146. Саусақ шалма «Саусақ шалма» ойынын екі адам ойнайды. Ойынға ұзындығы екі қабаттағанда 30-40 см келетін жіп алынады. Ойын үйде, аулада өте береді. Ойыншылар біріне-бірі қарсы қарап отырады да, дайын болған шалманы бірінің қолынан бірі алады. Алғашында жіптің екі ұшын біріктіріп түйеді де, екі қолға, яғни төрт саусаққа кигізеді, ортаңғы саусақпен кезекпен іліп алады, сонда «ыңыршаң» шығады.
Екінші жағдайда, келесі ойнаушы басбармақ және сұқ қолымен ыңыршақтың екі жақ керегесінің үстінен астына қарай алып, «кереге» шығарады. Үшінші жағдайда керегені үстінен астына қарай алып, «шаңырақ» шығарады. Төртінші жағдайда шаңырақты екі шынашақпен айқастыра іліп алып, «астауша» шығарады. Бесіншіде «кереге» қайталанады, алтыншыда «шынтақ» шығады. Енді әрі қарай жалғастырып ойнай берсе – «астау», «кереге», «шынтақ», «астау», «кереге», «шынтақ» болып қайталана береді.
Ойлы ойыншылар бұл бейнелердің жаңа көріністерін өзінше өрнектеп кеңейте беруге тырысады. Бұл ойын жасөспірімдердің тұрмыстағы үй жабдықтарын қалай пайдаланатындықтарын көз алдына елестетіп, соларды өзі жасағандай әсерге түсіреді. Жастардың қиялын қозғап, творчестволық ізденіске, ой-жүйелерін дамытуға бастайды.