181. «Бұқа тартыс» немесе «Мойын арқан» ойыны Адамдар арасындағы жекпе-жек күш сынасатын ежелгі халық ойыны. Жігіттер тойда, жазғы сауықта сайысқа түседі. Көгал алаң таңдалады. Ұзын арқанның екі ұшы тұйықталып түйіледі. Алаңның ортасынан белгі үшін белдеу сызық сызылады. Қос қанаттан ұзындығы тепе-тең мөлшерде сайыскерлер тұратын меже белгіленеді. Сайысқа үміткерлердің бәрі түседі. Ойынды басқарушы тұйықталған арқанды екі адамның мойнына кигізіп, екі саласын қолтықтың астынан өткізеді де, тартысушыларды жерге төрт тағандатып қояды. Белгі берілгенде екеуі екі жаққа қарай тартуы керек. Сайыскерлер бірін-бірі сүйрей тартып белгіленген жерге дейін тартып апаруға тырысады. Белдеу сызықтан қарсыласын сүйреп өткізген адам жеңеді.