LITERATURE
Benkő Mihály. The Magyars of the Torghay-steppes. Budapest, 2003.
Benkő Mihály, Babakumar Khinayat. The written relics of the Eastern Magyars. Budapest, 2007.
Кушкумбаев A.K. Об этнических взаимосвязях казахов и мадьяр (по предварительным результатам экспедиции 2006 года в Омскую область) // Казахи Омского Прииртышья: история и современность. Омск, 2007.
VIII Международный Евразийский научный форум, посвященный 20- летию независимости Республики Казахстан (Сборник). Астана 2011.
Tóth Tibor. Az ősmagyarok mai relictumáról. (Előzetes beszámoló.) MTA, a Biológiai Osztály Közleményei. 1966, 283–299.
Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. М., 2001.
Зуев Ю.А. Ранние тюрки: очерки истории и идеологии. Алматы, 2001.
Ж.О. Артықбаев
Астана қ., Қазақстан
ҚАЗАҚТЫҢ АУЫЗША ДӘСТҮРІ: ҰҒЫМ ЖӘНЕ
ТӘПСІРЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазақ халқының тарихына қатысты тарихи деректердің кешенінде ауызша дәстүрдің алатын орыны аса маңызды. Ақселеу ағамыздың «ауызша тарих» дегені ең алдымен Қазақтың және Ұлы дала белдеуін қазаққа дейін мекендеген қыр халықтарының ауызша тарихи шығармашылығы. Әдеби шығармашылықтың бір саласы және тарихи жадының қоры есебінде бұл білімдер көбінесе бір ұрпақтан екіншісіне ауызша беріліп отырған. Ауызша шығармашылықтың жалпы нобайы тарихи аңыздар мен әңгімелердің тұтас циклдарын, көпшілікке танымал эпикалық жырларды, мақалдар мен мәтелдерді, ал кейде тарихи оқиғалар мен оған қатысушылар туралы орынды айтылған қанатты сөздерді де қамтиды. Ауызша дәстүрдің әр түрлі ескерткіштерінде сақталған аса құнды мағлұматтардың тарихи өткен шақты қайта қалпына келтіру мүкіндігі шексіз.
Жоғарыда аттары аталған түрлі ауызша дәстүр деректерінің ішінде қазақ қоғамының өткен жолын жазуға Шежіре аса маңызды қызмет жасайды. Тым алыс емес заманда бір жағынан марксизм-ленинизмнің методологиялық ережелерінің үстемдігіне, екінші жағынан біздің ерекше отаршылдық жағдайымыз, «кіші туыс» болғанымыз себепті, ұлттық дәстүрлерге деген нигилизм жайлап, ұлттық тарихымыздың қайнар көзі шежіре «кертартпа –клерикалды білім» ретінде ғылыми мәселе қатарынан шығарылды. Күні бүгінге дейін Қазақстан тарих ғылымында Шежіренің теориялық-методологиялық мәселелеріне арналған зерттеулер жоқ. Алыс қашықтықтан байқастау, кейбір тақырыптар игермек ниет, насаб-нама, яғни ата тарату сызба-схемаларын ғана бар. Осы себепті қазақ шежіресінің шынайы мәнін түсінуге, өзіне дейін және өз кезеңінде пайда болған сан қилы ғылыми тұжырымдарды қорытындылап, шежіретануға қажетті ұғымдар мен терминдерді жүйелі түрде қалыптастыруға күш салған Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» еңбегі ерекше.
Бүгінгі күні біздің Ақаң жеткен биіктен әрі баруымыз керек екені заңды. «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» деген сөз бар. Біздің ойымызша ендігі асыл мақсаттардың бірі қазақ шежіресінің деректерін ғылыми айналымға қосу, ал ол осыған дейін батыстық әдебиетте қалыптасқан ауызша дәстүрді зерттеу тәжірибесіне, сонымен бірге қазақ тілінің алтын қорына, Ұлы даланың тарихы мен этнографиясы туралы шынайы білімдерге иек артқаны жөн.
Еуропалық ғылымда ауызша тарихи дәстүрді ғылыми сараптау және оны жазба дәстүрлері жоқ халықтардың тарихын жазуда қайнар көз ретінде қолдану талпыныстары ХХ ғасырдың басында басталды. Бұл әрекеттер өз кезегінде тарихтың осыған дейін даму нәтижелеріне сүйенді, тарих қашанда жеке ғылым саласы ретінде тарихи аңыздарды, эпикалық немесе лиро-эпостық жырларды, мифтер мен әртүрлі әңгімелерді белсене пайдалануға негізделді. Бұған көз жеткізу үшін Геродоттың «Тоғыз кітапты тарихын» немесе антика дәуірінің кез келген тарихшысының еңбектерін ашып көрсек жеткілікті. Бұл дәстүр антика әлемімен және оған көршілес региондармен шектелмейді. Шығыстың ерте тарихнамасы да ауызша тарихи дәстүрді пайдалануға құрылды. Алайда уақыт өте келе жазба деректер көбейді де батыс тарихшылары жазба деректерге негізделмеген тарихи зерттеулердің шынайылығына күмән келтіре бастады. Бұл көзқарастар Африка тарихын ауызша деректер арқылы жазбақ болған ғалымдардың еңбектеріне қатысты айтылған ағылшын зертеушісі Хью Тревор-Ропердің: «Мүмкін, болашақта әйтеуір бір Африка тарихы жазылар... Қазір ол жоқ, тек еуропалықтардың Африкадағы тарихы ғана бар. Одан басқасы қараңғылық..., ал қараңғылық тарихтың пәні болып табылмайды» деген пікірінен анық сезіледі. (2, с.67)
Сыншылардың екінші аргументі дәстүрлі қоғамдарда батыс және шығыс түсінігіндегі кәсіби тарихшылар тобының болмауы. Тарихпен айналысу міндетті түрде жылнамалармен, оқиғаларды және фактілерді қағазға түсірумен, билеуші әулеттің хроникасын жазумен ассоцияцияда қарастырылады. Арнайы атап өту керек, тарихты сезіну қабілеті көптеген жазбасыз халықтарға тән, әсіресе көшпелілерге етене, оны қасиеттеу мен түйсінуді ауызша дәстүрдің қарсыластары есепке алмайды.
Ауызша дәстүр қазіргі тарихнамаға тән оқиғаларға таңылу, эмпиризм гегемониясы және бір жазылғанды екінші рет көшіру сияқты қағидаларын тіпті де ескермейді. Оқиға және факт – қазіргі тарих ғылымы бірнеше жүз жыл өз жұмысына пайдаланып келе жатқан құрылыс материалдары. Алайда еуропалық ғылым өзінің аяғындағы шідерден құтылуға тырысатыны байқалады. М.Блок бір еңбегінде «Мәселе Исаның (Иисус пайғамбар-Ж.А.) креске керіп шегеленгенінің болған болмағанын, одан кейін қайта тірілуін анықтау емес. Бізге маңыздысы біздің жан-жағымыздағы осыншама адамның керу мен тірілуге қалайша сенетінін түсіну» (1, с. 21-22).
Еуропа ғалымдарының ауызша тарихқа бет бұруы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталды. 1948 жылы Америка Құрама штаттарында Колумбия университетінің профессоры Алан Невинс сейсмологиялық және теңіз геодезиялық жұмыстарының негізін салушы пионерлердің өмірін зертеуге арналған «Ауызша тарих проектін» ұйымдастырды. Ауызша тарих зерттеу әдістерін әлеуметтік және жеке бас қарым-қатынастарын қайта қалпына келтіруге қолдану ауызша тарих табиғатының ыңғайлылығына байланысты. Қоғам дегеніміз адамдардың жиынтығы, ал кез келген қоғамның өмірі қызықты, бұл жолдың негізгі қағидалары да осында. Қазіргі ауызша тарих ілімінің негізін салушылардың бірі Пол Томпсон атап көрсеткендей «қоғам мен тарих арасындағы қарым-қатынас кез келген жағдайда бір жақты болмауы керек, бұл дегеніңіз үздіксіз айырбас, ақпаратпен оны тәпсірлеу, оқытушы мен аудитория арасындағы өзара диалектикалық байланыс » (10, с. 6.).
Бір сөзбен айтқанда ауызша тарих –бұл адамдарды айнала қоршаған тарих. Өзінің табиғаты бойынша ол тарихты нақты өмірмен толтыруы керек, яғни ол қаһармандарды тек қана көсемдердің арасынан ғана емес, үнсіз өз тіршілігін жасап жатқан қарапайым халықтың арасынан да табуға мүмкіндік береді. Міне осындай тарихтың демократиялық түрі «ауызша тарих» ұғымына мазмұн береді. Біздің ойымызша зерттеушілерге бұл ұғымнан «ауызша дәстүрді» нақты айырып қараған жөн. Бір қарағанда ауызша дәстүр ауызша тарихтың қайнар көзі сияқты, ал шын мәнінде жеке мағынаға ие. Мәселе ауызша дәстүрдің көптеген ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы дәстүрлі тарихтың негізін құрағынында. Оны алғашқы тарих туралы тәжірибе деп те айтуға болады. П.Томпсон дұрыс атап өткендей «осы таяуда ғана ауызша қайнар көздермен жұмыс істей білу ұлы тарихшыларға ғана тән, солардың ғана қолынан келетін қасиет деген ұғым өмір сүруін тоқтатты» (10, с. 7).
Біздің ойымызша жоғарыда келтірілген П.Томпсон және басқа да англо-американдық тарихшылардың «ауызша тарих» ұғымына берген анықтамаларымен Ян Вансинаның «ауызша дәстүр» туралы түсініктері арасында үлкен алшақтық бар сияқты. Алғашқылары ауызша тарих дегенде ең алдымен оның халықтығын, яғни демократиялық негізін, қолжетімділігін меңзесе, Ян Вансина «ауызша дәстүр» ұғымына зерттеушілердің әр біреуінен табыла бермейтін кәсибилік деңгейінде ғана анықталатын күрделі категорияларды енгізеді. Біріншіден, бұл әр түрлі ғұрыптарды, ұрандар мен титулдарды жатқа білу, қанатты сөздермен жеткізу. Екіншіден, бұл географиялық атаулар мен адам аттары. Үшіншіден, тарихи, діни жене жеке поэзия. Төртінші категория- әңгімелер- тарихи, дидактикалық, көркем және жеке басқа қатысты. Ең соңында, бесінші, әдет-ғұрып заңдары және басқа тәпсірлер (12, p. 112-114.). Егер салыстыра қарасақ осы айтылған мәселенің бәрі де қазақ шежіресі аталатын ұғымның мәні мен мазмұнын құрайды, сол себепті де, оны ауызша дәстүрмен теңдестірмеске лаж жоқ.
Соныменен, еуропалық ғылым өткен тарихты қайта қалпына келтіру үшін ауызша дәстүрге байсалдылықпен бет қойды. Бүгінгі күні ең күрделі зерттеулер мына сұрақтардың маңында өрістеуде: а) ауызша дәстүр қоғамдағы әр қилы идеологиялық, сонымен бірге ресми мәселелерді қаншалықты көрсете алады, ә) ауызша тарихи дәстүрге тән қарапайым циклдық, жабықтықты қазіргі күні барлығымыз қабылдаған бір түзудің бойындағы жылсанаумен қалай қабат қарастыруға болады, б) кей кейде өте көне заманның тарихи шындығына негізделген ауызша тарихи дәстүрге тән аңыздық (әфсана-жыр) тәпсірлеу қосымша дәлелдемелерді керек етеді, егер ол заман туралы біздің қолымызда аңыз ғана болса, біз басқа дәлелді қайдан таппақпыз ? Алайда, осы сияқты сұрақтарды тарихтың жазбаша негізделген дәстүрлері де қояды.
Қазақтың шежіретану дәстүрі ХІХ ғасырдың ортасынан. Шоқан Уәлихановтан басталады. ХХ ғасырдың басында қазақ ортасынан талантты тарихшылардың жұлдызды шоғыры (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Құрбанғали Халид, Нұржан Наушабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы және т.б.) осы жолды жалғастырды. Біз олардың тарихжазу дәстүрлері қыр тарихтану дәстүрінен бастау алады және оның жазбаға түскен жалғасы деп есептейміз. Осы аталған тарихшылар бірінші рет қолдарындағы тарихи-фольклорлық материалдарды жүйелеу үшін орасан көп еңбек жүргізді. Шежіре көп заман тек ауызша сақталғандықтан фольклордың аса білгір қариялары мен жинаушыларына ғана белгілі болды. Оны біз ұрпақтан ұрпаққа арнайы қариялар арқылы ғана берілетін жабық білім қатарына жатқызамыз. Шежіренің жеке фрагменттерін аса белгілі ру басы батырлар мен билер, төре әулеттерінің өкілдері жатқа білген. Шежіреге енген өткен тарихтың тәжірибесі мен даналықтары ел басқару жұмыстарында керек болды, яғни таза практикалық қызметті де атқарды. Қ.Халид «бұл тайпалар бабаларының сөздерін зейінімен тыңдап ұғып, олардан естіген шежірелерін еске алып, әр мәжілісте, әр жиын-отырыста үнемі қайталап, шын ниетімен ойларында ұстап, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, насабшыларына шежіре деп ат қойған. Ұлы дүбір мерекелерінде шежірешінің маңайын толтырып, өткендерін сұрастырып, үйлерінде болса ол кісінің алдында дәріс оқығандай үйреніп жақсысын жаттап, қиынын қаттап жататын болған. Сол шежірешіден мен өзім де бірнеше рет сабақ алған едім» деп шежіренің осы жағына баса назар аударады (11,51 б.)
ХІХ - ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихшылары Шежіре маңызын әр түрлі түсіндірді. Жаңа ғана қалыптасып келе жатқан жазба дәстүрдің ішінде әлі де кәсіби білімнің жетіспеушілігі байқалады, сонымен бірге зерттеушілердің арасында осы құбылыстың нақты анықтамасы да жоқ еді. Мұхамеджан Тынышбаев революцияға дейінгі қазақтануды талдай отырып Шежіреге қатысты дүниенің бәрін орыс тілінде генеалогия деп атады: «...қазақ халқының әр жеке руының шыққан тегін (түпнұсқада: генеалогиясын-делінген -Ж.А.) алдын ала зерттемейінше, сонымен бірге ол қай заманда және қай елмен кездескенін анықтамайынша, қазақ халқының тарихи тағдырының толық суретін көзге елестету мүмкін емес» (9,с.68). Ал зерттеушінің генеалогия деп руларды кімнің кімнен тарағанын анықтайтын насаб-нама схемаларын емес, тарихи аңыздар мен қария сөздерді нұсқап отырғаны оның еңбектерінен белгілі. Өзінің туған ортасының аңыздарын жақсы білу және Түркістан ғылыми қауымдастықтарында жұмыс істеп жинақтаған тәжірибе оған қазақ тарихының ХУ-ХУІІІ ғасырлардағы күрделі кезеңін қайта жаңғырту үшін қазақтың ауызша дәстүрінің деректерін кәсіби пайдалануға мүмкіндік берді. Зерттеушінің қазақтың шығу тарихына арналған еңбегінен үзінділер келтіре кетейік: «Кіші жүздің бүкіл аңыздары мен жырлары Алтын Орда хандары мен ноғайлы мырзаларына байланысты. Тоқтамыс туралы ел ауызында «Біздің ел Тоқтамысты жамандағанын да қоймайды, көрсе бас ұрып, тоңқаңдағанын да қоймайды» деген сөз бар. «Қазақ қария сөздері бір халықтың қазақ пен ноғай болып айрылғанын да тіпті уақытына дейін көрсетеді» дейді одан әрі М.Тынышбаев. Кезінде Шоқан Уәлиханов сияқты, М.Тынышбаев Шәкәрім шежіресіне сілтеме жасай отырып, Алтын Орданың құлап, ноғайлы суперэтносының ыдыраған оқиғаларын баяндаған «Ел айрылған» әңімесі туралы: «Осыдан бар жоғы 30-40 жыл бұрын қазақтың атақты ақындары домбыраның сүйемелімен Ормамбет бидің өліп, он сан ноғайлының ыдыраған оқиғасын баяндайтын ескі жырды айтушы еді» деп жазады (9, с.120).
Қазақ халқының тарихын зерттеудің маңызы туралы тарихшы Құрбанғали Халид былай дейді: «Орта Азия мен Шығыс Түркістанда болған оқиғалар желісін бітірген соң, қазақ ахуалы мен хандары туралы жазуға кірістім. Бұл халықтың тарихы жалпы ауызда бар. Алайда жекелеген жазба тарихтары мен естеліктері болмағандықтан, әркім әр түрлі пікір айтып, біреулер жаман ниет-оймен, енді біреулері тек мұқатуды мақсат еткен. Кезінде бағызалар тарихты анығырақ түсініктеме беруге білімдері жете тұра, оған мән бермеген. Нәтижесінде мағынасы анық ел тарихы баяндалмады. Осындай себептермен, мен бар күш-қайратымды жұмсап, жиырма жылдан астам уақыт бұл тарихқа қатысты ақпарлар мен жазба деректерді жинап, жалпы жиналған мәліметтердің қаймағын қалқып алып осы кітапты жаздым» (11, 50 б.). «Тауарих хамса шархиды» жазу мақсатын осылай айқындай отырып Құрбанғали Халид қазақ ауызша дәстүріне қатысты пікірін тереңдете түседі. Оның пікірінше «халықтың шежіреге сенімі әкімнің мөрмен бекіткен шешіміндей».
Шамамен осы қағидадаларды Шәкәрім Құдайбердіұлы да жетекшілікке алғаны оның төмендегі сөздерінен анық көрінеді: «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып көп уақыттан бері сол туралы есіткен-білгенімді жазып алып және әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым....Ол кітаптардағы сөзді түгел жаза алмасам да, керектісін теріп алып, оған тура келген қазақтың ескі сөздерін қосып, бір шежіре жазамын. Ескіден қалған тиянақсыз ертегі сықылды ауыз сөз болмаса бұдан бұрын біздің қазақ тіліменен шежіре жазылған жоқ»( 5, 9-10 бб.).
Ұлттық тарих ғылымының жарқын өкілдерінің бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 1858 жылы Батыс-Сібір генерал-губернаторлығына бағынышты Баянауыл сыртқы округінің Қызылтау деген жерінде дүниеге келді. Мәшһүр атын ол қыр өңіріндегі белгілі бекзат және зиялы, осы өңірді ағартушылықтың негізін салған аға сұлтан Мұса Шормановтан тоғыз жасында алды. «Мәшһүр» араб тілінен аударғанда «текті», «танымал», даңқты» дегенді білдіреді. Ол бес жасынан бастап араб жазуын игеріп күрделі діни трактаттарды оқи бастады, ал сегіз жасында қазақтың бай эпикалық мұрасының таңдамалы үлгілерін жатқа білумен атағы шықты.
Өзін қоршаған зиялы ортаның арқасында бала жасынан М.Ж.Көпейұлы тек қана діни әдебиетті ғана емес, сонымен бірге тарихи фольклордың әр түрлі қазыналарында сақталған елдің даналығын, шежіресін жадына тоқыды. Бір қызығы Мәшһүр тек ауызша дәстүрді ғана біліп қойған жоқ, өз еңбектерінде сол замандағы қазақ тарихы бойынша тарихнаманы игеріп, көптеген еңбектерге қатысты көзқарастарын да білдірді. «Осы күні шежіре сөйлеп жатқандар: бірі қытай тарихынан аударып алады. Бірі орыс жазушыларынына переводтап алады. Қазаққа ол қалай дәлелді шежіре болады? «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дегендей, анық қазақтың өз ортасында сөйленіп жүрген танымал сөзден алып жазған біреуі де жоқ» деп реніш білдіреді М.Ж.Көпейұлы ( 4, 10 т,5 б.).
М.Ж.Көпейұлының тарихшылдық қасиеттерінде негізінен далалық тарихтану дәстүрлері басым, өзі жазғандай «қазақ ортасында сөйленіп жүрген танымал сөзден» бастау алады. М.Ж. Көпейұлы өз заманындағы Шығыс және Батыс (бұл жерде Ресейлік дәстүрлерді айтамыз) тарихшылық мектептерін бірқатар білгенімен ол қазақ шежіресінің канондарына беріктігін сақтады. Автордың негізгі кредосы ауызша тарих мәтіндерін еш өзгеріссіз баяндау, қазақтың тарихи аңыздарындағы ұсақ детальдердің өзіне үлкен мағына беру. Мәтінде түсініксіздеу әфсаналық-ғажайып оқиғалар мен кейіпкерлер кездескен сәтте шежіреші еріксіз «естіген құлақтың айыбы жоқ» деп ескертіп отырады. Оның зерттеушілік ұстанымы қолжазба мұраларын «Мес» деп атауында да көрінеді. Мес қазақ тұрмысында қымыз құятын теріден жасалған ыдыс. Көшпелі тұрмыста қымыз сақтауға және тасымалдауға кең қолданылатын торсық пен сабадан оның айырмашылығы бітеу сойылған ешкі терісінен жасалады және қымызды толтырған кезде тура ешкі сияқты болып шығады. Өз халқының тарихына қатысты деректерді құм арасынан қиыршық алтын іздегендей жинақтап, дала тарихының шындыққа мүмкіндігі келгенше жақын нобайын жасап шығарды.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр асындағы қазақ тарихшыларына сөз жоқ шығыстық тарих жазу дәстүрлері әсер етті. Орта Азиялық тарихнама дәстүрінің ішінен Әбілғазы баһадүр ханның «Шаджарт-и түрк» кітабын ерекше атау керек.
Қазақ Шежіресі дегеніміз не? Ең алдымен, Еуразия көшпелі қоғамдарының тарихи және азаматтық санасы Шежіренің арқасында қалыптасты деп болжам айтамыз. Ол көшпелілердің тарихи білімдерінің іргелі құбылысы ретінде тарихи білімнің өзегі қызметін атқарады және тарихи білімі шежіремен шектелмесе де оның теориялық және қолданбалы маңызын құрайды. Ауызша тарихтың толып жатқан дериваттары шежіреде түйіскен және осы білімдердің қоғамда жоғарғы статусын қамтамасыз ететін тарихи маңыз береді. Жалпы ауызша дәстүр ауызша түзілетін және кешенді әдебиеттен, сонымен қатар, сөз құдіретіне аса үлкен орын берген өмір салтынан құралады. Бұл кешенге қандас туысқандық қағидаларына негізделген генеалогиялар(насаб-намалар), сонымен қатар ирреалды схемалар енеді. Соңғысы тек құрылым беруші, ойдан шығарылған насаб-намалардан тұрады, сол себепті дәлелдемелер мен түсініктемелерді талап етеді. Осылайша ірі рулар мен тайпалардың шығу тегі туралы өте қызықты әңгімелердің қабаты пайда болады. Бұл сияқты сюжеттер терең талдау мен тәпсірлеу тарихшыға Ұлы даланың көне және ортағасырлық тарихы үшін өте бағалы дерек көзі қызметін атқарады. Бұл тарихи деректер кешені тек кәсіби талдағанда ғана көненің сырын ашатын тарихи мифтермен тығыз байланысты.
Көшпелі қоғамда тарихтың мағынасы мен міндетін түсіну өзге өркениеттер мен мәдениеттерден бөлек. Мысалы христиан және мұсылман әлемдері үшін тарихи ақпаратты жинақтау ережелері тарихи уақыт категориясына бағынышты болса, көшпелілерде ол тарихи тұлғаға толық бағынышты. Шежіреде тарихи дәуірдің негізгі панорамасын жігерлі, қасиетті, алып т.б. тарихи тұлға алып жатыр, сол себепті Шежіренің пайда болу тетігі тарихи оқиғаларды тарихи тұлға арқылы баяндау арқылы қалыптасады. Тарихи уақыттың есебін туысқандықтың таксономиялық деңгейлері арқылы анықтап көруге болады, патриархалды (ел-жұрт) және он екі жылдық циклды жыл есебіне бастау болған космогониялық (мүшел) ұғымдарына негізделген агнатты туыстық сатылары және даңқты тарихи оқиғалар ғана есепке алынады.
Қазақ шежіресі ерекше көңіл аударған ұлы далада өткен тарихи оқиғалар мен аңыздық қаһармандарды үстірт қана қисын тұрғасынан қарағанның өзінде бізге өткеннің көптеген детальдарын анықтауға, оқиғаларды егжей-тегжейлі білуге және заманның рухын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл тарих батыс және шығыс деректерінде жазылған тарихтардан тым алшақ екенін аңғарамыз. Біз жазба деректердің, әрине, шынайыларының және авторлары барының, маңызын жоққа шығармаймыз. Сонымен бірге бұл деректер автордың субъективті көңіл ауанына, көзқарастарына байланысты тарихи болған оқиғалар мен фактілерді жаңаша баяндаудың үлгісі ғана болуы мүмкін.
Қазақ шежіресінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып Тәуке хан заманының кейбір қыр-сырымен танысып көрейік. ХУІІ ғасырдың соңы ХУІІІ ғасырдың басында Қазақ хандығында Әз Тәукенің билік құрғаны белгілі (1680-1715 жж.). Тәуке өз заманында үш жүзге билігі жүрген жеткілікті дәрежеде күшті билеуші болды. Белгілі Ресей зерттеушісі А.И.Левшин қазақ деректеріне сүйене отырып Әз Тәуке ханға «ешкімге билігін бермейтін, бұла отандастарының өз ортасынан рухы сәл жоғары кез келген қазақ Әз Тәуке атын естігенде шынайы махаббатпен қадір құрметін білдіреді. Бұл Қазақ Ордасының Драконы, Ликургі (ежелгі гректердің заң түзеушілері-Ж.А.)» деген баға береді.
Қазақтың тарихи аңыздарында оны елдің татулығын ұстап тұрған үйлестіруші есебінде біледі. Әз Тәуке көптеген жылдар бойы халықтың шаруашылығына кері әсер ететін өз ара соғыстар мен қан төгістерді тоқтатушы, ол ақылмен және әділдігімен барлық елді өзіне бағындырды, ол күштілерге жем болған әлсіз рулардың басын қосты, ал күштілерін ретке салды, елге барлығына ортақ заң жобаларын берді және сол бойынша билік ісін жүргізді (5,ч.2,с.63-64) Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинақтаған қазақ шежіресінің нұсқасында ол заман туралы «Салқам Жәңгірден соң Әз Тәуке деген хан болды. Мұның өзі ақылды, табанды кісі болды. «Байсалды айғырдың үйірін ат жақтайды» деген қалыппен хандық қылды. «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген сөз осы Әз Тәуке заманында айтылған сөз» сияқты көптеген деректер берілген (4, 8 т, 122 б.).
Қазақтың тарихи аңыздары мен эпикалық жырларына қарағанда үш жүздің қысқы қонысы ХVІІІ ғасырдың басында Сырдарияның жоғарғы бастауынан Ташкент маңына дейінгі жер. Сырдарияның орта ағысын Орта жүз қыстаса, Кіші жүз Сырдың төменгі сағасын қыстайды: «Әз Тәукенің заманында үш жүздің баласы оңтүстіктен шөлейтке қарай жайлайды екен. Ұлы жүз Сырдың бойын жағалап, Жетісу, Алматы, Қапал тауларын өрлей отырады екен. Орта жүздің қыстауы шүйгіген Сыр бойы да, жаз жайлауы Арқаның жоны екен. Сол кезде Орта жүздің қазағы Есіл мен Ертістің арасын қуалай, шөлейтке келіп, мал семіртіп отырғанда, Қайдауыл деген өзеннің бойында дүниеге ер Олжабай келген екен». Дәстүрлі кезеңдегі қазақ тарихшылары өлең сөзді ескі сөздің дәлелі ретінде қарастырады, яғни тарихи факті. Осы қағидаға сәйкес М.Ж.Көпейұлы өз жазбаларында ХУІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасыр басында өмір сүрген Сақау ақының жырына сүйенеді:
Әз Тәукенің тұсында,
Қарлығаштай қайрылысқан,
Қалың қазақ ел екен.
Байсынға барса мал бөгіп,
Жататұғын кезі екен.
Еділ -Жайық есіліп,
Ойнап жатқан су екен
.....................................
Байтақ жатқан Сыр бойын
Шүйгіп жүрген халық екен
Қазақ шежіресінің жырға түскен немесе шешендік айтыстарға іліккен кейбір нұсқаларында, яғни қазақтың сөзге сүйенген вербалды мәдениетіне өте сәйкес, Тәуке ханның нақты әлеуметтік-саяси мәселелерге байланысты қимылдарының ауанын көрсететін мысалдар сақталған. Бір әңгімеде Сырдария бойына қазақтың астана қаласы болған Түркістанға орыс адамдарының келгені айтылады. Қазақ азаматтарының арасында пікір алшақтығы да білініп қалды, кейбір ұрда-жық азаматтар шақырусыз келген жат елдіктерді өлтіруді ұсынды, басқалары көрші елдерге құлдыққа сатып жібергенді жөн көрді. Ел азаматтарының жиыны бір пікірге келе алмағандықтан Әз Тәуке хан шиеленістің шешімін табуды атақты үш биге тапсырды дейді аңыз: «Орданың үш атақты биінің кеңесі ұзаққа созылған жоқ. Үшеуі Күлтөбеге таяу әсем көлдердің бірінің жар қабағында отырған болатын, кеңестің аяғына қарай, су бетіне бір топ қаз келіп шүпірлей қона кетісті. Осыны байқап отырған, көреген Төле би тұрып:
- Япырмай, мына көлдің алар ма еді қазын атып, - деген уақытта, Қазыбек - Оғым шығын болмасын сазын атып, -деп қолма-қол іліп әкетті. Сол кезде етегін қағып, көгалдан кейіндеу түрған Әйтеке: Шешілмейтін бәлеге қап жүрмейік, Қаз екен деп перінің қызын атып! - деп тұжырымдады. Бір ауыз сөз - ұйқасты да, мәні де келісіп тұр, құдай салған шығар мәслихатты осы пікірмен таратайық десті, соған уәде байласты. Өзара бәтуаласқаннан кейін елшілікті аман-сау қайтармаққа келісті» (7, 26 б.).
Осы шешендік сөздің шығуына себеп болған оқиғаларды мұқият талдасақ біз орыс-қазақ қарым –қатынастары аса ушыққан ХУІІ ғасырдың соңындағы тарихи оқиғаларға барып тірелеміз. 1690 жылы Жәміш көлінің жағасында келіссөздер кезінде орыстар қазақ елшілері Келдей мен Сары батырды ұстады. Ақыр түбінде бұл оқиға екі елдің арасында шекаралық соғысқа ұласты. Тобыл қаласынан осы ушыққан жағдайды реттеуге бірнеше елшілік келді. Міне, аңыздағы айтылатын орыстар осы елшілер (3,с. 385-388).
Дәстүрлі тарихи көзқарастарды бойына толық сіңірген қазақ шежіресі көбіне көп көңілді аңыздық не тарихи тұлғаға бөледі де, сол заманның оқиғаларын қаһарман сомдау үшін құрылыс материалы есебінде пайдаланды. Тарихты баяндаудың далалық нұсқаларында жеке тұлға мен халықты қарсы қою мысалдары кездесе қоймайды. Халық- шежіре аңыздарда генеалогиялық құрылым қызметін атқарды және «ел» терминімен аталады. Біздің ойымызша қазіргі қолданыстағы «ұлт» ұғымы да дәстүрлі тарихнамада бар және «ел» «жұрт» ұғымдарының қосылуынан пайда болады. Бұл туысқандықтың ең жарқын туынадысы. Тарихи үдеріс жеке тұлғаға басты көңілді бөлгенімен ел-жұрт тарихтың негізгі фоны қызметін атқарады.
Есте ұстайтын мәселе қазіргі қазақ тілінде «шежіре» сөзінің тек «тарих», «насаб нама», «ата тек» мағынасында ғана қолданылады да, оның екінші жағы есте сақтау мағынасын қазақ тілінде «естелік», «образ», «память» білдіретін түбі парсылық «йад» сөзінен шығатын «жады», «жадыда ұстау» «жады, жаттау, жатқа бiлу» қолданылады. Шежіре сөзінің мағынасына байланысты біздің пікірімізді Қазақстанның белгілі этнологтарының бірі А.Сейдімбек те қолдап «иад» сөзінің көне түркілік сөздік қорынан екенін жазған еді, «жірде, жір, жірек ұғымдарымен қосыла келе «иад» күрделі «есте сақтау», «жадыда сақтау», «жадыдан іздеу» сияқты күрделі ұғымды туғызады (8, 25 б.). Араб тілінде «шаджарат», яғни «ағаш», «бұтақ» сөзі ата-текке қатысты қолданылмайды, қолданылса «генеалогиялық шығу тегі» деген насаб мағынадағы ұғыммен бірге «шаджарат ан-нысб» түрінде кездеседі. Осы себепті ұғымның алғашқы мағынасына қатысты ғылыми ізденістер, оның шығу тегін және алғашқы мағынасын дұрыс анықтау шежіренің қазақ тіліндегі орнын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Шын мәнінде қазақ тісінігіндегі «шежіре» ұғымы тек қана ата-тек кестесі ғана емес, негізінен «тарих» мағынасына көбірек келеді. Ескере кететін мәселе арабтың «дата», «заман», «кезең», «уақыт» мағынасында қолданылатын «тарих» сөзі де «шежіре» ұғымымен қатар, бір мағынада. Соныменен қазақ тілінде «тарих» және «шежіре» ұғымдары бір-біріне негізінен сәйкес деп есептейміз, бірақ екіншісінің өткен заман туралы есте сақталған білім ретінде біздің халқымыз үшін мазмұны терең. «Шежіре» ұғымын түркі-моңғолдың тілдерінде есте сақтау, жадыда сақтау ұғымдарымен байланыстыра отырып біз оны «тарихи жады» мағынасында түсінген дұрыс деп есептейміз. Тағы бір ескертетін мәселе кез келген білім немесе ақпарат оған сұраныс болғандықтан ғана сақталады және өмір сүреді. «Ендеше «шежіренің» қажеттілігі неде? Бұл сұрақтың жауабы көшпелі өмір сүру салтының жүйе ретінде негізін салған табиғи және әлеуметтік факторлардың кешенінде және ауызша тарих құрамына енетін көшпелілердің дәстүрлі мәдениетінің синкреттілігінде. Шежіре біздің пікірімізше қазақтың дәстүрлі қоғамында ең алдымен тарих және екіншіден тиісті идеологияға қатысты қызметін атқарады. Осы идеологияның негізін шырмауықтай жапырағын жайған, сатылай орналасқан, бір орталықтандырылған қандас және генеалогиялық құрылымдар құрайды, яғни қазақтың тарихи білімінің жүйесінде генеалогиялық схемалар (ата тарату - насаб-нама) өзінше бір бутафория сияқты, ал оның мазмұнын анықтайтын, аңыздар, тарихи әңгімелер, эпикалық жырлар т.б. Ең алдымен айтылатын мәселе бүкіл генеалогиялық білімдер қазақ этносының негізін құрайтын ұлы тұлғалар мен билеуші әулеттердің, рулар мен тайпалардың маңайында құралады, яғни қоғамның ірге тасын бекітетін ұйытқысы осы.
Өкінішке орай ауызша тарихи дәстүрді зерттеу мен тәпсірлеудің әдістері осы күнге дейін әлі жасалаған жоқ. Қазақстан тарих-этнография ғылымының осы әлсіз тұсын соңғы кезде белсендігілі күшейген әр түрлі популистер пайдаланып өздерінің кеудемсоқ амбицияларына, этноцентристік, тіпті рулық –трайболистік ниеттеріне сәйкес ауызша дәстүрдің жаңа қабатын қолдан жасауда. Осылайша өмірге тарихта аты белгісіз, немесе белгілі болса да жазған еңбегі, айтқан сөздері жоқ адамдар жазды деген тарихи шығармалар келді. Тарихи фольклордың жаңада ғана пайда болған мамандары өздерінің ойдан шығарылған жалған дүниелерін дәлелді қылмақ ниетпен ХУІІІ ғасырдың белгілі ақындары Бұқар жырау, Үмбетей жырау т.б. толғауларына, мемлекеттік тұлғалардың өмірбаяндары мен ата тегіне т.б. толықтырулар кіргізіп, редакция жүргізеді. Әдетте бұл жұмыс ойдан шығарылған өткен заманның жасампаз тұлғаларының мұрасы нақты сенімді болып көрінуі үшін жасалады.
Қазақ ұлттық қайнар көздерінің тілі мен мәтіндерінің жағдайын білетін кәсіби тарихшылардың болмауы, өткеннің әдеби және эпикалық шығармаларының тілін ескермеу, жалпы қазіргі ғылыми тарихнаманың әлсіздігі тарихи фольклорды жасаушыларға жалпы оқырманды да, соның ішінде өтірік деректерге сілтеме жасап жүрген атақ-дәрежелі профессорларды да алдап соғуға мүмкіндік береді. Фольклор жасаушылар армиясымен бірге бізде отан тарихының белсенді және жауынгер жақтаушылары. Көп жағдайда бұл ертеде партия қызметінде болған, тарихпен әуестенуге жағдайы бар ақсақалдар Қазақстан тарихын ең примитивті түрде суреттеп қана қоймайды, олар шектен шыққан ғылыми өрісі аз кітаптарды да, соның ішінде ауызша дәстүр үлгісінде жазылған және сол қатардан орын алуға тырысқан өтірік фольклорды да дәріптейді. «Қазіргі заман мифтуғызушыларымен» күресіп жүрген тарихшылармен бірге фольклор әуесқойлары мен популистер тарих ғылымына деген сенімсіздікті күшейтеді. Осының нәтижесінде квазитарихи картина жасалып, тарих ғылымында кері кетушілік күннен күнге күшейіп, ғылым өзінің іргелі құндылықтарынан айрылып барады.
Жоғарыдағы мәселелермен бірге тарихи-этнологиялық ғылымда жекелеген алға жылжу да бар. Соңғы жылдардың ішіндегі қазақ халқының ру-тайпалық құрамына арналған қомақты еңбектердің бірі Х.Арғынбаев, М.Мұқанов, В. Востров авторлығымен шыққан «Қазақ шежіресі хақында» (Алматы, 2000) атты ұжымдық монографиясы. Осы бағытта соңғы жылдары арнайы кітап болып, немесе мерзімдік баспасөз бетінде тағы да бірнеше еңбектер жарияланды, олардың көпшілігі жеке ру-тайпалардың тарихына, ата тарататын насаб-намаларға арналған. Өкінішіке орай олардың көпшілігі тарихи материалдарды тым үстірт жүйелеген, кейде кейбір аңыздық және тарихи тұлғаларды тым әспеттеп, асыра мақтап жіберген жеңіл қолды дүниелер. Тәуелсіздік кезеңінде салмақты ғылыми негізге, тәжірибеге сүйеніп жасалған іргелі еңбек «Алаш» орталығында профессор Т.Омарбековтың жетекшілігімен іске асқан «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» жобасы ғана. Ал, енді этнология ғылымының қазіргі таңдағы теориялық жетістіктеріне, қазақ этнография ғылымындағы аздаған ілгері басушылықты ескеріп жасалған іргелі еңбек деп біз А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» (Астана,2008) монографиясын айта аламыз. Бұл зерттеу жұмысы қазақ тарихи-этнология ғылымындағы ауызша дәстүр бойынша көп жылдық ізденістерді қорытындылаған еңбек деп еспептейміз. А.Сейдімбек кітабы этнологиялық теорияларға және қазақ халқының аз зерттелеген этноұлттық құндылықтарына сүйене отырып ауызша тарихи материалдарды бірінші рет салмақты жүйелеу. Қазақ Шежіресін автор ұлттық тарихтың мықты қайнар көзі ретінде қарастырады.
Жалпы біз шежірені үш деңгейден тұратын тарихи баяндау білімдерінің жиынтығы деп қарастырғанды жөн көреміз. Оның негізінде әр бір қазақтың өзінің жеті атасы туралы ақпарат бар, бұл негізгі ақпарды көпшілікке білу заң. Осыдан кейін бұдан жоғарырақ деңгейде арнайы білім мен дайындықсыз болмайды. Себебі, бұл деңгей рулар мен тайпалардың тарихы туралы білім, олардың арасындағы тарихтың әр кезеңіне қатысты қарым-қатынастар, туысқандық деңгейі, түпкі аталар мен көсемдердің шығу тегі де бар. Ал, енді үшінші деңгейді құрайтын мемелекет тарихы, тіпті кейде тұтас тарихи кезеңдердің айнасы хан әулеттері мен жекелеген ұлы тұлғалар туралы тек ірі шежірешілер ғана баяндап бере алады. Осы аталған негізгі кешенде әлеуметтік және субэтникалық топтардың тарихына қатысты жеке таруларды да бөліп көрсетеуге болады. Осы құрылымдық топтау шежіренің функционалдық мазмұнын ашып көрсетеді. Мысалы төрелер мен қожалардың ата тек насаб-намалары билік үшін күресте шығу тегін және жолын, яғни мұрагерлік құқықты айғақтайды; сонымен қатар меншік құқығын, әсіресе қожа әулеттеріне бекітілетін вакуфтық жер иеліктеріне иегерлікті білдіреді; этностың сатылы құрылымын ұстауға қажетті рулар менен тайпалардың шығу тегі туралы білімдердің көзі. Шежірелік негізгі білім көшпелі мемлекеттің этносаяси ұжымдасуында аса маңызды орынға ие, себебі қоғамдық байланыстардың ерекше формасы ретінде қызмет атқарады. Егер де әулеттік насаб-намалар ата текті білдіретін білімдер жазба нұсқаларда сақталса, ру-тайпалық білімдерді «шежіреші» атанған арнайы қариялар сақтады, сол себепті олардың білімдері ақпараттарына қатысты «шежіре»сөзінің орнына «қария сөздер» деп те аталады.
Қазақ шежіресі, оның ішінде сақталған тарихи-генеалогиялық деректер от басынан бастап қоғамдық құрылыстың ұшар басындағы мемлекеттің саясатына дейінгі әлеуметтік қарым-қатынастарды реттеуде практикалық қызмет атқарады. Көшпелілер мемлекетін өзге саяси құрылымдардан ерекше көрсететін өзгеше белгілерді тек генеалогиялық қарым-қатынастардан іздеу керек. Оның тікелей мысалы әкімшілік-территориялық мәселелерді рулық қарым-қатынастар институтын пайдалана отырып реттеу. Қазақ шежіресінде саяси иерархия да, шын туыстық пен жасанды туысқандық жүйелерде бір генеалогиялық жүйені құрады.
Қазақстандық отан тарихының маңызды міндеттерінің бірі Ұлы дала тарихы туралы ұлан-ғайыр деректердің қазынасы ұлттық дерек көздерін, соның ішінде шежірені зерттеу. Шежіредегі тарихи ақпаратты жүйелей келе біз ұлттық тарихтың нақты тұжырымдамасына қол жеткіземіз. Дәстүрлі қоғамдарда білімді немесе тарихи деректерді бір ұрпақтан екіншісіне жеткізіп отыратын ең көп тараған амал ауызша дәстүр екені белгілі. Соныменен, қазақ шежіресі Ұлы дала тарихына қатысты тарихи-генеалогиялық білімдердің кешені болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде ол тек қана қазақ халқы емес, біздің өлкемізге шығу тегі қатысты көптеген халықтардың тарихының басты қайнар көзі. Қазақ шежіресі тек тарихи деректердің көзі ғана емес, сонымен бірге әкімшілік-территориялық және саяси құрылымды реттейтін қағида қызметін атқарады. Осы себепті бұл тақырыптың бағыты мемлекет тарихын зерттеуші мамандар үшін аса көңіл бөлуді талап етеді.
Қазақстан тарихы ғылымының бүгінгі мүддесі зерттеушілерден қазақ халқының тарихы бойынша негізгі және шешуші дерек көзі болып табылатын Шежіреге өте салмақты қарауды талап етеді. Тарихтың мағынасын түсіну және біздің халқымыздың өткен тарихын сараптауға арналған тарихи зерттеулердің құрылымы тарихи-мәдени дәстүрлердің шын мәніндегі бай қазынасы Шежіре деректеріне сүйенуі керек.
Достарыңызбен бөлісу: |