7. БІРТҰТАС ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҮДЕРІСТЕГІ ОҚУ-ҮЙРЕТІМ
7.1. Оқу-үйретім теориясы - дидактика мәні мен мазмұны
Я.А.Коменскийдің “Ұлы дидактика” атты еңбегінің жазылғанына 300 жылдан астам уақыт өтті, алайда оқу-үйретім теориясы (дидактика) осы күнге дейін өз ұғымдарының тұрақтылығы мен нақтылығына ерісе алмады. И.Я.Лернер айтқандай: “Дидактиканың басты кемшілігі – оның құрамындағы білімдердің біртұтас жүйелілігінің болмауы, яғни әр тақырыптық топ (бірлік) алғашқысын сүйеу етпейді, соңғысына бастау бермейді”
Бүгінгі таңда қазақ тіліндегі педагогика тұрақталған терминологиясына ие емес, пән түсініктемесі әрқилы, өз заңдарын, категорияларын, негізгі ұғымдарын айқындауда біртектілік жоқ. Бір біріне мағыналық жақындығы жоқ сөздер синонимдер ретінде қолданылуда (ептілік, бейімділік, іскерлік), мағыналық тұрғыдан ұғымға сай келмейтін терминдер орынды сөздерді ығыстырып жатыр: үрдіс – үдерісті, нышан - рәмізді т.с.с., яғни ұғымның шынайы болуына қарамастан, оған сай келетін терминнің қабылданбауы, шет елдік терминдердің басымдылығы – бәрі де педагогиканы және оның бір бөлімі - дидактиканы теориялық тұрғыдан нақты түсіну мен игеруге келтіріп отырған зияны баршаға аян. Осыдан дидактика ғылым ретінде әлі де өз кемеліне жете алмауда. Мұның басты себептері: 1) «оқы-»түбірімен жасалған термин сөздердің (оқытушы, оқушы, оқу, оқыту) мәнсіздігі; (сабақта бала үйретілуі, үйренуі тиіс, ал ол ұдайы мәтінді дыбыстауға (оқуға) танылады), яғни («оқиды») читает, 2) тілімізде болмаған сөздердің қолданылуы (белсендіру, бейінділік, ебедейлік); 3) логикалық мағынасыз тіркестер («дамыта оқыту», «білімді реформалау»); 4) басқа тілден мәні әрқилы болған сөздердің қазақшаға бір сөзбен аударылуы (знание, образование - білім); 5) педагогикалық орындалуы мүмкін емес әрекеттердің ұсынылуы (білім алу, білім беру).
Солай да болса, дәстүрлі классикалық педагогика негіздерінен хабардар болу, оны қаруға алу болашақ мұғалімдердің міндеті.Ондай негіздероқу-үйретім теориясында.
Оқу-үйретімнің теориясы – дидактика деп аталады. Ол оқу-үйретім барысындағы тәлім және тәрбие заңдылықтарын зерттеуге арналып, тәлім мазмұнының мақсаттары мен іріктелуіне, оқу-үйретімнің құралдары мен әдістерінің таңдастырылуына негіздеме береді, үйретім-үйренім үдерісін ұйымдастырудың формаларын анықтайды. Жалпы дидактиканың зерттеу пәні – оқу-үйретім үдерісі, оны пайда етуші жағдайлар мен оның іс жүзінде атқарылуын қамтамасыз ететін шарттар және соңғы нәтижелері (Ч.Купиевич).
Я.А.Коменскийдің анықтауы бойынша «Дидактика – баршаны барша нәрсеге үйретуші әмбебап өнер». Дидактика пәнінің өзіне тән ерекшелігі – ол оқу-үйретім пәндерінің бәріне бірдей ортақ, жалпыланған үйретім, үйренім мәселелерімен шұғылданады.
Жалпы дидактика жоспарлы да жүйелі ұйымдастырылған, әрқилы жағдйларда (тәлім мекемесінде, үйде, саналы да жүйелі өзіндік үйренім желісінде) өтіп жататын үдеріс ретінде таным-тәлім, оқу-үйретім және оқу-үйренім құбылыстарының мән-мағынасын ашумен айналысады.
Қазіргі заман дидактикасының дәлелдейтіні – оқу-үйретім үдерісі тиімділігінің шынайы көрсеткіші игерілген білім, ептілік және дағдылардың ауқымы ғана емес, ол шәкірттер ақыл-есі дамуының жоғары деңгейі, олардың игеріліп жатқан пәндердің, үдерістер мен құбылыстардың мәніне үздіксіз еніп баруы және осыдан орташа, тіпті үлгерімі төмен шәкіртің үлгерімді, сыныптағы оқу-үйренім жұмыстарына белсенді араласу деңгейіне көтерілуі.
Дидактиканың атқаруы тиіс міндеті – оқу-үйретім үдерісінде әрқилы формада көрініп, өтіп жататын оқу-үйретім мен оқу-үйренімнің өзара әрекеттестік ықпал, байланысын зерттей ашып, балалар тұлғасының қалыптасуына бағытталған үйрету-үйрену амал, әдіс-тәсілдерінің нақты жүйесін ұсыну. Мұндай формалар мен жүйелер оқу жоспарында, бағдарламаларда, оқулықтарда берілетін тәлім мазмұнынан байқалады. Ал олар оқу-үйретім әдістері мен құрал-жабдықтарына, ұйымдасу формаларына байланысты іске асып барады. Балалардың белсенді шығармашыл еңбегі, олардың ақыл-ес дамуына ұтымды жағдай жасайтын үйретім үдерісі мен шарттарының тәрбиелік маңызы мен ролі де – дидактика назарында. Дидактика анықтайтын мәселелердің бірі – педагогикалық өзара әркеттестіктің қандай жағдайларда шәкірт санасының танымнан шешімге, білмеуден білуге, епсіздіктен зерделі ептілік пен дағдыларға өтуін қамтамасыз ете алатыны.
Дидактиканың негізгі ұғымдары: ұстаз, мұғалім, педагог, шәкірт, оқу-үйретім үдерісі, тәлім мазмұны, білім, ептілік, дағды, оқу-үйретім әдістері, оқу-үйретімді ұйымдастыру формалары, үйренім, игерім, ұғу, тоқу, меңгеру, оқу-үйретім іс-әрекеттері, игерім пәні, сабақ, дәріс, тәлім технологиялары, үлгілері (парадигмалары) және т.б. Дидактика өз ішіне келесідей жалпығылымдық ұғымдары да қамтиды: таным, заң, заңдылық, жүйе, қызмет (функция), құрылым, т.с.с.
Оқу-үйретім заңдылықтарын зерттеуде дидактика бірқатар басқа ғылымдардың деректерін пайдаланады. Мысалы, философия дидактиканың әдіснамалық бағдар-бағытын айқындайды, адамның, қоғамның және табиғаттың даму заңдарына орай білімдермен қаруландырады. Ал бұлар өз кезегінде тәлім мазмұнын іріктеуде, педагогикалық үдерістің нысаны (объекті) не субъекті болып келетін шәкірт тұлғасын тануға негіз береді. Дидактика үшін аса маңызды пәндер жас кезеңдері психологиясы және педагогикалық психология. Олар тәрбие, тәлім және оқу-үйретім жағдайларында тәрбиеленушінің психикалық даму заңдылықтарын айқындайды, тәлім үдерісінің психологиялық мазмұнын белгілейді, тәрбие үдерісінде шәкірт тұлғасына тартылатын талаптардың мән-мағынасын нақтылайды және оларды психологиялық сарапқа салады.
Дидактика зерттеуіндегі оқу-үйретімнің жалпы заңдылықтары жекелеген пәндердің нақты оқу-үйретім ерекшеліктерін қамтымайды. Белгілі пәнді жүргізушілер үшін жалпы заңдылықтардың көрінісіндегі нақты ерекшеліктер өте маңызды роль атқарады. Сонымен бірге дидактиканың өзі де жеке пәндердің игеріміне байланысты арнайы заңдылықтарды жалпылап қорытпай, табысты дами алмайды. Бұл заңдылықтарды ашу әрі үйретім-үйрену үдерісінде іске асырылатын жеке жоспарлы пәндерді үйретуге қажет мазмұн, әдістер мен ұйымдастыру формаларын анықтау, тұлға тәрбиесі мәселелерін қоса, ерекше педагогикалық ғылым-пәндік дидактика немесе жеке әдістеме пәнін құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |