Музыкалық білім беру педагогикасының дамуы мен қалыптасуы.
Жоспары:
Ежелгі кезеңдегі музыкалық тәрбие.
19 ғасырдың екінші жартысындағы музыкалық тәрбие мәселелері.
19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың бірінші жартысындағы музыкалық тәрбиенің ерекшеліктері.
20 ғасырдағы музыкалық білім беру педагогикасының дамуы.
Жаңа кезеңдегі музыкалық білім беру педагогикасының дамуы.
Музыкалық білім мен тәрбие беру адамзат өркениетінің ең терең тамырларынан бастау алады. Адамзаттың сан ғасырлық серігі болып келген музыка өнерінің тәлім-тәрбиеде алатын орнын, әсер-ықпалын, қоғам мен мәдениеттің дамуы процесінде қалыптасқан әлеуметтік, музыкалық-педагогикалық тәжірибені ой елегінен өткізіп, таразылау оның қалыптасып, даму кезеңдерін қарастыруға тікелей байланысты.
Өнердің осы түрінің адамның жан-дүниесіне ықпал ету механизмдері мен оның табиғатын танып білуге ерте кездің өзінде-ақ антика ғұламалары назар аударған. Тарихи-археологиялық деректерге қарағанда, музыка ежелгі грек қауымының өмір тіршілігінде айтарлықтай орын алған және олар музыкалық тәлім-тәрбиеде назар аударарлық тәжірибе жинақтаған. Ерте пифагоризм (б.э.д. 6-5 ғғ.) теориясында адамның жан дүниесінің музыка арқылы тазаруын білдіруде catarsis ұғымы қолданылғаны белгілі. Б.э.д. 6 ғасырда өмір сүрген философ әрі математик Пифагор музыканың акустикалық заңдарын ашқан. Ал б.э.д. 3 ғасырда механик Ктесибий бүгінгі орган аспабының көне үлгісі сулы саз аспабын (гидравлос) ойлап шығарған. Ежелгі грек елінде белгілі бір музыкалық тәлім-тәрбие жүйесінің қалыптасқандығына ұлы Гомердің «Илиада», «Одиссея» поэмаларының мазмұны; лира, кифара аспабында ойнап, ән салып тұрған грек вазаларындағы суреттер, статуэткалар; бүгінгі музыка теориясында қолданып жүрген көне терминдер («музыка», «мелодия», «гармония», «гамма» және т.б.); Дамон (Перикл мен Сократты музыкаға үйретуші), Платон, Аристотель сияқты ғұламалардың музыка, музыканың әсер-ықпалы жөнінде жасаған пайымдаулары; музыкалық аспаптарда ойнап үйрену мектептерінің, музыканы оқытушы арнайы ұстаздарының болуын мысалға келтірсек те жеткілікті.
Музыка өнері, музыкалық тәлім-тәрбие жөніндегі мағлұматтарды Африка, Латын Америкасы, Шығыс елдерінің тарихи ескерткіштерінен де байқауға болады. Бұның бәрі дүниенің түкпір-түкпірінде ерте кездердің өзінде музыкалық білім беру мен тәрбиелеудің формалары мен оны ұйымдастырудың амал-жолдары жөнінде жалпы және дерексіз білім, тәжірибе жинақтаудың алғышарттарының қалыптаса бастағанына көз жеткізеді. Қоғам мен мәдениеттің, білім мен ғылымның дамуына қарай музыкалық-педагогикалық ой-пікірлер де қанат жайып, өркендей түсті.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында музыкалық білім беру педагогикасы дербес ғылым саласы ретінде дами бастады. Оған бірнеше факторлар себепкер болды. Біріншіден, бұл қоғамның әлеуметтік жаңаруы және адамгершілік, халықтық, ізгілік, демократизм идеяларының белең алуына, екіншіден, ағартушылық идеяларының өркендеуіне байланысты еді. Осы кезеңде өмір сүрген орыс классик сазгерлері, педагогтері (А.Н.Серов, В.В.Стасов, Ц.А.Кюи, М.Глинка, А.Даргомыжский, п.Чайковский, С.Танеев, Н.Римский-Корсаков және т.б.) өнердегі халықтық демократизм, ағартушылық идеяларын дәріптеп, тәрбиені прогресшіл рухпен қанықтыруды батыл талап етті және музыкалық мәдениетті жетілдіру жөнінде құнды пайымдаулар жасап, оларды іс-жүзінде асыруға атсалысты. Ағартушылық идеялары Л.Н.Толстой, А.П.Чехов, А.М.Гоький сияқты ұлы орыс жазушылары тарапынан да кең қолдау тапты. ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарында қоғамдық қозғалыстар жанданып, озық идеялар тарала бастады, сонымен бірге музыкалық білім беру педагогикасы саласында жаңа, тың құбылыстар кеңінен қанат жайды.
Зерттеушілер музыкалық білім беру педагогикасының ғылым ретінде қалыптасу, даму жағдайын басты үш кезеңге бөліп қарастырады.
Бірінші кезең (ХІХ ғасырдың екінші жартысы) музыкалық білім беру педагогикасының негізін салушы ғалым-ұстаздардың (А.Н.Карасев, С.И.Миропольский, Д.Н.Зарин, А.Л.Маслов, Н.Е.Брюсов, Б.Л.Яворский, С.Т.Щацкий, В.Н.Щацкая және т.б.) педагогикалық іс-әрекеттің белсенділігі және музыкалық тәрбие берудің мазмұнын, әдіс-тәсілдерін қарастыруға арналған бірқатар музыкалық-педагогикалық еңбектердің жарық көруімен сипатталады.
Музыкалық білім беру педагогикасының проблемаларын, соның ішінде музыкалық тәрбиенің мазмұнын, әдіс-тәсілдерін анықтау ісімен айналысушылардың бірі А.Н. Карасев болды. А.Н. Карасевтің «Ән айту әдістемесі» өз кезінде аса танымал еңбектердің бірінен саналған-ды. Әдістемеде ән айтуға үйретудің мақсаты және одан туындайтын нақты міндеттер, ән айтудың тәрбиелік маңызы анықталған. Автордың пікірінше, ән айтудың мақсаты – балалардың музыкалық қабілеттерін, сонымен бірге дауыс, сөйлеу, тыныс алу органдарының іс-әрекетін белсендіру және қалыптасқан музыкалық қабілеттері мен іскерліктерін практикада қолдана білуге дағдыландыру. Ол нота сауаттылығын ашу жөнінде де құнды пайымдаулар жасады. Осы жөніндегі бірқатар әдістемелік ұсыныстары Францияда қолданылды. Кейіннен Ресейде кеңінен тараған музыкалық дыбыс қатарының сандық жүйесін (до-мажор дыбыс қатарындағы дыбыстардың сандармен таңбалануы: до- 1, ре- 2, ми- 3, және т.с.с.) қатты сынға алып, музыка теориясында дыбыстарды әріптік таңбалау жүйесін ұсынды. Бұл жүйе бойынша әрбір дыбыс дауысты дыбыстармен белгіленеді (до- а, ре- о, ми – у, фа- е, соль- и, ля- ю, си- я). А.Н. Карасевтің әдістемесіне сол кездегі ағарту саласындағы схоластика мен формализм тән болғанымен, онда балаларға музыка сауаты жөнінде мағлұматтар беру, әнді музыкалық аспаптың сүйемелінсіз және бірнеше дауыста әдемі сала білу жөнінде аса маңызды алғашқы қадамдар жасалды. Оның тағы бір қол жеткізген жетістігі музыканы оқытуда бірізділік пен сабақтастық талаптарын ұстануы болып табылады.
Музыкалық білім беру педагогикасы қалыптасуының алғашқы кезеңіндегі Ресей мен Батыс Европадағы музыкалық тәрбие берудің жағдайы туралы объективті мағлұматтар жинақталған маңызды еңбектердің бірі С.И. Миропольскийдің «Ресей мен Батыс Европадағы музыкалық білім беру туралы» кітабы еді. Автор еңбегінің негізгі мақсаты музыканың тәлім-тәрбиелік маңызын ашу және сол кезде мүмкін болып есептелмейтін жалпыға бірдей музыкалық тәрбиені жүзеге асыру жолдарын қарастыру болатын.
ХІХ ғасырдың соңында музыкалық білім беру педагогикасының қалыптасуына Д.Н. Зарин мен А.Л. Маслов өлшеусіз үлес қосты. Олар өздерінің педагогикалық тәжірибесіне сүйене отырып, балалардың музыкамен шұғылдануға деген әуесқойлығын, шығармашылық белсенділігін арттыру негізінде олардың музыкалық қабілеттерін дамытуға болатындығын дәлелдеп берді. Д.Н.Зариннің «Мектепте хормен ән салу әдістемесі» оқу құралында музыкалық қабілеттерді дамытудың бірқатар мәселелері қарастырылған. Оның пайымдауынша балалар шығармашылық белсенділігін арттыру музыкалық қабілеттерді дамытудың негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Автордың балаларға белгілі бір мәтінге немесе аяқталмаған музыкалық фразаны жалғастыра әуен шығарып аяқтау; музыканы қабылдауды әнді орындау және оны импровизациялау негізінде ұйымдастыру; музыка сауатын меңгеруде, дыбыстардың қатынасын, қозғалысын бейнелейтін әуендер шығару сияқты ұсынған шығармашылық тапсырмаларының, сонымен қатар музыкалық есту, ырғақты сезіну қабілеттерін дамыту, әнші дауысының тәрбиесі, әнді үйрету, репертуар сұрыптау бойынша ұсынған әдістемелерінің практикалық маңызы зор. Д.Н. Зариннің денсаулығы дұрыс қалыптасқан балалардың және олардың шығармашылық белсенділігін үнемі ынталандырып отыру қажеттігі туралы пікірі музыкалық білім беру педагогикасында бүгінгі күнде де өз мәнін жойған жоқ.
А.Д. Городковтың ән-күй пәні мұғалімдерінің біліктілігін жоғарылату мақсатындағы «әншілік курсының» іс-тәжірибесі назар аударарлық. Музыкант-ағартушы, әрі педагогтың музыкалық білім мазмұнына халық музыкасын, орыс, батыс классикасын ендіру, сонымен бірге жеке дауыста және хормен ән салу, музыкалық аспаптарда ойнап үйрену, әнді оның мәтіндерін драматизациялау элементтері негізінде меңгерту туралы әдістемелік ұсыныстарды музыкалық білім берудің негізгі қағидаларының бірінен саналады.
Жеке тұлғаның музыка арқылы шығармашылық сапа-қасиеттерін дамыту мәселелері П.Я.Яворскийдің, В.Н.Щацкаяның ізденістерінде көрініс алған.
Яворский Болеслав Леопольдович (1877 – 1942) – көрнекті музыкатанушы, сазгер, пианист, қоғам қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы (1941ж.), Мәскеу, Киев консерваторияларының профессоры. Оның бүкіл өмір жолы музыкалық тәлім-тәрбие жұмысын дамытуға арналған. Ол Мәскеу халық консерваториясын ұйымдастырушылардың бірі ретінде (1906ж.) алғашқы оқу жоспарларын, бағдарламаларын, әдістемелік материалдар жасады. 1917 жылдан бастап Киев халық консерваториясының директоры қызметін атқара жүріп, қалада көптеген музыка мектептерін ашты. Денсаулығы нашар балаларға да музыкалық тәрбие беру мақсатында «Көзі көрмейтіндер үйі» мекемесінде музыкалық білім беру жұмыстарына қолдау көрсетті. Б.М. Яворский – Ресейде бұқаралық музыкалық тәрбиенің негізін салушы. Оның музыкалық-педагогикалық практикасында балалардың музыкалық мүмкіндіктерінің мейлінше ашылуына, шығармашылық қабілеттерін белсенділікпен дамуына ықпалын тигізетін өзіндік әдістемесі осы саладағы ізденушілерге үлкен қызығушылық туғызған еді. Б.Л. Яворскийдің әдістемелік ұсыныстарының ең мәнді жағы – музыка сабақтарының бір ғана музыкалық шығарманың желісіне құрылуы және сабақтарда бірін-бірі толықтырып тұратын музыкалық іс-әрекеттердің үш түрінің (музыка тыңдау, хормен ән салу, музыкалық-ырғақтық қозғалыс) тығыз бірлігінің сақталуы. Автордың балалардың музыканы қабылдауы, олардың шығармашылық бастауларының көзін ашу міндеттерін жүзеге асыруда есту, сенсомоторлық түйсіктерді белсендіру бойынша ұсыныстары да назар аударарлық және өз заманындағы жаңашылдық болып табылады.
Б.Л.Яворский арнайы ғылыми-әдістемелік еңбек жазып қалдырмағанмен, оның әдістемесі бүгінде де өз мәнін жойған жоқ. Оның идеялары ізбасарларының музыкалық-педагогикалық еңбектерінде жалғасын тапты.
Музыкалық педагогиканың көрнекті өкілдерінің бірі – Щацкая Валентина Николаевна (1882 – 1978). Ол 1965 жылы Мәскеу консерваториясын бітіріп, «Сетлемент» және «Детский труд и отдых» балалар клубын басқарды. 1911 жылы С.Т. Щацкиймен бірге «Бодрая жизнь» аты балалардың жазғы еңбек колониясын ашқан. 1932 – 1943 жылдары Мәскеу консерваториясының музыкалық тәрбие кафедрасының меңгерушісі, 1948 -1962 жылдары РСФСР ПҒА-ның көркемдік тәрбие жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды.
В.Н. Щацкая мен С.Т. Щацкийдің «Бодрая жизнь» колониясындағы музыкалық тәрбиені ұйымдастыру тәжірибесі бүгінгі зерттеушілердің назарын өздеріне үнемі аударып келеді. Бұл тәжірибенің ерекше белгілері – ең алдымен сол кезеңде белең алған тәрбиедегі дөрекі жалтырақтық пен жаттандылыққа, формализмге тосқауыл болатын амал-жолдарды іздестіру еді.
В.Н.Щацкаяның «Бодрая жизнь» колониясында балалармен жүргізген музыкалық тәрбиет жұмысын талдау оның бірнеше бағытта жүзеге асырылғандығын байқатады:
-түрлі тас кезеңдеріне лайықталған музыкалық білім мазмұнын анықтау, сұрыптау, І және ІІ басқыштағы оқушыларды музыкалық тәрбиелеу әдістерін қарастыру, мұғалімге арналған әдістемелік өңдеулер, бағдарламалар жасауға дайындықтар жасау;
-балалардың музыкалық қызығушылықтарын анкеталау арқылы анықтау, концерт қою кезінде байқалатын олардың мінез-құлқын бақылау, пікірлерін талдау арқылы жүйелі түрде зерттеу;
-орыс классиктерінің жаңа әдістерінің ең таңдаулы үлгілерін насихаттау. Мейрамдарда концерт қою, деревняда хор ұжымын құру, мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету;
-музыка теориясы бойынша оқушыларға берілетін білім, дағды көлемін анықтауға үнемі көңіл бөлу, хормен ән салу, музыка тыңдауға арналған бағдарламаларды дайындау.
В.Н.Щацкаяның еңбектері балалар мен жастардың музыкалық тәрбиесі теориясының қалыптасуы мен дамуында маңызды роль атқарады.
Сөйтіп, ХІХ ғасырдың екінші жартысында музыкалық білім беру педагогикасы саласында балаларды хормен ән салу , музыка тыңдау, музыка сауаттылығы сияқты түрлі шығармашылық іс- әрекеттер арқылы музыкаға тарту,музыкалық мәдениетін қалыптастыру жөнінде практикалық тәжірибенің жинақтала бастағанын байқаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |