9.4. Оқу-үйретім әдістерінің мәні және мазмұны
Мұғалімнің білімдерді ауызша баяндау және шәкірттердің оқу-үйренім, танымдық іс-әрекетінің белсенділігін көтеру әдістері.
Әдістер жүйесінде жетекші орын сөздік әдістерге беріледі. Бір кезеңдерде бұл әдістер білім ұсынудың жалғыз-ақ тәсілі болған. Ғұлама педагогтар – Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский және т.б. – мұндай әдістердің маңызын әсірелеуге қарсы тұрып, оларды көрнекілік және тәжірибелік әдістермен толықтырып бару қажеттілігін дәлелдеп бақты. Қазіргі кезде сөздік әдістерге көбіне “көнерген”, “белсенділік көтеруге” жарамайды деген сын тағылуда. Ал іс жүзінде, бұл әдістер тобына шынайы назар салған жөн, себебі сөздік әдістер қысқа мерзімде ауқымды ақпарат жеткізіп, шәкірттер алдына мәселелі міндеттер қойып, олардың орындалу жолдарын көрсетуге мүмкіндік береді.
Айта кету қажет, 20-30 жылдары педагогикада сөздік әдістердің маңызын кеміту әрекеттері де болған. Сондағы келтірілген дәйектер: олар оқу-үйретім, үйренім, танымдық іс-әрекеттерінің белсендігін көтермейді-міс, сабақ үдерісін “дайын білімдерді” ұсынумен шектейді-міс.
Сөздік әдістер келесі түрлерге ажыралады: әңгімелеу, түсіндіру, сұхбат, пікір-талас, дәрісбаян.
Әңгімелеу әдісі сабақ материалының мазмұнын ауызша баяндау жолымен жүргізуді көздейді. Бұл әдіс педагогикалық үдерістің барша кезеңдерінде қолданылады. Тек қана баяндау сипаты, оның көлемі, уақыт шегі сыныптан сыныпқа өзгеріске түседі. Мақсаттарына орай әңгімелеудің бірнеше түрі бар: әңгіме-кіріспе, әңгіме-баян, әңгіме-қорытынды.
Алғашқысының мақсаты – балаларды алдағы күнде басқа әдістермен ұсынылатын (мысалы, сұхбат жолымен) жаңа материалды қабылдауға дайындау. Әңгімелеудің бұл түрі салыстырмалы қысқалығымен, жарқындылығымен, көңіл-күй көтеріңкілігімен ерекшеленіп, жаңа тақырыппен қызықтыра, оны белсенділікпен игеруге ынталандыру сипатымен көрінеді.
Әңгіме-баяндау барысында мұғалім жаңа тақырып мазмұнын ашады, нақты, қисынды даму жоспарымен басты, мәнді тұстарын бірізділікпен бөле атап, көрнекіліктер және дәйекті де дәлелді мысалдар пайдалана, баяндайды.
Әңгіме-қорытынды әдіс дәріс ақырында келтіріледі. Ұстаз онда өзекті ой-пікірлердің басын қосып, қорытады, шешімге келтіреді, осы тақырып бойынша шәкірттердің бұдан былайғы өзіндік жұмыстарына нұсқаулар береді.
Әңгімелеу барысында келесі тәсілдер қолданылады: ақпаратты баяндау, зейін белсенділігін көтеру, жадта (мнемикалық, ассоциативті) қалдыруды жеделдестіру, қисынды салыстырулар, сәйкестендірулер, өзектісін бөліп алу, қорытындылау.
Жаңа білімдерді баяндау әдісі ретінде әңгімелеуге, әдетте, бірнеше педагогикалық талаптар қойылады
- әңгімелеу сабақтың идеялық-адамгершілік бағдарын қамтамасыз етуге міндетті;
- шынайы әрі ғылыми тексерілген, деректерді қамтуы тиіс;
- алға тартылған тұжырымдардың дұрыстығын дәлелдейтін дәйекті де жарқын деректер мен мысалдарды көптеп қамтуы қажет;
- айқын баяндау қисынына ие болуы тиіс;
- көңіл-күй көтеріңкілігімен еленгені жөн;
- қарапайым және түсінікті тілмен баяндалуы лазым;
- баяндалушы деректер мен оқиғаларға болған мұғалімнің жеке бағамы және көзқарас, қатынастары көрініс бергені абзал.
Түсіндіру. Түсіндірме әдісінің мәні – бұл меңгерілуі тиіс нысандардың, кейбір ұғымдар мен құбылыстардың мәнді қасиеттері мен заңдылықтарын ауызша сөзбен тәптіштеп, балалар санасына жеткізу.
Түсіндіру – баяндаудың монологтық жүйесі. Түсіндіру әдісін мұғалім көбіне теориялық материалдарды өтуде, химиялық, физикалық, математикалық есептерді шешу мен теоремалар мәнін жеткізуде, табиғат және қоғам өмірінің түбегейлі себептері мен салдарын ашуда қолданады. Бұл әдісті пайдалануда келесі талаптарға мән берілуі тиіс:
- сұрақ міндеті, мәні және мәселесі нақ әрі анық болуы шартты;
- себеп-салдарлы байланыстар, дәйектер мен дәлелдер бірізділікпен ашылып барғаны дұрыс;
- салыстыру, сәйкестендіру, ұқсастыру тәсілдері орынды қолданылуы қажет;
- көрікті де жарқын мысалдар тартылуы керек;
- баяндау мүлтіксіз қисынға ие болғаны абзал.
Оқу-үйретім әдісі ретінде түсіндіру әрқандай жас тобындағы балалармен жұмыс істеуде кең қолданымға ие. Дегенмен, жоғары және орта оқу топтарында сабақ материалының күрделенуі және балалардың ақыл-ес мүмкіндіктерінің артуымен бұл әдісті қолдану қажеттігі кіші сынып оқушыларымен жұмыс істегендегіден гөрі көтеріле түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |