Халық тіршілігіне байланысты қалыптасқан ойындардың бірі – «Тұзақ құру» ойыны. Балалардың жасына сай өзгеріп, өңделіп отырады. Үлкендердің аң аулап, құс ұстау әдісіне салып балалар мұны ойын ретінде де қолданып үйренеді. Тұзақ аттың құйрық қылынан есіп жасалады. Тұзақ құру шілдің жолына, суырдың, қосаяқтың, сасық күзеннің, әртүрлі тышқандардың інінің аузына құрылады. Өзен жағалауларында тұратын елді мекендердің балалары осы күнге дейін тұзақпен балық ұстайды.
140. Қуыр-қуыр қуырмаш (1 нұсқа)
Қуыр-қуыр-қуырмаш – ұлттық ойын. Көбінесе бүлдіршін балалар ойнайды. Бұл ойын, алдымен, шабан қимылдайтын бүлдіршіндердің қимылын тездетуге септігін тигізеді, тілін жаттықтырады, есте сақтау қабілетін жетілдіре түседі. Ұяң, жасқаншақ балаларды топтасып жұмыс істеуге дағдыландырады, балалардыың мінез-құлқын шыңдайды. Ел арасында бұл ойынның тараған нұсқалары өте көп, біз баспа беттерінен интернет парақшаларынан алынған бірнеше нұсқаларын беріп отырмыз.
Қуыр, қуыр, қуырмаш
Қуыр, қуыр, қуырмаш,
Мен айтайын қолыңды аш!
Мынау тұрған бас бармақ,
Жұмыс содан басталмақ.
Алақанның тұңғышы
Болсын осы жылқышы.
Балаң үйрек жанында,
Бейім сиыр бағуға.
Ортан терек – ұзыны,
Түйе бақсын, қызығып!
Шылдыр шүмек – бұл саусақ,
Қой бағуды тұр аңсап.
Титтей бөбек – шынашақ,
Сен дайында жер ошақ.
Білекке енді барайық,
Онда не бар табайық:
Мына жерде күн болар,
Мына жерде түн болар.
Мына жерден ай шығар,
Мына жерден май шығар.
Бәрін айтып болдық па?
Келіп қалдық қолтыққа!
Қытық, қытық, қызық-ай,
Міне, өрік, міне, май!
Қуыр, қуыр, қуырмаш,
Бидай салам, қолыңды аш.
Төгіп алмай, күлем деп,
Балапанға барып шаш!
Достарыңызбен бөлісу: |