Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы


Күпі көрпе — ішіне түтілген түйе жүнін салып, шүберекпен қаптап, сыр-мақталған жылы жамылғы. Ыдыс-аяқ



бет15/22
Дата11.01.2017
өлшемі5,68 Mb.
#7138
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   22

Күпі көрпе — ішіне түтілген түйе жүнін салып, шүберекпен қаптап, сыр-мақталған жылы жамылғы.

Ыдыс-аяқ. «Шешесін көріп-қызын ал, ыдысын көріп асын іш», — деген қазақ мақалында пәлсапалық, әлеуметтік терең ой жатыр. Демек ұлт тұрмысында ас сақталатын ыдыс-аяқ мәселесіде шет қалмаған. Оған үлкен мән бергендігіне жоғарыда бір ауыз сөз куә.Ата-бабаларымыз ыдысты көбіне ағаштан, жылқы, ешкі терісінен, мыс, жез сияқты металл бұйымдарын жасаған.

Ағаш ұсталары ыдыс-аяқ жасауға да айрықша ден қойған. Соның ішінде қымызға арналған түрлері назар аудартады. Негізінен, бұл ыдыстарды қайыңнан, табылып жатса, оның безінен жасауға тырысатын. Өйткені, қайың мықты келеді. Мұқият өңдеген қайың, әсіресе, оның безі қара шұбарланып, қосымша әшекейсіз-ақ әдемі болады. Шеберлердің айтуынша, әбден кепкен қайыңда бөтен иіс те, шайыр да болмайды, сондықтан оған құйылған қымыздың дәмі де бұзылмайды.



Қымызға арналған ағаш ыдыстар: тегене, ожау, шара, сапты аяқ, тостаған, күбі, піспек. Ел ішінде бұл ыдыстардың түрлері күнделікті өмірде кеңінен пайдаланылса, оның сәнделіп жасалған ғажайып түрлері де аз болмаған.

Ертедегі көшпелі қазақтар ас сақтайтын ыдыстардың біразын мал терісінен жасаған. Ондай ыдыстың ең үлкені — саба.

Саба — молшылықтың, байлықтың белгісі. Жылқылы ірі байлар сабаның мөлшерін бәсекелесіп үлкен жасауға тырысқан. Мысалы Қызылорда Есеней деген атақты бай алты айғырдың терісінен саба тіктірген. Оны «тай жүзген» деп атаған. Мұндай сабаларға ас берерде немесе ұлы дүбір бір дуан елді шақырып той жасарда биенің сүтін сауып, жинап, құйып қымыз ашытқан.

Тегене — үлкен дөңгелек, шұңғыл ыдыс. Сабадағы қымыз осы ыдысқа құйылады. Сыйымдылығы да мол, орта есеппен 10—15 литр еркін кетеді, әрі құйылған қымызды сапырып отыруға ыңғайлы. Әдетте, тегенелердің іші-сырты мұқият өңделіп, сыртына ою-өрнек ойылады. Сүйек не күмістелген темір әшекейлермен әр түрлі асыл тастармен безендіріледі. Кейбір тегенелердің қақпағы ағаштан жасалып, күміс әшекейлермен көркемделеді. Тегенеге құйылған қымызды сапырып, аяқ-аяққа құю үшін ағаш ожау қолданылады. Қазақ арасында қымыз сапыратын ожаудың екі түрі жасалды. Оның ішінде Қазақстан жеріне ең көп тараған түрі — ұзын сапты ағаш ожау. Мұндай ожаудың сабын сүйектеп, күмістеп, оюлап безендіретін болған. Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс аудандарында ожаудың қысқа сапты түрі де кездеседі. Ожаудың қай түрі болсын, мұқият өңделіп, сырт пішіні әркелкі жасалады. Қымыз ішуге арналатын үлкенді-кішілі шара, сапты аяқ, тостаған сияқты ыдыстарды да қайыңнан шауып, кейде сыртына ою ойып, күмістеп безендіреді. Баянауылдың атақты ұстасы Әбдікәрім Есалинов жасаған күмістелген тостағанның тамаша үлгісі қазір Қазақстанның Мемлекеттік орталық музейінде сақтаулы. Кепсер – етті, еттің нанын, қуырдақ, бауырсақты қазаннан сүзіп алуға араналған ұзын сапты тұрмыс, ас құралы. Темірден жасайды. Қалағы тесік болады. Сондықтан Орталық Қазақстан тұрғындары тесік қалақ деп атайды. Кесерді шеберлер тал, қайың шыбықтарынан тоқып та жасайды.

Сабадан соңғы үлкен ыдыс — сүйретпе. Ол жұмырлау, әрі тіктеу келеді. Сүйретпені атан өгіздің терісінен жасайды. Оған қымыз, іркіт ашытатын болған. Ешкі терісінен бітеу сойып, пұшпақтарын шуда жіппен байлайтын көн ыдысты — мес дейді.

Ал ешкі терісінен тігілген қымыз немесе айран құятын ыдыс торсық деп аталады. Торсықты жолаушылар, малшылар қанжығасына байлап алып жүретін болғандықтан жанторсық деп те айтады. Бие сүтін сауатын теріден жасаған ыдысты — көнек, ал құдықтан су тартатын шелекті — қауға дейді. Қазақстанның қай өңірінде болса да, ағаш шеберлерінің көптеп жасайтын ыдыстары ет тартатын жйпақ табақтар мен сопақталып шабылатын шұңғыл астаулар. Бұл ыдыстардың көлемі әр түрлі. Оларды әдемілеп көркемдеуге онша мән берілмейді. Жоғарыда сөз болған ыдыс-аяқ жасауға арналған қайың кесінділері мен бездерін нобайлап шауып, көлеңкеде кептіреді. Содан кейін тұзды суға қайнатып алып, тағы да көлеңкеде дегдітіп барып, асықпай шауып, ұңғып өңдеуге кіріседі. Шеберлердің айтуынша, тұзды суға қайнату арқылы пісіріліп жасалған ыдыстар ыстық-суыққа төзімді, жөпшендіге жарылмайды.

Саптыаяқ – саптыаяқ деп әдетте ағаштың безінен ойылған сабы бар бақыраш тәрізді шұңғыл ыдысты, яғни ағаштан жонып жасаған аяқты айтады.

Зерен – қымыз, шұбат құятын қадірлі ыдыс. Көлемі де, сырты да шараға ұқсас болады. Қатты ағаштан ойылып жасалады. Шұңғыл жиегі қалың бүйірі тіктеу келеді. Жиегінен, бүйірінен ойып, сәнді ою-өрнек жасалады орнықты болу үшін жалпақ, шығыңқы түбі болады. Түсін біріыңғай келтіру үшін ағаш қабықтары бояуымен қанықтырады.

Шара – қымыз құюға араналған ыдыс. Кей жерлерде тегене деп те атайды. Қымызды дастарқанға апарағанда сабадан осы шараға құйып апарады. Оның ішіне 10-12 литр қымыз сияды. Шараны емен, қайын сияқты қатты, кепкен ағаштардан ойып жасайды. Оның іші шұңғыл, өзі дөңгелек, жиегі тік болып келеді. Шара сырты ою-өрнектермен күміс немесе сүйек әшекейлермен көркем безендіріліеді. Өзіне лайық ағаш қақпағы болады. Ол да әшекейленіп жасалады. Сары қымыз әсем шара ыдысты дастарқан сәні, үйдің көркі, қолы берекелі әйелдің мәртебесі десе де болады.

Қазан – басқа ыдыстарға қарағанда қазақ өмірі мен мәдениетінде алатын орны мүлде жоғары. Өйткені ол күнделікті тіршілік құралы. Қазақ дастарқанына түсетін тағамдардың барлығы да (қымыздан басқасы) ең алдымен осы қазаннан өтеді. Халық жай ғана қазан демей оны «қара қазан» деп қастерлеп айтады. Бұл жерде қара сөзі қасиетті, киелі, берекелі деген ұғымды білдіреді.

Қазан шойыннан жарты шар үлгісінде құйылады, ұстауға қолайлы төрт құлағы болады. Сыйымдылығына қарай көлемі әр түрлі болады. Ең үлкені он екі қарыс қара қазан немесе жай қазан дейді. Қазан асындағы ас пісіретін адамды (еркек, әйел) қазаншы дейді. Қазан кәдімгі үш бұтты ошаққа немесе жер ошаққа отырықшы жерде арнайы қазандыққа орнатылады. Оттан көтеріп алғанда қол күймес үшін және күйе жұқпас үшін тұтқыш қолданады.

Қазан тоқшылық пен берекенің, ырыс-несібенің айғағы, қасиетті киелі ыдыс.

Ошақ – қазан асуға арналған қасиетті тұрмыс құралдарының бірі. Оны қастерлеп «қазан-ошақ» деп киелі ыдысқа қосақтап айтады. Ошақсыз қазан асылмайды. Ошақтың үш түрі бар. Біріншісі темір ошақ. Ол нақышталып, бедерленген шеңберден, қазан түбін алақанымен көтеріп тұратын қарғашадан немесе үш аяқтан тұрады. Жиегіне шығыршық орнатады. Бұрын мұндай ошақтарға ат арқандаған. Екіншісі жер ошақ, яғни жерден екі-үш, төрт бұрыштап қазады. Үшіншісі тас ошақ. Оны көш, еру кездерінде тастан қалап жасай береді.

Ерте замандағы ас пісіруге арналған ыдыстың бірі — бақыр. Бұл мыстан немесе шойыннан құйылған қазан сияқты түбі шұңғыл, сабы бар ыдыс. Бұл ыдыспен ет асып жеу көбінесе жылқышылар мен жолаушыларға қолайлы болған «Бақырың оттан түспесің» деп бата беру — жылқышыларға беретін батаның бір түрі. Ол «ет көп болсын» деген ниетті білдіруден туған тілек. Ал кішірек бақырды бақыраш деп атаған. Леген- қол жуатын жеңіл шылапшын. Тегеш- әр түрлі тағам құю үшін жасалған, ернеуі тік, үлкен ыдыс.

Шәугім- бүйірлі келген, шүмекті, шай қайнататын ыдыс.

Шөген- бүйірлі келген, аузы дөңгелек, ас пісіретін шағындау шойын ыдыс. Қазақстанның барлық өңірінде ағаштан әр түрлі күбілер жасалады. Негізінен, күбі жасаудың екі түрі болған. Бір жерде, яғни қайың мол өсетін өңірде тұтас қайың кесіндісінің өзегін ұңғып, кеңейту арқылы жасалса, енді екінші бір жерде әр түрлі ағаштардан дайындалған бірнеше бөлек жіңішке тақтайшалардың темір құрсаулармен біріктірілуі арқылы жасалады. Қымызға арналған күбілер әдетте аласалау және жуандау келеді. Оның да сыртына ою-өрнектер жүргізіледі. Мұндай күбінің бір тамаша үлгісін Ақтөбе өлкетану музейінде сақталынған. Оның түп жағынан ағаштың өзінен үш қысқа аяқ, қақпағы орнықты болу үшін жоғарғы шетінен үш құлақ шығарылған. Мұның биіктігі — 80, диаметрі — 30 сантиметр. Күбі сыртындағы оюлар жасыл фонда қызыл бояумен боялған. Ағаш күбілердің қандайы болсын, түп жағы жуандау келеді де, жоғарлаған сайын жіңішкере береді.

Тұтас қайың кесіндісінен ағаш қақпақпен жабылатын шағын шынықап, аяқ қаптар да жасалды. Ертеректе бұлар көшіп-қону кезінде ыдыс-аяқтың сынбауын қамтамасыз ететін болған. Шынықап, аяқ қаптардың ою-өрнек жүргізілген түрлері де жиі ұшырасады.



Әр түрлі ағаштардан күнделікті үй шаруасына арналған шүмекті және шүмексіз шелектер жасалады. Кейде мұндай шелектердің түбі бөлек салынса, енді бірде ағаш кесіңдісінің өзінен түп қалдырады. Көбінесе шелектің түп жағы мен аузына темірден құрсау салынады. Әсіресе, шелек түбі бөлек тақтайдан орнатылса, темір құрсау міндетті түрде қажет.

Қазақ ұсталары тұтас ағаш кесіндісінен ішін үңгіп к е л і жасайды. Келі-келсап жасау үшін, көбінесе, жөпшендіге жарыла қоймайтын қайың ағашын қолданады. Келі-келсап Қазақстанның барлық аудандарында біркелкі болып жасалғанынады. Тек Ертіс бойындағы елдер келісі биіктеу келеді. Сол сияқты, республикамыздың оңтүстік өңірінде құрама келілер жиі кездеседі. Мұның сыры: тұтас ағаш бұл өңірде бола бермейді. Сондықтан, екі не үш ағаш кесіндісін қиюластырып, түйе терісімен тартып, қаптап тастайды.

Октябрь революциясына (Қазан төңкерісіне – құраст.) дейін ағаштан қант шағуға арналған шағын қол тоқпақтар мен саба піспегі көбірек жасалатынды. Қол тоқпақ тұтас, ал саба піспегінің жоғарғы жағы нақыштала оюланады. Күмістелген не сүйектелгендері де, түрлі түсті бояулармен өрнектелгені де бар. Өкінішке орай, бұл күндері аталмыш бұйымдар өте сирек. Жалпы, «Ел іші — өнер кеніші» деген сөз тегін айтылмаған. Небір ағаштан түйін түйген шеберлер халық қазынасына айналған ғажайып өнер туындыларын жасай білумен бірге, домбыра, қобыз тартып, талантымен тамсандырған ісмерлер аз болмаған. Күмбірлетіп күй төккен, әуелетіп ән салған шеберлер қолынан шыққан музыкалық аспаптар да сөйлеп тұрса керек. Тегінде, музыкалық аспап жасауға жарайтын ағаш түрін таңдау, оларды дұрыстап кептіріп, жақсы дыбыс шығаратындай етіп шауып, мұқият өңдеу көрінген ағаш ұстасының қолынан келмейді, оған қол шеберлігіне қоса сол аспаптардың аздап болса да табиғатын, ерекшелігін білетіндей қабілет те керек.

Қыш ыдыстар (керамика жасау) Қазақстан жерінде ертеден дамыған кәсіп. Қышыдыстарды түрлі қоспалардың көмегімен, саз балшықты күйдіру арқылы жасайды. Қышыдыстар өміріміздің барлық саласында қолданылады: үй тұрмысында (түрлі ыдыс-аяқтар), қүрылыста (кірпіш, құбыр, тақта) техникада (су құбырларын жасауға), мүсін өнерінде кеңінен қолданылады.

Неолит дәуірінен (б. з. д. 5 мың жылдық) кермика кеңінен тараған. Көзешілер керамикалык ыдыстарды жеңіл күйдіру үшін бүйірлеріне әр түрлі оюлар салып жасаған. Керамиканың негізгі технологиялық түріне: құрылыстық кірпіш, терракота, майолика, фаянс, фарфор, т. б. жатады.



Ертедегі көзе шеберлері өз жүмыстарына керекті сазбалшықты оңай дайындаған. Жаңбырдан кейін кейбір жерлерде шалшық су жерге сіңбей бірнеше күндей тұрады, бұрынғы көзешілер сол шалшық суы бар жердің балшығын арнайы ыдысқа (шелек) салып үстіне толғанша су құйған да, ьвдыстағы балшықты сумен бірге әбден араластырып. едәуір тұндырып қойған. Тұнып тұрған ыдыстағы сазбалшықтың бетіндегі жоғары көтерілген жеңіл және ыдыстын астына түскен ауыр заттарды бір-екі алып, ортасындағы сазбалшықты илеп, өз жұмыстарына пайдаланған.

Осы дайындалған сазбалшықтан көзешілер үйге керекті түрлі ыдыс-аяқтар (кесе, тостақ, қүмыра, т. с. -с.) жасап, оларды өз жерлерінің ерекшеліктеріне байланысты ою-өрңектермен әшекейлеп, күйдіріп өз аймақтарына таратқан.

4.3 Қазақтың ұлттық киімдері

Қазақ киімі құлазыған кең даланың үскірік аязы мен аптап ыстығының, салқын самалы мен аңызақ желінің әсерімен қалыптасқан бар өмірі көлік үстінде өткен Сарыарқа мен оған іргелес жатқан ұлан-ғайыр кеңістікте көшіп-қонған малшы қауымның, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей «жер шұқылап», мал ұстап күн кешкен Сыр бойындағы, Қазақстанның оңтүстігі мен Талас-Шу атырабындағы жартылай отырықшы және отырықшы елдің ғасырлар бойы реттеуге көне қоймаған тұйық шаруашылығы мен қарабайыр тіршілігі қалыптастырған заттық-тұрмыстық мәдениеттің бірден-бір көрінісі болғандықтан, өзінің қарапайымдылығымен, үйлесімділігімен, жүріп-тұруға ыңғайлылығымен ерекше.

Ал оның кешегінде халқымыздың сезімталдығын, аса зор эстетикалық талғамын аңғартатын қарқара, мұрақ, айырқалпақ, қасаба сияқты зерлі-кестелі бас киімдердің, бұрын бір ата елдің, кішігірім бір рудың ортақ мұрасы ретінде, қыз ұзатып, келін түсіргенде ғана басына кигізетін, кәдесіне лағыл, жақұт, інжу, маржан, перуза, ақық секілді бағалы тастар, алтын-күміс шытырлар жаратылған сәкәгүлді, құйма төбелі сәукеле, тіптен кемер белбеу, кісе белдік, қыздар буынатын ширатпалы нәзік белдік, күміс-теген таптаурын кебіс, көксауыр етік секілді, қол өнеріндегі мүлтіксіздіктің шегінен көрінетін заттардың, алтынмен аптап, күміспен күптеген алқа, тамақша, шолпы, бойтұмар, сырға, білезік, сақина-жүзіктердің болғаны әсемдікке құштарлықты көрсетеді. Мұның өзі қазақы киімнің табиғатындағы екі жақтылықты — тұрмыс қажеті мен сымбатты болу қамын аңғартатын жәйт. Өйткені заттық өндірістің өзі, сайып келгенде, халықтың сезімталдық талғамымен біте қайнасып жататын құбылыс.

Қазақтағы киімді солға қаусырынатын, шалғайына, етек-жеңіне оқа тігетін, кимешектің өңіріне, жақтауына кесте жүргізетін, сәбидің, қыз баланың, сал-серілердің бас киіміне үкі қадайтын дәстүр о баста табиғаттан тысқары, пайымдауға сыя бермейтін сиқырлы —сұғанақ күштердің, дәлірек айтқанда, жын, перілердің «салқынын» бойына тартып, пәле-жаладан, сұқық көзден, ауру-сырқаудан сақтайды-мыс деген көне түркі-қыпшақ заманынан қалған ескі ұғымнан туған. Бірақ кейіннен бірте-бірте қазақша киінудің жөн-жобасына, киім-кешекті сәндендіру жүйесіне енген. Мұны біз қазақы шапанның, сеңсең тонның шектен тыс айқара қаусырынылатынынан, өңіржиексіз кимешектің—келіншекті, ал үкісіз тақияның — қыз баланы, әсіресе оның бұрымы жоғын ұсқынсыз етіп көрсететінінен де аңғарамыз.

Қазақы киімге қатысты зергерлік заттарға әр түрлі құстардың, жыртқыштардың, бал арасының, көбелектің, ағаштың, жер-судың, тау-тастың кескінін беретін дағдының ерте заманнан келе жатқанын және оның ежелгі сақ, үйсін тайпаларының мәдени жетістіктерін бойына сіңірген «Қарғалы қоймасындағы» аты шулы алтын тәжге, Эрмитажда сақталған батыр дулығасындағы тау, ағаш, құс суреттеріне, ондағы көне шапан кестесіне, тағы да басқа белгілі ескерткіштерге меңзейтінін Қазақстанның музей қорындағы кісе белбеу оқшантайларынан, қапсырмалардан, бойтұмарлардан, нәзік белдіктен көруге болады.

Қазақта салтанаттық киім мен күнделікті киім-кешектің пішімінде айырмашылық бола бермейді. Салтанаттық киімнің бітімі сыпайылау, тігісі жатық, зерлі оқалы, кестелі басына киетіндері көтеріңкі, аяқ киімдері шоңқима, биік өкшелі, қайқы тұмсықты, таптаурынданған, түрлі түсті қайыспен, таспамен өрнектелген, зерлі жіптермен кестеленген болып келеді. Оның үстіне салтанаттық киім-кешекте алтын, күміс жалатқан, жалған қаралы, қиыршықты, ширатпалы қапсырма, белдік, алқа, шолпы, сақина-білезік болған.'

Күнделікті киімге шекпен тоқымасы, қолда бар мата, бөз, кенеп, шыт, сәтен, сеңсең терісі, қолдан ұқсатылған тері-терсек, көн секілді қарапайым материалдар жаратылса, салтанаттық киім-кешекке барқыт, масаты, мәуіті, шұға, жібек, қырмызы, бәтес, мақпал кездемелері, кәмшат, сусар, бұлғын, құндыз терілері, бұлан немесе бұғы күдерісі, жылқы шегірені пайдаланылған.

Халық шеберлері киім тіккенде іс тапсырушының талғамын, жас ерек-шелігін, дене бітімін, бет әлпетін мұқият ескерген.



Киім-кешекті әр жерде мүмкіншілігіне қарай өзінше тіккенімен, бүкіл қазаққа тән түр ұқсастығын, пішімін, бояу-нақышын сақтап, әсіресе оның қыздар, әйелдер, кейуаналар киетіндерін ажырата білген. Мысалға алсақ, қыздар белі қымтылған, етек-жеңіне желбезек салған қос етекті көйлек, оқалы қамзол киіп, беліне металл шытырлармен безендірілген немесе ширатпалы күміс белдік (оны нәзік белдік деп те атайды) буынады екен. Ал қайсы бір жерлерде етек-жеңіне екі-үш қатар бүктесін (оны Маңғыстау мен Атырауда қосетек деп те атайды) берген, арқасы немесе белі бүрілген көйлек сыртына қамзол киетін болған. Қазақстанның оңтүстігінде осындай көйлектің үстіне белдемше қаусырынады немесе шалғы орайды екен.

Қалыптасқан дәстүр бойынша үкілі тақия, әсіресе қыздық дәуреннің белгісі іспетті белдік асқан ұқыптылықпен безендірілген. Қыз бала үшін белдігін жоғалту арынан айырылғанмен бірдей болған! Егер қыз балаға өз қалауымен кестелі немесе қос етекті көйлек киюдің ешқандай сөле-кеттігі болмаса, екі-үш бала тауып, егде тарта бастаған әйелге шымқай түсті матадан тігілгең, кестеленген немесе қос етек салынған көйлек кию ерсі көрінетін. Қыздар шашын көбіне қос бұрым етіп өріп, бас киімсіз-ақ жүре беретін болса, әйел күйеуге шыққан соң, самай шашын басқаға, әсіресе еркектерге көрсету күнә дейтін ескі дәстүрге сай ақсаңнан (сұрыптан) тігілетін, кеудесін, иығын, жон арқасын жауып тұратын, жақтауы, өңірі, тамақ жағы кестеленген кимешек киетін. Әйелдің бұл бас киімі ел арасында шаршысының, пішімінің үлгісіне қарай шылауым, сұлама, күндік, орама деген аттармен де белгілі.

(Балалы әйелдер мен кейуаналар астарланған, тік жағалы жөн көйлектің үстіне қамзол, басына жаулық ораған кимешек, аяғына етік не-месе кебіс-мәсі киіп, сырт киімінің қаусырмасын айқара, белбеумен буынатын болған).

Қыс кезінде әйел көбіне арасына түйе жүн салып көктелетін қаптал шапанға, пұшпақ ішікке, астары жүннен бастырылып, тысымен бірге көктелетін күпіге оранып, басына кимешек киген немесе жаулық, орамал салған.

Қазақтағы еркек киімі әйелдікіне қарағанда біркелкілеу. Тіптен жейдені (көйлек-дамбал), қаптал шапанды, түйе жүн шекпенді, сеңсең тонды барлық жерде бірдей киген. Ал жалпыға тән еркек киім-кешегінде көйлек-дамбалдан басқа бешпет, көкірекше, шапан. Ұлы жүздің шапандары көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, ашық жағалы келеді. Оңтүстік елі өзбек, тәжік, ұйғыр халықтарымен көршілес, көпшілік кәсібі бақ өсіріп, егін салу болғандықтан бұлардың киім үлгісімен тігілу мәнеріне осы жағдайлардың ықпал еткенін көреміз.

Орта жүздің шапандары көбінесе бір беткей матадан, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ ойма немесе түймелі болып келеді. Өйткені орта жүз қалаға жақын, орыс, татар ха-лықтарымен аралас-құралас отырады.

Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып келеді. Шалбар (кей жерлерде оны сым деп те атайды), сондай-ақ бөрік, қалпақ, тақия секілді бас киімдер, көксауыр, саптама етік, кебіс-мәсі болған. Осындай еркек киімі ғасырларды артқа салып бізге жеткенімен, оның құрамында, пішімінде, тігісінде уақыт талабына сай әр түрлі ұрпақ енгізген сапалы өзгерістер болып келгені хақ.

Әсіресе жігіттің киімі әсемдігімен көз тартатын болған. Ол ойық немесе тік жағалы жібек көйлектің, жүріп-тұруына ыңғайлы болуы үшін ауына үшкіл салғанымен, балағын көксауыр етіктің қонышына тығатындықтан, дене бітімін сымбатты етіп көрсететін шалбардың үстінен тұрпатына мығым қонатын күдері, барқыт немесе мәуіті бешпет, басына зерлі тақия, мұрақ, пұшпақ бөрік киіп, иығына түйе жүн шекпен немесе шапан жамылады екен.

Бешпет, шалбар көбіне көгілдір, қоңыр, шымқай күрең мәуіті, барқыт, бедерлі жібек маталардан тігілген. Бешпеттің қаусырмасы, етек-жеңі жіңішке зерлі жолақпен, тоқыма ызбаларымен жиектелетін. Әсіресе нәубетатты өрнектермен кестеленген күдері бешпет пен жарғақ шалбар жоғары бағаланған.



Үйлі-жайлы болып, егде тарта бастаған еркектің киім-кешегі әдетте жігіттің киіміне тән элементтерден тұрғанымен, пішімі молдау, шалбары кеңдеу болып тігілетін.

Қарттардың киімі мейлінше қарапайым, көбіне көктеп тігілетін және әшекейсіз болған. Оларға арнап қалыптасқан дәстүр бойынша жейде, жырым балақты шалбар, арасына түйе жүн салып сырылатын көкірекше, бешпет, шекпен, шапан тігілетін. Ауқатты қарттар, әсіресе олардың ішіндегі аңшылықпен айналысқандары көкірекшенің үстіне күдері бешпет, жарғақ тон, жарғақ шалбар киіп, сыртынан кісе белбеумен қаусырынатын болған.

Еркек қыс кезінде күпі, сеңсең тон, түлкі немесе қасқыр терісінен тігілген қаптал ішік, аяғына киіз байпақты саптама етік, басына тымақ, малақай киген. Бұлардың ішінде әсіресе түйе жүннен бастырылып, шұғамен тысталатын күпі малшы киімінің ертеден келе жатқан үлгілерінің бірі болған. 20-жылдарда Ойыл мен Сағыз бойын мекендеген қазақтың тұрмысын палеоэтнологиялық тұрғыдан зерттеген орыс ғалымы С.Руденко күпіні қазаққа және оның ата-бабасына кем дегенде осыдан екі мың жыл бұрын белгілі болған киім үлгісі деп есептеген.

Шұғамен немесе барқытпен тысталған пұшпақ ішік те қазақ қоғамында жоғары бағаланған. Аса сәнді ішіктің қаусырмасы мен шалғайы кәмшат немесе сусар терілерімен көмкерілген.

Қазақстанның оңтүстік аймағында шапанның да, ішіктің де ойық етек түрлері кездеседі. Ондай ойық кейде тура арт бойдың етегінен, кейде екі жақ шабудың үстінен жасалады да айналасы жұрындалып, кестеленіп, әдемі өрнектермен әшекейленеді.

Сырт киімнің көне түрлерінің бірі кебенек (Жетісуда — кебентай) болып табылады. Оны асқан ұқыптылықпен шаршылап, қылшығын сыртына шығара басқан жұқа киізден ақ, қара немесе қоңыр түсті етіп, атқа отыруға ыңғайлы болу үшін артында жарма қалдырып, шалбарымен қоса пішетін. Шапанға ұқсас болғанымен, тік немесе күләпара іспетті жағасы бар кебенекті жылқышылар үскірік аяз бен ызғырақ желден, жаңбыр мен қардан сақтану үшін. қысқы киімнің сыртынан киген. Қазақтың «Кебенек киген келер, кебін киген келмес» дейтіні де осыған байланысты.

Қаусыра киілетін сырт киім түймеге бекітілмейтіндіктен, белдік оның негізгі элементтерінен саналған. Соның бірі — кісе белбеу. Оның кәдімгі белдіктен айырмашылығы — бұрынғы аңшылардың садақ жебесін салатын» қорабы, оқ-дәрі салатын оқшантайлары іспетті салпыншақтарының, мығым бекітілген қынының болатынымен байланысты. Кісе металл шытырларымен безендірілген.

Қазақта әсіресе бас киім ерекше қастерленген. Оны осы кезге дейін аса құрметті қонаққа ат мінгізіп, шапан жауып, бөрік кигізетін дәстүрден де аңғаруға болады.



Еркектің бас киімі жергілікті жағдайда қолға түскен материалға байланысты әр түрлі болған. Оның көп тарағаны — бөрік. Ол төрт үшкілден төрт қырлы күмбез іспетті етіп пішіліп, арасына жүн салып астарланып, барқытпен, шұғамен, күдерімен тысталатын. Олар көбіне кәдеге жаратылған аң терілерінің атымен құндыз бөрік, сусар бөрік, пұшпақ бөрік деп аталған. Бөріктің түрмесі кейде жалпақ, кейде жұмыр етіліп жасалады. Ал оңтүстік аймақтарда қой терісінен тігілген, түрмесі үлкен бөрік киеді. Бөріктің неғүрлым жүнді де жылы түрлері Батыс Қазақстан, Атырау жағында жиі кездеседі. Жетісу, Семей, Өскемен жағында жалпақ және биік түрмелі үлгілері көп. Бұрын ақын, әнші, сауыққой салдар мен өнерпаз жастар өте сәнді тігілген шошақ төбелі қүндыз бөрікке үкі тағып киет.

Халық арасында елтірі бөрік, түлкі тымақ, малақай, европалық үлгідегі құлақшын да кеңінен тараған. Әр облыста (әр жүзде) тымақ әр алуан үлгіде тігіледі. Олардың әрқайсысын "арғын тымақ", "үйсін тымақ", "найман тымақ" деп немесе "ұлы жүз үлгісі", "орта жүз үлгісі", "кіші жүз үлгісі" деп түр-түрге бөліп айтады. В. Плотниковтың 1859-1862 жылдары жазған қазақ киімдерінің ішінде бөрік пен тымақтың 15 түрлі үлгісі мен атаулары бар. Солардың ішінде жаба салма, қайырма, төрт сай, сегіз сай, дөңгелек төбе, шошақ төбе, жекей тымақ деген түрлері ел арасында қазір де көп кездеседі. Жаба салма тымақ негізінен түлкі терісінен, сеңсеңнен тігіледі де қүлагы мол, милыгы кең, төбесі аласа болып келеді. Қайырма тымақ та түлкі мен қозы терісінен тігіледі, оның маңдайы төбесіне қарай үлкен қайырмалы келіп, жүрындары жалпақ болады. Төрт сай тымақтардың төбесі төрт бөлек, сегіз сай тымақтардың төбесі сегіз бөлек теріден немесе киізден құралады. Дөңгелек төбелі тымақтың төбесі иықсыз, милықты, жатаған келсе, шошақ төбелі тымақтың төбесі иықсыз, бірақ үшкірлене биік етіп сырылады.



Тымақтың бөлшектері төбе, маңдай, екі алдыңғы қүлақ және артқы етек болып беске бөлінеді. Екі алдыңгы қүлақтың сырт жагынан бастырған екі бауы бар. Тымақтың құлағы мен етегінің төбемен жалғасқан жерін милық деп атайды. Аса әшекейлі тымақтардың төбе аралықтарын, милығьш алтын, күміс оқамен жолақтап әдемілейді. Ал қүлапараны тымақтың сыртынан сулық ретінде киеді. (Жекей тымақ — жаз бен күзде киетін әрі сәнді, әрі жеңіл елтірі тымақты айтады. Жекей — сәнді деген сөз. Жекей тымақты дүрия, шағи сияқты жібек маталармен тыстап, кейде оның артқы етегін көтере түріп, кейде алдыңғы бір жақ қүлағын алға келтіре әнтек шекеге салып киетін .

Қазақстанның оңтүстігінің, Сыр бойы мен Талас-Шу атырабының отырықшы немесе жартылай отырықшы қазағы жазда арнайы басылған жұқа ақ киізден үшкілдеп, сүйірлеп пішілетін, тігісі қиылысқан жерлері қара жолақпен жабылатын, қайырмасы қара барқытпен тысталатын қалпақ киген. Оның қазақы, жырық, құйма, керей нұсқа деп аталатын түрлері болған. Орталық және Батыс Қазақстанның шонжарлары көбіне сәндік үшін аласа шошақ бөріктің үстінен алтын зермен кестеленген шымқай күрең немесе қызыл барқытпен, қайырмасы жасыл мәуітімен тысталған биік қалпақ киетін. Оны әр жерде әр түрлі атпен айыр қалпақ, мұрақ, сәукеле қалпақ деп атап келген.

Малшы жазда басына шұғадан немесе сәтеннен тымақ үлгісімен астарсыз үш бұрышты етіп пішілген, күмбезінің алдында арнайы күнқағары бар жалбағай, далбай, күләпара киген.

Ересек қазақ барлық уақытта, тіптен дастарқан үстінде де басынан дөңгелек тақиясын тастамаған. Сыртқа шыққанда оның үстіне бөрік, тымақ, қалпақ киетін болған. Тақияның ең қарапайым әшекейі — шеңберінің айналасына берілетін иректелген сызықша. Ал оның «күмбезіне» төрт жағынан жібек немесе зерлі жіптермен «шұғыла», «гүл» тағы да басқа өрнектер жүргізілгендері жастар киетін тақияларға тән. Қазақ бұрын Қазан, Бұқар, Ташкент сияқты қалалардан сатып алынған тақияларды да кәдесіне жаратқан.



Еркектер көбінесе оң мен солға ажыратылмайтын етік киген. Бұл — үнемі бір аяқтан екінші аяққа ауыстырып, ұзағырақ киюдің қамынан туған жағдай. Ал оңға-солға ажыратылатын аяқ киім қазаққа тек соңғы кездерде ғана, онда да европалық аяқ киім ықпалымен тарала бастаған.

Дала халқының арасында кеңінен тараған аяқ киім — қолдан иленген көннен тігілетін саптама етік. Оны адамның аяғы мен тізе буынын суықтан сақтауға бейімделген киіз байпақтың сыртынан киген. Жасыл шегіреннен тігіліп, түсті қайыстармен, зермен безендірілетін қайқы тұмсықты көксауыр етікті аса сыпайы аяқ киім ретінде көбінесе байлар киген. Қазақ сапалы шегірен шығару үшін жұмсартылған көңге тары сеуіп, үстінен салмақты затпен бастырып ұқсататын болған. Кебіс-мәсіні көбіне қарттар киген.

Қойшы-қолаң, кедей қазақ қарапайым етік, шоқай, ал шөгінді, қиыр-шық тасты таулы жерлерде етіктің сыртынан табаны мен өкшесі мұқалмас үшін шикі қайыстан тігілген шарық киетін.

Күйеу мен қалыңдықтың үйлену салтанатына киетіні сәнімен, әшекей үйлесімімен , бояу-нақышымен ерекшеленген. Әсіресе күйеу жігіттің киім-кешегінде кездесетін зермен кестеленген, алтын жолақпен әдіптелген, бірінің үстіне бірін киетін көкірекше, бешпет, шапаны аса сәнді болған. Қалыңдықтың кестелі барқыт көйлегі, оқалы қамзолы күнделікті тұрмыс-қа, жүріп-түруға ыңғайсыз болғанымен, асқан ұқыптылықтың бірден-бір үлгісі болып табылатын сәукелесі, алтынмен апталған, күміспен күптелген шытырлармен безендірілген белдігі, шолпы, алқа, тамақша, сақина-білезігі, таптаурын немесе зерлі кебісі мүлтіксіздігімен көз тартатын. Сәукеле — бұрын киелі деп есептелген, өте ерте заманнан келе жатқан қалыңдықтың бас киімі. Ол жөнінде көптеген дастандарда, аңыздарда айтылған. Сәукелеге ұқсас бас киімдерді археологтар ерте ортағасырлық мүрделерден де кездестірген. Үйлену салтанатына арнап қалындықты жасандырғанда, әдетте оның басына маңдайлық, желкелік жанамала қыстырылатын қаңқа ретінде, биіктігі 20-30 сантиметрдей келетін, бағалы аң терісімен көмкерілген «сүйір бөрік» кигізетін де, үстіне сәукеленің өзін қондыратын болған.

Сәукеле көбіне күрең немесе шымқай қызыл барқытпен тысталған жұқа киізден арт жағы биіктеу етіп пішілетін де, төбесі күміс зермен кестеленген шашақты табақшамен жабылып, алтын жалатқан күміс шытырлармен, лағыл-жақұт қондырылған тәтімен, екі жағына бірдей төгілетін маржан, інжу, перуза моншақтарынан тізілген жақтамалармен безендірілетін. Сәукелеге міндетті түрде жұқа ақ желек ілетін болған. Ол беташар айтылғанда қалыңдықтың жүзін, бүкіл денесін жауып төгіліп тұрғандықтан, қыздың дене пішімін өте нәзік, сымбатты етіп көрсететін.

Үйлену тойына бұрын қалыңдық сәукеленің орнына зерлі қасаба да киген. Оған дәлел — қазақ тілінің лексиконында «қасабалы қалыңдық», «қас балы келіншек» деген тіркестердің сақталып қалғаны. Шамасы, қазақ әйелінің осы бір керемет бас киімі өзімен аттас көне түркі (қыпшақ) бас киімінің негізгі элементтерін бойына сіңіріп бізге жеткен болса керек. Өйткені «қасаба» көне түркіше «алтын зерлі» деген мағына береді. Қалыңдық қасабаны жібек көйлектің үстіне қаусырынатын, шалғайына, етегіне кесте жүргізген белдемше мен қыздарға тән сезімтал талғамының бірден-бір нышаны іспетті нымшаға (көкірекше) қоса киген.

Қасаба киетін қалыңдыққа әдейі арнап, оның стиліне сай алқа,шолпы ілезік, сақина-жүзік соқтырып, аяғына күмістеген таптаурын кебіс тіккізеді екен.

Қасаба жөнінде мен бірінші рет онжылдықта оқып жүргенде өзімнің кіндік шешем, заманында шеберлігімен аты шыққан Тілеулес Сейітбек келінінен естігеніммен деп жазады Ө. Жәнібеков, ол кезде оған жөнді мән бере қойған жоқ едім. Ол кісінің суреттеуіне қарағанда, қасабаның сұлбасы дөңгелек етіп пішілетін, желкесіне қарай бірте-бірте ойытқи түсетін құламасы болған. Ол нымша мен белдемшеге (шалғыға) кеткен матадан, көбіне күрең немесе көгілдір барқыттан тігілген. Айдынын зерлі жіптермен кестелеп, қиылысқан жерін алтын жолақпен жапқан, металл шытырлармен безендірген.

Қасабаның маңдайына әр түрлі шытырлардан, інжу, маржан, перуза секілді тастардан тізілген дөңгелек табақшалармен бекітілген қыстырма ілінеді екен. Ал оң жағына, самайдың үстіне туралап, маңдайдағыдан ұзынырақ күміс қоңыраушалармен үшталған бес-алты тізбектен тұратын салпыншақ қыстырылатын болған. Бұл жас келіннің жүйкесін жұбатады-мыс деген ескі ұғымнан туған түсінік болса керек. Қасабаға қалыңдық сұқ көзден аулақ болсын деп үкі қадаған.



Ежелгі салтпен келіншек той өткен соң қасабаны үкісіз, желексіз киіп, құламасына орамал салған.

Осындай көне бас киімнің бір нұсқасын Қазақстанның Орталық му-зейінде тозығы жеткен ескі заттардың арасынан тауып алып, бірде белгілі тарихшы-этнограф, ғылым докторы Халел Арғынбаевқа хабарлағанымда деп жазады Ө. Жәнібеков, ол кісі мұндай бас киім жайында әзірше этнографиялық әдебиетте ешқандай мағлұмат жоқ дегенді айтты. Өкінішке қарай, музей қорында да бас киім «қалпақ» деген жалпылама атпен тіркелген екен. Сөйтіп жүргенде 1979 жылы Мәскеуде «Костюм народов Средней Азии» деген кітап басылып шықты да, онда қасаба атты бас киімнің қазақта болғаны жайында айтылғаны ізденісімізге демеу беріп, жігерлендіре түсті дейді ол. Мұнан кейін бір күні А.С.Пушкин атындағы кітапханада тарихи және мәдени ескерткіштерге қатысты материалдарды қарап отырып, белгілі сәулеткер Төлеу Бәсеновтың еңбегінде жарияланған Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің зайыбы Фатиманың фотосуретінен ханшаның басына кигені өзім іздеп жүрген қасаба екенін көріп, көңілім орнына түскендей болды. Оның үстіне ханшаның киім-кешегі де қасабасымен қоса біздегі музей қорында болып шықты.

Қазір бізге қасабаның негізгі үш түрі белгілі. Оның ішінде жұртқа көбірек танымалы — Жәңгір ханның зайыбы киген түрі Ө. Жәнібековтың тікелей қатысуымен Алматыдағы «Түскиіз» фабрикасында өндіріске енгізілді. Екіншісі Қазақ театр қоғамы шеберханасында, Қаскелеңдегі «Раушан» фабрикасында қайта қалпына келтірілді. Қасабаның желке жағындағы құламасының орнында шашылып тасталатын жамылғысы бар үшінші түрі, зерлі шашақ жасап әуре болғысы келмейтіндердің матаны шетін сетінетіп, бас киімге жапсыра салатынынан түрі өзгерген қалпында, онда-мұнда кәдеге асырылып жүр.

Қасаба мен белдемше-нымшаға көбірек көңіл бөліп отырғанымыз осындай тамаша киім үлгісіне әлі де болса жөнді көңіл бөлінбей келе жатқанымен байланысты еді. Тіптен тақияға капрон үкі қадап әлек болғанша, қазақ әйелінің ертеден келе жатқан қасаба секілді үкісіз киюге болатын бас киімін тұрмысқа, концерттік ансамбльдерге ендіре берсек, қазақы киімді ұтымды пайдалануға қосылған үлес болар еді деп жазады Ө. Жәнібеков өзінің «Қазақ киімі» деген еңбегінде.

Сәукеле мен қасаба бірте-бірте XIX ғасырдың аяғына қарай тұрмыстан шығып қалған. Әйтсе де олардың қайсыбір нұсқалары бай әулеттерде сақталып, ғұрыптық бас киімдерге — рудың, тайпаның меншігіне айналғандықтан, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келген. Оларды ұзатылатын қызға, түсетін келінге киелі бас киім ретінде кезектесе кигізетін әдет осылай пайда болған.

Баланың киімі, нәрестеге арнап мақта-матадан (бомазей, шыт, бөз) ұзынырақ, иық жармасынсыз, әдіптелмей тігілетін ит көйлекті, күләпараны, арасына жүн салып көктелетін жұмсақ кеудеше мен шалбарды қоспағанда, негізінен ересектердің киім-кешегін қайталайды. Мұның өзі баламыз тезірек ер жетсе деген ата-ананың игі тілегінен туған жәйт болса керек.

Қазақ арнайы түрде қаралы киім тікпеген. Әйелдер әдетте бұрымын тарқатып, шашын жаятын да, киіміндегі әшекейлерді жұлып тастап, иығына қара жамылатын болған. Ал еркектер жағы сұр түсті шыт пен сәтеннен қаралы белбеу буынып, таяққа сүйеніп, өліктің денесі қойылған үйдің алдында көңіл айтуға келгендермен көрісіп, олармен бірге үйге құран оқылып, «жұбату» айтылатын кезде ғана кіретін.

Қазақтағы жауынгерлік киім жалпыға мәлім әскердің, аңшының киім-кешегі іспетті болған. Қазақ қан майданда жауынан олжалаған сауытты, қалқанды, сүңгі-найзаны, қылыш-қанжарды да кәдесіне жаратқан. Металдан кіреуке тоқытуға мүмкіндігі бола бермейтіндер сыртқы киімнің астына көнмен қапталып, арасына жүн, қыл салып сырылатын көкірекше киген.

Қазақы киім — өзіне тән ерекшеліктерін сақтап бізге жеткен заттық-тұрмыстық мәдениеттің бірден-бір көрінісі. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында товарлық өндірістің дамуы, көрші халықтармен экономикалық және мәдени қарым-қатынастың нығаюы, әсіресе Қазақстанға орыстардың, украиндардың, немістердің, татарлардың, тағы да басқа халықтардың көптеп қоныс аудара бастауына байланысты қазақ тұрмысына ене бастаған өзгерістер, сол сияқты қалалық сәннің әсері ұлттық киімге өз ықпалын тигізбей қойған жоқ.

Әйтсе де қазақы киімнің бірте-бірте тұрмыстан шыға бастауы Кеңес өкіметі жылдарындағы қазақ ауылын жаңа негізде қайта құру үрдісімен байланысты еді. Өйткені адамның жеке басына қажетті киімнің барлық түрін — ішкі жейдеден пальтоға дейін дайын күйінде сатып алуға мүмкіндік туғандықтан, үй жағдайында киім тігудің азая түскені, көп жерде бұл кәсіптің мүлдем жойылып кеткені осы кезеңмен тұстас болды.

Қазақтың киім-кешегінен халықтың өткендегі өндіргіш күштерінің деңгейін, шаруашылығының даму үрдісін, тіптен меңіреу табиғаттың әсерін, сол сияқты көрші елдердің ықпалын аңғаруға болады. Оның ізін жоғалтпай, әрін тоздырмай әлі де болса ел игілігіне қызмет ететіні даусыз. Оған дәлел — әр түрлі маталардан тігілетін шапан, бешпет, қамзолдардың, аң терілерінен, қаракөл елтірісінен, жұқа ақ киізден тігілетін бас киімдердің, кебіс-мәсінің, тағысын тағылардың республика тұрғындары арасында кеңінен қолдау тауып келе жатқаны. Қазақы киімнің қонымдылығы, пішімінің мұқият ойластырылғаны ондағы киім табиғатымен біте қайнасқан келбет пен әшекей бірлестігін қазіргі киім үлгілерінде де кеңінен пайдалануға болатынын көрсетеді. Тіптен егде тарта бастағандардың киім-кешегіндегі жас ерекшеліктеріне байланысты европалық нұсқа мен дәстүр сарынының қатар пайдаланылып келе жатқанының өзінде үлкен мән бар.

Қазақы киім — көненің көзі. Оны ескерткіш ретінде болашақ ұрпаққа сақтау қажеттігін ескерсек, оған барынша қамқорлық жасап, қалпына келтіру, баламаларын көптеп шығара түсу басты парыз болмақ. Себебі уақыт өткен сайын ұлттық киімді сақтап, зерттеп білудің қиынға түсе беретіні де күмән туғызбаса керек. Мәселен, ұлттық киімді этнографиялық жолмен, яғни далалық экспедициялар арқылы іздестіріп, киім-кешектің әлі де болса сақталып қалған нұсқаларын жинап, хабарлаушылар арқылы ел аузындағыларды жазып алғанның өзінде, олардың білетіндерін, әке-шешелерінен, ата-әжелерінен естігендерін қоса есептегенде, біздің бар мүмкіндігіміз хронологиялық жағынан XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басымен шектеледі. Республиканың музей қорында да негізінен осы кезеңнің киімдері сақталған.

Киім-кешекті зерттеп білудің бірден-бір тиімді жолы жазба деректер болғанымен, оларда қазақы киімге тікелей қатысты мағлұмат жоқтың қасы. Өкінішке қарай, көне тарих жайлы көптеген мағлұматтар жинақталған қытай — араб — парсы — армян жазба деректері бұл жағынан әлі зерттелмей келеді. Қазақстанда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан да қазақы киім жайында мәлімет табыла бермейді.

Осының бәрін ескере отыра, қазақы киімді жете түсінетін соңғы ұрпақ ауыспай тұрғанда, жоспарлы түрде кең көлемді далалық экспедициялар ұйымдастырып, киім-кешек нұсқаларын жинай беруді ел аузындағы мәлі-меттерді жазып алумен қатар жүргізе берген жөн. Ал музей қорына келсек, ондағы қазақтың дәстүрлі киім-кешегіне жаратылған мата, аң терілері, былғары, шекпен, жұқа киіздің, сақтай білмесе, бірте-бірте бұзыла беретіні айқын. Оларды «ескірмей» тұрғанда мұқият зерттеп, өңі тоза бастағандарын қайта қалпына келтіріп, арнайы альбомдар, буклеттер шығару игі мақсатқа қосылған үлкен үлес болмақ.

Қазақы киімді қастерлеу әрі құрмет тұту елдің есейгенін, оның өскелең өмірін танытадьгі Оның қазақтану ісінде де, халқымыздың мәдени-та-рихи өмірінде де елеулі орын алатыны даусыз. Өйткені қазақ киім-кешегі — ұрпақтан ұрпаққа алмасып келе жатқан, елдің ғасырлар бойы қалыптасқан сезімталдық талғамын, сәндікке, үйлесім бірлігіне, көркемдікке ұмтылған жасампаздығы мен шығармашылығының жетістіктерін бойына сіңірген құбылыс.

Оның қай-қайсымыздың болса да ұлттық мақтаныш сезімізді оятатыны хақ..



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет