145. «Ләңгі» тебу «Ләңгі» тебу Азия халықтары ішінде кең тараған ойын түрі. «Ләңгі» ойынын бала да, үлкен де жылдың барлық мезгілінде ойнай береді. Ойынға аяқпен тебуге арналған арнайы «Ләңгі» заты даярланады. «Ләңгінің» негізгі салмақты басы ретінде үлкен тиын көлеміндей келген ортасы тесік қорғасын алынады (тиын, тиынға ұқсас темір т.б.) заттар да жарайды. Дөңгелек қорғасынның ортасы тесіліп, тесікке ешкінің ұзын жүні өткізіліп бекітіледі. Ешкі жүні «Ләңгі» аяқпен тебіліп, жоғары-төмен ұшқан кезде бірқалыпты қалықтап ұшуы үшін қажет.
Ойынды 2-3-4 адам топталып ойнайды. «Ләңгі» ойыны кезінде әр ойыншы өз шеберлігін көрсетеді. «Ләңгіні» аяқ киім киіп ойнайды. Ел арасында «Ләңгі» ойынының көптеген түрлері және аттары бар, оларға «Аяқ ұшы», «Қосаяқ», «Қайыру», «Шанжыр», «Теуіп беру», «Аяқтың ішімен және сыртымен бірдей тебу» т.б. жатқызуға болады. Ойынның қортындысын шығаруда әр түрін орындаудың саны жеке есептеліп, артынан барлық ұпайларды қосу арқылы жеңімпазды анықтауға болады.
Біз ойын ережесін қалыптастыру барысында ел арасында айтылатын «Аяқ ұшы», «Қосаяқ», «Қайыру», «Шанжыр», «Теуіп беру», «Аяқтың ішімен және сыртымен бірдей тебу» т.б. аттарын берумен қатар, ойынды орындау түрлерін кезеңдерге бөлдік. Бұлай жасау ойнау ретін қалыптастырумен қатар, орындаудың басқа түрлерін ережеге еркін енгізуге жол ашу мақсаты болды.
Ойынды орындау кезеңдері мен тәртібі:
– Бірінші кезеңде «Аяқ ұшы», ойыншы бір аяқтап тұрып оң не сол аяғы басының (ұшы) ішкі жағымен «Ләңгіні» жоғары теуіп жерге түсірмей қаға беруі керек, неғұрлым жоғары қаққан саны көп болса, соғұрлым алға шыға береді немесе келісілген санға жеткізеді;
– Екінші кезеңде «Ләңгі» соғушы «Қайыру», бір аяқтап жоғары секіріп оң не сол аяғы басының ішкі жағымен енді жерге тіреген аяғының артынан ала «Ләңгіні» жоғары теуіп қағуы керек. «Ләңгіні» жерге түсірмей неғұлым жоғары қаққан саны көп болса, соғұрлым алға шыға береді немесе келісілген санға жеткізеді;
Үшінші кезеңде «Ләңгі» соғушы бір аяқтап жоғары секіріп оң не сол аяғы басының ішкі жағымен енді жерге тіреген аяғының артынан ала «Қайыру», «Ләңгіні» жоғары қатарынан екі рет теуіп қағуы керек те, қайтадан алдыдан «Аяқ ұшы» бір рет қағып, қайта артынан «Қайыру» екі рет қағуға көшеді, ойын осылай «Ләңгі» жерге түскенше жалғаса береді немесе келісілген санға жеткізеді;
Төртінші кезеңде алдыдан қағуды енді ойыншы жоғары секіріп тіреген аяғын қылтадан бүккен жағдайда «Қосаяқ» орындап үлгереді де, қайтадан алдыдан «Аяқ ұшы» бір рет қағып, «Қосаяқты» қайта орындап ойынды жалғастыра береді. «Ләңгіні» жерге түсірмей орындап, неғұрлым саны көп болса соғұрлым алға шыға береді немесе келісілген санға жеткізеді;
Бесінші кезеңде, бірінші кезең «Аяқ ұшы» орындалып барып, енді «Ләңгі» жоғары тебу кезінде орындаушы аяқ басының сыртқы жағымен жоғары тебеді, «Аяқтың ішімен және сыртымен бірдей тебуді» орындайды. «Ләңгіні» жерге түсірмей орындап, неғұрлым саны көп болса соғұрлым алға шыға береді немесе келісілген санға жеткізеді;
Алтыншы кезеңде, бірінші кезең«Аяқ ұшы» орындалады да жоғары ұшқан «Ләңгіні» тізенің үстіне қондырып алып, тіземен қайта жоғары серпіп жіберіп, бірінші кезеңді «Аяқ ұшы» орындайды да, жоғары ұшқан «Ләңгіні» енді ойыншы кеудесіне шалқайып қондырып алып, қайтадан кеудесінен төмен сырғыта түсіріп, қайтадан бірінші кезеңді «Аяқ ұшын» орындайды. Ойын осы түрінде «Ләңгі» жерге түскенше жалғаса береді. «Ләңгіні» жерге түсірмей орындап, неғұрлым саны көп болса, соғұрлым алға шыға береді немесе келісілген санға жеткізеді. «Ләңгіні» ойнау түрлендіріліп жалғаса береді.
Ойнау барысында «Ләңгіні» жерге түсіріп алған ойыншы ойынды тоқтатады да, келесі ойыншы жалғастырады. Кім «Ләңгіні» жерге түсірмей түрлендіріп көп қақса сол жеңеді.
«Ләңгі» ойынын бастамас бұрын ойыншыларға аяқтарына арналған керіп-созу, секіру, денелеріне арналған жаттығуларды орындап қыздырынуға кеңес беріледі.
«Ләңгіні» ойнау барысында адам денесі көп қозғалып, көп секіріп, отырып-тұру жаттығуларын жасайды, дене шынығады .«Ләңгі» ойыны өзінің денсаулыққа пайдалы әсерімен, қызықты да, көңілді ойын ережесімен ерекшеленеді. «Ләңгі» ойыны ережесін қалыптастырған п.ғ.д., профессор Елемес Алимханов.