Бірінші педагогикалық міндет – оқушылардың музыкаға эмоционалды қарым-қатынасын қалыптастыру. Бұл міндеттің орындалуы музыканы қабылдау негізінде жүзеге асырылады. Сөйтіп, оқушылардың музыкаға эмоционалдық нәзік байыптау, білімді меңгеру, дағды, іскерліктерді иелену, музыканы тыңдап, орындауға деген белсенді талпынысын оятуға қажетті жағдай туғызылады.
Екінші педагогикалық міндет – музыкаға деген саналы қарым-қатынасты қалыптастыру. Бұнда оқушылардың музыкалық шығармалары саналы түрде қабылдау тәжірибесін жинақтау, музыкалық білімдерді күнделікті өмірде қолдана білу; музыкалық образдардың сипатын сезіну, даму логикасын байыптау, шығарманың өміршеңдігі мен идеялық негізін саналы түрде ұғып-түсіну қарастырылған. Яғни, осы міндеттер оқушылардың көркемдік ойлауының қалыптасуы мен музыкалық білімдерін жаңа ситуацияларда қолдана білуі арқылы шешімін таппақ. Музыкаға деген саналы қарым-қатынас музыканы образды қабылдау мен эмоционалдық қарым-қатынас негізінде қалыптасатындықтан, жоғарыда айтылған міндеттердің екеуі де ажырамас тығыз бірлікте жүзеге асырылады.
Үшінші педагогикалық міндет – музыканы орындау, әсіресе музыкамен әуестенудің ең қолайлы формасы ретінде хормен ән салу процесіндегі іс-әрекеттік-практикалық қарым-қатынасты қалыптастыру. Бұл міндеттің шешімі оқушылардың музыкалық-есту ұғым-түсініктерінің қалыптасуы мен музыкалық қабылдау процесінде орындаушылық даңдыларының дамуына байланысты. Осы ретте оқушылардың музыкалық шығармаларда көркемдік образдың көрініс алуына өздерінің қатысы бар екендігін іштей сезінуіне кең жол ашылуы тиіс. Сонымен қатар іс-әрекеттік практикалық міндет алдыңғы екі міндеттің толығымен жүзег асырылуына тікелей байланысты.
Күнделікті музыкалық практикада аталған міндеттер бір-бірімен өзара байланысы болуы тиіс және олардың қажетті деңгейде қалыптасуы оқушылардың музыкалық тәжірибе деңгейін, мектеп оқушыларының музыкалық дамуның аралық сатыларындағы нәтижелерін анықтауға негіз бола алады.
Жаңа бағдарламаның басты жаңашылдығы – музыканы оқытудың жүйесін және нақты сабақтарды құруға негіз болатын тақырыптық принципті ұстану. Оқу бағдарламаларында тақырыптық принцип бұрын да қолданыс тапқан болатын. Алайда ол тақырыптар белгілі бір композитордың өмірі мен қызметіне байланысты музыка сабағының музыка тыңдау бөліміне қатысты жүйеленген еді.
Д.Б. Кабалевскийдің жетекшілігімен орындалған бағдарламада тақырыптық принцип жаңа тұрғыдан түсіндіріледі. Музыкалық білім мазмұны ән, би, марш саласы бойынша логикалық құрылымда түзілген. Д.Б. Кабалевский айтқандай, оқу материалдарын «осындай тақырыптық принципке сәйкес құру тек музыкалық-эстетикалық қана емес, оқу-музыкалық сипатта болуы» тек бір тоқсанға ғана емес, жарты жылдыққа, оқу жылына бөлініп, жеті жылдық оқу жылына жоспарланған барлық оқу кезеңінде оқыту процесінің тұтастығы мен бірлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Д.Б. Кабалевскийдің тұжырымдауынша, оқушылардың музыкалық мәдениетін қалыптасыруға негіз болатын музыканы белсенді қабылдаушылықты дамытуда түрлі жұмыс формаларын мейлінше кеңінен пайдалану қажет. Музыкалық мәдениетті қалыптастыру, біріншіден, оқушылардың түрлі музыкалық шығармаларды алғаш тыңдағанда-ақ ең мәнді жақтарын бірден ұғына білуін, екіншіден, тыңдалатын шығармалардың көптігі мен сан түрлілігіне қарамастан терең сезініп, талдау, баға беру сияқты дағды, іскерліктерінің дамуын көздейді. Бұндай жетістіктерге оқушылардың өз бетімен ойлау, өздік бастамашылыққа талаптануы, музыкаға деген өзінің қарым-қатынасын қалыптастыру арқылы қол жеткізіледі.
Сонымен, Д.Б. Кабалевскийдің тұжырымдамасы мектептегі музыкалық тәлім-тәрбиенің қоғамдық функциясын ұғынуда нақты бағыт-бағдар береді және өнерді тұтастай меңгеру неізінде музыкалық мәдениетті қалыптастыру басты басымдық екендігін танытады.
Ескеретін бір жай, 80-ші жылдары музыка пәнінің жаңа бағдарламасының жарыққа шығуы қарсаңында осы бағыттағы зерттеу жұмыстары қарқындап етек алуы. Осы ретте О.А. Апраксинаның «Вопросы методики музыкального воспитания детей» (1975 ж.), «Музыкальное воспитание в школе» жинағы (7-14 басылымдар); В.Н. Щацкаяның «Музыкальное вопитание детей и юношества» (1975 ж.); В.К. Белобородованың, Г.С. Ригинаның, Ю.П. Алиевтың авторлық бірлестікте дайындаған «Музыкальное восприятие школьников» (1977 ж.); Л.А. Баренбоймның редакциялық жетекшілігімен басылып шыққан «Музыкальное вопитание в современном мире (Материалы ІХ конференции ИСМЕ)» (1973 ж.); «Система детского музыкального воспитания Карла Орфа» (1970 ж.) сияқты көлемді еңбектердің музыкалық білім беру педагогикасының қалыптасуына қосқан бағалы үлестерін ерекше атап кету керек.
80-ші жылдары сазгер-педагогтердің назарын болашақ музыка пәні мұғалімі даярлығы проблемалары өзіне аудара бастады. Осы бағытта Л.Г. Арчажникова, Э.Б. Абдуллин, Л.Г. Рапацкая, М.И. Ройтерштейн, Е.В. Николаева, Г.И. Стулова, Г.М. Цыпин және т.б. ғалым-педагогтар арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Аталған проблеманың көптеген аспектілері М.Х. Балтабаев, Р.Р. Джердималиева, С.А. Ұзақбаева, А.А. Қалыбекова, Т.А. Қышқашбаев, Ш.Б. Құлманова, Ө.К. Спанов және т.б қазақстандық ғалымдардың ғылыми ізденістерінде көрініс тапты.
Достарыңызбен бөлісу: |