МУЗЫКАНЫҢ КӨРКЕМДІК ӘСЕРІ
Бұл тарауда көпшілікке айтарымыз-ләззәт алар көркемдіктен хабар беру. Адам баласының сезім мүшесімен түрлі дыбыс қасиеттерін тыңдап, олардың бірінен-бірі ажырата білетін бойға біткен ерекше дарындылығы бар. Әркім күнделікті өмірде қаншама жағымды, жағымсыз дыбыстарды естіп, сезім мүшелерімен қабылдап отырады. Соның ішінде адамның дауысы бірінен-бірін ажырату қабілеті өте жоғары. Мысалы, мектепте бірге оқыған балалар бөлек кеткен соң да өзіне таныс жолдасының дауысын еске түсіріп, қайта жаңғырта алады. Міне, адам баласының өзіне тән дауысының тембры, әсемділігі, сөйлеу, жүру, өлең айту ерекшелігімен қатар, дауыс пен дыбыс ерекшеліктері де көп уақытқа дейін есте сақталады. Әр халықтың өз мәдениетіне сай музыка аспаптары бар. Осы музыка аспаптарының да өздерінше бас ерекшеліктері мен музыкалық сазы болады. Оған сәйкес халық музыкасының да өзіндік ерекше қасиеттері мол. Мысалы: қазақтың әндері мен күйлерін грузин, өзбек, украин, үнді және венгрдің халық музыкасымен салыстырсақ, өзіндік алшақ үн айырмашылығын байқаймыз. Радио мен телеледидардан беріліп жатқан музыканы қай халықтың музыкасы екенін тыңдаушылар ажырата алады. Оған себеп адамның сол халықтың музыкасын тыңдап түсіну практикасының барлығын, екіншіден, оның интонациясы, ырғағы, ойналуы жылдамдығы т. б. ерекше көркемдіктерінің үні тыңдаушының ойында, санасында сақталатындығын көреміз.
Адам музыканы тыңдағанда одан өзінше ләззат алады дедік. Музыканың көркемдік, әсем саздар шығаруында музыканың көптеген заңдары, ерекшеліктері, көркемдік қасиеттерінің бір салада, бір бағытта үн қосып, адамға эстетикалық азық беруі – өзінше бір табиғи құрылыс.
Біз музыканы қалай тыңдап, түсіну туралы біраз әңгіме еттік. Қандай да музыканы сезініп түсіну үшін, оның кейбір көркемдік қасиеттерін, оның заңдарын, теорияларын, олардың жанрларға бөлінуін т.б. жайларын білмей болмайды.
Музыканы сүю, білу және түсіну үшін әуелі музыкалық терминдерді біле білу орынды болмақ. Кейбір адамдар: «Классикалық күрделі шығармаларды қаншама тыңдасақ та оны түсіне білу өте қиын»,-дегенді айтады. Осы ойға жартылай келісе отырып, музыканы тыңдап қана қоймай, оны түсіне тыңдау үшін музыка көркемдігін білу керек. Музыканы тыңдап түсіне білетін адамдарға музыка өз сырын ашып, өмірді терең түсініп, халықтың ой-пікірін білдіруге жәрдемін тигізеді. Музыка өмірдегі адамның ішкі дүниесін танытып, адамдарды ұйымшылдыққа, бірлестікке шақырып, оларды алға қойған міндетін жеңіп шығуға жігерлендіреді. Өнердің музыкадан басқа салаларынан театрды, киноны және живописьті түсініп қабылдау үшін де біраз уақыт еңбек сіңіріп үйрену керек.
Музыканы тыңдау, оны түсіне білу – адам үшін рухани байлық. Музыканы ұға білген адам ғажайып сарайға еніп, керемет музыка сазынан ләззат алып, онымен тілдескендей сезінетіні, оның музыка тану ой-өрісі кеңейе беретіні сөзсіз екенін айттық.
Әрбір композитор музыканың жазылу, оқылу және тыңдалу заңдарын еске ала отырып, өзінше түрлі бейнелер жасайтыны мәлім. Жоғарыда айтқандай, музыканы тыңдап үйрену үшін оның әуезді, мәнерлі үн беретін заңдарын білген жөн. Музыканың негізгі әсемдік үн беретін көркемдік қасиеттерін айтар болсақ, олар мыналар: мелодия, гармония (көп дауыстық), ырғақ, өлшем, екпін (шапшаңдық), регистр (дыбыстардың жоғары, төменділігі), тембр (дыбыс әсемділігі, бояуы), фактура, тональность(мақам), интервал және лад (үйлесім) т.б.
Мелодия деген сөз грек халқының екі сөзінен пайда болған. Әннің мелодиясы сөзімен сәйкес үндеседі.
Мелодия – музыканың жаны, негізгі арқауы. Адам ән айтқанда, музыкалы аспаптар баян, қобыз, скрипкада ойнағанда, мелодияның дыбысы естіледі. Мелодияның атқаратын ролі жайлы орыстың музыка зеріттеушісі А.Н.Серов былай деген: «Мелодия да негізгі көркемдік музыка дыбыстарының ішіндегі таң қалдыратыны, бұнсыз барлығы өңсіз, түссіз, жансыз...» Оның сыртында музыкада негізгі рөл атқаратын мелодиялық сипат, астар бар, онда азды – көпті әсемдік сән беретін музыкалы тілдер бар. Мысалы, қазақтың халық әндері «Зәуреш», «Жайдарман», «Балқурай» сияқты әндердің негізгі мелодиядан тұрады. Бұлардан мелодия үні әсемдікпен астасып, шалқи естіледі.
Көлемі үлкен музыкалық шығарманың да, әндердің де қайсысында болмасын, құлаққа жағымды мелодиясы болады. Композиторлар А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» атты операсынан Абайдың ариясын мысалға келтіруге болады. Егер де музыкалық шығарма тыңдаушыға ұнайтын болса, оның есінде ұзақ сақталады. Құлағынан кетпей ызыңдап тұрғандай болады. Сезім суреттерін көзге елестетеді. Мелодия, негізінде, әр жақты болып келеді. Ол – музыканың негізі болғандықтан, басқа әсемдік беретін салаларымен тығыз байланысты болады.
Дыбыс деп мелодияның ең бір кішкене бөлігін атаймыз. Сондықтан қандай дыбыстар бар екенін анықтап алғанымыз жөн. Фортепиано аспабын алсақ, онда ең төменгі дыбыс пен ең жоғары дыбыстарды кездестіруге болады. Дыбыстар көп болғанмен олар оқтын-оқтын түрлі жорғылықта қайталанып отырады. Музыкадағы негізгі дыбыстар жетеу, ал олардың өзіне тән атаулары бар: «до, ре, ми, фа, соль, ля, си.».
Интервал (аралық) деп биіктігі әр түрлі екі дыбыстың ара қашықтығын айтамыз. Интервалдардың өздеріне тән аттары бар: прима-бір дыбыстың екі рет қайталануы, секунда – ең жақын екі дыбыстың ара қашықтығы, терция- үш дыбысты қамтиды,кварта- төрт дыбыстан, квинта- бес дыбыстан, секста- алты дыбыстан, септима- жеті дыбыстан, октава- сегіз дыбыстан алынып, екі дыбыстың арасын мелодиялық үнмен жалғастырады. Интервалдардың мелодияға беретін әсемдік қасиеттері шексіз. Қазақтың халық әні «Япурай»секунда интервалымен басталса, «Қамажай» таза квинтадан басталады, композитор Варламовтың «Қызыл сарафан» романсы секста интервалымен, композитор А.Жұбановтың «Қарлығашы» квинтамен әуендете жөнеледі.
Лад (үйлесім) деп тұрақты және тұрақсыз дыбыстардың үндеуінен пайда болған үндесу қатынасын айтамыз. Жоғарыдағы айтқан негізгі дыбыстар тұрақты және тұрақсыз болып екіге бөлінеді. Әрбір мелодия сол тұрақты, тұрақсыз дыбыстардың байланысынан туады. Түрлі әндерді ырғағына келтіріп ойнау үшін оның заңдарын білу керек болады. Біздің күнделікті айтып жүрген әндеріміз, тыңдап жүрген музыкалық шығармаларымыз көңілді, шатты, марш екпінімен, көтеріңкі немесе көңілсіз, күңгірт, қайғылы және мұңды болып орындалады. Міне, осыған байланысты музыкада негізгі екі лад бар. Біріншісі – мажор (ашық, жарқын) дыбыстар үндестігі арқылы шаттық сезімді, ашық көңілді білдіретін лад, екіншісі – минор (қоңыр,ұяң) дыбыстар үндестігі арқылы күңгірт, жұмсақ, мұңды ой туғызатын лад.
Глинканың «Руслан және Людмила» операсының увертюрасы, Хамидидің «Қазақ вальсі» мажор ладтарымен жазылса, Чайковскийдің «Алтыншы симфониясының» соңы, Вердидің «Травиата» операсының кіріспесі,Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып», Соловьев-Седойдың «Москва маңындағы кештер» сияқты шығармалары минор ладтармен жазылған.
5.Гармония деп аккордты көп дыбыстардың бір – бірімен үндесуін айтамыз. Мелодияға көркемдік үн беретін – гармония. Ертеден келе жатқан қазақтың музыкалық халық шығармашылығы жеке дауысты болып келді. Қазіргі ойналып жүрген әндер мен күйлер, музыканың негізгі бір әсемдік тірегі гармониямен үндесіп, бояуы қоюлай, әсемденіп ойналып келеді. Мысалы, жеке дауысты Мариямның «Дударай» атты әнінің негізімен жазылған композитор Е. Брусиловскийдің симфониялық поэмасы оркестрдің ойнауында сол гармониялық әсем дыбыстардың көмегімен ойды толық білдіретін үлкен көркемдік шығарма болып естілетінін тыңдап түсінеміз.
Күнделікті естіп жүрген әндер мен хорларда немесе аспаптарға арналып жазылған түрлі шығармаларда бірнеше аккордтардың қосындысын байқаймыз. Олар бір – бірімен өз заңдарына бағынып, өте тығыз байланысты болып отырады. Осы аккордтардың байланысының арқасында бізге естілетін әндер, хорлар, музыкалық шығармалар көп дауысты әсем үндердің қосындысы сияқты тыңдалады. Музыкалық шығармалардың барлығына кең дауыс, әсем үн беріп тұрған музыканың әсемдік тілінің бірі-гармония. Гармония үлкен – кішілі музыкалық шығармалардың эмоциялық жалынды мазмұнын терең түсініп сезінуге көмек береді. Композитор Григтің «Пергюнт» атты драмасынан Солвейгтің әнін гармониялық сүйемелдеу аккордынсыз ойнап тыңдасақ, құлақ құрышы қанбай, көп кемшілікке әкеліп соғатыны сөзсіз. Ал сол секілді П.Чайковскийдің «Неаполитандық әнінің» мелодиясын жеке ойнап көріңдер. Ал осы әнді автор жазған гармониялық сүйемелдеу аккордтармен ойнасақ, әннің тамаша мелодиясының ролі одан әрі арта түседі, адамға шабытты ой туғызады. Адам музыка үніне тербеліп шаттыққа бөлегендей болады.
Музыкада пайдаланылып жүрген аккордтар екіге бөлінеді:1) аккорд үндерінің үйлесуі, 2) аккорд үндерінің үйлеспеуі. Осы аккордтардың бірінші бөлімі құлаққа өте жағымды, сүйкімді болып келсе, екіншісі құлаққа жағымсыз, сүйкімсіз болып естіледі. Сондықтан аккордтар мелодиямен өз ара тығыз байланыса отырып, адам сезіміне әсер етеді. Сол себептен де гармонияның музыкалық шығарманы әсемдеудегі орны өте үлкен де, түрлі бейнелерді көрсетуде атқаратын орнының шегі жоқ екені белгілі.
6. Тональдік (мақам, қалыптық) деп лад дыбыстарының өз ара бірлестігінің қандай биіктікте тұратынын білдіретін ұғымды айтамыз. Қандай музыкалық шығармалар болмасын, әр уақытта бір тональдікте да жазылады. Ол жазылған тональность мажорлы немесе минорлы болып келеді. Музыкалық шығарманың тональдіктерінің аты сол шығарманың ішіндегі дыбыстардың негізгі тұрақтыларының атымен аталады. Мысалы, Шопеннің ноктюрні до-минор тональдігінде десек, бұл шығармадағы негізгі дыбыс до болады. Міне, музыкалық шығармаға әсем және көркемдік сән беріп, оны толықтырып отыратын әсемдік тілдің бірі тональдік деп аталады.
