Н. Д. ОҢдасынов ? Арабша-қазақша түсіндірме сөздік



бет13/42
Дата11.01.2017
өлшемі9,76 Mb.
#7320
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   42

тәлімсіздікүлгісіздік, өнегесіздік, білімсіздік. Әдебиетіміздің ең шырқау табыстарын «қайта тексермек» сылтауымен халқымыздың баға жетпес көркемдік қазынасын қаралауға ұмтылу, сыпайылап айтқанда, тәлімсіздік, жүгенсіздік белгісі болмақ (Р. Бердібаев);

тәліми1) оқу (жылы), үйрену; жаттығу; 2) үлгі аларлық, үлгі боларлық; тәрбиелік, жетекшілік. Фараби жаратылыстану ғылымын жоғарыдағы төрт тәліми ғылымдарға сүйеніп зерттейді (А. Көбесов).

تعين (тааййана) дайын1) тағайындалу, белгілену; 2) анықталу, айқындалу; 3) тығыз болу. Қазақша дайын-даяр тәғаййон деген араб сөзінен (Л. Будагов). Соңғы хабар, соңғы «тіл», Бастамақ дейді шабуыл. Шолар олар түнде бір, Сақ бол, сержант, дайын жүр (Ж. Сайн). Ойлаған сайын ой-өрісі тарылып, белгісіз бір қара бұлт бүркеуге дайын тұрған тәрізді (Б. Майлин);



дайындалудаяр болу. Ауданым құрылысқа көңіл бөліп, Жаз бойы дайындалды қысқа берік (Сағынғали). Малды айдап, екі-үш кәрі белден асып, Соңынан көш те шықты жанталасып. Жігіттер қару алып дайындалып, Міністі аттарына асып-сасып (И. Байзақов);

дайындалушыдаяр болушы. Студент аудиторияда отырып, лекция тыңдаушы немесе емтиханға дайындалушы ғана емес, ол институт қабырғасында жүріп-ақ ғылым ғарышына қол созады,— деді Гауһар (К. Сегізбаев);

дайындаудаярлау, әзірлеу. Барасың қайда, қайда болмай маған, Жас өмір, алтын, күміс жарқылдаған. Келер күн келеді екен не дайындап, Қараңғы, қарағанмен болжай алман (Абай). Солдаттар халықтың арасын ашып, келетін жолды дайындады да, төмен қарай шаба жөнелді (Ә. Әбішев);

дайындықәзірлік, даярлық. Күшейсін дайындығың, сайлаушылар, Табыстан тарту тартып қарсы алайық, Сайлауды салтанат деп айтушылар (Қ. Айнабекұлы). Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында республиканың барлық жоғары оқу орындары сияқты дайындық бөлімі жұмыс істейді (Б. Ысқақбаев);

дайындықсызәзірліксіз, даярлықсыз. Дайындықсыз сұрақтан Байсарин көзі жыпылықтап, сасып қалды (Т. Ахтанов);

дайындықсыздықәзірліксіздік, даярлықсыздық. Автордың ойды қалай айтып, оқиғаны неден бастап, немен аяқтарын, характер дамытуды әлі де білмейтіндігін, роман жазуға дайындықсыздығын, жаңа образ жасауға қиялдау мүмкіндігінің тапшылығы... өмір шындығын көркем шындыққа айналдырудың творчестволық заңдылығын білмеуін көрсетеді (С. Әшімбаев).

تعيين (тааййнун) тағайын1) белгілеу, тағайындау; 2) сыбаға. Шын ғашық күллі сырды баян етпес, Уағда айтқан әуел шарттан кетпес. Надандар махаббаттан ғапыл болған, Ғашыққа жәрдем берген тағайын етпес (Әріп);



тағайындалубекітілу, белгілену. Комитет секретарьлығына тағайындалғанына жыл жарымнан аса уақыт болса да, Ережептің алғашқы жасаған қыры сияқты (Қ. Оразалин). Ноябрьдің басында өзі геология бөліміне бастық боп тағайындалды (М. Сәрсекеев);

тағайындаубелгілеу, орынға қою. Бір болыста бір мешіт қалдырып, оның молдасын да сол уездік бастық тағайындайтын тәртіп орнатты (X. Есенжанов). Теміреш Қанатты бұрғылау мастері етіп тағайындады (Ғ. Сланов);

тағайындытұрақты, белгілі, тыңғылықты. Өзіміздің мақтан ететін тағайынды руымыз бар, атамыз бар, біздерге өзге бір шатақ таңатындары несі?— деді олар («Қазақ ССР тарихы.»).

تغن (тағанун) тағанән, күй; ән салу, өлең айту. Дүниеде мені қылды таған Ақан, Ақ көйлек, албырт мінез, адал Ақан, Ехкам шариғаттан түк білмейсің, Үйретсін ғылым жайын саған Ақан (Ақан сері).

تفاوت (тафауутун) тапауатөзгешелік, ерекшелік, айырмашылық. Бұрылып, қия басып қисаңдамас, Жүгіне арабы нар шөгергенде. Тапырлап, тарғақ жолдас болған емес, Қауыстың қайту қазы жөнелгенде. Таптырмас таза гауһар болар едің, Тағылымның тапауатына бөленгенде (Шораяқтың Омары). Танитын тапауатын ер болса егер, Нәрсе жоқ кәлім шәріптің лебізімен тең (Шораяқтың Омары). Танытпай тапауатын жасырыпсың, Бөдене, шіл жасырғандай яки тарғақ (Ерімбет).

تفتيش (тафтйшун) тәптіш1) тінту, іздеу; 2) қарау, зерттеу, тексеру, бақылау;



тәптеш. Ісімнен біліп қандай мән шығарын, Тасада отыр тәптеш сыншыларым (К. Салықов);

тәптиш. Баз, барша, тәптиш дегендер де қолданарлық сөздер (І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев);

тәптештеу. Төремұрат соңғы сөзін үзіп-үзіп, тәптештеп айтты (С. Бақбергенов). Хан алдында хандардың халыққа істеген қиянатын тәптештеудің үлкен қылмыс екенін Исан-Бұғының жабылып кеткен қабағынан шабарман тез ұқты (І. Есенберлин);

тәптіштеужан-жақты қарау, зерттеу, тексеру. Шабақтарына дейін түгел қалың темірмен бекітіп тастаған шананы тағы бір тәптіштеп қарап шықты (Ғ. Мүсірепов). Ол шкафтың үстіндегі, айнасындағы тозаңды дымқыл шүберекпен тәптіштеп сүрткеннен кейін стол маңын, бұрыш-бұрышты көзімен жіті сүзіп шықты (М. Иманжанов);

тәптіштеушіжан-жақты қараушы, зерттеуші, тексеруші;

тәптіштеушілікжан-жақты қараушылық, зерттеушілік, тексерушілік. Қысқарған сөздер баспа беттерінде, радио мен теледидарда және мінбедегі көпсөзділікке, құрғақ ділмарлыққа, жұртқа белгілі жайларды жөнсіз тәптіштеушілікке жол бермеумен қатар, аз сөзге мол мағлұмат сыйғызудың басқа да тәсілдерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді (Т. Жексенбаев).

تفسير (тафсйрун) тәпсір1) түсіндіру, түсінік беру, ұғындыру; 2) діни. құранға түсінік беру; 3) мән, мағына. Ғабитханның тәпсіріне қарап, бұрынғы білген тілдерін қайта құрастырып алды (М. Әуезов). «Буаз,— деп, майлыларын меңзеді-ау», - деп, Ұйғардым сөз тәпсірін бұл жұмбақтың (Шораяқтың Омары);



тәпсир. Көңіліңе қараңғы емес, жарық шығар, Тәпсирі өз көңіліңе анық шығар. «Оранар ақ мамыққа мұны тапқан», — Дегенің атың сенің Мамық шығар (Шораяқтың Омары);

тапсыр.— Әдемі хат, Нәһу, Лоғат, Тапсыр, Асул, Химия, Қисап, ғалымдар жазатын түрлі оқиғалы кітап («М. Б. Т.»);

тафсыр. — Қашан жазылғанын, кім жазғанын мен білмеймін. «АБЖД тафсыры» аталады. Басқаша айтқанда, АБЖД түсінігі деген сөз. Осыны бір оқып көрші,— деді ұстазы Әбунасырға (А. Машанов);

тәфсир. Жалпы феодализмнің даму жағдайында ислам дінінің догмасын лайықтау әрекеті Абуханифтен (VIII ғасыр) басталса, соңыра оған құранға түсініктеме (тәфсир) беру әрекеті қосылды (М. Мырзахметов);

тәфсір. Құран тарауларының мазмұнын және ондағы ескірген сөздердің мағынасын түсіндіретін кітаптар тәфсір деп аталады (М. Ысқақов). 1907 жылы Нұғымани деген татар молдасы құранның татарша тәфсірін жазып, Қазанда бастырып шығарған (М. Ысқақов);

тефсир. Ол түбір осы мағынада XII-XIII ғасырларға жататын тефсирде де кездеседі (С. Исаев). «Тефсир» — Ахмед Югнакидің бір еңбегінің аты Қ. С. Э.»).

تفصيل (тафсйлун) тапсил айырып-айырып айту, толық баяндау. Ләкин құранны тапсил рәдіште білмей тұрған надан молдаларны һәр дайым мағынасыз құран атынан хұрапатлар сөйлеп жүруіне күлемін,— деді мұғалім (І. Жансүгіров).

تفكر (тафаккурун) тәфаккаройлану, толғану. Тәфәккару фиәла иллаһи хадис шарифтің... аяттарына ешкімнің ықыласы, көңілі менен ғылымы жетіп, құптағанын көргеніміз жоқ (Абай).

تقاص (такассун) тақас1) кек алу, есесін қайтару, құн, жаза; 2) төлеу. Десеңдер: «Ес бүтін боп, осы ұят», Табысып, тақас сөзді тежеріңдер! Түйеден тағлім алып, кішік болып, Тартпа бас, тартты досың, тез еріңдер! (Тұрмағамбет).

تقدير (тақдирун) тағдыр1) мөлшерін анықтау; 2) бағалау; 3) болжау, шамалау; 4) ауыс. өмір, тұрмыс, болашақ. Өзгеге ешбір дүниеден, Еркімен тимес бұл жүрек. Әуелде тағдыр иеден, Қожам сенсің, не керек (Абай). Келместей түндегі ұйқы, батпастай ас, Тағдырға бас иген соң шын гауһар тас. Көп жазып көңіліңді ауыртпайтын Сонда да достың сыры досына паш (С. Торайғыров). Жарқырап Ұлы Октябрь алтын таңы, Бұқарам өз тағдырын қолына алды (К. Әзірбаев);

тақдыр. Біз - ұзақ қапастағы тұрған налып, Сіз — сұңқар аспандағы жүрген шалып. Жазылған тақдырдағы іс болады, Көңіліңіз жасымасын азарланып (Мәлике);

тағдырсызжазмышсыз. Басқаға сізден бөтен көңілім кетпес, Қосылған жас жүрекке нәрсе жетпес. Мен дайын қай уақытта кел десең де, Тағдырсыз дұшпан аңдып, ештеңе етпес (Бибісара). Көңіл бүйтті тағдырсыз, Тексере алмай бас қатты. Өмір өтті мағдырсыз, Көксей алмай жас ақты (І. Жансүгіров);

тағдырласөмірлес, тағдыры бір. Тасқараның әйелі Маржа сол Самалық байдың күңі болып жүріп, өз кұрбысы, тағдырлас, қойшы Сәлімге ғашық болады («Д. Ә. Т.»). Ақан мен Ақтоқты — әділетсіз заманда арманда кеткен қазақтың ұл-қыздарымен тағдырлас типтік бейнелер Қ. Ә. Т.»);

тағдырластықөмірлестік, тағдыры ұқсастық, тағдыры бірліктік. Совет одағындағы туысқан жұрттардың бүгінгі өмірінен ғана емес, кешегі революциядан бұрынғы өмірлерін де ұлт мәдениеттерінің тарихтастығын, тағдырластығын көруге болады (Ә. Тәжібаев). Қазақ даласындағы орта шаруа Аман («Дауылдан кейін») мен өзбек қышлағындағы Мәулан-ака арасында табиғи жақындық, тағдырластық бар (М. Бекбергенов);

тағдырлы1) жазмышты; жазулы; 2) өмірлі. Мұхтар Әуезовтің қойын дәптеріне жүзбе-жүз кездесіп әңгімелескен қырықтан астам әр қилы тағдырлы адамдар өмірі, тіпті, кейбір табиғат көріністерінің нақтылы пейзажы да түсірілген (Қ. Сейданов). Әр алуан осынау аралдарға, Таңданбасқа біздерге амал бар ма! Таңданамыз көбіне осыларға Ұқсайтұғын тағдырлы адамдарға (Д. Стамбеков).

تقريب (тақрйбун) тақырып1) жақындау, жақын келу, жуықтау; 2) ауыс. әңгіменің, жазбаның негізгі мағынасы, мазмұны. Сөзіңді өз басыма айта бермей, Сөз айттың атамызға әр тақырыптан (Шораяқтың Омары). Бірақ, сонымен қатар тақырып, мазмұны, таптық, саясаттық санасы, мүддесі жағынан қарасақ, совет ақындарының айтыстары ескі айтыстан әлдеқандай терең, кең, озық та өзгеше (М. Әуезов);



тақырыптасмағыналас, мазмұндас, ұқсас. Шоқан Уәлихановтың пейзаждық туындылары орындалуы жағынан да мінсіз. Бұған бір ғана «Алатау шыңдары» атты еңбегінің өзі дәлел. Басын қар шалған паң Алатау! Неткен құдіретті сұлулық, неткен асқақтық! Сондай-ақ, «Сырымбет төңірегінде», «Көкшетау», «Сырымбеттегі ауыл», «Сырымбет көрінісі» атты суреттері бір тақырыптас болғанмен, дала пейзажының алуан сырлы көріністерін өзіндік өрнегімен паш етеді («Қ. Қ.»). Ш.Құсайыновтың «Ертіс жағасында» пьесасы мен Ә. Әбішевтің «Кім менің әкем?» пьесасы тақырыптас, екеуі де әке мен бала тағдырын баяндайды («Қ. Ә. Т.»);

тақырыпты. Әріп Тәңірбергеновтың өлеңдері көп тақырыпты, әр салалы болып келеді (Ө. Есназаров);

тақырыптықтемалық, мағыналық, мазмұндық. Қазақстанның қайта құрылған жазушылар ұйымы әдебиет пен өнерді дамыту жолында көп жұмыстар атқарды. Мұны әдеби сынның тақырыптық жағынан байып, мазмұны тереңдей бастағанынан да көруге болады («Қ. Ә. Т.»). Нағымбек Нұрмұхаммедовтің әр кезде Москва мен Алматыда өткізілген тақырыптық көрмелері де шағын бір-бір әлем (Б. Сарбалаев).

تقرير (тақрирун) тақрир1) шешім, қаулы, қорытынды; 2) баяндама, есеп (беру).

تقسيم (тақсймун) тақсым1) бөлу, бөліну, тарату; 2) жалбарыну, дуа, сиқыр, арбау. Тозарсың сының кеміп, сырың кетіп, Болсаң да қанша сұлу мүсіндей-ақ. Бұл күнгі тар заманның тақсымында, Шамшырақ күңгірт тартар ашырмай-ақ (Шораяқтың Омары).

تقصير (тақсйрун) тақсыр1) қысқару, қысқартылу; 2) байқамай қалу, естен шығу, орындалмай қалу; 3) кінә, жазықтылық, айып; 4) ескі. мырза, ие, қожа. Жібек шаш, алтын айдар деп мақтайсыз, Қошемет деймін, тақсыр, мұның жөнін (Манат). Қалел: — Тақсыр, қызметтен уақтымыз аз қалады. Істен қолымыз босамайды. Біз жұма күні ғана мешітке барайық, бізге намазды жай күндері үйде оқуға лұқсат қылыңыз!— деді (С. Сейфуллин);



тақсырет. Ат мініп, аға-інімен халық аралап, Жүретін, келер ме екен қайтып нәубет? Азды-көпті тақсыретін тартқан білер, Сағынар денсаулықты жанды қаумет (Шораяқтың Омары). Қағаз өмір тақсыретін тартпаған (Қ. Мағзомов);

тақсіретауыс. қиыншылық, жоқшылық, ауыртпалық. Арқалық батыр шыққан Қарақастан, Батырға елі де үлкен үміт артқан. Әкесі кедейліктен киіс көріп, Әке үшін тақсіретін бала тартқан («Арқалық батыр»). Тартсам да тақсіретін кедейліктің Байларға малы бар деп бас ұрмаймын (Шашубай);

тақсырлауескі. мырза, ие, қожа деу. Шаматайлар Ықсан молданы мұғалімге жібермей ұстап, тақсырлап жатып жалынды (І. Жансүгіров). Өзінен сәл жоғары тұрсаң, етегіңді сүйіп, аяғыңа жығылады десең, «ләббәй тақсырлап» құлдық ұрады (Ә. Кекілбаев).

تقليد (тақлйдун) тақылет1) еліктеу (біреуге, бір нәрсеге); 2) әшкерелеу (өкімет тарапынан); 3) тағайындау (мансапқа); 4) боямалау, алдау, имитация; 5) әңгіме, аңыз (ауызша сақталған); 6) дәстүр, салт-сана;



тақілет. Екі түрлі жазылып, екі ұдай дау туғызатын осындай сөздердің тақілеті көпшілікті көптен қинап келеді (Ө. Айтбаев);

тақылеттестәріздес. Скориковтың Орта Азия халықтары тақылеттес бет сүйегі шығыңқылау келген, шаралы дөңгелек жүзі болмашы тершіп жадыраған (Ә. Нұрпейісов). Осы тақылеттес әңгіме от сұраған әйелдей ауылды түгел аралады (Д. Досжанов);

тақілеттес. Дәл осы тақілеттес қылмыстың бір жылда бір совхозда үш-төрт рет қайталанғанын есімізге алмас бұрын, бұның негізінде нендей гәп жатқанын, мүмкін бесқарағайлықтардың өздері ғана түсіндіріп берер (М. Қожахметова);

тақылетті1) еліктеу, еліктеген; 2) ауыс. сияқты, секілді, тәрізді. Желпуіш тақылетті пальмалардың жапырақтары телеграф бағаналарының үстіне бас шұлғып, баяу теңселеді («Б. Д.»);

тақлидидәстүрлі, әдеттегі, дағдылы. Екінші — кітаптан оқу бірлән әки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық беріктік керек. Біреу: өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды — иман тақлиди дейміз (Абай).

تقوية (тақуйатун) тақуият1) нығайту, күшейту; 2) сүйеу, қолдау, қуаттау, қолғабыс ету, көмек, жәрдем;



тақуадіни. таупықтық, дін тәртібін мықты ұстаушылық, құдайшылдық, діншілдік. «Сауаптың жүз мыңына,— деген екен,— Күнәдан тілегенді берді берген». Осы жол шариғат пен тариқатта, Тақуа болмасам да пірді көрген... (Мансұр). Тақуа тазалықтың парқын білер, Пакіза – не қылғанмен Сыр адамы. Тік көйлек қатындарың жамап киіп, Жылтылдар жыртығынан шығанағы (Мансұр). Досет ауыр күрсінді. Тақуа едім жасымнан. Жат етіп ем құдайға: Кем қылма деп досымнан (Б. Майлин);

тақуадайдіншілдей, құдайшылдай. Тұтқын солдат бейуақта үй ортасына отырып, икона алдында ғибадат еткен тақуадай күмбірледі (С. Омаров);

тақуасынудіндарсу. Қылмыс жоқ, шақырттырдың босқа кеншіл, Тағатсыз, тақуасынған өңшең діншіл (Шашубай);

тақуалаудіндарлау, діншілдеу. Мешіт салам деп, қазіреттермен көп айқасқалы Құнанбай өзі арабша оқымаған адам болса да, діндар, тақуалау (М. Әуезов);

тақуалықдіни. дінге, құдайға шын берілгендік. Бұл — құран мен шариғат десе тәк тұрып, оның әрбір әрпін қатал сақтайтын, тақуалықпен құдайға құлшылық етуді уағыздайтын сол елдің шайхы-қазысы еді («Т. С.»). Сұлтанмахмұттың шәкірт кезінде діни оқуға беріліп, біраз уақыт тақуалыққа салынып жүргені, кейінірек, өнер-білімді үйрететін мектептердің босағасын көрген соң, өзінің дін құшағында өткен өміріне өкінетін (Ы. Дүйсенбаев).

تقويم (тақуймун) тақуим1) жөндеу, түзету; 2) бағалау, баға беру; 3) кесте, таблица. Араб тілінде календарьды «тақуим» деп атайды (А. Машанов). Жыл-наме тақуим — календарь жасауды тәртіпке салды (А. Машанов).

تقى (тақййун) тақи 1) құдайшыл, діншіл, тақуа; 2) ізгі, әділ, шыншыл. Ең әуелі, бұрынғы атақты молда, аруақты қожалардан оқып, кішкенелерімізге әлі үсүн ән мен әбжат таусылмай, тәуірлеріміз «Кесек бас», «Тақи ғажап» секілді пайдасыз кітаптардың санын түгесе алмай, миымыз шіріп, алтыннан аяулы асыл өміріміздің ең қымбатты уақытын босқа кетіріп, әбден шатасқан едік (С. Торайғыров). «Жер» деген — тақи, «Көк» — деген — жақи, Түсінсең — түсін, Түсінбесең бұған, Тік тұр да, қақи! (Таубайдың Жүсібі).

تكاذب (таказаба) түказзиббірін-бірі алдау, өтірік айту. Иә, Қамар саған жөнін айтқалы тұр, оның ықтиярына жіберсек, Ахметтің қасында патшаны да керек қылмайды,— деп ол баяғы таусылмас түказзибанға ұл сөз қате жазылған болу керек Н. О. кетті (С. Торайғыров).



تكبر (такаббурун) такаббарастамшылық, менмендік. Такаббар, тауың шайқалып, Тартса да сілкіп жеріңді, Кетіп бірақ тайсалып, Қозғалта алмапты Ленинді (А. Тоқмағамбетов). Тәңірберген мырс етті де, такаббар сұлу жүзі сұп-сұр боп сыздап ала қойды (Ә. Нұрпейісов);

такаппар. Қолынан билігі кетіп, енді аузынан сөзі кетіп бара жатқан қарт әкесі Ақбаймен тізерлесе отырып, онымен терезесі тең адамша сөйлесіп, такаппар отыр (С. Бақбергенов). Қызғылт мрамордан жасалған бағаналар күле қарап, такаппар тұрғанмен, қалаға тура қарай алмайтындай едің (Ғ. Мүсірепов);

тәкаббар. Моллаға жүгінбестен қара танып, Өсіпті парасатты бала атанып, Кеудеде ызасы бар, мол тәкаббар, жан... (Ә. Сәрсенбаев). Біз Қасымның «Үстімде сұр шинелім» дейтін өлеңін де осындай мүсінді, адам бейнесін қимыл-қозғалыс, тәкаббар пішінде сипаттайтын күрделі жырлар қатарына қосамыз (Ә. Тәжібаев);

тәкаппар. «Тәкаппар», «менмен», - деп өзіне таққан талай атақты есітті. Бірақ Ақбала бұның бірін құлағына ілмеді (Ә. Нұрпейісов). Құнанбай қажыға кеткелі бұл ауылдың үй іші билігі қатал, тәкаппар Айғызға ауысса, сыртқы ат үсті «бас көздігі» Майбасар болатын (М. Әуезов);

тәкәббар. Дейтұғын бір құлы бар Қасым атты, Қара сұрлау пішіні, зеңгі затты. Отты қара көзі бар, ұзын бойлы. Тәкәббар, тәуекелшіл, бек қайратты (Мағауия). Көктен биік дегенім — тәкәббардың көңілі (Балаби);

тәкәппар. Аусашы олар көк қалқанды Жас батырдан жауды тосқан. Тұр тәкәппар басқыншылық Тұзағына бағынбастан (Ә. Сәрсенбаев). Ішінде сәжде қылған топырлардың, Тізесін әрең бүккен тәкәппар кім?.. Бұл тұрған сұм Ыдырыс, келіп бұрын, Дүйсеннің қазіретке айтқан сырын (Қ. Бекхожин);

текәппар. Текәппар, сөзі тым мұндай! — деді Сауғабай (I. Жансүгіров);

такаббарсу. Терек тұр такаббарсып кекірейген, Жел қақса жапырағы желпең қағып, Иілсе алма ағаштар бүкірейген, Қарайды жемісіне ел таңғалып (А. Тоқмағамбетов). Такаббарсып тау қараса тасадан, Күн күлімдеп, жер құлпырып жайнаған (М. Хакімжанова);

такаппарсу. Онан бері де шашырай көрінген жұмысшылар қалашығына төбесінен қарап, такаппарсып тұрған қара дөң де бүгін қаһарынан айрылып, қандай сұлық (Д. Сәрсекеев);

тәкаббарсу. Барселонаның ауасы сізге ұнай ма?— деді, ағылшын тәкаббарсып («Т. С.»);

тәкаппарсуменменсу, паңсыну. Айбарлы асуымды адам баласы аттап көрмеген, құдіретті Хинганың мен боламын!— деп тәкаппарсып, қабағын қарс түйіп, түксие түскендей болады (Ө. Қанахин);

тәкаббарлану. Сыздық Ғанимен бір мектепте оқыса да өзінің үлкендігіне, байлығына бәлденіп, Ғаниді менсінбей, тәкаббарлана төбеден қарады (Ж. Арыстанов). Семіз дегеніңіз тәкаббарлана түсе ме, қайтеді! (И. Жақанов);

тәкаппарлануменменсу, паңсыну. Феризаның көзінен жас шығып кетті, бірақ жылап-сықтамай, қалшиып, тәкаппарлана тұрып алды (Ибрагимов). Надандықтың белгісі — Тәкаппарланар көктей боп, Тұрса да төмен жаяулап (Таубайдың Жүсібі);

такаппарлау. Қали, өзінше менмендеу, такаппарлау кісі еді (С. Мұқанов). Үлкен етік аяқта, көк пешпентті, Таққан кірес төсінде жарқ-жұрқ етті. Жүргені тарс-тұрс еткен такаппарлау, Жайған тасқа басқаны жанды үрпитті (Абай);

такаббарлану. Рысқұл кібіртіктеп барып сүрініп кетті де, қайта көтеріліп, еңсесін көтеріп, бойын тік ұстап, жан-жағына такаббарлана қарап, қыбыр-қыбыр адыммен кете барды (Ш. Мұртазаев);

такаппарлану. Ахун молда бәрімізбен нағыз шығыс елдерінің тақуа-сыпайы дәстүрімен амандасты, аяғын кербез басып, менің қасымнан орын алды, кілем үстіне паңдана, такаппарлана, жайлана отырды (Дм. Львович);

такаббарлық. Харслейдің «адмирал Нельсон теңізге қандай құштар болса, мен жер астына сондай құштармын» деп такаббарлықпен мәлімдегені есіңізде ме? Қалай қарай сілтейді! Өзін Нельсонмен қатар қояды... (М. Қаратаев). Наполеонды жеңіп, батыс мемлекеттерінің такаббарлығын басып қайтқан орыс құралына қарсы аттануға қазір қандай ұлы мемлекеттің болса да батылы бармайды (Ғ. Мүсірепов);


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   42




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет