Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет14/22
Дата11.01.2017
өлшемі5,68 Mb.
#7138
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   22

Жағлан — Қазақстанның оңтүстік өңіріне XVIII—XIX ғасырларда кең тараған, киім-кешек салатын сандықтың көне түрі. Жағланның кейбір тамаша үлгілері қазірге дейін Шу бойын мекендейтін елдерде кездеседі, Түркістан, Алматы музейлерінде де сақталған. Негізінен, жағландар әбдіре-сандық сияқты үлкен емес. Оның ұзындығы 60—70 сантиметр, ені мен биіктігі 30— 35 сантиметр шамасында болады. Жағланның негізі жұқа тақтайлардан құрастырылып, сырты түгелдей қалың былғарымен қапталады, тек бет жағы ғана әр түрлі әдіспен көркемделеді. Жағланның ең көне түрлерін біз 1959 жылы Шу бойынан кездескен. Оның ағаш негізі бір-бірімен қайыс таспа арқылы бірігіп, сырты оюланған қалың қара былғарымен қапталған. Қошқар мүйіз, қос мүйіз, сыңар мүйіз оюлары жүргізіледі. Жағлан бетінің дәл ортасынан дөңгелек, екі шетінен жапырақ тәрізді дөңес көздер көксауыр былғарыдан ойыстырылады. Төрт бұрышындағы дөңгелек жұлдыз тәрізденіп бастырылған өрнектің ортасында күміс көздер болады.

Осы тектес тағы бір жағлан қызғылт былғарымен қапталыпты. Сыртқы беті ромбыланып торланған, екі үлкен текшелердің ортасына күміс көздер орнатылған. Әр ромбының қиылысатын бұрыштарына күміс бүркеншікті кішкене шегелер қағылып көркемделген. Осы екі жағлан қақпақтары әбдіре қақпағы сияқты емес, кебеже қақпағы тәрізденіп жасалған. Соған қарағанда, бұлар кемінде бұдан 100—150 жыл бұрын жасалған болу керек.

Жағланның XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында әбдіре-сандық үлгісімен жасалған түрін Мерке, Жамбыл аудандарында кездессе. Дәл осындай жағландар кезіндегі Қазақстанның орталық және Ә. Қастеев атындағы Қазақ ССР-інің Мемлекеттік өнер музейлерінде сақтаулы болғандығын Х. Арғынбаев жазған. Бұлар кезінде Талдықорған, Жамбыл ( қазіргі Тараз – құраст.) облыстарынан табылған бұйымдар. Осы жағландардың жасалу тәсілі, көлемі, материалы мен көркемдеу тәсіліне қарағанда, бәріне тән ортақ ұқсастықтар көп. Сондықтан да, оларды белгілі бір шебердің қолынан шыққан нағыз өнер туындысы деуге әбден болады. Бұл жағландардың сүйегі қарағай тақтай екен, тек қолдан жасалған шегелер арқылы құрастырылған. Сырты түгелдей қалың қоңыр түсті былғарымен қапталып, бет жағына стильденген қошқар мүйіз, қос мүйіз оюлары бедерленген. Оған қосымша үш жерден ортасында қызыл тастары бар үлкен-үлкен үш дөңгелек күміс гүл шоқтары бейнеленген. Жиектері мен бұрыштары әр түрлі күміс әшекейлермен безендірілген. Жағланды құлыптауға арналған темір ілгектің бет жағы күмістеліп, төрт жерден қызыл тас орнатылған. Жағлан жасайтын қазақ шеберлері XVIII— XIX ғасырларда Қазақстанның оңтүстік және Жетісу өңірлерінде көп болған. Жағланға қажет-ті сапалы былғары мен күміс табу оңай бол-маған, оларды тек сән қуған ауқатты адамдар ұзатылатын қыздарына арнап, өз материалдарынан жасатқан деп жазады Х. Арғынбаев.

