250. Доп дарытпа Ойынға кішірек доп пайданылады. Ойыншылар екі топқа бөлінеді. Бірінші топтағылар шеңбер ішіне тұрады. Екінші топтағылар бірінші топтағыларды 10-15 метр қашықтықта шеңбер сыртында орай қоршап тұрысады. Доп сыртқы топқа беріледі. Олар шеңбер ішіндегі ойыншыларды дәлдеп доппен ұрып шығарулары қажет. Ал бірінші топтағылардың міндеті – бойларына допты дарытпау. Доп тиген адам ойыннан шығады. Сөйтіп ортадағы адамдар ойыннан шығып біткенше ойын жалғаса береді. Одан соң сырттағы топ іштегі топпен орын ауыстырады.
Келісім бойынша, ортадағы ойыншылардың бірі өзіне бағытталып лақтырылған допты жерге түсірмей қағып алса, ойыннан шығып қалған ойыншылардың бірі қайтадан ойынға кіреді.
Ойнаудың басқа түрі. Ойыншылар аралары 5-10 метрден үш қатарға тұрады. Екі шеткі қатардағылар ортадағы қатардағыларды доппен дәлдеп соғып тигізулері қажет. Ал ортаңғы қатардағылар өздеріне допты дарытпау үшін, үнемі қозғалып, жалтарып тұрады. Ортаңғы қатардағылар ойыннан шығып біткенше ойын жалғаса береді.