283. Қыста арқан тарту Бұл ойынды ойнау үшін, бес-алты бала тартқанда үзілмейтін арқан және жалпақтығы 20-30 см келетін, ұзындығы 1 метрдей екі тақтай дайындалады. Ол тақтайлардың ортасын арқан өтетіндей етіп теседі. Енді қарды аққалаға ұқсатып үйеді де, оның орта шенінен таяқпен тесіп, әлгі арқанды өткізеді. Содан кейін тақтайшаның екеуін арқанның екі ұшына кигізеді, тақтайшаларды аққалаға екі-үш қарыстай тақап қалғанда арқанды түйеді. Бәрі дайын болған соң, балалар екі топқа тең бөлініп, арқанды екі жаққа тартады. Аққала қалай құласа, сол топ жеңіп шыққан болады. Жеңілген топ аққаланы қайта жасайды. Ойын қайта басталады.
284. Батыр бала Ойынға екі бала қатысады. Олар қарама-қарсы бірінің көзіне бірі қарап тұрып бір-бірінен:
Бірінші бала:
Көлге барасың ба? – деп сұрайды.
Екінші бала:
Барамын деп жауап береді.
Бірінші бала:
Шөлге барасың ба?
Екінші бала:
Барамын.
Бірінші бала:
Қорықпайсың ба?
Екінші бала:
Жоқ.
Бірінші бала оның көзіне тіптен таяп келіп, «суф» деп үрлеп қалады. Екінші бала осы кезде кірпігін қақса жеңіледі. Ойын кезінде қойылатын сұрақтар әртүрлі болып өзгере береді.
285. Клек ойыны «Клек» ойыны көктем, жаз айларында ойналады. Ойынға 3-тен 6 балаға дейін топталып ойнағандары тиімді болып келеді. Әр бала өздерінің ұстауларына және лақтыруларына қолайлы ұзындығы 50 см-ден 1 метрге дейін келетін ағаш таяқтар сайлап алады. Алаңға қабырғалары 40 см дейін келетін шаршы сызылады, оның дәл ортасына «клек» ағашы тігіледі. Тігілетін «клек» ағашының биіктігі мөлшермен 15 см жуандығы балалардың лақтыратын ағаштарының жуандығындай болса жарайды. Шаршы сызықтан қашықтығы 1,5 метрдей, ұзындығы да 1,5 метрдей келетін сызық, дәл осындай қашықтықта екінші және үшінші сызық сызылады. Ойынды бастау алдында кім «Клекті» бірінші соғатын және одан кейінгі соғатын балалар ретін және қай бала «Клектің» жанында тұратынды анықтау үшін, ойыншылар ішіндегі ең ұзын таяқты жоғары лақтырып оны бір ойыншы бір қолымен орта шенінен ұстап алуы қажет. Осы ұсталған жерден бастап келесі ойыншы алақанымен ұстайды, барлық ойыншы осылай қайталай береді, ең соңында қай ойыншы таяқтың ең жоғары жағынан кезегі келгенде ұстаса, сол бірінші болып «Клекті» соғады. Осылай таяқты екіші рет ең жоғары жағынан ұстаған екінші, сол сияқты үшінші, төртінші т.б. болып кезек алады, ең соңында қалған ойыншы «Клекті» ұстаушы болып тағайындалады. Ойыншылар міндеті шаршы алаңда тігілген «Клекті» таяқтарымен дәлдеп соғып, неғұрлым алысқа ұшырып жіберуге тырысады. Тігілген «Клекті» күзетуші ойыншы мақсаты таяқ тиген «Клекті» ұшып барып түскен жерінен жылдам жүгіріп алып келіп шаршы алаңға «Клек» деп дауыстап тігуі қажет.
Ал «Клекті» соққан ойыншы мақсаты, өзінің таяғын түскен жерінен жылдам алып «Клекті» күзетуші ойыншыдан бұрын шаршы алаңға жетіп өз таяғын шаршыға «Клек» деп тигізуге тырысады. Егерде «Клекті» күзетуші шаршыға бірінші болып жетсе, онда таяқпен соққан ойыншы «Клекті» күзетушінің міндетін атқарады. Ал таяқпен «Клек» соғушы бірінші болып жетсе, онда ол ең алыста сызылған сызықтан шаршы сызыққа жақын келесі сызықтан «Клекті» соғуға мүмкіндік алады. Ал «Клекті» соғушы таяғын «Клекке» тигізе алмаса, онда «Клекті» күзетуші «Клекті» жылдам орнынан көтеріп «Клек» деп дауыстап орнын тигізе алмаған ойыншыға береді. «Клекті» соғу келесі ойыншыға өтеді. Ойыншылардың барлығының мақсаты «Клек» тігілген шаршыға жақын орналасқан сызыққа жетіп, «Клекті» неғұрлым алысқа ұшырып соғу болып табылады.