Музыкалық білім берудің тарихы мен теориясы музыкалық білім беру педагогикасының жалпы мәселелері



бет10/24
Дата24.12.2021
өлшемі374 Kb.
#104755
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   24
Байланысты:
музыкалық білім тарихы

70-ші жылдары, О.А. Апраксина атап өткендей, музыкалық білім берудің жаңа жүйесін жасау қажеттілігінің шиеленісуі өткір сезіле түсті. Осындай уақыт талабын қанағаттандыру мақсатында ССРО Оқу-ағарту министрлігінің коллегиясы оқушыларға көркемдік білім берудің жаңа мазмұнын жасау жөнінде шешім қабылдаған болатын (04.12.70). сөйтіп, бұл жұмыс ССРО ПҒА-ның көркемдік тәрбие ғылыми-зерттеу институтына тапсырылды. Нәтижесінде Д.Б. Кабалевскийдің жетекшілігінде авторлық ұжым «Музыка» пәнінің жаңа бағдарламасын ұсынды. 1977 жылы аталған бағдарлама бойынша бүкілодақтық эксперимент жүргізілді, кейіннен оқу жоспары бойынша «Музыка» пәнін оқытуда міндетті түрде басшылыққа алынатын бағдарлама ретінде қабылданды. Бағдарламаның мақсаты музыка өнері, оның қоғамдық ролі мен әлеуметтік маңыздылығы жөніндегі біртұтас ұғым-түсініктерін қалыптастыру негізінде оқушылардың музыкалық мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Бағдарлама құрылымының басты принциптері – музыканың заңдылықтарына сүйену, оны жанды өнер ретінде зерделеу. Бұл принцип өнердің үш негізгі саласына - әнге, биге, маршқа, яғни музыкадағы «үш кит» ұғымына негізделді. Бұнда бұрынғы бағдарламалардағыдай «Ән салу», «Музыка тыңдау», «Музыка сауаты» деген бөлімдер қарастырылмайды, пән материалдары тақырыптық принцип бойынша түзілген. Осындай тақырыптық прицип бойынша бағдарламада әр сабақтың қысқаша мазмұны мен репертуары ұсынылған.

Д.Б. Кабалевскийдің музыкалық білім беру тұжырымдамасы, «Музыка» пәнінің жаңа бағдарламасы, Ш.Б. Құлманованың пайымдауынша, музыкалық білім берудің мазмұны мен құрылымында ұлттық ерекшелікті, ұлттық музыкалық ерекшелікті, ұлттық музыка өнерінің аса бай қазынасын ескеруге жол ашты.



80-ші жылдары барлық Одақтас республикалар сияқты Қазақстанда да жаңа бағдарламаның бейімделген вариантын жасау ісі қолға алына бастады. Қазақ мектептеріне арналған бағдарламаны жасайтын авторлық ұжым құрылды. Оның жетекшісі Б. Ғизатовтың басшылығымен, ұжым мүшелері Р.Р. Джердималиева, Г.Ж. Қарамолдаева 1984 жылдың қазан айында бейімделген жаңа бағдарламаны, хрестоматиялар мен фонохрестоматияларды жарыққа шығарды. Аталған авторлық ұжым бастауыш сыныптарға арналған бағдарламаны әдістемелік жағынан қамтамасыз етуде көп еңбек сіңірді. Олар қазақ халық музыкасы, Қазақстан композиторларының әндері мен күйлерінің көркемдік құндылығы мен педагогикалық тиімділігін ескере отырып, сұрыптап репертуар қалыптастырды. Ән, би, марш сияқты «үш кит» әлеміне төртінші жанр – күйді енгізді.

Д.Б. Кабалевский бағдарламасының келесі ерекшелігі репертуарға енген музыкалық шығармалардың көбі тыңдауға, әрі орындауға арналғандығы және нота сауатын игерту болып есептелінді. Ш.Б. Құлманова атап өткендей, аталған бағдарламаның бірегей тақырыптық негізде түзілуі қазақ халық музыкасын, оның ерекше бітімді әсемдігін толығымен пайдалануға шектеу болды.



90-шы жылдары республикада ұлттық музыкалық ерекшеліктер ескерілген, қазақ мектептерінің мұқтаждығын қанағаттандыра алатын жаңа оқу бағдарламаларын дайындау қажеттігі өріс алып, қазақтың дәстүрлі көркем мәдениеті арқылы оқушылардың музыкалық-эстетикалық тәлім-тәрбисін жетілдіру мен оны оқу орындарында жүзеге асыру жүйесінің болмауы арасындағы қарама-қайшылықтардың шешімін іздестіру қазақстандық ғалым-педагогтардың музыкалық-педагогикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсендірді.

М.Х. Балтабаев – 100-ден аса мәдениеттану, фольклор, музыкалық-эстетикалық тәрбие мәселелерін қарастырған еңбектердің авторы. Ғалым-педагогтің «Қазақстанның дәстүрлі көркем мәдениеті» атты монографиясы, «Педагогикалық мәдениеттану» оқу құралы, жалпы білім беретін мектептердің 5-6 сыныптары үшін «Музыка», 10-11 сыныптары үшін «Өнер» (отандық, шетелдік және бүгінгі көркем әдебиет), балабақшалар үшін оқу бағдарламалары және әдістемелік кешені, жалпы білім беретін мектептердің бастауыш, орта, жоғары сыныптары үшін «Музыка» оқу бағдарламалары, жоғары оқу орындарының музыка-педагогика факультеті үшін арнайы курстардың оқу бағдарламалары, оқу жоспарлары, бастауыш сыныптарға «Әсем саз», бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Елім-ай» оқулықтары, оқу құралдары жарық көрген.

М.Х. Балтабаев музыкалық-эстетикалық білім беру жүйесін жасауда дәстүрлі көркемдік мәдениеттің бай мүмкіндіктері толық пайдаланылуы қажет, сонымен бірге бүгінгі дәстүрлі білім мен тәрбие жүйесін жаңа сападағы деңгейге көтеру механизмдерін іздестіру бүгінгі күндегі көкейкесті талаптардың бірі деп есептейді. Ол өз зерттеулерінде халықтық ән мәдениетін, халықтық сөйлеу мәдениетін дәстүрлі көркем мәдениеттің жүйеқұраушы компоненттері ретінде атай келе, оқушылардың музыкалық-эстетикалық тәрбиесіне деген жаңаша көзқарасын ұсынады.

М.Х. Балтабаевтың жетекшілігіндегі авторлық ұжым «Елім-ай» ән-күй бағдарламасын дайындады. Бағдарламаның мақсаты – оқушылардың рухани мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылатын музыкалық мәдениетін қалыптастыру. «Елім-ай» ән-күй бағдарламасының білімділік, тәрбиелік мақсат, міндеттері жеке тұлғаның дәстүрлі-көркемдік тәрбиесінің өлшемдері мен көрсеткіштеріне сәйкес анықталған:

- халық өнері туындыларын қабылдау процесінде музыканы саналы түрде түсіну;

- ән салу, би, ойын, сурет салу, музыкалық аспаптарды шертуді қарастыратын орындаушылық іс-әрекет;

- қарапайым әндерді импровизациялау, би элементтерін түрлендіру, ән, ертегілерді драматизациялау, музыкалық ойындарының кейіпкерлерінің образдарын жеткізе білу.

Бағдарлама «Сарыарқа», Тұлпар», «Аққу», «Елім-ай» сияқты тақырыптық құрылымда түзілген. Олар бастауыш білім берудің барлық кезеңдерінде логикалық байланысып, бірін-бірі толықтырып, әрі бірін-бірі байытып отыратын екі сағаттық апталық жүктеме арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ оқушылардың сан қырлы музыкалық-эстетикалық мәдениетін қалыптастыруға халық өнері әлеміне жетелеп, қазақ халқының дәстүрлі көркем мәдениеті мүмкіндіктерінің жасампаз көркемдігін ашып көрсетуге мүмкіндік береді.

«Елім-ай бағдарламасы қазақ хылқының көркемдік шығармашылығының сан түрін кешенді түрде пайдалану негізінде бала психикасының түрлі жақтарына кешенділікпен ықпал етуді көздейді. М.Х. Балтабаев осы өнер атаулының қай-қайсысын пайдалануда синхрондылықты сақтауды міндетті деп санамайды. Керісінше, білім берудің мақсаты мен міндеттеріне сәйкес, әсіресе бастапқы кезеңде кезекпе-кезең пайдаланудың тиімділігін атап көрсетеді. Әрине, бұл жерде оқу міндеттерін шешуде мұғалімнің ролі ерекше екендігі және оның педагогикалық шеберлігі, ән мен күй, би, сәндік-қолданбалы өнер салаларынан кәсіби деңгейі аса жоғары болуы шартты екендігі байқалады.

Алайда республикадағы жоғары оқу орындарында болашақ музыка пәні мұғалімдерін жоғарыда аталған талаптарға сай даярлауға қазіргі кезеңдегі мүмкіндіктер жоқтың қасы. Яки, бағдарламаны ойдағыдай алып шығатын, оның барлық міндеттерін шеше білуге қабілетті педагогикалық кадр даярлығы осы бағдарламаны қазақ мектептерінде кеңінен ендіруге кедергі болғандығын айтып өтуіміз керек.

«Елім-ай» - қазақ халық мәдениетінің өзара байланысы мен синкреттілігін ашып көрсететін бағдарлама. Оның авторлары өскелең ұрпаққа өнер түрлерінің (ән, аспаптық, сәндік-қолданбалы, би, ауызекі-поэтикалық) мәні мен маңызын, олардың халық өмірінде алатын орнын түсіндіруді, шығармашылық мұраға деген сыйластықты көзқарасын, сондай-ақ балаларды осы өнер түріне қытысты іс-әрекеттерге тартуды мұрат еткен.

Оқушыларды қазақ халқының ерекше мәдениетіне тартуға деген талпыныс А. Райымбергенов бастаған автролық ұжым дайындаған «Мұрагер» атты музыка бағдарламасынан байқалады. Бағдарламаның мақсаты – қазақстандық патриотизмді, ұлттық рухани байлықтың мұрагері екендігін сезінетін, өз халқының салт-дәстүрін, өнерін, ана тілін білетін Қазақстан Республикасының азаматын тәрбиелеу.

Аталған бағдарламаның басты ерекшелігі – балаларды домбыра шертуді нотасыз, ауызша әдіспен үйрету және халық әндерін домбыраның сүйемелденуімен орындауға машықтандыру.

Халықтың ән-күйін меңгерту қарапайымнан күрделіге қарай принципіне негізделген. Балалар бастапқыда қарапайым да жеңіл-желпі жаттығулар жасап, аса күрделі емес ән-күйлерді орындауға машықтандырылса, бірте-бірте күрделірек шығармаларды орындауға үйретіледі. Білім мазмұнында ән, күй, жыр, терме, айтыстар, би, қолданбалы және сәулет өнерінен мағлұматтар беру де қарастырылған. Оқу жүктемесі аптасына үш сағаттан жоспарланған. Тағы бір апта кететін жайт, бағдарламаның құрылымдық жоспарында балаларды нота сауатынсыз домбыра тартып үйрету бағытының басым болуы. Бұл өз кезегінде бағдарламаның «Музыка» сабағынан гөрі домбыра үйрену үйірме жұмысына жақын екендігін, әрі апталық сағат санының типтік оқу жоспарына сәйкес емес екендігін көрсетеді.

Сөйтіп, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында ұлттық сана-сезімнің өсуі бастауыш мектепте ұлттық негізде музыкалық тәрбие беру бағытында бірқатар жаңашылдықтың дамуына ықпал етті. Нәтижесінде «музыка» пәні бойынша «Елім-ай» (жетекші М.Х.Балтаев), «Мұрагер» (жетекшісі А. Райымбергенов) сияқты бірнеше баламалы бағдарламалар өмірге келді.

Ендігі жерде оқушылардың туған халқының тарихы, өмір сүру болмысы, салт-дәстүрі ұғым-түсініктерін кеңейтетін, өзін ұлттың мүшесі және азаматы екендігін саналы түрде ұғынуын, отбасы мен мектептегі мінез-құлық нормалары жөніндегі ұғым-түсініктерін қамтамасыз ете алатын және типтік оқу жоспарына қойылатын ғылыми-теориялық, әдіснамалық талаптарға сай бағдарлама жасау қажеттігі белең алды. Ондай бағдарлама Ш.Б. Құлманованың, М.А. Оразалиеваның, Б. Сүлейменованың авторлық бірлестігі арқасында жарыққа шығып, Қазақстан мектептерінің игілігіне айналды.

Бағдарламада 1993 жылы 8 сәуірде жарияланған «Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептеріндегі білім мазмұны тұжырымдамасы», мемлекеттік оқу жоспары және оқу бағдарламасына қойылатын дидактикалық қағидалар негізге алынған.

Педагогика ғылымында оқу жоспарын құруда бірнеше амал-жолдары (түзу сызықты, концентрлік, спиральды) қалыптасқан. Аталған бағдарлама осы спиральды құру жолымен құрастырылып және педагогика ғылымында білім мазмұнын құру, дайындау бойынша қалыптасқан ерекшеліктерді басшылыққа алған.

Ш.Б. Құлманова – жалпы білім беретін мектептердің музыка пәні оқу бағдарламаларының көрнекті авторының бірі. Ол ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы музыка пәні оқу бағдарламаларына және қазақ халық музыкасына негізделген типтік бағдарламаларға жасалған талдауы арқылы музыкалық педагогика тарихын зерделеуге және музыкалық білім беру мазмұнын анықтауға мол үлес қосты. Автор осылайша бұған олқылықтарын сыни тұрғыдан сараптай келе және оқу бағдарламасын құру, білім мазмұнын анықтау жөніндегі педагогика ғылымының қағидаларына сүйене отырып, қазақстандық ғалым-педагогтардың (М. Оразалиева, Б. Сүлейменова) қатысуымен музыка пәнінің типтік бағдарламасын жасап ұсынды. Аталған бағдарлама Қазақстан Республикасы мектептерінде қолданыс табуда. Бағдарламаны әдістемелік қамтамасыз ету үшін әдістемелік тұрғыдан негізделген түрлі нұсқаулар, хрестоматиялар, білім стандарттары жарық көрді.

ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында қазақстандық ғалымдар музыкалық білім саласында елеулі жетістіктерге жетті. Солардың қатарында болашақ музыка пәні мұғалімін даярлау проблемасына айтарлықтай үлес қосқан қазақстандық ғалым Р.Р. Джердималиеваны атап өту керек. Р.Р. Джердималиева музыка пәні мұғалімінің әдістемелік білім, іскерлік, дағдылардың қалыптасуына, интеллектуалдық тұрғыдан ойлауды дамытуға және педагогикалық іс-әрекеттегі шығармашылықты, музыкалық педагогиканың әдістемелік проблемаларын шешудегі жеке тұлғалық-құндылықты бағыттылығын айқындап алуға бағытталған жүйелі, тұтас процесс ретінде қарастырады. «Методическая подготовка учителя музыки» атты монографиялық еңбегінде музыка пәні мұғалімнің әдістемелік даярлығының алғышарттарын, функцияларын, әдіснамалық принциптерін, педагогикалық шарттарын ашып көрсетеді. Музыка пәні мұғалімнің әдістемелік даярлығының танымдық, мазмұндық, операционалды компоненттерге сипаттамалар береді. Автордың «Основы методологической подготовки учителя музыки» бағдарламасының және «Организация самостоятельной работы студентов по методике музвоспитания» оқу құралының болашақ маман даярлау үшін де, музыка пәні мұғалімінің күнделікті іс-әрекетін ұйымдастыруда да маңызы зор. Бағдарламаның «Музыкалық педагогикалық білім беру жүйесіндегі әдістемелік даярлықтың ролі мен ерекшеліктері», «Музыка пәні мұғалімінің әдістемелік даярлығының мәні мен мазмұны», «Музыка пәні мұғалімінің әдістемелік даярлығының негізгі дидактикалық және әдіснамалық принциптері», «Әдістемелік өзбеттілік – болашақ мамандардың әдістемелік даярлығының қажетті шарты», «Болашақ музыка пәні мұғалімдерінің ізденісті-теориялық және конструктивтік-практикалық іс-әрекетіндегі әдістемелік өзбеттілігін қамтамасыз ету жолдары» тақырыптары пән мұғалімнің әдістемелік даярлығының мәні мен тұтас құрылымы жөнінде саналы түсінік беру; әдістемелік міндеттерді шешуге қажетті әлеуметтік маңызды кәсіптік сапа-қасиеттерін дамыту; болашақ мамандардың музыкалық білім беру педагогикасының теориясы мен практикасындағы әдістемелік проблемаларды шығармашылықпен іштей мақсат етіп қоя білуге төселдіруге бағытталған.

Р.Р. Джердималиева болашақ музыка пәні мұағлімінің әдістемелік даярлығы проблемаларын қарастырумен қатар, жалпы білім беретін мектептегі музыка пәні оқу бағдарламаларының жасалуына да елеулі үлес қосты. 1980-ші жылдары Қазақстанда академик Д.Б. Кабалевскийдің жетекшілігімен авторлық ұжысның дайындауындағы «Музыка» пәні бағдарламасының ендірілуі мектептегі музыкалық білім беруді әдістемелік жағынан қамтамасыз етуге септігін тигізді. Р.Р. Джердималиева 1977 жылы академик Д.Б. Кабалевскийдің жетекшілігіндегі авторлық ұжымның «Музыка пәні бағдарламасын Қазақстан мектептеріне ендіруге байланысты қазақ мектептеріне лайықталған бағдарлама жасауға қытысты. Бұл бағдарлама Б. Ғизатовтың жетекшілігіндегі авторлық ұжымның (Г. Қарамолдаев, Л. Мамизерова, А. Байментаева, Ө. Байділдаев) бірлестікте орындаған еңбегі болатын. Ол – Қазақстанда музыкалық педагогиканың дамуына көп еңбек сіңірген ғалым-педагог. Болашақ музыка пәні мұғалімінің даярлығын жетілдіру мақсатында республика көлемінде түрлі жарыс, конкурстар ұйымдастырып, даярлық курстарын өткізді.

Болашақ музыка пәні мұғалімінің кәсіби даярлығында психологиялық-педагогикалық курстар маңызы роль атқарады. Осы пәндерді оқыту барысында студенттердің оқушыларға эстетикалық тәрбие беруге кәсіби даярлығы проблемалары А.А. Қалыбекованың ғылыми еңбектерінде шешімін тапқан. Зеттеуші өз еңбектерінде «оқушыларға эстетикалық тәрбие беруге даярлық» ұғымының мәнін ашты. Болашақ музыка пәні мұғалімі даярлығының дамуындағы психологиялық-педагогикалық курстардың ықпалын және студенттердің кәсіптік қызығушылықтарын анықтау әдістемесін, оқушылардың эстетикалық тәрбиесін жүзеге асыруға кәсіби даярлықты қалыптастырудың басты факторларының бірі ретінде тұтастық тұрғыдағы ғылыми негізделген жоғары оқу орнында психологиялық-педагогикалық пәндерді оқытудың негіздемесін, аталған даярлықты қамтамасыз етуге арналған педагогикалық тапсырмаларды сараптаған. Сондай-ақ жоғары оқу орнын бітірушісінің, жалпы білім беретін мектептің болашақ музыка пәні мұғалімінің үлгі-моделі жасалған. Моделде оладың кәсіби сапа-қасиеттері, іскерліктері және психологиялық-педагогикалық іскерліктері қарастырылған.

Музыкалық білім беру педагогикасы саласында Қазақстанның жалпы білім беретін мектептеріндегі музыка пәні оқу бағдарламаларын, әдістемелерін жасауға елеулі үлес қосқан – ғалым-педагог Ш.Б. Құлманова. оның «Теория и практика воспитания младших школьников средствами казахской народной музыки» атты монографиялық еңбегінде қазақ халқының музыкасын мәдениет құбылысы, өнер түрі, педагогикалық құрал ретінде қарастырыла келе, оның көп сатылы өзара байланыстағы функциялар атқаратындығын сараптап көрсетеді: жаңа білім мен құндылықтар жасау; жинақтау, сақтау және жеткізу; коммуникативтік; ақпараттық; мақсат қалыптастырушылық; әлеуметтендіру; компенсаторлық; ойын, іс-әрекеті; реттеушілік (нормативтік); баға берушілік; қоғамдық жасампаздық; көркемдік-тұжырымдық; болжамдылық; идеологиялық; иландырушылық (сензитивтік); эстетикалық; гедонистік; тәрбиелік; білімділік; дамытушылық. Ш.Б. Құлманованың еңбегінде бастауыш сынып оқушыларын халық музыкасы арқылы тәрбиелеу мүмкіндіктері олардың психофизиологиялық ерекшеліктерін (қабылдау, зейін, ес, қиял, ойлау, ерік, сезім, дауысқа қатысты мүшелер: есту мүшесі, дауыс мүшесі; тыныс мүшелері) және музыкалық қабілеттерін (есту, ырғақ, музыкалық ес) ескерумен айқындалады. Автор оқушыларға қолайлы қазақ халық музыкасын белгілі бір өлшемдердің (көркемдігі мен қызықтырғыштығы, педагогикалық мақсаттылығы, жас ерекшеліктеріне сәйкестігі, баланың өмір тәжірибесіне үйлесімділігі) негізінде сұрыптауды ұсынады. Еңбекте оқушыларды қазақ халық музыкасы арқылы тәрбиелеу негізінде екі жақты процесс орын алатыны, ол, бір жағынан, оқушыларға өтілетін музыканы бейнелі түсіну мен меңгеруді, екіншіден, оның мазмұнын әр түрлі дербес іс-әрекетте белсенді шығармашылықпен жүзеге асыруды бірлестіретіні жайлы мазмұндалады. Оқушылардың қазақ халық музыкасы мазмұны меңгеру процесінде әр түрлі шығармашылық тапсырмаларды пайдалану (суырыпсалма (импровизация), музыкалық елестер, ойындар, ребустар, музыка тақырыбына шығармалар, т.б.) арқылы оқушылардың музыкалы-шығармашылық қабілеттерін, адамгершілік-эстетикалық және эмоцоналдық-психологиялық қасиеттерді дамытуға ықпал ету жолдары ойластырылған. Автордың қазақ халық музыкасының бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеудегі мәні мен ерекшеліктерін анықтауының музыкалық педагогика үшін маңызы зор. Олар: қазақ халық музыкасында болмыстың көркемдік-образдық және нақты-тарихи бейнеленуі; бейнелілігі, мәнерлілігі, импровизациялығы (суырыпсалма); интеллектуалдығы, идеялық-эстетикалығы, ауызекілігі, көпварианттылығы, ұжымдық сипаты. Ш.Б. Құлманованың келесі бір жетістігі – қазақ халық музыкасының жанрлық ерекшеліктеріне және оларды педагогикалық маңыздылығына қарай жүйеге келтіріп, мазмұндық сипаттама беруі: тұрмыс-салт музыкасы «тұрмыс әндері, салт күйлері, тұрмыстық күйлер, тарихи әндер мен күйлер, лирикалық әндер менкүйлер, этникалық шығармалар, этникалық қобыз күйлері, қобыз күй аңыздары, домбыра күй-аңыздары), әлеуметік теңсіздік ән, күйлері.

Қорыта айтқанда, музыкалық білім беру педагогикасының дамып, қалыптасуы жағдайында көз жіберу, тұтастай алғанда, жалпы педагогиканың, психологияның, эстетиканың, музыкатанудың, мәдениеттанудың түйісер тұсында дамып, қалыптасқан ғылымаралық дербес ғылым саласының пайда болғанын айғақтайды. Музыкалық білім беру педагогикасының дамып, қалыптасу тарихын таразылау оның ғылым саласы ретінде мәні мен ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет