Музыканы тыңдай және түсіне білу кіріспе



бет4/4
Дата26.01.2018
өлшемі0,63 Mb.
#34051
1   2   3   4

Концертмузыканың көлемді жанрының бірі. Концерт сөзінің екі түрлі мағынасы бар: бірінші, өнер шеберлерінің қатынасуымен өткізілетін музыкалық кештің атын концерт деп атайды; екінші, концерт деп көлемді де күрделі түрде жазылған аспаптық музыка жанрын айтады.

Концертті жеке артисттер мен үлкен-кіші музыкалық коллективті симфониялық оркестр, халық аспаптар оркестрі, хор және камералық ансамбльдер бере алады. Сондықтан күнделікті өмірде симфониялық концерт, камералық концерт, хор концерті немесе жеке әнші, фортепианода, скрипкада ойнайтын адамдардың концерті, радио мен телевизордан беретін концерт деп жекелеп атайды. Концерт деген сөздің бірінші мағынасын осы сияқты атаулардың өзі анықтай түседі.

Музыканың бұл жанры Италияда ән музыкасы формасында пайда болып, кейіннен аспаптық музыкаға ауысады. Концерт деген сөз италияның сөзінен шыққан, бізше бәсекелесу деген үғым береді. Бұнда жеке дауыс пен көмектесуші аспаптың дыбыстары бәсекелесе жымдаса үндесіп тұрады деп ұғыну керек.

Концерт жанрын классикалық композиторлардың творчествосынан көп кездестіруге болады. Бұл жанрға композитор Моцарт көп жаңалықтар енгізіп, оның негізгі соло скрипка, виолончель мен фортепиано т.б. аспаптар партиясын ойнау үшін аса үлкен шеберлік техникасының болуын талап етіп жазды. Моцарттың концерттерінен бастап соло ойнаушы аспап пен симфониялық оркестр арасында өзіндік жарыс болып, сол жарыста жеке инструмент партиясы жеңіп шыққан. Моцарттың творчествосынан концерт жанры классикалы үш бөлімді болып орын алып, біздің дәуірімізге жетіп отыр.

Орыс композиторларының творчествосынан концерт жанры өте үлкен орын алды. Чайковскийдің бірінші си-бемоль минорлық фортепиано мен симфониялық оркестр үшін жазған концерті осы жанрдың дамыған жоғарғы сатысы деуге болады. Концерттің басталуы оркестрдің шақырылу үнімен басталып, әндік салтанатты темасы фортепианоның күшті аккорттарына қосылып, триумф шаттық үні үш рет қайталанып, фортепианоның тамаша коденциясы адамда ұлы айбынды, шаттық сезім туғызады. Музыка зерттеушісі А.Альшвангтың осы концерттің кіріспесіне «өмірдің манументті гимні» деп берген анықтамасы дәл келеді. Концерттің негізгі түпкі мазмұны адамның бақытты сезімімен ұштасып, өмірге деген сүйіспеншілігін баяндайды. Композиторлар Хачатурянның скрипка мен симфониялық оркестр үшін, Шестаковичтің скрипка, фортепиано, виолончель үшін, Кобалевскийдің скрипка, Чайкиннің баян мен оркестр үшін жазылған концерттерін еске түсіріндер.

Концерт музыкалық аспаптарға жазылумен қатар, дауысқа да арналып жазылып жүр. Мысалы: Глиэрдің, Шестаковичтің, Мұхамеджановтың дауыс пен симфониялық оркестр үшін жазылған концерттері бар. Қазақстан композиторларының ішінен бірінші рет Н. Мендіғалиевтің фортепиано мен симфониялық оркестр үшін жазған концертін тыңдаған боларсыздар. Қазақтың музыка мәдениетіне енген тұңғыш фортепиано мен симфониялық оркестр үшін жазған бұл концерттің құндылығы сол: оның әрбір бөлімі классикалық концерттердің формасымен жазыла отырып, оның ритмі, интонациясы, көркемдік қасиеттері, жалпы идеясы қазақ халық музыкасымен ұлттық колоритте ұштасады. Домбыраның дыбысы, қоңыр үні терең сырлар ұққызып, жүрекке жайлы әсер етеді.



Опера деген Италия тіліндегі шығарма, еңбек деген ұғымнан пайда болған. Музыка өнерінің ішіндегі ең көлемді жанрдың бірі – опера. Опера деп көлемді оқиғаны баяндайтын, әншілер, хор, оркестр, бишілер т.б. көптеген өнерлердің қосындысынан пайда болған музыкалық драмалы жанрдың түрін айтамыз.

Опера жанры XVI ғасырда Италияда пайда болып, кейінірек Европа, Азия елдеріне тарап кеткен. Опера жанрының өмірге келуіне бірінші себеп болған өнердің өзіндік музыкалы драмасы. Опера жанрын көлемді жанрлардың қатарына қосу себебі операда ең әуелі либретто болу шарт, сахнаға бейімделген драмаға ыңғайлап музыка жазылып, онда ән, ария, ариоза, каватина, дуэт, трио, квартет, оркестр, хор, би өнерлері мен коллективтер қатысып қоймай сахналық көріністер (декорациялар), костюмдер, түрлі шұғыла жарықтар арқылы көрсетілетін музыкалы драма пайда болады.

Композитор толғанып, белгілі либреттаға негіздей отырып, оған музыка жазуға кіріседі. Операның музыка желісі либреттадағы өмір оқиғаларында ән, ария, ариоза, хор, би, оркестр тілдеріне шеберлікпен түсіріп, тыңдаушы мен көрерменді музыкасының әдемілігі, әсемділігі, жүрек сырын шертетіндігі мен құлаққа жағымды, жүрекке қонымды, адамның жанын тебірентетін музыка әуенімен еліктетеді. Опера тематикасы үлкен тарихи болған оқиғалардың негізіне құрылып, драматургиялық конфликтерді, философиялық мәселелерді өзек етіп, тыңдаушы мен көруші қауымын, жеке кейіпкерлердің мінез-құлқын музыка тілімен баяндап отырады.

Музыка тарихында опера жанрына елеулі еңбек сіңірген композитор классиктер көптеген түрлі операларды жазып, өнердің алтын қазына қатарына үлестерін қалдырды. Бұл жөнінде Моцарттың «Свадьба фигаросы», Вагнердің «Тангейзері», Россинидің «Цивиль шаштаразысы», Вердидің «Аидасы», Пуччинидің «Чио-Чио-саны», Глинканың «Иван Сусанині», «Руслан мен Людмиласы», Чайковскийдің «Евгени Онегині», «Қарғаның мәткесі», Мусоргскийдің «Борис Годуновы», «Хованщинасы», Доргомыжскийдің «Русалкасы», Бородиннің «Князь Игорь», Римский Корсаковтың «Саткосы», Хренниковтың «Анасы», Шапориннің «Жас гвардиясы», Брусиловскийдің «Қыз Жібегі», «Дударайы», «Ер-Тарғыны», Төлебаевтың «Біржан-Сарасы», Жұбанов пен Хамидидің «Абайы» т.б. көптеген шығармалар сахнадан орын алды.

Қазақ халқының опералық өнері де ең әуелі 1930 жылдары «Еңлік Кебек», «Айман-Шолпан» секілді музыкалық драмадан басталып, 1935 жылы опера жанрының пайда болуына тікелей ықпалын тигізді. Опера жанры туысымен сол операда қатысып ойнайтын басты кейіпкерлердің, екінші сөзбен айтқанда дарынды әншілердің, тууын өрістетті. Егер басты кейіпкерлердің рольдерін ойнайтын әншілер болмаған жағыдайда ол опера сахнаға қойылмаған да болар еді. Міне, сондықтан опера жанры көптеген компонеттердің керектігін талап ететін синтетикалық жанрға жатады. Октябрь революциясына дейін қазақ халқының өнері жеке-жеке ән салудан, домбыра, қобыз, сырнай тарту мен ою-өрнектерден ілгері көтеріле алмаған болса, жаңа заман дәуірі музыка байлығының арқасында опера өнерінің көп ұзамай пайда болуына тікелей әсерін тигізді.

«Ән сюжеттерінің молдығы және сан алуандығы,- деп , халықтар музыкасын зерттеуші, профессор А.Д.Кастальский қазақ әншілерінің қандай тақырыпқа болса да музыка тілімен үн қосуға өздерінің ерекше қабілетті екенін, әсіресе олардың мелодиялық жағынан дарындылығын сипаттайды».

1944жылы опера театрының репертуарына А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» (либреттосы М.О.Әуезовтікі) операсы енді. Бұл опера кейіннен біраз өңделуге түсіп, бүгінгі театрдың мықты репертуарының біріне айналып отыр. Ұлы Отан соғыс жылдарында қазақ композиторларының «Абай» операсын жарыққа шығаруы қазақ халқының опера өнерінің бағы бір айтарлықтай табысы еді.

«Операда Абай әлеуметтік әділетсіздікке, кертартпа шірік салт-санаға батыл қарсы тұрған, өмірден өгейлік көріп, жапа шеккенәлсізді дүлей қара күштен қаймықпай арашалап, қысылтаяңда жөн тауып, оны қатаңдық астына алатын кемеңгер данышпан ел ағасы ретінде көрінеді. Абай – заманының алдыңғы қатарлы ойшылы, халқының зар-мұңын жырына қосқан гуманист ақын, жастардың жанашыры, әрі ақылшысы. Абай операда жалғыз көрінбейді, оның Айдар – сынды өнерпаз ақын інісі бар, өзінің асыл арманын, ақындық өнерін, әділет үшін күрескен ізгі ісін осы Айдар сияқты абзал жастар өрбітпек, алға апармақ. Түнек түнде жалғыз шырақтай болған ұлы Абайдың үміті де осы Айдар – сынды талапты, өнерпаз жастар, соларды медеу тұтады, солар үшін жанын отқа салады. Жалғыз Айдар емес, қалың бұқара халық та Абай жағында: халқын өнер-білімге шақырған ағартушы Абай, нашарды қанатының астына алған гуманист Абай, халқының үміт-мүддесін жырына қосқан ақын Абай операда әлеуметтік әділетсіздікке қарсы күрес-тартыс үстінде тұлғаланылады.

Операда жақсы болашақты, жарық дүниені аңсаған алғыр ой мен етектен тартқан ескішілдіктің, надандықтың бітпес шайқасы бірден басталып кетті. Бір-біріне қарама-қарсы осы екі идеяның ссайысы бүкіл шығармаға өзек болады, оқиғаның өзі осы қақтығыстан өрбіп дамиды,- дейді А.Жұбанов.

«Абай» операсын жазғандағы авторлардың мақсаты қазақ халқының арасынан шыққан бұқара халықтың досы, прогресшіл, шыншыл ақын Абайдың ерекше тұлғасын тек әдебиет саласында қалдырып қоймай, сонымен қатар Абайдың музыкалық мұрасын пайдалана отырып, опера сахнасында да мәңгі қалдыру еді. Бұл операда Абайдың образымен сәйкес бостандық пен теңдік іздеген халық образы анық бейнеленеді. Сонымен қатар, ел арасындағы айтыс, тартыс, өшпенділік, ескі әдет-ғұрыптар да жақсы көрсетілген. Бір сөзбен айтқанда, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің жазған музыкалық мұрасы жұртшылығымыздың есінде мәңгі сақталатын қазақ операсының бірі болып саналады.

Қазіргі қазақтың академиялық опера театры Абайдың есімімен аталады. Оның құрамында көрнекті әншілер мен келешегі зор балетшілер, талантты режисерлар мен суретшілер істейді.

***


Қымбатты студенттер! Музыка өнерінің үлкенді-кішілі көптеген жанрларына аздаған түсініктер мен мысалдар келтіріп, соның ішінде музыканың ең көлемді жанрының бірі операны айта келіп, қазақ совет өнер саласында опера өнерінің қалай пайда болып дамығаны көрсетіліп, классикалы қазақ операсына қысқаша түсінік берілді.

Бүгінгі күні музыка мәдениеті даму үстінде. Бірінен соң бірі өмірге келіп жатқан музыканың барлық жанрлары мазмұны мен ойы жағынан терең болып, қазақтың музыка мәдениетін келешекте де дамыта беретіндігінің ерекше айғағы болатынында күмән жоқ.



Сіздерге ұсынылып отырған осы шағын еңбекте музыка өнерінің адам баласының өмірінде елеулі рөл атқарып, адамға пайдалы ықпалын тигізетіндігі туралы айтылды.

Қорытып айтқанда, оқырмандардың осы кітапшада айтылған музыканы тыңдай және түсіне білу туралы ойлар мен пікірлерді күнделікті өмірде іске асырып, музыка өнерін өмір азығы ететіндігіне сенемін.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет