Сабын қайнату. Қолөнер шеберлері бояу жасаумен қатар өсімдіктің гүлінен әр түрлі заттар жасаған. Солардың бірі сабын. Ол былай жасалынады: итсиген, алабота, түйеқарын, ермен сияқты ащы – сортаң шөптерді өртеп, күлін қайнатып, ашуы әбден шығып болғансын қайнатып, ашуы әбден шығып болған соң тұңдырып қойып, тұнбасын сүзіп алады. Осы тұнбаны қашан суалып қойылғанша қайната береді. Әбден қойылғаннан кейін ыдысқа не шүберекке салып алады, суығаннан кейін ол аптақ болып қатып қалады. Мұны сахар деп атайды. Сабын жасау үшін сахардың үш бөлімінің бір бөліміндей май қосып, суалғанша тағы да қайнатады. Әбден суалып қойылған кезде ол қамырша иеленеді. Содан кейін оны кенепке орап, домалақтап кептіреді. Бұдан біз сабын жасауда шеберлікті қажет ететін қолөнердің бір түрі екенін көреміз.
Қазақ әдет-ғұрпында сабын қайнатқан әйел сыйлас абысындарына , келіндеріне арнап кіші-гірім сабынды бөлек орап береді, мұны «бұзаушылық» деп атайды. Жуыла келе кішірейген сабынды «таусыншық» деп атайды. Сөз зергері ақын Абай бір өлеңінде қартайғанда адамның соңғы өмірін «таусыншақ өмір» деп бейнелеуі осыдан туған.
Сабын жасаушы шеберлер әр түрлі хош иісті гүлдердің сығындысын қосып, сахардың өзін бірнеше рет шайқалтып тұндыру арқылы иісті сабын жасаған. Қазақтың қолдан жасаған сабынын «қара сабын» деп, өндірістік тәсілмен жасалған сабынды «ақ сабын» деп иісті сабындарды «жұпар сабын» деп атаған.
Достарыңызбен бөлісу: |