақ өңірге орналасуы, көшіп-қонып жүруге негізделген шаруашылығы және көршілес елдердің салт-дәстүрлерінің әсер етуі қазақтың жерінде балуандық өнердің бір-бірінен айырмашылығы бар бірнеше түрлерінің дамуына негіз болды. Ертегі-аңыздарда, батырлар жырларында, этнографиялық жазбаларда, тарихи және көркем шығармаларда, археологиялық қазба деректерде күрестің бірнеше түрлері болғандығы туралы дәлелдер көптеп кездеседі [5].
Қазақ халқының арасында таралған балуан күрестерін төмендегідей бірнеше түрлерге бөлуге болады: қазіргі еркін күреске ұқсас кеуде жалаңаш, жалаң аяқ, белбеусіз күресу түрі; шапан киіп, белдік буынып күресу; белдік буынып, кеудені жалаңаштап күресу; аяқ киімді шешпей күртеше немесе шапан киіп күресу; отырып күресу.
Әр аймақта күресу тәртіптері де әртүрлі болып келген. Кеудені жалаңаштап немесе киіммен күресу жергілікті жердің климаттық ерекшелігіне де байланысты болған.
Күресу шартын балуандар алдын ала өзара келісім бойынша белгілеп отырған. Ел арасында ауызша тараған күрес ережелері қатаң сақталып, оны талассыз мойындаған. «Күш атасын танымас» деген қағидаға сүйеніп, балуандарды жас ерекшеліктеріне және салмақ дәрежелеріне қарай бөлмеген.
Белдесу кезінде «ер кезегі үшке дейін», «ит жығыс», «жол беру» сияқты тәртіптер қолданылған.
Күшті балуанға қаратып айтылатын «Жауырыны жерге тимеген балуан», «Тізесі бүгілмеген балуан» деген сөздер бар.
Күрес өнеріне байланысты деректер көне аңыз-ертегілерде, батырлар жырларында көптеп кездеседі.
XX ғасырдың басына дейiн қазақша күресте балуандарды салмақ дәрежесiне немесе жас мөлшерiне қарай бөлу болмаған,«күш атасын танымас» дейтiн қағида бойынша күресiп келген. Салмақ дәрежесiне, жас мөлшерiне қарай бөлiнiп күресу XX ғасырдың 20-жылдарынан кейін енгізіле бастады.
Балуандар белдесулерін өткізудің екі түрі болған: бірі – белдесуге екі адамнан ғана шығару, екіншісі – бірнеше жұп балуандарды бірден белдесуге шақыру. Бірнеше жұп балуандарды бірден алаңға шығарып күрестіру қазіргі кезде Моңғол күресінде сақталған.
Қазақ күресін бүгiнде әлемнiң көптеген елдерi танып-бiлдi. Қазақ күресінен өткізілетін жарыстар республикалық дәрежеден асып, Азия және Әлем біріншіліктері өткізіле бастады.
Балуан күрестiру – қазақтың дене тәрбиесiндегi ең көп тараған және маңызды түрі болып саналады. Балуандыққа баланы жас шағынан үйретіп, шынықтырса, денесi шымыр, бұлшық еттерi жақсы дамып өседі.
Ұлттық күрес бойынша ел қадіріне бөленген балуандар көптеп саналады, оның ішіне Балуан Шолақ, Қажымұқан, Молдабай, Битабар т.б. балуандық өнерлерін халық мойындап, оларды «Балуан» деп танып, құрметке бөлеген [5].