7.3. Оқу-үйретім үдерісінің негізгі кезеңдері
Белсенді танымдық іс-әрекеттің жалпы құрылымы өз ішіне келесідей оқу-үйретім кезеңдерін қамтиды:
игеріліп жатқан материалды қабылдау;
материалды түсіну;
материалды есте қалдыру;
игерілгенді тәжірибеде қолдану;
Игеріліп жатқан материалдың шәкірттер тарпынан қабылдануы. Игерілуі тиіс материалды меңгеру оны қабылдаудан басталады. Бұл танымдық әрекеттің мәні – шәкірт сезім ағзалары (есту, көру, сезу, иіс түйсіктері) жәрдемімен сабақ барысында таныстырылып жатқан заттар мен құбылыстардың ерекшеліктері мен белгілерін қабылдайды. Қабылдау дегеніміз - бұл танымға өтуі тиіс заттар, құбылыстар және үдерістердің сезінетін сырттай қасиеттерінің адам санасында бейнеленуі.
Шәкірттердің сабақ материалын түсіне, ой елегіне салуы. Балалардың игеріліп жатқан материалды түсінуге және ол бойынша ғылыми ұғымдарды қалыптастыруға бағытталған әрекеті ой қызметін аңғартады.
Игеруге тиіс материалды түсіну үдерісі, яғни танымға өтуі қажет заттар мен құбылыстардың мәнін ашуға ойлау және теориялық ұғымдар қалыптастыру өзінің үлкен күрделілігімен ерекшеленеді. Ең алдымен ескерілетін жәйт, “ой жұмысы” санада оған қажет материал, дәлірек айтсақ, белгілі мөлшердегі нақты ұғымдар, мысалдар мен деректер табылған жағдайда ғана іске асады. Демек, түсіндірілетін заттар мен құбылыстарды табиғи қалпында немесе көрнекі құралдар жәрдемімен қабылдауға бағыттаудың танымдық іс-әрекеттерін ұйымдастыру сабақ мазмұнын ұғуда орасан маңызға ие. Шәкірттер санасында орныққан ұғымдар неғұрылым көп болса, неғұрылым олар анық та жарқын келсе, ой “жұмысы” да өнімді нәтиже береді. Бұл жағдайға өтіліп жатқан материалды түсіну мен ол бойынша ғылыми ұғымдардың қалыптасуы белгілі үдеріс амалдарының орындалуына тәуелді: а) сабақта таныстырылатын заттар мен құбылыстардың мәнін ашу үшін олардың қабылданып, ұғымда бекіген қасиеттері мен белгілерін маңыз дәрежесіне қарай талдауға салу; б) игерілудегі заттар мен құбылыстардың мәнді және мәнсіз белгілері мен қасиеттерін қисынды топқа біріктіру; в) сабақ мазмұнындағы заттар мен құбылыстардың мәнін ой “елеуішінен” өткізіп (себептері мен салдарын ашып) жалпылай қорытынды, түсінік, заңдар мен дүниетанымдық идеялар топшылау.
Өтіліп жатқан материалды ұғудың нәтижесінде шәкірт санасында түсінім, таным заттары, құбылыстары және үдерістері жөнінде пайым жасалып, жаңа ғылыми ұғымдар орнығады.
Алайда, өтіліп жатқан материалда ұғу үдерісі ол бойынша түсінік қалыптастырумен шектелмейді. Бұл үдерісте шәкірттерде құбылыстарды салыстыру және талдау, олардың мәнді, мәнсіз тараптарын ажырату ептіліктері, сондай-ақ ой толғастыру, болжам мен теориялық қорытынды жасау қабілеттері қалыптасады, яғни шәкірттің ақыл-ес дамуы өріс алады. Бұларға қоса, балаларда әуесқойлық, таным дербестігі сынды тұлға сапалары өрбіп, дүниетанымдық және ізгілік, эстетикалық қозғалыстар мен наным сенімдері қалыптасады.
Игеріліп жатқан материалды есте қалдыруға арналған танымдық іс-әрекеті. Игерілетін материалды есте қалдыру жалаң, ойсыз жаттаудан мүлде өзгеше, керісінше, есте қалдыру меңгерілетін білімдерді тереңдей, жан- жақты пайымдап, топшылауға негізделіп, сонымен шәкірттердің ақыл-ес дамуына ықпал жасауы тиіс.
Өтіліп жатқан материалды меңгеруде есте қалдырудың әдіс-тәсілдері маңызды келеді. Белгілі болғандай, есте қалдырудың бірнеше жолдары бар: 1) бір отырыста орындалатын шоғырлы есте қалдыру және оқу-үйренім материалы бірнеше рет қайталанып, әрі уақыт аралықтарына бөлшектене меңгерілетін бөлікті есте қалдыру. Шоғырлы есте қалдыруда білімдер нақты іс-әрекеттік, қысқа мерзімді есте өтеді де тез ұмытылады. Ал бөлікті есте қалдырылған материал ұзақ мерзімді еске бекиді. Осыдан, оқу-үйретім үдерісінде шәкірттерге бөлікті есте қалдыруды пайдалануға кеңес берген жөн.
Игерілген білімдерді тәжірибеде қолдану. Оқу-үйретім үдерісіндегі танымдық іс-әрекеттің мәнінің бір бөлігі - меңгерілген білімдерді тәжірибеде қолдану, шәкірттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту. Әлбетте, ептілік және дағдылар, сондай-ақ шығармашылық қабілеттер көп мәрте, қайталанатын жаттығуларды ұйымдастырудан қалыптасады әрі дамиды. Мысалы, жаттығулар жәрдемімен балалар түсініп оқу, сауатты жазу, математикадан есептер мен мысалдар шешу ептіліктерін қалыпқа түсіреді. Физика, химия, биология құралдары мен реактивтерді пайдалана білу ептіліктері мен дағдылары да осы жаттығулардан. Тапқырлық дамыту дағдысы қалыптысып, мәселелерді шешу, математика, әдебиет және басқада пәндерді игеру барысында қажет шығармашыл қабілеттердің көрінуі нақты да тыңғылықты жаттығуларға тәуелді.
Әрқандай мақсатты бағдарлы оқу-үйретімнің жемісі – көзделген деңгей мен көлемдегі білім топтау. Ол нақты білімдер, ептіліктер, дағдылар жүйесінде, сондай-ақ бұрыннан орныққан білімдер, ептіліктер мен дағдылар жүйесін жетілдіре білу қабілеттерін дамытуда, жаңа білімдер, ептіліктер мен дағдыларды меңгеруге психологиялық дайындығында, білім қорын үздіксіз байыта түсуде, оларды өңдеп, жаңа деңгейге жетілдіруге дайын болу жүйесінде көрініс береді. Бұл оқу-үйретім үдерісінде адам психологиясының танымдық тараптары: ес, ойлау, шығармашылдық қабілеттерінің дамуымен де байланысты.
Оқу-үйретім - біртұтас педагогикалық үдерісте (нақты сабақта) үш қомақты да маңызды қызмет атқарады: тәлім, дамыту және тәрбиелеу. Тәлім қызметінің мәні – шәкірттерді ғылыми білімдер, ептіліктер және дағдылар жүйесімен қаруландырып, оларды тәжірибеде пайдалануға баулу арқылы олардың бүкіл адами-тұлғалық сапа-қасиеттерін орнықтыру.
Ғылыми білімдер қоры өз ішіне деректерді, ұғымдарды, заңдар мен заңдылықтарды, дүниенің жалпыланған болмысын қамтиды. Тәлім қызметіне сәйкес аталған бірліктер тұлға меншігіне айналып, оның тұрмыс тәжіриблік қорына енуі тиіс. Осы қызметтің толық іске асуынан игерілген ақпараттардың толықтығы, жүйелілігі мен саналылығы қамсыздандырылып, өз бекіміне және әрекетшеңдігіне ие болуы қажет. Бұл өз кезегінде ғылыми білімнің нақты саласын бейнелеуші пән мазмұнынан негізгі идеялар мен маңызды себеп-салдарлы байланыстарды түсінуге қажет бөліктердің түсіп қалмауын әрі білімдердің жалпы жүйесінде олқылық-кемістіктердің орын алуына жол бермейтін оқу-үйретім үдерісін ұйымдастыруды талап етеді. Білім бірліктері мұқият реттікке келтіріліп, қисынды, тәуелді байланыстарға түсіріліп, бірізді жүйелілік сипатын алып, жаңа білім бұрынғы игерілгенді арқау етіп, енді өтілетінге бастау беруі тиіс.
Тәлім қызметінің соңғы нәтижесі: білімнің саналы пайдалана білу дәрежесінде игерілуі, алғашқы қабылданған білімнің жаңа білімді игеруге қолданылуы, сондай-ақ маңызды арнайы (пән бойынша) және жалпы оқу-үйренім ептіліктері мен дағдыларының қалыптасуына негіз қалауы, тұлғалық қалыптасуға себін тигізуі.
Ептілік орынды әрекет ретінде нақты да саналы мақсатпен бағытталады. Ал дағдылар, яғни автоматтасқан әрекеттер астарында тұрақтанып, бекіген байланыстар жүйесін құрады. Ептілік оқу-үйретім іс-әрекеттері шарттарын қалаушы әрі олардың біртіндеп күрделенуіне жәрдем беретін, реттеуші жаттығулар негізінде пайда болады; дағдылар қалыптасуы үшін бірдей әрі біркелкі жағдайларда қайталанушы жаттығулар қажет.
Оқу-үйретім үйренімнің дамытушы (дамыта емес) қызметі тәлім қызметінің қисынды жалғасы. Оқу-үйретім барысында шәкірттердің психологиялық сапа, қажеттері өзгереді. В.В.Давыдовтың пікірінше, оқу-үйретім іс-әрекеттері үдерісінде адам тек білім мен ептіліктер пайда етіп, шектелместен, үйренуге қажет қабілеттерді меңгереді. Бұл үдеріс шәкірттің есі (жады) дамиды, санқилы ойлау қызметтері қалыптасады. Оқу-үйренім іс-әрекеттеріне енумен адам психикасының танымдық бітістерінің дамуы, тұлғаның көңіл-күй, еріктік және ынта – қажеттік аймағының кеңеюімен тығыз байланыста өрістей түседі. Осылайша, оқу-үйретімнің дамытушылық қызметі, тұлғаның біртұтас психологиялық жүйесінің дамуымен бірге іске асып барады.
Сабақ материалының дамытушылық сипаты педагогикалық үдерістің өз табиғатына сай шынайы көрініс табады. Дұрыс құрылған дәріс әрдайым дамытады. Дегенмен, оқу-үйретімнің дамыту тиімділігі дамытушы үйретімге орайлас әдістемелерін қолданса ғана еселеніп, көтерілуі мүмкін.
Әрқандай сабақтың тәлім, дамытушылық қызметтері мен оның тәрбиелік міндеті ажыралмас байланыста болуы шынайы табиғи құбылыс.
Дәрістің тәрбиелік сипаты – қай дәуірде де, қай жағдайда да міндетті ықпал жасайтын нақты да оның көріністі заңдылығы. Тәрбиелік қызмет оқу-үйретімнің өз мазмұнына, формасы мен әдістеріне сәйкес орындалады, сонымен бірге, оның іске асуы үшін ұстаз бен шәкірттің арнайы ұйымдас-тырылған қарым-қатынасы, ортақтасуы қажет. Шындығында, нақты тұлға-лық көзқарастар, наным-сенімдер, қарым-қатынастар, сапа-қасиеттер қалып-тастырып, тәрбиелемейтін оқу-үйретім болмайды. Тұлға кемелі ғылыми және басқа да ұғымдар жүйесін, қалыптар мен талаптарды меңгермей, қоғам-дық қажетті дәрежеге көтерілмейді.
Оқу-үйретімнің тәрбиелік қызметі үзілмейді, бірақ ол автоматтық емес және оған қажетті бағыттан ауытқуы да мүмкін, сондықтан тәрбиелік қыз-метті іске асыру бұл үдерісті ұйымдастыруда, дәріс мазмұнын іріктеуде, са-бақ формалары мен әдістерін таңдауда қоғам дамуының қандай да кезеңде-рінде басымдылыққа ие болған тәрбие міндеттерін негізге алуды талап етеді. Оқу-үйретімнің тәрбиелік қызметін іске асырудың маңызды тұсы – оның тұтастықта боларына негіз салушы шәкірттің белсенді де қалаулы оқу-үйренім іс-әрекеті сеп-түрткілерінің (мотивтерін) қалыптасуына жол ашу.
Достарыңызбен бөлісу: |