Қазақстанның барлық аудандарында ежелден бері көп жасалған бұйымның бірі — қол сандық. Қол сандықтарды бой жеткен қыздарға арнап жасататын, ол ұзатылғанда жасау құрамына енеді. Олай болса, қол сандықтар бой жеткен қыздар мен жаңа түскен жас келіншектердің енші-сіндегі өте сәнді бұйымдардың бірі. Оның көлемі де шағын (ұзындығы 45—50 сантиметр, ені 25—30 сантиметр, биіктігі 15—20 саңтиметр шамасында) болатындықтан қыз-келіншектердің ине-жіп, айна-тарақ, әтір, сабын сияқты уақ-түйек бұйымдарын сақтауға арналады.

Көпшілік қауымның жасататын қол сандықтары тек ағаштан ғана мұқият өңделіп, бір түсті бояумен сырланып жасалады. Сән қуған кісілер қол сандық беттеріне нұсқалы, бедерлі оюлар ойғызып, түрлі түсті бояулармен сан қилы ою-өрнектер салғызады. Бұған қоса неше түрлі шұға, асыл тастар, сүйек пен күміс әшекейлерін кеңінен пайдаланатын болған. Әрине, қазіргі күнде қарапайым қол сандықтар сирек ұшырасады. Ел арасында да, музейлерде де қол сандықтың өте әсем көркемделген қымбат үлгілері ғана сақталған. Сондықтаң, бетіне жүргізілген ою-өрнектері, әшекейлері бір-біріне ұқсамайтын нағыз өнер туындысы ретінде танылатын қол сандықтардың бірнеше үлгісіне Х. Арғынбаев былайша қысқаша сипаттама береді.

Қолда бар алты қол сандықты көркемдеу ерекшеліктеріне қарай төрт топқа бөлуге болады. Бұлардың ішіндегі бірінші топқа жататын ең тәуірі — сырты түгелдей сүйектеліп көркемделген Ақтөбе өлкетану музейінде сақталған қол сандық. Оның төрт жағы түгелдей, қақпақтың төрт жиегі мен төбесі толығымен түйе сүйегінен кесілген әр түрлі әшекейлермен өрнектелген. Қол сандық жиектеріне қиыстырған сүйек әшекейлердің бетіне қос мүйіз оюлары жүргізілген. Алдыңғы бетіне үш үлкен шаршы ойыстырылған. Олардың араларында, астыңғы жағында шебер қиюластырылған әшекей беттерінде әдемі оюлар бар және астына жез немесе шұға төселген. Қол сандық ішкі құлыппен ашылып-жабылады. Ондағы әр түрлі сүйек әшекейлердің қиысу тәртібі де, әшекей беттеріне жүргізілген ою-өрнектер де симметрия заңдылығын мұқият сақтай орындалған.

Екінші топқа бет жағы түрлі түсті бояулармен әдемі өрнектелген қол сандық жатады. Мұны біз 1956 жылы Ақтөбе облысының Темір ауданынан кездестірдік. Мұндағы ою ерекшеліктері өсімдік тектес өрнектер мен стильденген зооморфтық оюлардың етене тоғысуымен сипатталады. Қол сан-дық бетіне жүргізілген ою-өрнектер симметриялы екі бөлек суреттен тұрады. Олар бірін-бірі толықтырып, бірлікте жасалған. Ою-өрнектер, олардың ішкі-сыртқы түрлері, айнала жиектері қоңыр, жасыл, көк және қара бояулармен асқан ұқыптылықпен боялған.

Үшінші топқа жататын екі қол сандықтың алдыңғы беттері ғана өте күрделі. Өсімдік тектес және геометриялық фигуралар бейнесінде бедерлі оюлар ойылып, түрлі түсті бояулармен нақышталған. Қол сандықтың айнала жиегіне өсімдік тектес ою нұсқалары ойылған. Ол ақ, қызыл, жасыл бояулармен боялса, ою арасынан көрініп тұратын терең түр қара бояумен боялған.

Төртінші топқа жататын екі қолсандықты алдыңғы беттеріндегі өсімдік тектес және зооморфтық оюлар әр түрлі геометриялық фигуралар бір-бірі-мен айқасып жатады да, ақ, қызыл, жасыл, сары, қоңыр түсті бояулармен бояу арқылы бір жазықтықта ойылған оюларды 2—3 қатар деңгейде ойылғандай етіп көрсетеді. Біреуінің алдыңғы бетінің төменгі және жоғарғы жиектеріне төрт-төрттен өрнектелген сүйек әшекейлер орнатылса, екіншісінің жоғарғы екі бұрышы мен ортасына дөңгелек айна қойылады. Жалпы, бұл қол сандықтардың ұқсастығын аңғартатын ерекшелігі сол — олардың ою-нақышының ортақтығы, оюлардың ірі көлемде орындалуы және жалпы көрінісінің жоғарыда сипатталған басқа қол сандықтарға қарағанда қарапайым келетіндігі.

Осы сипатталған қол сандықтардың бәрі де Батыс Қазақстаннан табылған өнер туындылары. Бұдан, әрине, Қазақстанның өзге аудандарында қол сандықтар жасалмады деген ұғым тумауы керек. Қол сандықтың алуан түрі Қазақстанның барлық аудандарында жасалған, көркемделуінде айтарлықтай ерекшеліктер де болған. Оған Қазақ ССР-інің мемлекеттік Орталық және Ә. Қастеев атындағы Қазақ ССР-інің мемлекеттік өнер музейінде сақталған қол сандық түрлері дәлел бола алады деп жазады Х. Арғынбаев.



Қазақ ежелден азық-түлік сақтауға кебежені пайдаланған. Ол Қазақстанның барлық аймақтарында кеңінен тараған. Бір қызығы, кебеженің жалпы кескіні мен жасалу тәсілі барлық жерлерде бірдей деуге болады. Бірақ, олардың бет жағын көркемдеу тәсілі әр түрлі, бірсыпыра кебежелерден жергілікті ерекшеліктер анық байқалады. Кебеже — кімге болсын өте қажет бұйым. Сондықтан, ағаш ұсталары оны, көбінесе, еш-кімнің тапсыруынсыз-ақ көптеп жасап, шетінен алушыға сата береді екен. Мұндай кебежелерді онша көркемдемейді. Өйткені, ою-өрнекпен безендіріліп, көркемделген кебежелер қымбат болады, оны сатып алуға көпшілік халықтың мүмкіндігі де бола бермеген. Ал, сән қуған ауқатты адамдар ел ішіндегі ең айтулы ұсталарға арнайы тапсырып, тіпті, ақысын да алдын ала беріп, кейде шеберді өз үйіне шақырып, кебежені оюлатып, сүйектетіп, күмістетіп те жасататын болған Орта есеппен кебеженің ұзындығы 70—90, биіктігі —40—50, ені 40—45 сантиметр шамасын-да жасалады. Кебеженің төрт қабырғасы, түбі мен қақпағы төрт қырлы төрт қазық арқылы біріктіріледі. Мұның тек бет жағын ғана әсемдейді, ал артқы беті мен екі жанын кейде қызыл, жасыл бояулармен бояп қойғаны болмаса, басқадай әдіспен көркемделмейді. Кебеженің бет жағына келетін екі қазық беттері, оның басы мен аяқ жағы да мүсінделе көркемделеді. Қолда бар де-ректерге қарағанда, Қазақстанның орталық, солтүстік-шығыс аудандары мен Сырдарияның төменгі ағысын мекендейтін қазақ жұртшылығында сүйектелген кебежелер жиі кездеседі. Бұлардың өзі көркемдеу әдісіне қарай өзара ерекшеленеді. Сырдария бойында кездескен сүйектелген кебежелердің беттері түгелдей әр түрлі геометриялық фигуралар формасында жонылып, өрнектелген сүйек әшекейлермен жабылған.

Сүйектелген кебеженің тағы бір түрін Торғай өңірінен кездескен. Мұндай кебеже бетінің үстіңгі және астыңғы жиегіне, екі басына 12 тік бұрышты сүйек әшекейлері зергерлікпен қиюластырылған. Бұлардың астына қызыл шұға төселген. Кебеже бетінің ең ортасына үш жерден төрт-төрттен біріктірілген сыңар мүйіз тәрізденіп жонылған сүйек әшекейлер орнатылған. Әрбір сүйек әшекейдің беттеріне ортасында ноқаты бар шағын шеңберлер сызылған.

Сүйектелген кебеженің тағы бір әдемі түрін Семей облысынан кездестіргенін жазған Х. Арғынбаев, бұл кебеже бетінің айнала жиегіне нәзік ойылған сүйек әшекейлер тұтас жүргізілген. Кебеже бетінің ортасына стильденген қошқар мүйіз, сыңар мүйіз, өсімдік тектес, ұшқан құс бейнесіне ұқсас оюларды сүйектен ойып, кебеже бетіне күміс шегелермен шегеленген. Мұқият өңделіп, бірнеше қайтара өсімдік майы жағылған қайыңның табиғи түрі мен ақ сары сүйек түстері өте жақсы үйлесім тауып тұруының өзі оны жасаған шебер талғамының жоғары болғандығын танытады.

Кебеже бетін оюлап, сырлап көркемдеуде Қазақстанның батыс аудандарындағы халық шеберлерінің өнері өз алдына бір төбе. Бұл кебе-желердің ою-өрнек мотиві, негізінен, өсімдік тектес болғанымен, геометриялық және стильденген зооморфтық өрнек элементтерімен де толықтырылады. Әдетте, ою-өрнектер кек, ақ, қызыл, жасыл бояулармен боялады. Ал, түрі, көбінесе, қоңыр, ашық қоңыр түсті бояулармен боялып, ою-өрнек жүйесі айқын көрінетіндей болып жасалады. Кейбір кебежелердің ағаш ісі мұқият өңделіп, оның беттері сырланбай, тек мінсіз ойылған ою-өрнек күйінде қалдырылады. Осы кебежелердің қай-қайсысының болсын ою-өрнектерін орындауда симметрия заңдылығы мен композиция тұтастығы берік сақталған.

Кебеженің бетіне түгелдей ою ойылып, бірақ боялмайтын түрі де Қазақстанда жиі кездеседі. Мұндай кебеженің бірнешеуі туралы нақтылы деректер бар. Олардың әрқайсысы Қазақстанның әр өңірінен кездеседі. Бұлардың бәрінің сырты түгелдей мұқият өңделіп, бет жағына симметрия заңдылығын сақтай отырып, өсімдік тектес, геометриялық және символдық бедерлі оюлар ойылған. Бірінің бет жагына түгелдей әр түрлі бедерлі геометриялық фигуралар ойылса, екіншісінің беті түгелдей тек үш бұрыштап оймышталған.

Кебеже беттеріне сырмақ, текемет оюларын ойып жасайтын шеберлер де болған. Мұндай кебежелердің ою-өрнегі, негізінен, стильденген қошқар мүйіз, қос мүйіз болып келеді, кейде өсімдік тектес өрнектер де ұшырасады.



Кебеженің бетін түгелдей түрлі түсті бояулармен безендіру әдісі Маңқыстау, Шымкент және Жетісу өңірлерінде жиірек кездеседі. Шымкент өңірінен атақты «бес ұста» жасаған кебежелердің сан алуан үлгілерін көзімізбен көрдік деп жазды Х. Арғынбаев. Бұлардың кейбіреулерінің бетіне жұмырлап мүсінделген жиектер шегеленіп, ортасына 2—3 төрт бұрышты табақшалар орнатылып немесе кебеже бетінің жоғарғы және төменгі жиектеріне қос мүйіз оюлары ойылып безендіріледі екен. Ал, түрі ақ, қызыл, жасыл, көк, қоңыр, қара, сары түсті бояулармен көркемделеді. Ою зооморфтық, геометриялық және символдық өрнектердің орынды тоғысуы арқылы әдемі орындалған, XX ғасырдың басында жасалған кебежені Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданынан кездескен. Бұл кебеженің ағаш ісі өте жақсы жасалған екен. Оны өңдеуде сүргінің қолданылғаны көрініп тұр. Мұның бет жағы алты көзді терезе кәсегі тәрізденіп жасалған. Көз деп отырғанымыз бөлек орнатылатын төрт бұрышты табақшалар. Табақшалар көк, қызыл, жасыл бояулармеи боялып, беттеріне гүл жапырақтары салынған, олардың айналасына нүктелі символдық дөңгелектер жүргізілген. Кебеже бетінің айнала жиектері мен орта ағаштарының бетіне сыңар мүйіз, қошқар мүйіз және геометриялық фигуралардан тұратын өрнектер түсті бояулармен салынған. Жалпы, кебеже ісі жатық, симметрия заңдылығы берік сақталған.

Жоғарыда сипатталған сан алуан кебежелердің ішінде дәстүрлі сипаты, жасалу ерекшелігі, көркемдік стилі жағынан болсын өзгеше орын алатын кебеже кезіндегі Қазақ ССР Ғылым академиясының археология музейінің қорында сақталған болғандығын жазады Х. Арғынбаев.. Бұл кебеже 1959 жылы Шу бойындағы ел арасынан табылды. Мұның бет жағы тұтас өрнектелген. Төрт бұрышында күмістелген төрт дөңгелек дөңес жұлдыз бар. Олардың арасы кебеже бетінің жиегін құрайды. Жұмырлана жонылып, тұтас жал шығарылған беттің ортасына үлкен иірімді дөңгелек жұлдыз ойылған. Енді оның ортасына күмістелген дөңес дөңгелек темір жұлдызша орна-тылған. Кебеже беті бедерлі оюлармен өрнектеліп, түсті бояулармен көркемделген. Ою мотиві зооморфтық, өсімдік тектес және символдық өрнектердің араласа, бір-бірін толықтыра орналасуымен сипатталады. Ортадағы үлкен иірімді жұлдыздың екі жағындағы бір-біріне ұқсас оюлар, айнала жүргізілген жиектер, оның бойына жасалған шағын жұлдыздар кебеже бетіндегі ою-өрнектің композициялық тұтастығын қамтамасыз етіп тұр. Кебеже иесінің айтуына қарағанда, бұл кебеже XIX ғасырдың соңында жасалса керек. Оны жасаған ұстаның шеберлігі мен талғамының жоғары болғандығын кебеже ісінің өзі-ақ көрсетіп тұр.

Сөйтіп, жоғарыда сипатталған кебежелердің жалпы жасалуы мен кескін-пішінінде көп ұқсастық бар. Сондай-ақ, олардың көркемделу тәсілдерінде де айтарлықтай жергілікті ерекшеліктердің болғандығы байқалады. Кебеже жасауда да Қазақстанның әр өңірінде қалыптасқан дәстүрлі өнер мектебінің болғандығы шындық.

Ыдыс-аяқ сақтау үшін ағаштан жасалатын бұйымның бірі — а с а д а л (шкаф) Қазақстанның барлық өңірінде кездеседі. Қолда бар деректерге қарағанда, асадалдың дәстүрлі бірнеше түрі болған. Оның ең көнесі қазіргі тумбочка тәрізденіп енінен биіктігі артық болып жасалса, екінші түрінің ені мен биіктігі шамалас келеді. Үшінші түрінің биіктігі кебежедей ғана болады Ал, ені биіктігінен 1,5—2 есеге жуық артық, ұзынша болып жасалады. Енді төртінші түрі қазіргі буфет тәрізденіп жасалатын асадалдар.

Тумбочка тәрізді биіктеу асадалды оның ең көне түрі деуіміздің себебі бар. Біріншіден, олардың көлемі көш-қонға қолайлы келеді, онша үлкен болмайды (100—100 см x 60—70 см), екіншіден, оны көркемдеу тәсілінде нұсқалы ою, күмістеу, сүйектеу дәстүрі жиі кездеседі. Мәселен, кезінде Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты), Павлодар, Қарағанды облыстарында мекендейтін ел арасынан табылып, қазіргі Қазақ ССР-інің Мемлекеттік орталық, Ә. Қастеев атындағы Қазақ ССР-інің Мемлекеттік өнер және Қазақ ССР Ғылым академиясының археология музейлерінде сақталғандығын жаза келіп Х. Арғынбаев асадалдардың беттері түгелдей сүйектеліп, күмістелгендігін сипаттап жазған. Олардың екі не бір ашпалы есігі, көлденең суырмалары болады. Іші бірнеше сөреге бөлінеді. Осындай асадалдардың енді бір үлгісін Оңтүстік Қазақстаннан тапқан едік. Атақты «бес ұста» жасапты. Аталмыш асадалдарға сыртқы кескіні ұқсағанымен, көркемдеу тәсілі, тіпті, өзгеше. Ең алдымен, бұлардың есігі алдыңғы жағында емес, бір жақ жанында. Бір ашпалы. Біркелкі бояумен сырланған. Ал, алдыңғьі беті түгелдей түсті бояулармен өрнектелген. Қос мүйіз, өсімдік тектес, геометриялық фигуралар символдық өрнектеу көз тартады. Қызыл, сары қара, қоңыр бояулар алмасып отырады.

Сыртқы кескіні төрт бұрышты асадалдың көлемі 100х100 сантиметр. Екі ашпалы есігі, жоғарғы жағында суырмасы бар.

Мұндай асадалдардың нұсқалы оюлар ойылып сүйекпен көркемделген үлгілерін Жамбыл облысынан, ал бетіне өсімдік тектес өрнектер салынып, боялған үлгілерін Қазақстанның батыс аудандарынан кездестірдік деп жазады Х. Арғынбаев. Тұрқы ұзын әрі аласа асадал үлгісін Семей, Орал облыстарынан, Қазақ ССР-інің Мемлекеттік орталық музей қорынан көруге болады. Бұлардың арасынан бет жағы бедерлі оюмен оюланған, бірнеше суырмалы түрі де кезігеді. Алдыңғы екі аяғы мүсінделе жонылып, бет жағында қондырма ою-өрнегі бар, темір әшекейлері күмістелген түрін Семей төңірегінде ұшырасқан және мұның бір ашпалы қақпағы бар, топсалы есік сияқты ашылып-жабылады.

XX ғасырдың басында Көкшетау өңірінде жасалған буфет тәріздес асадалды «Сырымбет» совхозынан таптық деп жазады жоғарыда аталған автор. Мұның ені —113, көлденеңі —60, биіктігі—110 сантиметр. Бұл асадал үш бөліктен тұрады деуге болады. Ең асты кебеже сияқты, бар ыдыс-аяқ қоятын жабық сөрелер орналасқан, ал оның үстіне ашық сөре жасалыпты. Түрлі түсті бояумен ою-өрнек жүргізілген. Асадал иесінің айтуынша, астыңғы жағына азық-түлік сақталып, кебеже ролін атқарса, үстіңгі екі бөлігі ыдыс-аяқ сақтау үшін пайдаланылады екен. Асадалдың арқалығы қалындау тақтайдан жасалған. Сол арқалықтың ең үстіңгі — қыр арқасы және асадалдың жоғарғы бөліктерінің екі қаптал ағаштары толқынды өрнекпен бітеді. Ал, асадалдың бет жағы, екі жаны төрткілденген. Және бір зер саларлық жай: төрткіл ішіне қауазын жарған гүл тәріздес ою бедерленіп, айналасына қошқар мүйіз өрнек жүргізілген. Ал, астыңғы және екінші ортаңғы бөліктің екі жанындағы төрткіл ішіндегі шеңберге сегіз бұрышты жұлдызша сабақтары түйістірілген алты жапырақ ақ фонға әр түрлі бояумен салынған.

Асадалдың ең үстіңгі ашық бөлігіндегі ою-өрнектер де көңіл аударарлық. Маңдай бетіндегі қос мүйіз оюлар түрлі түсті бояулармен өз реңкін, өз нақышын тапқан. Асадалдың жасалу формасына қарағанда, қала шеберлерінің әсері, ықпалы анық байқалады. Қазақ киіз үйінің ішінің төсеніш, әрі сәндік және жылу ұстағыш жиһаздарына тоқталатын болсақ.



Кілем — сәнді тоқылатын, баспананың жылылығын сақтайтын және дыбысын бәсеңдететін арнайы үй жиһазы.

Қазақ кілемінің шығу тарихы байырғы сақ, ғұн, үйсін өнері мұраларынан басталған деседі. Қазақ кілемдерінің кейбір түрлері түрік кілемдерінің қазіргі үлгілеріне өте ұқсас келеді.

Оларды тоқылу ерекшеліктеріне қарай, түкті кілем, тақыр кілем деп бөледі.

Тоқылған жерлеріне қарай Қызылорда кілемі, Алматы кілемі, Жамбыл кілемі деп айтылады.

Қазақ жеріндегі тоқылатын кілемдердің және бір ерекшелігі ол ру үлгілеріне сәйкестендірілген, мысалы: адай кілемі, керей кілемі, коңырат кілемі, үйсін кілемі, т. б. үлгілер.

Кілемдер қосалқы белгілеріне байланысты шашақты және оқалы кілемдерге жіктеледі. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында түкті және тақыр кілемдерін қолдан тоқу дамыған. Қазақ кілемдерінде — басым қолданылып жүрген геометриялық және көгеріс өрнек үлгілері. Бұған айғақ — астанамыздағы Алматы кілем тоқу фабрикасы. Бұл кәсіпорны 1936 жылдан бастап, ұлттық үлгілерге жаңа мазмұңда, көптеген өзгерістер енгізіп, кілем тоқудың жаңа әдістерін игеріп, әрі қарай дамытуда.



Сырмақ (сыру деген сөзден шыққан), сырмақ — ою бастырып немесе жиекпен өрнектеліп сырыған төсеніш үй жиһазын айтады.

Жоғары сапалы үлпілдек жүннен басылған жұқа киіздің бетіне оюлар салынып, кенеппен астарлап сырмақ жасайды. Сырмақ негізінде қазақ және қырғыз ұлттарына тән жиһаз. Оның ою-өрнегіне сәйкес бірнеше түрі болады: Ақ, қара немесе қызыл және көкпен боялған, киізден ойыстырылған сырмақ, шымқай ақ киіздің бетіне қызыл, кек, сары маталардан ою бастырылған сырмақ, жиекпен өрнектелген сырмақ. Жетісу өңіріндегі жиі кездесетін сырмақ-ою дөңгелектеп жасау тәсілі — «от киіз», Шығыс Қазақстанда жасалынатын түрін «шай сырмақ» дейді.

Алаша — әр түрлі түске боялған мақта, жүн жіптерінен өрмекпен тоқылатын төсеніш. Екі әдіспен тоқылады. Бірі — түрлі-түсті жіптерді жарыстыра жолақтап тоқу арқылы көп мәнерлі өрнектер түсіру. Алғашқысын қақпа алаша, соңғысын терме алаша , кейде кілем алаша деп те атайды. Алашадан төсеніш, түс кілем, қоржындар жасайды. Алаша—қазақ тұрмысында жиі қолданылатын мүлік.

Текемет- тұрмыста жылу ұстағыш, екінші жағынан киіз үйдің ішкі интерьеріне сән беріп, керегеге ілінген әсем кілем, түскиіз, бау-басқұрлармен үндесіп, толықтырып тұрған. Текемет басу тәсілінінң негізгі ұзынырғысы бір болғанымен, оның бетін әр түске боялғанымен, оның бетін әр түске боялған жүнмен оюлау әдісі әр елдің өзіне тән белгілі бір жүйесімен жасалынады. Оңтүстік облыстарда көп жағдайда текеметтің ортаңғы бөлігін айқындап шымқай қызыл түске бояп, соның үстіне түр салады. Мұндай текеметтің түсі жарқырап айқын көрініп тұрады.

Ал, Батыс Қазақстан жерінде көбіне ақ текеметтер дайындайды. Ақ текеметтердің бетіне жіңішкелеп жиектеп талдырмадан ою салады. Талдырма салынған текеметтердің негізгі ақ түсі ерекше ашық болады.

Талдырма салу әдісі Қазақстанның көптеген облыстарында кең тараған. Талдырма салу әдісі сондай-ақ Жетісуда кездеседі. Оның Батыс Қазақстандағыдан айырмашылығы – талдырмада ойылған оюлар жіңішке емес, жалпақ, сырмақ оюлары секілді болып келеді. Бұл тәсіл текеметтің көркемдігін арттыра түседі. Оюдың осы түрін жергілікті жерде «жалайыр текемет» деп атайды. Текемет бетіне өрнек орналастыруда геометриялық өрнек тобына жататын ромбы өрнегін Орталық Қазақстанда айшық, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Омбы, Тюмень жерінде екі көзді деп, Қазақтанның оңтүстік және шығыс облыстарында шаршы деп атайды.

Басқұр— киіз үйдің ішін безендіру үшін, әрі уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып танатын өрнекті жалпақ құр. Басқұрдың ұзындығы киіз үйді айналдыра орап шығатындай болады. Ені 20-30 см. Басқұрды өрмекпен терме тоқу, қақпа тоқу әдістерімен әр түсті жіп, арқау салып, ою-өрнекті етіп тоқиды. Түкті немесе ақ басқұр және түксіз немесе ала басқұр болып екіге бөлінеді. Түкті (ақ) басқұрды түрлі-түсті жіптерді негізгі жіптерге түйіндеп, түкті ою-өрнек салып тоқиды. Түксіз (ала) басқұр әр түсті жіптерден алаша секілді тоқылады. Басқұрды түйе, қой және жылқы қылы қосылған ешкі жүнінен тоқиды.

Ши – киіз үйдің ішін әсемдеуде шидің алатын орны ерекше. Неше түрлі сырмен боялып, сағанақтары күмістендірілген кереге көздері мен құлпырған құр таңғыштарға, термелеп өріп, жібекпен шашақтаған уық бауларға, зермен кестелеп шұғамен оюлаған туырлық пен үзіктің ішкі өрнектеріне ши жалпы түр беру ретінде өте үйлесіп-ақ тұрады. Ши бұйымын жалпы сырт көрінісіне қарай үш түрге бөледі: ақ ши, ораулы ши, шым ши (шымораулы ши). Қазақ арасында осы түрлерінің әрқайсысы орын-орнымен қолданылады. Мәселен, ақ шиді оралмай, құр өзі тоқылатын болғандықтан көбінесе киіз басуға, өре жаюға, сүзгіге, шыптаға мал сойғанда еттің астына салуға, сырғауыл салынған үйдің төбесін жабуға ұстайды. Ал өн бойы түгел оралған өрнекті шиді шым ши дейді. Оны киіз үйге, ас-су, ыдыс-аяқ тұратын жерге қоршау етеді. Кейде оны түскиіз орнында ұстайды. Өнбойы тұтас емес, әр жерінен оралған шиді ораулы ши дейді. Тоқылатын ши мал аяғы баспаған соны жерден жаздың орта шенінде әбден бойлап өскен кезде тартылады. Шиді таңертен, кешке немесе жаңбырдан кейінгі шық кетпей тарту керек. Мұндай кезде жер жұмсақ ши суырылғыш келеді. Әзірленген шиді шыбығын аршып, бумалап көлеңкеге кептіреді де, өрнектеп орайды.

Бөстек — түйенің не қойдың жабағы жүнінен бір адамға арналып жасалған көрпеше не төсеніш. Оны жылқы, түйе, сиыр терілерінің жүнін алмай, от басына пайдаланатын төсек ретінде де дайындайды. Ал ертеректе түйе терісінен жасалған бөстек құрметті қонақтарға төселген.

Құс төсек — арасына құстың қауырсыны салынып тігілетін көрпе. Құс төсекті көшпелі халықтар киіз үйде сыз өтпес үшін төсеген, негізінен дәулетті адамдар пайдаланған. Құс төсек сырып тігілмейді, өйткені ішіндегі құстың мамығы қолмен тегістеуге ыңғайлы болады. Құс төсекті тауық, қаз, үйрек сияқты үй құстарының мамық қауырсындарынан жасайды.

Құрақ – төрге төсейтін көрпеше. Мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб тәрізді өрнектерден құралған көрпені құрақ немесе құрақ көрпе деп атайды. Ежелден қонақжай қазақ халқы төрін қонаққа араналған «қасиетті орын» санаған. Ерте кезде баласы өліп, тоқтамайтын үй «тіл-көзден аман болсын» деген ырыммен қырық құрақ құрап, баласын соған ораған. Құрақ көрпені арасына мақта немесе қойдың, түйенің жүнін салып, сырып тігеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет