Ет салынған бүктеме (орыс.пирожки с мясом, ағылшын. meat pies) – ашыған қамыр 45 грамнан бөліктерге бөлініп, дөңгелектеледі де, 5 минуттан соң дөңгелек күлше етіп жайылады. Әрбір күлшенің ортасына ет турамасы салынып, күлшенің ортасы ашық қалдырлады да, екі шеті жапсырылады. Майланған табаға орналастырылып, көтерілген соң жұмыртқа жағылады.
Еспе бауырсақ (орыс. еспе баурсак, ағылшын. yespe baursak)– мұның да қамыры таба нан қамыры секілді иленеді. Бірақ одан сәл жұмсақтау болады. Қамыр 110-115 грамнан бөлінеді. Содан соң бармақтың жуандығындай етіп созылады да жіп ескендей есіліп, екі ұшы қосылады.
Қазанға ұсақтап туралған құйрық май салып шыжғырылады. Шыжығы сүзіп алынады да май қайнаған кезде есілген қамыр салынып, қуырылады. Дастарқанға қант ұлпасы себіліп әкелінеді.
Езілген құртқа жібіткен сөк (орыс.майсок с куртом, ағылшын. maysok with kurt) –майлы құрт ыстық суға езіледі де үстіне алдын ала сөк салынады. Ыдыстың қақпағы 30-40 минуттай жауып қойылады. Содан соң жақсылап араластырылады. Дастарқанға кесеге немесе тостағанға салынып әкелінеді.