7. Ритм (ырғақ) деп дыбыстардың әр түрлі ұзақтық ара қатынасын айтамыз. Ырғақтың музыкада атқаратын орны өте жоғары. Біздің күнделікті айтып жүрген немесе естіп жүрген әндеріміздің дыбысын бір қалыпты ұзақтықпен айтатын болсақ, ол ән емес, ешбір мелодияға ұқсамайтын жай дыбыстар жиынтығы болып шығар еді. Осыған орай, әрбір мелодияны құратын дыбыстар ырғағы жағынан түрлі ұзақтықтарда болып келуі – заңды. Адам сөйлегенде, жүргенде, өзінің үйренген сөз ырғағымен сөйлейді, жүреді. Жазушы өлең шығарғанда немесе өлеңді дауыстап оқығанда, ол әр уақытта сол өлеңнің ырғағымен оқиды. Екінші сөзбен айтсақ, ол – ырғақпен сөйленіп, ырғақпен оқылып тұр деген сөз. Ал сол секілді, музыканың да өзіне тән ырғағы бар. Айтылып немесе ойналып жатқан музыкалық шығармаларды зер сала тыңдап отырсаңыз, онда қатты немесе жай шығатын дыбыстар қосындысын байқайсыз. Осы қатты немесе жай шығып тұрған дыбыстар такт деп аталатын бір бөлшектің ішінде болып келеді. Көпшілікке жақсы таныс вальстің ырғағын байқасақ, ол әр уақытта да үшке саналады да, бір, екі, үш деп айтып, бірге келетін дыбыстың күштілігі үштік дыбыстарынан қаттырақ шығады.
Музыканы үйренуге негізгі көңіл аударатын нәрсенің бірі – ырғақ. Адамның күнделікті өмірінің бәрі әр түрлі ырғақтан тұрады. Адам жүрісінің, сөзінің қозғалыстарының нотаға түсіретін болсақ, музыка ырғағы әр түрлі болып келеді. Мысалы, бұған М.И.Глинканың «Камаринская» атты симфониялық поэмасы мен М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының би екпінін салыстырсақ та жеткілікті. Ырғақты теңіз толқынымен салыстыруға болады. Ол қашан да тынымсыз. Үлкен, кіші, жай, екпінді толқын болатыны секілді, ырғақ та ұзақ, қысқа дыбыстардан тұрады.
Композитор Шопеннің «Вальсі» мен Глинканың «Иван Сусанин»операсынан «Краковяктың» ырғағын мысалға атауға болады. Музыкада ырғақ пен екпін (жылдамдық) бірімен-бірі өте тығыз байланысты болып келетіндіктен, екпіннің ерекшелік қасиетіне тоқталып өтуге тиістіміз.
8. Темп (екпін)деп музыкалық шығарманың ойналу жылдамдығы желісін айтамыз. Композитор қандай музыка жазбасын, әр уақытта оның ойналу немесе айтылу жылдамдығын шығарманың басында көрсетеді.
Музыкалық шығармаларды ойналу барысында екпін өте көп болғанмен, олар негізгі үш бөлімге бөлінеді. Бірінші – өте жай ойналатын шығармалар. Екіншісі – орта жылдамдықпен орындалатын, үшінші – шапшаң және тез жылдамдықпен орындалатын шығармалар. Жоғарыда айтылған үш түрлі жылдамдықтардың өзі бірнеше бөлімге бөлінеді. Музыкалық шығарманы композитор көрсеткен жылдамдықпен ойнау шарт. Себебі композитордың тыңдаушыға айтайын деген түпкі ойы бұзылмас үшін, шығармашының өзі көрсеткен жылдамдығында орындаған жөн. Ал көрсеткен жылдамдығынан тыс кету ойналатын шығарманың мазмұнын, көркемдік қасиеті мен ойын төмендетіп жібереді. Мысалы: композитор Брусиловскийдің «Шолпан» атты әні орта екпінмен орындалатын болса, біз оны екі рет жайлатып ойнайтын болсақ, оның тіпті әндік қасиеті қалмайтыны сөзсіз. Сол секілді Құрманғазының «Алатау» атты күйі жай салмақпен, Алатаудың бейнесін домбыраның үнімен көрсетсе, ал «Балбырауын» күйі қатты екпінмен ойналып, қазақтың ертеден келе жатқан ойын сауықтары – «ат шаптыру», «бәйге», «көкпар тарту», «қыз қуу» т.б. күй ішінде араласып жүргендей болады. Бұл екеуінде екпін екі түрлі екенін көреміз. Бұл жағдай адам сезіміне екі түрлі әсер етеді. Ол – екпіннің арқасында іске асады.
9. Тембр (бояуы) деп музыкалы аспаптар мен адам дауыстарының өздеріне тән әсемдік ерекшеліктерін айтамыз. Қандай да музыкалық аспаптар болмасын оның өзіне тән әсемдік ерекшелігі бар. Атап айтсақ, қобыз бен домбыра, фортепиано мен аккардион, труба мен кларнеттің өздеріне тән тембрлерін тіпті музыканы түсінбейтін адамның өзі де ажыратып бере алады. Музыкаға мәнерлі үн беретін қасиеттің бірі – тембр.
Ал адам даусына келсек, мұнда да сондай: әрбір адамның өзіне тән дауыстарының ерекшелігі бар. Атап айтсақ, ҚР халық әртісі Б.Төлегенованың тамаша дауысын естісек, бұл айтып тұрған – Бибігүл екенін бірден танимыз.
Композитор үлкен-кіші дауысқа немесе музыка аспаптарына көркемдік шығарма жазғанда, үнемі белгілі адам дауыстары мен музыка аспаптарының тембрлік ерекшеліктерінің еске ала отырады. Мысалы, Моцарттың «Свадьба Фигаро» атты операсындағы Фигароның ариясы орташа баритонға (шырқаған қоңыр дауысқа) арналып жазылса, Чайковскийдің «Пиковая дама» операсындағы Лиза мен Полинаның дуэты сопрано (әйелдің жіңішке дауысына) арналып жазылған.
Ал симфониялық, халық аспаптар оркестірінде орындалатын музыкалық шығармаға қатысты барлық аспаптардың тембрлері бар. Сондықтан үлкен оркестрді тембрдің «энциклопедиясы» деуге болады. Міне, осы жоғарыда айтылған оркестрлік улкенді-кішілі музыкалы аспаптардың әрбіреуіне тән әсем тембрлері оркестр үніне қосылып, ерекше зор тембрдің пайда болуын әзірлеп береді. Егерде симфониялық оркестр, қазақтың халық аспаптар оркестрі, орыс халқының оркестрі мен өзбек халқының оркестрі ойнайтын болса, тыңдаушы ойланбай-ақ әрбіреуін ажыратып бере алады. Себебі осы айтылған оркестрлердің өздеріне тән оркестрлік тембрлері болады. Соның арқасында біз оларды тез ажырата аламыз. Осы секілді хорда және түрлі ансамбльдерде өздеріне тән жалпы тембр бар. Тембрлік үннің адамға әсері күшті. Дауыстың төменгі, орташа, биік болуына қарап, шығарманың мазмұнын да ажырата аламыз. Әрқайсысы сезімге әр түрлі әсер етеді.
10. Полифония деп екі немесе бірнеше тәуелсіз мелодиялардың бір мезгілде теңдес ойналуын айтамыз. Полифонияның жәрдемімен композитор шығарманың мазмұнын терең және жан жақты етіп көрсете алады. Мысалы, үш дауысты болып өңделген халық әні «Қараторғай» мен Чайковскийдің «Пиковая дама» операсынан Лиза мен Полинаның дуэті осы полифонияның заң тәртібі мен жазылған. Бұл дуэтте екі дауыс бір-біріне бағынышты емес, екеуі жеке-жеке өзіндік әсемділігі бар мелодиялардан құралып, бір толық ойды білдіріп тұрады. Ал «Евгений Онегин» операсынан Ленский мен Онегиннің атыс алдындағы дуэтін және Біржан мен Сараның дуэтін айтар болсақ, екеуінің айтып тұрған әндерінің мазмұны бірдей болғанмен, олардың мелодиялары бөлек. Бірақ та екі мелодия жалпы ойы жағынан екі адамның бір-біріне өшпенділік пен сүйіспеншілік ойларын білдіретін толық бейнені көрсетеді. Міне, осындай екі, үш, төрт т.б. дауыстардан пайда болатын көркем шығармаға әсемдік, сәндік үн беретін музыка жанрының бірі – полифония.
11. Музыкалық фраза. Біз күнделікті өмірде адамдардың бір-бірімен тілдесіп сөйлесетінін білеміз. Адам сөйлескенде, сөздерден құрастырылған сөйлемдерді пайдаланады. Музыканың негізі, мелодияның құрылысы да дәл осындай болып келеді. Музыканы тыңдап отырып, мелодияның өзі бірнеше бөлімдерден құралатынын байқаймыз. Музыкалық тілмен айтқанда осы мелодияның бөлімдерін фраза деп атайды. Мелодияның әсемділігі мен көңілге қонымдылығы, сезімділік әсері фразаның құрылысына байланысты болып отырады.
Музыкалы аспаптарға жазылған шығарманың мелодиялық фразалары жеке дауысқа жазылған әннің фразаларынан қиындау екенін байқаймыз. Ал тыңдаушы ойналып жатқан шығарманы қандай фразаларға бөліп және оларды қалай ойнайды деген сұрақ беруі мүмкін? Бұл сұраққа қысқаша жауап берсек, композиторлар шығарманы жазғанда, түрлі фразаларды сол өзінің ойлағанындай ойналсын деп әр түрлі музыкалы терминдермен белгілеп көрсетеді. Мысалы: «жай», «қатты», «жылдамдата», «жайлатып», «екпіндете», «өте жай», «өте жылдам», «әндете», «жалынды», «қайғылы», «жүрекпен» т.б. ойланатын сөздер жазып көрсетіп отырады. Екінші бір айта кететін жағдай осы жоғарыда айтылған музыкалы терминдер көпшілігінде латын тілінде жазылады. Мысалы: ленто – жай; лярго – кеңінен; анданте – салмақпен, асықпай; алегретто – жылдамдата; аллегро – тез; престо – өте жылдам деп жазылады. Міне, әрбір орындаушы шығарманы орындар алдында композитор жазған музыканы жақсылап үйреніп, көрсеткен барлық белгілерді мезгілінде іске асырып, ойнай білуі шарт. Осы жоғарыда айтылған мәселелерді және композитордың тыңдаушыға жеткізейін деген түпкі ойын іске асыру үшін орындаушы жете үйреніп, көп еңбектенеді. Сондықтан орындаушы шығарманың ойын, формасын, фразаларын жақсы түсініп, көпшілікке таныстыра алатындай болғанда ғана орындап береді.
***
Сонымен бұл тарауда айтарымыз музыка тыңдай, түсіне білуге жаттығу керек. Ол үшін әр тыңдаушы музыканы сүйіп тыңдап, жоғарыда айтылған музыканың көркемдік қасиеттерін білу қажет. Мысалы, дауысқа жазылған әндер мен хорға және үлкенді-кішілі музыкалық аспаптарға арналып жазылған шығармаларды тыңдап отырып, мелодиясының дамуын, гармония мен полифониялық әсемдік дыбыстарының үндестіктерінің өзгеруін, қандай ырғағы мен екпінінің және кейбір әсемдік қасиеттерін байқап, жалпы ойын түсінген дұрыс. Сонда ғана адам музыка тыңдауға үйреніп алады да, орындаушыға сын көзімен қарайтын болады. Шынында, музыкалық терминдер мен әсемділіктерді, дауыс ырғақтары ойналу, айтылу екпіндерін білген жақсы: тыңдап, түсінуге жеңілдік туғызады. Әркім дауысты, әуенді түсіне білуге, жай әннен күрделі шығармаларды ажырата білуге міндетті. Сопраноны баритон деп шатастырмай, симфонияны оратория мен романстан ажырата алады.
МУЗЫКА ЖАНРЛАРЫНЫҢ ТҮРЛЕРІ
Біз кіріспеде жалпы шолу бердік те, бірінші бөлімде музыканы қалай тыңдау, қалай түсіне білу керектігі туралы айттық, тыңдау мен түсінудің негізі музыкалық шығармалардың ойына, мазмұнына, көркемдік қасиеттеріне, аспап түрлеріне байланысты. Сондықтан бұнда шолу жасап, кейбір күрделі және қарапайым шығармалармен таныстырдық. Ал екінші бөлімде музыкалық көркемдік терминдерімен таныстырдық.
Кітапшаның осы бөлімі «Музыка жанрларының түрлері» деп аталады. Бұл бөлімде жалпылама баяндаудан гөрі нақтылыққа көшіп, әрбір музыкалық туындыға анықтама беріліп, оның шығу, даму, кемелдену кезеңдерінен, қай қайраткердің шығармасы екендігі жайынан мағұлмат айтылады. Бұл ретте классикалық шығармаларға, сосын қазақ халқының музыкалық жанрларының даму жайына көбірек тоқталамыз. Сондықтан бұл бөлімде алдыңғы бөлімдерде айтылған мазмұндық, сюжеттік пікірлер бірен – саран қайталанып жатса, оны жай қайталама түсіндіру деп ұқпау керек: әрбір жанрға жеке тоқталғанда, оның өзіндік қасиетін ашпай, тарихи жетістігін айтпай кетуге болмайды.
Музыка шығармаларының жанрлары көп. Ерте уақыттан келе жатқан жыраулық ән, терме, жар-жардан бастап опера мен оркестрлік үлкен концертке дейін дамып жетілген көптеген жанрларымыз бар. Әрине, бұлардың бірқатары дүние жүзілік классикалық музыкалардан үлгі-өнеге ала дамыды. Сонымен музыка жанрларын алдымен екі топқа бөліп аламыз: дауысқа жазылған музыка және сөзі жоқ, мелодияға (сазға) жазылған аспаптық музыка. Бұлардың әрқайсысы бірнеше түрге бөлінеді. Айталық, сөзіне жазылған музыка ән, ария, терме, айтыс, романс,каватина, баллада, т.б болып бөлінеді. Бұларды екінші сөзбен айтқанда, жалпы музыкада вокальдық музыка деп атайды. Вокал деген сөз дауыс деген ұғымды береді. Солай болғандықтан бұлардың қай-қайсысында да адам дауысы негізгі орнын атқарады. Бұны қазақ тілінде дауысқа жазылған музыка деп атайды.
Аспаптық музыка дегеніміз – аспаптар сазының үндесуінен туатын музыка. Аспаптық музыка да бірнешеге бөлінеді: жыр, ертегі, мадақтау не жоқтау одалары, күй, сюита, соната, симфония, балет т.б.
Музыка жанрларының бөліну тәртібі олардың формасына байланысты, яғни ойын нысанаға алынған материалдың түрлі аспаптармен берілу құрылымына қарай түр-түрге ажыратыла бөлініп, әрқайсысы өзіндік атауға ие болады.
Қандай болмасын, музыкалық жанрлардың өзіндік ұлттық колориттік қасиеттері бар. Қазақ музыка жанрлары да өзінің кешегісі мен бүгінгісін баяндайтын ұлттық колоритке бай. Сондықтан да олардың мазмұны өзгеріп жаңарып отырады. Өткен өмірдің желісімен жазылған қайғылы мұң музыкалары қазіргі заманның тілек-мүддесімен ұштасып жазылады. Сонымен байланысты оның мазмұны да, түрі де өзгеріп дамыды.
Жанр музыкалық шығармалардың түрлері деген ұғымды білдіреді. Бұл сөз француздар тілінен жалпы халықтық өнерінің терминіне айналды. Жанр деудің орнына түр деп те айтыла береді.
Музыка, негізінде, халықтық. Осы күнгі әдебиеттерде халықтық музыка деп бір бөлек айтылады да, жеке композиторлардың атымен (Шопендікі, Моцарттікі, Бахтікі, Құрманғазынікі т.б.) аталады. Әрине, қай музыканы да жеке адам шығарады, сондықтан композиторы белгілі музыкаларды да халықтікі (Француздікі, немістікі, орыстікі) деп те атасақ, орынды.
Ән музыкасы – дауысқа арналып жазылған мелодиялы музыкалық шығарма.
Алғашқы қоғам дәуірінде ән музыкасы күнделікті тұрмыста, еңбекте, өзіне лайықты орын алады. Ән музыкасы алғашқы кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейін үлкен тарихи кезеңдерден өтті. Әр қоғамның өзіне тән, тұрмыс-салт өлең-әндері өз ырғағымен, өз сазымен ауыздан-ауызға тарап, халық ортасында бағасын алып отырды.
Сәбидің дүниеге келгенінен бастап анасының бесік жырының үніне бөленіп, сазына тербеліп өсетіндігі белгілі. Өлеңнің адам өмірінде маңызды орын алатындығын ақын Абайдың сөзімен:
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең,
Өмірдегі қызықтың бәрі өлеңмен»,- деп тұжырым жасаймыз. Өлең-әннің адам өмірімен бірге өтетіндігі туралы бұдан артық дәл баға жоқ. Шаттық, бала уату, жар-жар айту, жоқтау, әр қилы бейбіт уақыттың үнін сипаттайды. Ал жаукершілік, басып алушылық кезіндегі, жер-судан босу, тұрмыс қыспағының ауырлығын да мұңды сазбен әнге қосып айтқан.
«Мына заман қай заман, қысқан заман,
Басымыздан бақ дәулет ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман».
Осы өлеңнің сөздері де, шерлі әні де қазақ даласын Жоңғар феодалдарының басып алу 100 жылдық соғысын көз алдымызға елестетеді. «Ақ табан» шұбырындысына ұшыраған халықтың айдаланы шарлап жүрген көшін, сыңсыған үнін сезінеміз. Бұл өлеңнің сөзі мен сазы сәйкес жазылған.
Қандай ән болмасын, сөзімен ән сазы байланысты болып келеді. Академик Б. Асафьев ән мен сөздің бірлігі туралы былай деп жазды: «Эпос мәнді болып келетін, өте нәзік лирикадан көңілге бек қонымды драмалық мазмұндағы әңгімеге дейін, толып жатқан интонациялық түр-сипатпен бейнеледі. Ән әуенінің осы ерекше әсерлілігі өлеңнің бейне мазмұнын нәзік интонациялық жаймен көрсетуге мүмкіндік береді». Сөз сияқты, ән адамның үнімен шығады да, құлаққа естіледі. Бірақ та бұл екеуінің арасында елеулі айырмашылықтар бар. Сөйлеу тілінде дауысты, дауыссыз дыбыстардың үндестігінен, сөздердің қабыса, қиыса, жанаса тіркесуінен сөйлемнің мазмұны ұғынылады. Ал әнде дыбыстардың жоғары – төмен дауысталуы арқасында мелодиялық әсемдік жасалып, сана-сезімге әсерін тигізіп, рухани қанағаттандырады. Кейбір музыкалық шығармаларды сөзсіз, тек сазбен ғана айтса да мелодиялық әсемдігі жойылмайды. Мысалға композиторлар Р. Глиердің, С. Мұхамеджановтың дауыс пен оркестрге арнап жазған концерттерін алуға болады. Ән мен хор туралы СССР халық артисі А. В. Свешников былай дейді: «Ән салу – таңғажайып өнер. Ол – ең ұлы өнерлердің бірінен саналуға тұрарлық. Ән адамның жан сезімін оятып, жүректің ең нәзік қылын қозғайды және адам нені сүйіп, не нәрсеге жан-тәнімен берілсе, оның бүкіл... сезімін тудырады. Хор әні – халықтың бүкіл музыкалық білім мен тәрбие берудің ең ықпалды құралы». « Әлбетте, ән салуды немесе ән тыңдауды жек көретін адамды таба қою мүмкін емес. Мейлі, кейде есту қабілеті, ән салуға даусы жетпей жатсын, сонда да адамның әнге деген құштарлығы таңғажайып. Ал мұның өзі кейбір жағдайда біздің әрқайсымыздың сұлулыққа ұмтылғыштығымыздан ғана емес, өлеңмен біз әрқашан өзіміздің сезіміміздің жаңғырығын табатындығымыздан, өйткені халық ғасырлар бойы өзінің ойы мен талғамын әнге қосып, қуанышы мен қайғысын, өз Отанына деген сүйіспеншілігін әнмен айтып келеді ғой.
Уақыт бізге ғасырлар жасаған әндердің өмір елегінен өтіп, маржандай тазарған, санаға сары алтындай ұялайтын ең жақсы үлгілерін ғана жеткізіп отыр; ал мұның мәнісі – сол әнді коллектив болып шығаратын халық талғамының қалтқысыз тазалығы мен жоғарылығында.
Әрине, өнердің әннен басқа қандай түрі болса да, адамды сонау өткен ондаған, кейде тіпті жүздеген жылдарға көз жіберіп, сол заманның сезім әрекетінен туған, қайталанбайтын дәуір сезінуін, уақыт танысын музыка тілінің түсінікті де айқын үлгілерімен бере алмас еді. Әлдеқашан өткенді еске түсіру немесе ежелгінің суреттерін көз алдынан өткізу – тек әннің қолынан келетін іс».
Классик қазақ ақыны, халық композиторы Абайды «Жақсы ән мен тәтті күй құлақтан кіріп, бойды алар, әнді сүйсең менше сүй»,- деп әнге зор мән беріп, өзінің әнді тыңдай білетіндігін айтады. Композитор ән жазарда ойына келген әндерге сөз, өлең іздеп біраз еңбек етеді. Сол секілді, керісінше, композитроға ұнаған ақынның, жазушының өлеңдері жақсы әннің шығуына себепкер болады.
Композитор Н.Тілендиевтің Абайдың мына өлеңіне жазған:
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім,
Ер жеткен соң түспеді уысыма
Қолымды мезгілінен кеш сермедім», - деген тамаша әні солай туған.
Достарыңызбен бөлісу: |