1.3. Тұлғалық педагогиканың негізгі категориялары
Категориялар - бұл ғылым мәні мен оның тұрақты әрі жалпы қасиеттерін танытушы аса ауқымды да қомақты түсініктер қоры. Қай ғылымда да категориялар жетекші роль атқарып, бүкіл ғылыми білімнің өзегі ретінде оны бір тұтастыкқа келтіруші жүйе қызметін атқарады. Педагогикада мұндай жүйелік қызметтерді атқарушы категориялар қатарында тәрбие, даму, тәлім, білім және оқу-үйретім ұғымдары аса маңыздыларынан.
Тәрбие – жаңа әулетті қоғамдық өмір мен өндірістік еңбекке дайындауға қажет қоғамдық-тарихи тәжірибені игеруге арналған әлеуметтік мақсатты шарттарды (заттасқан, рухани, ұйымдастырушылық) жасау іс-әрекеті.
Тәрбие – педагогиканың негізгі категорияларының бірі. Бұл түсінікті сипаттауда кең әлеуметтік мағынадағы тәрбиені бөле қарастырып, оның құрамында коғамның жеке тұлғаға болған жалпылай ықпалын алсақ, ал тар мағынадағы тәрбиені жеке тұлғалық сапалар, көзқарастар мен наным-сенімдер жүйесін қалыптастыруға бағытталған мақсат бағдарлары іс-әрекет деп түсінуміз тиіс.
Тәрбие күнделікті іс, тәжірибеде, көбіне қандай да нақты тәрбиелік міндетті шешуге арналған шағын мағынада да қарастырылады (мысалы, кейбір мінез бітістері, танымдық белсенділік және с.с. тәрбиелеу). Сонымен, тәрбие – 1) қоршаған дүние заттары мен құбылыстарынан болған нақты қатынастар; 2) дүнетаным; 3) мінез-құлық (қарым-қатынастар мен жан дүние көрсеткіші ретінде) орнықтыруға орай тұлғаның мақсатты бағытта қалыптастыруына жағдай жасап, кемелге жеткізу ісі.
Тәрбие - нақты-тарихи құбылыс. Ол қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік-эканомикалық, саяси және мәдени деңгейімен тығыз байланысты келеді. Адамзат қоғамы тәрбие арқылы өз тәжірибесі мен өткен әулеттер тәжіриебесін өткізу арқасында әр адамның дамуын қамтамасыз етіп барады.
Даму - бұл адамның тәндік және рухани күштерінің іштей, бірізді шынайы сандық, сапалық өзгерістерге келу үдерісі. Мұндай өзгерістер тәндік және психикалық дамумен байланысты іске асып барады. Тұлға дамуы ішкі және сыртқы, әлеуметтік және табиғи, басқарымды және кездейсоқ ықпалдарға тәуелді.
Тәрбие үдерісінде адам даму желісіне түсіп, кейін даму деңгейі тәрбиеге ықпал жасай отырып, оны өзгеріске келтіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |