182. Жамбы ату, Алтын қабақ, Айқабақ
Алтын қабақ (Жамбы ату) ойыны – шауып келе жатқан аттың үстінен ілулі тұрған нысананы садақпен дәл көздеп атып түсіру. Бұл ойынның нұсқалары басқа халықтарда да кездеседі. Шығу тегі әскери даярлықтың қажеттігінен және аң-құс аулаумен байланысты болған. Жарыс өткізілетін мерекелерде биік бағана, болмаса ұзын сырық қадалып, оның ұшар басына нысана ретінде жамбы (күміс құймасы) ілінетін болған. Оны қылмен немесе жібек жіппен байлаған. Атпен шауып келе жатқан кісі садақпен жамбыны атып түсіріп, жеңіске жетуге тырысқан. Нысананы атудың басқа да түрлері кездеседі, мысалы, жерде тұрып, немесе ат үстінде отырып, мылтықпен ату да қолданылған.
Жамбы атудың «Айқабақ ату» деген де түрі бар. Айқабақ жамбыдан ауыр, көлемі ай пішіндес, сом күмістен құйылған бұйым. Яғни, мерген аттың үстінде шауып келе жатып ұзын сырықтың басына ілінген «Жамбы» немесе «Айқабақты» садақпен дәл атып түсіретін болған. Бұл мергендердің ең жоғары деңгейдегі жарысы.
Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында, Көктем Аймақ дейтін хан биік бақанға алтын жамбы іліп, атып түсірген адамға қызымды берем деп жар салады.
Ай астында аспанға
Құрды бақан қақтырып
Алтын теңге аттырып,
Теңгені атып түсірген
Құртқаны сұлу сол алар... деп жырлайды.
Осы хабар Қобыландының құлағына жетіп, жас батыр тобылғы торы атымен шауып барып, ай астындағы теңгені атып түсіріп, Құртқа сұлуды алып қайтады:
Қолына алып толғанып,
Қозы жауырын жебені
Ат үстінен шіреніп,
Сонда тұрып тартады,
Құрулы бақан басында,
Екі бөліп ұшырды
Ай астында теңгені...
Жамбы ату жарысы көлемі 300 метрге дейін келетін жазық алаңда өтеді. Мәреден 100 метр қашықтыққа орналасқан биіктігі 3-4 метр келетін бағанаға көлемі тайдың тұяғындай жамбы орналастырылады. Жамбыны спортшы ат үстінде шауып келе жатып көздейді. Егер атының басын тежеп көздесе ұпай есептелмейді. Жарысқа қатысушы шабандоздар жеребеде алған кезегімен, төрешінің «Алға!» деп берген бұйрығы бойынша, арнайы жасалған жолмен шаба жөнеледі. Шауып келе жатып сол қапталындағы жамбыны тұсынан өте бере садақпен нысанаға алып атады. Оғының дарығанына, дарымағанына қарамай сол шапқан бойы мәре сызығынан өтеді. Нысана бекітілген діңгектен құлап түссе оқ тиген болып есептеліп спортшыға ұпай есептеледі. Нысана мен ат шабатын сызықтың арасы 35-45 метр шамасында болады. Жарыс кезінде әрбір спортшыға қанша рет мүмкіндік берілетіндігі алдын ала шешіліп қойылады және барлық спортшыға бірдей мүмкіндік жасалады.
Жамбы атудың басқа: айқабақ, мылтықпен ату түрлері немесе қатар-қатар қойылған бірнеше нысананы ату түрінде де бар.
ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы 2014 жылдан бастап жамбы ату спортын қолға алды.
Достарыңызбен бөлісу: |