Мысық пен тышқан (3 түрі)
Ойынға 10-нан 20 адамға дейін қатысуға болады. Ойынды үлкен залда, таза сарайда, алаңда ойнаған жөн.
Ойнаушылар қол ұстасып дөңгеленіп тұрады. Ойынға қатысушылар өздері екі адамды ортаға шығарып, оның бірін «тышқан», екіншісін «мысық» ролінде ойнауға ұйғарады. «Тышқан» дөңгелек шеңбердің ішінде қалады. «Мысық» шеңбердің сыртында «тышқанды» аңдып тұрады. Мұндағы мақсат «мысық» ролінде ойнаушы «тышқан» ролінде ойнаушыны аңдып жүріп қапылыста ұстауы керек. Шеңбер ішінде тұрған ойнаушылардың міндеті «мысық» «тышқанды» қуғанда ұстасқан қолдарымен тосып қалып, «тышқан-ды» ұстатпауға тырысады. Мысық қапылыста шеңбердің ішіне кіріп кетсе, «тышқанды» шеңбер ішінен сыртқа шығарып, «мысықты» шеңбер ішінде ұстап қалады.
Егер «мысық» сыртқа шыға қалса, онда «тышқанды» шеңбер ішіне кіргізіп, «мысықты» шеңбер сыртында қалдырады.
Осылайша бірін-бірі қуып жүріп, «мысық» «тышқанды» ұстайды. Ұстаған бойда «тышқан» ролінде ойнаған ойыншы орнына басқа бір адамды шығарады. «Мысық» ролінде ойнаушы да басқа бір ойыншыны өз орнына тағайындайды. Ойын осылайша жалғаса береді.