Үшінші кезең (ХХ ғасырдың 5-90 жылдары) – музыкалық білім беру педагогикасының теориялық негіздерінің жасалуымен және осыдан туындайтын Ресей, Қазақстан ғалымдарының ғылыми-педагогикалық зерттеу жұмыстарының өріс алуымен ерекшелінеді.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі экономиканың өркендеуі халыққа білім беру ісінің жан-жақты дамуына, соның ішінде музыкалық білім беру педагогикасы саласында да оңды жетістіктерге жетуге, ғылымиізденістердің кең өріс алуына ықпалын тигізді. Бұрынғы Одақтың Педагогика ғылымдары академиясының жүйесінде Көркемдік тәрбие ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырылды. Көркемдік тәрбие ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері Ресейдегі музыкалық білім беру әдістемесінің тарихы (Д.Л. Локшин, О.А. Апраксина), мектепке дейінгілерлің музыкалық дамуы (Н.А. Ветлугина), балалар дауысын қорғау (Н.Д. Орлова, В.А. Багадуров), музыканы тыңдау процесінде музыканы қабылдау проблемалары (Н.В. Щацкая, Н.Л. Гродзенская) сияқты кең көлемді зерттеулер жүргізіп, зерттеу нәтижелерін өздері тікелей сабақ беретін Педагогика ғылымдары академиясының базалық мектептерінде тексеруден өткізді. Солардың қатарында ғылыми ізденіс жетістіктерін практикада іс жүзінде жүзеге асырушы Н.Л. Гродзенская болды. Аса дарынды педагог өзінің «Школьники слушают музыку» (1969ж.) атты еңбегінде оқушылардың музыканы қабылдау және музыканы тыңдау мәдениетін қалыптастыру процесіне жан-жақты сипаттама берген. Сонымен бірге оның алғаш рет ән сабағын біртұтас процесс ретінде қарастыруы оның музыкалық білім беру педагогикасына қосқан елеулі ғылыми жетістігі еді.
Музыка педагогикасының әдістемесін жасаушы, ұлағатты ұстаз, педагогика ғылымдарының докторы (1971) Ольга Александровна Апраксина (1910-1990 ж.ж.) Ресейде алғашқылардың бірі болып орыс музыкалық педагогикасы тарихын зерттеумен айналысты. Ол өзінің «Музыкальное воспитание в русской общеобразовательной школе» атты зерттеу еңбегімен және «Методика музыкального воспитания» атты педагогикалық институттар студенттеріне арналған оқу құралымен, сонымен қатар көптеген әдістемелік құралдарымен, ғылыми мақалаларымен музыкалық білім беру педагогикасы саласында баршаға белгілі ғалым-педагог.
О.А. Апраксина – кеңестік мектептердегі музыкалық тәрбиенің қалыптасуы мен дамуы тарихын және музыка пәні оқу бағдарламасындағы негізгі қағидаларды, олардың жетістіктері мен кемшіліктерін кемел зерттеген ғалым.
О.А. Апраксина ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы орыс мектептеріндегі музыкалық тәрбиенің мән-жайын, кеңестік дәуірдегі музыкалық тәлім-тәрбиенің қалыптасу жағдайын, сонымен бірге қатарында музыка пәнін, «Музыка» оқу бағдарламаларын талдау арқылы мектептегі музыкалық тәрбиенің теориясы мен тарихының зерттелуіне зор үлес қосты. Ғалымның музыка пәнін мектепте оқылатын пән әрі өнер сабақтары ретінде қарастыра келе, оның өзге пәндерге ұқсамайтын басты ерекшеліктерін ашып беруі үлкен жетістік болып саналады. Автордың пайымдауынша, музыка пәні - өнер пәні. Оның бұл ерекшелігі музыка пәнін оқыту мазмұнының өнер туындыларына және музыкалық іс-әрекеттерге құрылуымен анықталады. Музыка пәнінің екінші ерекшелігі – музыканың адам психикасына, моторикасына, физиологиялық процестерге кешенді түрде ықпал ететіндігінде. Музыка сабақтарының үшінші ерекшелігі оның өн бойындағы эмоционалдық пен саналылықтың міндетті түрдегі бірлігі болып табылады. Төртінші ерекшелік музыка сабақтарындағы эмоционалдық пен саналылықтың ғана емес, көркемдік пен техникалықтың бірлігінен де көрінеді. Музыка сабақтарының бесінші ерекшелігі оқушылардың музыкалық іс-әрекеттерінің, музыканы тыңдау, музыканы орындау әрекеттерінің бір мезгілде жүзеге асырылуы, яки ұжымдық жұмыс формасының басым болуы саналады.
Музыка сабақтарының мектептің оқу жоспарымен оқытылатын басқа да пәндермен ұқсас жақтары бар. Алайда, О.А. Апраксина атап көрсеткендей, музыка сабақтарының өзіне ғана тән айшығы оқу материалының мазмұнына; балалардың танымдық ерекшеліктеріне, жалпы ,әсіресе арнайы (музыкалық) қабілеттерінің даму деңгейіне; қолданылатын оқу әдістерінің тиімділігіне, пайдалынатын техникалық құралдарға; мұғалімнің жеке тұлғасына байланысты көрініс алады.
О.А. Апраксина музыка сабақтарын түзуге, құрастыруға қатысты және әдіс, тәсілдерді, амал-жолдарды оңтайлы таңдауда жалпы дидактикалық, сондай-ақ эмоционалдық пен саналылықтың, көркемдік пен техникалықтың бірлігі принциптеріне сүйенудің, сөйтіп шығармашылықты дамытудың қажеттігі жайлы құнды ұсыныстар жасады.
Автордың музыка пәні мұғалімін даярлау праблемасында қатысты «Методика музыкального воспитания» (1983 ж.) оқу құралы музыкалық білім беру педагогикасындағы ең құнды еңбектердің біріне саналады.
Осы кезеңде мектепке дейінгі мекемелерге, мектептерге, сондай –ақ орта арнайы және жоғарғы оқу орындарына арналған оқу құралдары бірінен соң бірі жарық көре бастады. Сол жылдары балабақша тәрбиешілері мен музыкалық жетекшілерге арналған « Музыкальные занятия в детском саду» (1984 ж.) атты оқу құралы басылып шықты. Онда «Балабақшаның түрлі жастағы топтарына арналған бағдарламаның мазмұны және репертуарларының жылдық жоспары», «Музыка сабақтарында жекелеген музыкалық шығармаларды бірізділікпен үйретудің үлгі-конспектілері», «Музыканы қабылдауды дамытуға және музыкалық – ырғақты қозғалыстарға арналған үлгі жаттығулар» сияқты әдістемелік мәні зор басты тақырыптар қарастырылған болатын.
П.В. Халабузарь, В.С. Попов, Н.Н. Добровольская сияқты белгілі педагогтардың авторлық бірлестікте дайындаған «Методика музыкального воспитания» (1990 ж.) оқу құралында жалпы білім беретін мектептерде, сонымен бірге мектептен тыс балалар мекемелерінде көпшілік музыкалық-эстетикалық тәрбие беру пролемалары көрініс тапты.
Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары музыкалық білім беру педагогикасы мәселелеріне қатысты пікірталастар өрби түсті. Пікірталастар біріншіден, сабақты «ән сабағы» немесе «музыка сабағы» деп атау, екіншіден, музыка сауатын қай жас кезеңінен бастап оқыту проблемалары төңірегінде туындады. Сонымен бірге музыка сабақтарының мазмұны, қолданылатын әдіс-тәсілдері туралы мәселелер көтеріліп, әсіресе, музыка сабағының бір-бірінен бөлектенген «ән үйрену», «музыка тыңдау», «музыка сауаты» тәрізді бөліктерінің немқұрайдылықпен, қалай болса солай бөлініп өткізілетіні бойынша күдік тудыратын қарама-қайшылықтардың беті ашылды. Осылайша музыка сабағы түбегейлі реформаны талап ететін тығырыққа тірелді. Сөйтіп, балаларға өткендегінің ең таңдаулы дәстүрлеріне, сондай-ақ тек жалпы педагогика мен психологияның өздік принциптерінің сақталуына және соңғы жылдарда қалыптасқан жеке пәндер әдістемесі жетістіктеріне ғана емес, музыканың өзіндік ерекшеліктеріне сүйенетін, әрі бірізді үйлесім таба алатын музыкалық тәрбие берудің жаңа жүйесін жасау қажеттігі туындады.
Көп кешікпей академик Д.Б. Кабалевскийдің тың көзқарастағы музыкалық-педагогикалық тұжырымдамасы өмірге келді. Аталған тұжырымдама автордың болашақ музыка пәнінің жаңа бағдарламасының жаршысы болған «Об Основных принципах и методах программы по музыке для общеобразовательной школы» атты мақаласында және бірқатар кітаптарында көрініс тапты.
Сазгер, педагог, қоғам қайраткері, ССРО халық әртісі (1963), ССРО ПҒА-ның толық мүшесі (1971), өнертану ғылымдарының докторы (1965), профессор (1939) Дмитрий Борисович Кабалевский (1904 – 1988) аса құнды ғылыми еңбектерімен, музыкалық-ағартушылық, педагогикалық қызметімен дараланған тұлға. Д.Б.Кабалевскийдің музыкалық білім беру педагогикасы саласындағы бағыт-бағдары көпшілікке музыкалық тәрбие беру тұжырымдамасына және оның заңды жалғасы болып табылатын музыка пәні оқу бағдарламасына арқау болған.
Музыка өнері өмірдің ажырамас бөлігі ретінде эстетикалық, тәрбиелік, танымдық функциялар атқарады. Бұл туралы Д.Б. Кабалевский былай деп тұжырымдағанды: «Адам жасаған өнер сол адам туралы және адам үшін жасалады, музыка мен өмірдің байланысының мәні осында жатыр... Міне, сондықтан да өнер үнемі адамдардың идеялық дүниесін байытып, рухтандырып, дүниетанымын бекітіп, күш-қуатын арттырып келеді».
Д.Б. Кабалевскийдің жетекшілігімен дайындалған музыка пәні оқу бағдарламасының жаңашылдығы бағдарлама мақсатында да айқын көрініс тапты. Егер бұған дейін музыкалық білім беру педагогикасының мақсаты балаларды музыка өнеріне тартып, оған деген қызығушылығын тудыру, белгілі бір көркемдік дағды, іскерліктерін қалыптастыру болса, жаңа бағдарламада оқушылардың дүниетанымын қалыптастыруда теңдеусіз құрал болып табылатын музыканың адамның, әсіресе өскелең ұрпақтың рухани өрісіне эмоционалды түрде ықпал ететін әсер-күшін пайдалану талабы қойылды. Сөйтіп, музыка пәнінің жаңа мақсаты – оқушылардың музыка және оның қоғамдық ролі мен әлеуметтік қызметі жөнінде біртұтас ұғым-түсініктері негізінде музыкалық мәдениетін қалыптастыру болып айқындалды. Жаңа мақсат жаңа міндеттерді нақтылауды талап ететіні белгілі. Сондықтан эстетика, психология, дидактика саласындағы қағидалары, сондай-ақ Д.Б. Кабалевскийдің тұжырымдамасы негізінде музыкалық білім берудің басты үш міндеті қарастырылды.
Достарыңызбен бөлісу: |