Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет91/93
Дата15.12.2021
өлшемі1,96 Mb.
#101400
1   ...   85   86   87   88   89   90   91   92   93
Байланысты:
574 artikhbaev j.o. sabdanbekova a.a. elemesov a.kh. dauenov e.n. dasturli khazakh etnografiyasi

Кеңестік кезеңдегі ислам. Төмендегі тақырып бойынша негізінен Р. Мустафинаның «Қазақи ислам» мақаласына арқа сүйегенімізді ескертеміз.

1917 жылғы оқиғалар мұсылмандардың саяси қызметінің жандануына жәрдемдесті. Қазақстанда - Алаш, Өзбекстанда - Кіші-бұхарлықтар партиясы, Әзербайжанда - Муссавати және басқа да партиялар құрылып, белсенді түрде жұмыс істеді. Ал Қазан төңкерісі исламның іргетасын қатты шайқалтты. 1920 жылдың ортасы мен 1930 жылдардың бас кезі аралығында кеңес өкіметі исламға қатысты аса қатаң саясат жүргізді. Діни қауымдардың үйлері тонала бастады. Мешіттер мен діни мектептер жабылып қалды, шариғат соттарына, діни мекемелерге, мұсылмандардың қасиетті орындарына қажылық сапармен баруға тыйым салынды. Әсіресе ауылдық жерлердегі мешіттердің көбі мектептерге, клубтарға, дүкендерге немесе жәй ғана шаруашылық қоймаларына айналды. Мешіттердің қалай тоналғаны, ұрланғаны жайында көптеген оқиғалар аян. Діни қызметкерлер қудаланып, оларға сатқындық жасап дүрбелең туғызды, революцияға қарсы қимыл-әрекеттерге қатысты деген айып тағылды.

Кеңес өкіметі билік құрған жылдары Одақтың басқа да көптеген халықтары сияқты қазақтардың да бұдан бұрын талай халықтардың тұрмыс бейнесін айқындап келген талай ғасырлық таза патриархалдық өмір салттары кейде күшпен талқандалды.

20-шы жылдардың соңы мен 40-шы жылдардың басында орын алған секуляризациялау (қоғамның, жеке адамның дін ықпалынан арылуы, ауысуы) үрдістерінде араб әрпінен алдымен латын, ал сонан соң орыс алфавитіне ауысуға ұласқан ақсүйектік білім алуға көшу үлкен рөл атқарды. Ислам дәстүрлі түрде тараған басқа да елдердің халықтары сияқты қазақтар арасында да мұсылман ілімі араб тіліне тығыз байланыстырылған. Араб тілі, әсіресе араб кітаптарындағы білім-танымдар, діни тұрпатта болмағанның өзінде де исламға қатысты деп ұғынылып келді. Исламды қабылдаған Иран және Түркия халықтары сияқты қазақтар да араб тілін міндетті түрде ислам дәстүрлерімен және мінәжат етумен байланыстыратын болған. Араб жазуы көптеген ғасырлар бойы діни топтардың қасиетті құралы болып келді. Қазақтардың басым көпшілігі арасында дін қызметкері Алланың ілтипаты ауған адам ретінде зор кұрметке иеленді. Алайда жаңа әліпбиге көшкеннен кейін дін басылар өздерінің рухани ахуалға ықпалын едәуір жоғалтты. Мешіт «мәдени орталық» болудан қалды. Кеңес өкіметі өзінің алғашқы декреттерінің бірімен мұсылман дін басылары пайдаланып келген артықшылықтардың күшін жойды. Мешіттердің жаппай жабылуы, мұсылмандар қауымдастықтарының қудаланып таратылуы мұсылмандық білім беру жүйесінің күйреуіне апарып соқты.

Қазақтардың тұрмыс салттарының өзгеруі діни дәстүрлердің шектелуіне және халықтың басым көпшілігі арасында атеистік дүниетанымның қалыптасуына алып келді. Соған қарамастан отбасылық-тұрмыстық деңгейде тұншықтырылған діни наным-ұғымдар мен салт-дәстүрлер қазақ қоғамында жалғасын тапты.

Отбасы мен туыстық қатынастар саласындағы исламдық және оған дейінгі дәстүрлер дінге нанушылардың күнделікті тұрмысының бір бөлігін құрайтын еді. Әр жерде жерлеу, еске алу және үйлену, сүндетке отырғызу дәстүрлері өткізіліп жатты; әсіресе оңтүстіктегі аудандарда Құрбан айт пен Ораза айт айырықша атап өтілді. Мұсылмандыққа дейінгі көптеген салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар: «тасаттық», «бесік құда», «қарсы құда», «сүйек жаңғырту», «қалындықты алып қашу», «қалың төлеу» кең тарап, бұларды кейбір қазақтар мұсылмандық дәстүрлер деп ұқты.

Исламға дейінгі ежелгі жаңа жылдық көктем, жаңғыру мейрамы болған Наурызды кеңес өкімет орындары кері тартпа діни, тіпті исламдық мейрам деп қараумен (өйткені оны бұрынғы патшалық Ресейдің барлық мұсылман халықтары кеңінен атап өтетін болған) қатар, оған 1926 ж. ресми түрде тыйым салды. Кеңес Одағын мекендеуші, тығыз орналасқан отырықшы мұсылман халықтары өздерінің халықтық «Жаңа жылын» атап өтуді жалғастыра берді. Ал енді көшпенді тіршілігін едәуір дәрежеде сақтаған, өзінің ұлан-байтақ жерінде седентаризацияның, коллективтендірудің, сырттан көптеген жер аударылғандардың - «халық жаулары», «діни экстремистер» деп аталатындардың, жаңа «магниткалар» мен қалалар тұрғызуға, тың «көтеруге» келгендердің талай дүрбелеңін басынан өткерген қазақ халқы Наурыз мерекесін атап өту мен наурыз көже әзірлеу дәстүрлерін шалғай қазақ ауылдарында аса құпия түрде ғана жалғастыра алды.

Қазақтардың, соның ішінде дінге сенушілердің тұрмыс тіршілігінде, әсіресе Қазақстанның оңтүстік және батыс аудандарында өзінің өміршеңдігін танытқан әулиелерге табыну маңызды орын алғанын атап өткен жөн. Дінге нанушылардың ұғымынша әулиелер тобына ең алдымен ресми ислам дәстүрлерінің өкілдері, сондай-ақ тайпалар мен рулардың басшылары, дала ақсүйектерінің өкілдері және басқалар енді (Мустафина). Кеңес дәуірі кезінде өзінің бір жақты ықпалын белгілі бір дәрежеде суфизм (сопылық) - мистикалық (түсініксіз, жұмбақ) ислам сақтап қалды. Суфизм дін басылары тобы өкілдерінің қызметі көп ретте әртүрлі қасиетті орындардың, зират, әулие, мазарлардың төңірегіне шоғырландырылды. Олар негізінен суфистік жеке шейхтердің, сондай-ақ мифтік тұлғалар - Шопан ата, Ойсылқара және т.б. зираттары болып шығады. Дінге сенушілер Меккеге қажылыққа баруға жагдайлары болмаған күнде осы қасиетті орындарда (мәселен, Түркістандагы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі) болуды борыш санады. Қасиетті орындардың шырақшылары суфистік әулиенің ұрпақтары немесе оның ізін қуушылар болып келетіні жиі кездеседі. Айталық, Оңтүстік Қазақстан облысындагы (бұдан әрі ОҚО) Қарабура күмбезінің шырақшылары әйгілі суфизм қайраткері Махмуд-и Азамның ( Мустафина). шөбересі, Орталық Азиядагы, Шығыс Түркістандағы XVII ғасырдағы суфий (сопы) Хидайаталлах (Аппақ) қожаның ұрпақтары болған. Соңғы 10-15 жылда дінге сенушілер құрамында айтарлықтай өзгерістер болды. Мәселен, Кеңес дәуірі кезінде дінге сенушілерді екі топқа бөлуге болатын:

1) жас шағында кейбір діни ұғымдарды игерген, өздерін нағыз мұсылмандармыз деп санайтын, мұсылмандардың салт-дәстүрлерін сақтайтын аға ұрпақтың өкілдері;

2) арасында жастар да кездесіп қалатын қартаң және орта жастағы адамдар. Бұлар діни шарттарды мүлтіксіз қатаң орындауды мақсат етпейді. Олардың діни ұғымдары үстірттігімен және шалағайлығымен сипатталады.

Кеңес дәуірі кезінде жүргізген этнографиялық бақылаулар дінге сенушілердің басты бес парызды білетінін көрсеткен. Олар: «ля иляха илля-ллах ва Мухаммадуп расул аллах» («Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммад - Алланың елшісі») сенімі; күнделікті бес уақыт намаз; рамазан айындағы ораза; Меккеге қажылық; «тазару» мақсатындағы қайырымдылық, құрбандық шалу, мешіттерде зекет беру, сондай-ақ өз еркімен садақалар үлестіру.

Кеңес дәуірі кезінде қазақтардың діни тұрмыс-тіршілігінде исламның зекет пен қажылық жөніндегі шарттары өзінің бүкіл маңызын жоғалтты деуге болады. Әдетте, дінге сенетін қазақтардың арабша сенім жөнінде жалпы мағлұматтары болды. Қазақтардың ауызекі сөздерінде Алланың ұлылығын мадақтайтын «Алла акбар» («Аллах ұлы»), «Бисмилля!» («Аллах атымен») деген және басқа да мұсылмандық тіркестер жиі айтылады. Сонымен қатар намазды, әсіресе Құранды дәлме-дәл білетін адамдар тым аз болды. Бұларды білу негізінен дінбасы тобы өкілдерінің парызы деп саналды.

Сенушілердің рамазан айында таң атқаннан күн батқанда дейін тамақтан, ойын-сауықтан бас тарту міндеті - 30 күндік оразаға келетін болсақ, осыншама мерзім ауыз бекітуге санаулы адамдардың гана төзе алғанын көрсеткен еді. Ораза шарттарын толықтай орындай алмағандар денсаулыгы және жасының ұлғаюымен ақталатын еді. Дінге сенушілердің мұндай тобы аяқтай алмаған оразаны айлық күнкөріске тең қаражатпен өтей алады деп есептеді. Кейбір діндарлар бұл борышын күнделікті намазында (қазасыз оқумен) өтеді немесе құдай өзі кешіреді деп сенді. Ауыз бекіту мерзімін үш күнге шектеп: айдың басында, ортасында және аяғында үш күннен ораза ұстау жеткілікті деп санайтын сенушілер де болды. Сондай-ақ ауыз бекітуді небәрі үш күнмен шектеуге болады деген пікір де болды. Мәселен, Созақ ауданының тұрғыны бізге өз әкесі мен басқа да қарттардан айдың 30 күнінің қайсысы ораза күндері екенін білмегендіктен адамдардың қажетті үш күннің орнына 30 күн бойы ауыз бекіткені туралы мәліметтер сақталған. Және сол кездегі ораза ұстау талабын толық білмеу себепті, 3 күндік оразаны ауқатсыз адамдар гана атқарып, ал бай-манаптар мал мен басқа да өтеулері арқылы ауыз бекітуден құтылуға болады деп те ойлаған. Егер адам белгілі бір себептермен ораза ұстай алмаса, бүл күнәсін кешкі ауыз ашарға 30 адамды шақыру арқылы жуып-шая алады деген сенім де болды.

Қазақтардың әр отбасында дерлік, жанұя мүшелері ораза ұстамағанына қарамастан, бір ай ішінде «ауыз ашарға» адамдарды шақыру әдетке айналды.

Егер дінге сенуші ораза күндері жиналатын «тазару» салығы саналатын зякет-алъ-фитрді (қазақша «оразаның пітірін, садақасын») төлемесе ауыз бекітілген болып есептелмейді деп саналды.

Дінге нанушы оны міндетті түрде өзі үшін де, жанұяның басқа мүшелері үшін де, соның ішінде өмірге келетін болашақ нәресте үшін де төлейтін болған. «Пітір» мөлшерін әдетте жергілікті молда белгілеп, ол 1 кг бидайдың құнына тең болып келеді. Пітір жергілікті мешітке берілетін. Мешіт жоқ жерлерде ол балалары жоқ жалғыз басты қарт адамдарға беріледі. Дәл осындай «құдайы» мен садақа да ізгілікті іс болып саналатын.

Дінге сенетін қазақтардың көпшілігі араб тілін білмеді. Олар Құран сүрелерін естіген кезінде жаттап алады. Кейде араб дұғалары, қазақ транскрипциясында (белгілі бір тілдегі дыбыстарды дәл бейнелеп көрсетуге арналған жазу) жазылып, бүл көптеген сенушілердің намаз оқу үшін қажет дұғаларды игеруіне мүмкіндік береді. Ислам шарттарының бірі Сауд Аравиясындагы (хадж, ал-Хаджж) барша мұсылмандар үшін қасиетті орындарга қажылық сапарды орындау Қазақстан үшін бұрын да, қазір де қиын соғып отыр. Дегенмен ресми емес діни қызметкерлердің ықпалымен сенушілердің арасында мұсылмандардың жергілікті қасиетті орындарында бірнеше рет болуы қажылық сапарга тең деген пікір бар. Мұндай қасиетті орындар болып Қазақстанда Қожа Ахмет Ясауи, Өзбекстанда Шах-и Зинда кесенелері жиынтығы, солтүстік Кавказда - Шалбуз-Даг, Қырғызстанда - Сүлеймен тауы саналды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   85   86   87   88   89   90   91   92   93




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет