180. Қасқыр қақпан Ойын тәртібі: Балалар екі топқа бөлінеді. Үлкен тобы – «Қақпан», кіші тобы «Қасқырлар» деп аталады. Қол ұстасып, дөңгеленіп тұрған «Қақпан» тобы төмендегі өлеңді айта бастайды.
Қасқыр түссе қораға,
Ұстамасқа бола ма?
Қол ұстасып тұрайық,
«Қасқыр қақпан» құрайық.
Қасқыр, қасқыр, келіп көр! –
деген өлең тармақтарын айтып болысымен, «Қақпан» тобындағылар ұстасқан қолдарын жоғары көтереді. Сол кезде шеңбер ішінде тұрған «Қасқырлар» тобының мүшелері көтерілген қолдардың астынан сыртқа шығып кетуге ұмтылады. «Қасқырлар» сыртқа ұмтылған кезде ойын бастаушының «Ап!» деген белгісімен «Қақпан» тобындағылар көтерілген қолдарын төмен түсіріп, жүресінен отыра қалады. Сөйтіп «Қақпан» жабылады. Іште қалған «Қасқырлар» «Қақпан» тобына қосылады. Ал сыртқа шығып үлгергендер қайтадан шеңбер ішіне кіріп, «Қасқырлардың» соңғы ойыншысы қалғанша ойын жалғаса береді.
Ойын балаларды жылдамдыққа, ептілікке, тез шешім қабылдауға үйретеді.