Есім хан реформасынан кейінгі қалыптасқан шежіре
Есім ханның қазақ хандығының тағына отыруы және оның ұстанған діни-идеологиялық саясаты нақшбандийа тариқатының қазақ арасыны дендеп енуіне мүмкіндік берді. Ру, тайпалардың бір бөлігі йасауийа тариқатында қалса, екінші бөлігі нақшбандийа тариқатына бет бұрды. Есім хан өз саясатын жүргізгенде осы ру, тайпаларға арқа сүйегенін көруге болады. Оның дәлелі ретінде Есім ханның төңрегінде топтасып, оның қызметінде болған батырларға Есім хан Тұрсын Мұхаммедті өлтірген соң, оның Айбике, Нұрбике, Қоңырбике атты қыздарын сыйға тартады. Сол оқиға Шәкәрім қажының «Түрік, қырғыз-қазақ, һәм хандар шежіресінде» былайша баяндалады: «Шежіре түрікті» жазған Әбілғазы Бахадур хан туысқандарымен хандыққа таласып, Үргеніштегі өзбектер бұзылып, үшке бөлініп кеткенде, осы Есім хан қолына келіп тұрдым дейді. Сонда Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, Қатағанды шапты дейді. Жәрдем көремін деп келген хандардың жайы былай болған соң, Есім ханнан рұқсат алып, қайттым дейді. Бұлай болғанда біздің тоғызыншы атамыз Сарының қатыны Қоңырбике сол 1628 жылы келген болатын... Сол Қоңырбикеден біздің сегізінші атамыз Кішік пен Мәмбет сопы туыпты [Шәкәрім, 1991. 24-25 бб.], - дейді. Біздің шамалауымызша, тобықтылар сол кезеңде Алматы маңын жайлаған. Оған дәлел ретінде біз Қалқаман-Мамыр оқиғасы мен олардың атына байланысты жер атауларының Алматыда болуы дәлел бола алады. Оның үстіне Есім ханның алғаш таққа отырып, билік жүргізген кезі де осы қырғыздардан басталғаны, қатарлас жатқан қазақ рулары да осы кезде Есім ханды хан ретінде мойындағаны тарихтан белгілі. Есім хан Тұрсын ханды осы қырғыздардың көмегімен жеңгенін тарихи деректер айғақтайды. [Абусейтова М., 1998. с. 103]. Ал, Қазанғаптың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты дастанында, Есім ханның қырғыздарға Ташкент билігін бергені баяндалады. [Қазанғап, 205-206 бб.]. Бұл мәселені тәптіштеп жазып отырғанымыздың мынадай себебі бар. Алғашында нақшбандийа тариқатын қабылдағаннан қауіп көре қоймаған қазақ рулары, нақшбандийа тариқатының дәстүрлік ерекшеліктері халық санасына сіңіп, қазақ дәстүріне қайшы оқиғалар орын ала бастағанда өзге мәдениетке негізделген сопылық жолдың қазақ мәдениеті үшін қаншалықты қатерлі екендігін сезіне бастады. Сондай оқиғалардың бірі Қалқаман-Мамыр оқиғасы еді. Шариғатқа қайшы емес деп, ағайынды кісілердің балаларының қосылуы халықты дүрліктіріп, Мамырдың өлтіріліп, Қалқаманның жараланып, қашып құтылуының соңы тобықтылардың көтеріле көшіп кетуімен аяқталды. Алдымен Сырға барып, одан Жем, Сағыз, Ор өзендеріне дейін барып, Жоңғарды талқандағаннан кейін барып қазіргі Семей жеріне орналасқан екен.
Есім хан Тұрсын ханның үлкен қызы Айбикені Жиенбет жырауға береді. Осы Жиенбет жырау ұрпақтары қазір Қоңырат ішінде рулы ел болып отыр. Жиенбеттің кіші әйелі Айбикеден тараған атасы бар. Олар өздерін Жиенбет ішіндегі Айбикеміз деп атайды. Ал Жиенбет жыраудың Кіші жүзден екендігі, Есім ханның қасындағы сенімді серіктерінің бірі болғандығы, Тұрсын ханға барып, Ташкентті қоршағанда,
-Қатағанның хан Тұрсын,
Хан Тұрсын сені ант ұрсын, – дейтін де,
Есім хан Жиенбетті жазалап, айдауға жібергенде Есім ханға:
Есім хан сені есірткен,
Есіл де менің кеңесім, – дейтін де Жиенбет жырау – осы Жиенбет. Жиенбеттің Қоңырат ішіне сіңуі шежіреде былай баяндалады: Мақының баласы Қарақұдайбердінің алты ұлы болады. Үлкені Жаулыбайдан Қоңырсопы, кішісі Қошқарбайдан Жиенбет туылады. Бірақ Жиенбет өз үйінде емес, нағашыларының қолында дүниеге келеді. Бірде Қоңырсопы аулын жау шауып, мал-мүлкін талап әкетеді. Қошқарбайдың да аулын шауып, өзін өлтіріп кетеді. Қощқарбайдың әйелі Барқын үш жасар ұлы Борайды жетелеп, қашып, қалың қамысқа тығылып қалады. Содан кейін Барқын баласы Борайды қайнағасы Аққошқарға қалдырып, өзі төркініне, бағаналы Наймандарға кетеді. Төркініне барған соң босанып ұл туады. Атын Жиенбет қояды. Көп ұзамай Барқын да өледі. Жиенбет нағашыларының қолында жетім өседі. Жиенбет ержетіп, ат тжалын тартып мінетін күйге жетеді. Оның батыр бала деген аты шыға бастайды. Бұл хабар Қоңырсопының құлағына да жетеді. Ол азамат болып, қатарға қосылып жүрген Борайды шақырып алып, інісі Жиенбетті іздейтін кез жеткенін айтады. Қоңырсопы мен Борай барып Жиенбетті алып қайтып, үйлендіріп, енші беріп шығарады. Шежіреде Тұрсын ханның қызы Айбике қалмақ ханының қызы еді деп айтылады. [Жанаділұлы Ш., 2000. 5-43 бб.]. Кейіннен Қоңырсопы, Борай, Жиенбет анттасып, мәңгі тату болуға келіседі. Ал Қоңырсопыға қатысты мәліметтерден оның нақшбандийа тариқатының өкілі болғандығын көреміз. Бұдан Есім ханның тұсында діни-идеологиялық саясаттың өзгеруіне байланысты рулық, тайпалық жүйелерде қайта топтасу үдерісі басталғанын көруге болады.
Мұндай қайта топтасулар тек қоңырат тайпасында ғана емес, басқа тайпаларда да болғандығын көреміз. Мысалы, найман тайпасындағы қайта топтасулар да осы кезеңде болды. Сөзіміз нақтырақ болу үшін М. Тынышпаевтың мына жазғандарына жүгініп көрелік: «Менің марқұм әкемнің айтуынша, он алтыншы атам өз заманында белгілі кісі болып, өз руының басшысы болған. Оның сүйегі Өзгенттегі қожалар қорымында жатыр. Төлегетай шаяндық Мәді Мағзұмның айтуынша, белгілі қожаның (Қылышты Ата) қызына үйленген. Оның айтуына қарағанда, Самарқанды билеушісі Имамқұли ханның әскербасы, алшын Жалаңтөс бахадүр Өзгент қожаларының қызына сөз салады. Қожалар оған қара қазаққа пайғамбар ұрпақтарының қызын беруге болмайтынын айтып, қайтарады. Сонда Жалаңтөс Төлегетайды мысалға келтіргенде, қожалар Жалаңтөстің Төлегетаймен теңесе алмайтынын айтып қайтарады [Тынышпаев М., 2008. 436-437 бб.]. Аңыздарға қарағанда, Төлегетай Қылышты қожаның қызын алған. Сейіт қожалар шежіресінде Қылышты атаның атақты Мағдуми Ағзамның ұлы екендігі айтылады. [Ұлы Пайғамбар ұрпақтары, 2007. 48-49 бб.]. Ал, Мағдуми Ағзам саййид Ахмад Қожа ибн Жамал ад-дин Касани Дахбиди (1542 ж. қ.б.) Мауараннахрдағы діни, әрі саяси тұлға, нақшбандилар тариқатының жетекшісі. Есім ханға пір болған Қашқардағы Аппақ қожа да осы Мағдуми Ағзамның ұрпағы. Бұл деректер Төлегетай басшылығындағы наймандардың нақшбандийа тариқатын мойындап, сол нақшбандилер жолын қабылдағанын білдіреді. Бұл оқиға найман тайпасында осы кезеңде күрделі құрылымдық өзгерістер болғанын көрсетеді. Бұл оқиға найман тайпасының шежіресінде толық көрініс тапқан: Найманнан Кетбұға (терістаңбалы), Сарыжомарт (ергенекті), Төлегетай туылады. Төлегетайдан – Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл. [Сәдібеков З., 1994. 97б.]. Бұл шежіренің осындай тағы да екі нұсқасы бар. Олардың бәріне тоқталып жатуды артық санадық. 1600 жылдар шамасында өмір сүрген Төлегетайдан қалың найманның таралуы мүмкін бе? Жоқ. Мәселе - өздерінің діни бағытын өзгертіп, басқа тариқатты қабылдаған ру, тайпалардың қайта топтасуында жатыр. Төлегетай сол кезеңде сол діни-саяси реформаны іске асырушы тұлға.
Найман тайпасының өзге аталарын нақшбандийа тариқатын қабылдады ма, жоқ па? Біз ол жағын біле алмадық. Жезқазған өңірін мекендеген наймандар арасында кезінде Йасауи жолы өкілдері болған қожалардың араласа отыруы, олар сол кезеңде нақшбандийа тариқатын қабылдамаған болуы керек деген ой түюге мүмкіндік береді. Нақшбандийа тариқатын қабылдамаған тек найман ішінде емес, қоңырат тайпасы ішінде де болды. Мысалы, Құрбан Атадан тарайтын рулардың Сыр бойынан қуылып, Теріскей асып кетуі Есім хан тұсындағы діни-идеологиялық үдерістер мен саяси қысымға байланысты болғандығы анық. Аңыздағы Құрбан Атаның Теріскейде жатқан Қарабура әулиені барып паналауы соны байқатады. Қарабура әулие Қожа Ахмет Йасауидің шәкірті болған, әрі жаназасын шығарған тарихи тұлға. Бұл Есім ханның діни-идеологиялық саясаты қазақ халқын діни танымына қарай жіктелуге мәжбүр етті. Ру, тайпалар арасында тіке-тірес басталды.
Есім хан нақшбандийа тариқатын жай қолдап қойған жоқ. Өзінің бұл діни-идеологиялық саясатын заң жүзінде бекітіп берді. Ол заң көпке белгілі «Есім ханның ескі жолы» деп аталды. Бұл заң қазақ қоғамына, қазақ халқының рухани, мәдени болмысына толығымен қайшы келетін заң еді. Бұл заңды қабылдаудағы мақсат – қазақ халқының дәстүрлі мемлекеттігінің құрылымдық жүйесі-ру, тайпалар мен жүздік құрпылымдарды ыдыратып, мемлекетте ханға абсолюттік билік беретін монархиялық билікті қалыптастыру болды. Йасауи жолы мемлекеттік идеология болып тұрған кезде абсолюттік билікке қол жеткізу мүмкін емес еді. Өйткені, рулық, тайпалық жүйелер Йасауи жолының тармақтарын құрады және әрбір рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдарды йасауийа тариқатының өкілдері билер басқарды. Билер ханды сайлап қойды және хан тағына кімнің отыратынын да Билер Кеңесі анықтады. Бұл хан үшін тиімсіз болды. Ал нақшбандийа тариқаты болса, парсы мәдениетіне негізделген, мұнда рулық, тайпалық жүйелердің қажеті жоқ. Парсыларда мемлекеттік билік жүйесі абсолюттік билікке негізделген, билеушінің өз еркінше әрекет етуіне мүмкіндік береді. Нақшбандийа тариқаты Есім ханға осынадай жүйені қалыптастыру үшін қажет болды. Ең бастысы бұл тариқат «ахл ал-сунна уа-л-жама‘а» тариқаты деп аталды. Өйткені, бұл тариқатта шариғат үкімдерін орындау қатаң түрде талап етілді. Ал, Йасауи жолында шариғат үкімдерінің жалпы ислам халықтарына ортақ негізі қалдырылып, түркілердің шариғатқа қайшы келмейтін салт-дәстүр, әдет-ғұрыптық ерекшеліктері толығымен қолданылатын. Бұл түрік халықтарының рухани, мәдени дербестігін сақтап қалуға мүмкіндік берген болатын. нақшбандийа тариқаты болса осы ерекшеліктердің бәрінен бас тартуды талап етті. Ең бастысы некелік қатынастарды өзгертуге баса мән берді. Эгзогамдық сыртқы некенің орнын эндогамдық ішкі некеге ауыстыруды қолға алды. Йасауи жолында жеті атаға дейін қыз алысуға тыйым салынған еді. Егерде жеті атаға жетпей үйлену жеке адамдар тарапынан бұзылатын болса, олар өлім жазасына кесілетін.
«Есім ханның ескі жолы» мен нақшбандийа тариқатынның ықпалын толық мойындаған, нақшбандийа тариқатының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын толық қабылдаған қазақ рулары жүздер құрамынан шығарылып тасталды. Қазір қазақ жүздері құрамына кірмейтін сунақ, шалақазақ, Түркістан, Шымкент, Тараз маңындағы өзбектердің пайда болуы Есім ханның қазақ арасына нақшбандийа тариқатын енгізуімен тікелей байланысты. Бұлардың арғы тегін зерттей келгенде олардың көпшілігі кешегі қазақ руларына баратынын осы мәселеге қатысты жүргізген зерттеу жұмыстарымыз дәлелдеді. Мысалы, қазір Түркістан маңындағы Қарнақ қыстағында 100% өзбек тұрады. Шыққан тегі жағынан солардың 95% қазақ екендігі анықталды [25]. Ал, Қарашық қыстағын мекендеп отырған халық та солай. Ол жерге Қыпшақ тайпасының Көкмұрын тармағынан үш жүз үйді отырғызып, 200 қос жерді хандар арнайы бөліп бергендігін сол жердегі халық біледі және олар әлі күнге өздерінің шыққан тегін ұмытпаған. Оған біздің сол қыстақтарда 1998-2002 жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында көзіміз жетті. Ал, сунақтар құрамындағы аталарға қарайтын болсақ, онда олардың да үш жүз құрамындағы рулардан құралғанын байқауға болады.
Қорыта айтқанда, біз осы мақала барысында қазақ шежірелері кімнің кімнен тарайтынын білдіретін тізбек қана емес, қазақ тарихында болған мемлекеттік жүйелермен тікелей байланысты пайда болған мемлекеттің құрылымдық жүйесінің қандай бөліктерден тұратынын көрсететін маңызды құжат болғандығына көз жеткіздік. Ал, мемлекетте діни идеологияның өзгеруі халықтың дәстүрі мен мәдениетінің өзгеруіне ықпал ететін, сол арқылы мемлекеттің іргетасын құраған рулық, тайпалық жүйелерді ыдырататын шешуші фактор болғандығына талдау жасадық. Алтын Орда мемлекетінің ыдырауынан бастап, Қазақ хандығы күйрегенге дейінгі аралықтағы діни, рухани үдерістер түркі мемлекеттігінің күйреп, орнына жаңа мемлекеттердің құрылуына ықпал еткен фактор болғандығына шолу жасадық. Бұл тарихи оқиғалар қазақ шежіресінің жаңа нұсқасының пайда болуына ықпалын тигізіп отырды. Бұл қазақ шежірелерінің деректік маңызы зор, тарихи құжат екендігін көрсетеді.
ӘДЕБИЕТ
История Казахстана: Народы и культуры. Учебное пособие / Масанов Н. и др. –Алматы: «Дайк-Пресс», 2001.
Жандарбек З. Насаб-нама нұсқалары және түркі тарихы. –Алматы: «Дайк-Пресс», 2002. 131. б.
Бартольд В.В. Сочинения. Т. II-1. –Москва: Изд. Вост. Лит-ры, 1963. с. 41.
Жандарбек З. Йасауи жолы және қазақ қоғамы. –Алматы: «Ел-шежіре», 2006. 18-19 бб.
Бартольд В.В. Сочинения. Т.I. –Москва: «Изд. Вост. Лит. 1963. с. 369.
Федоров-Давыдов Г. Общественный строй Золотой Орды. –Москва: Изд. МГУ, 1973. с. 62-63.
Утемиш-хаджи. Чингиз-наме. –Алма-Ата: «Ғылым», 1992. -296 с.
Торланбаева К. Титулы древных тюрков // ҰҒА Хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы. НИЦ «Ғылым», 2002. с. 33-34.
Ибн ан-Надим. Ал-Фихрист // Ясауи тағлымы. –Түркістан: «Мұра», 1996. 115 б.
Артықбаев Ж.О. Историческое наследие М.Ж. Копеева. –Павлодар: 2004. -204 с.
Өзбек шежіресі. Қолжазба көшірмесі автордың қолында
Кузеев Р. Очерки исторической этнографии башкир. –Уфа: Башкирское книжное издательство, 1957. сс.48-57.
Бабаджанов Б. Кокандское ханство: Власть, политика, религия. –Ташкент; Токио: Yangi nashr, 2010. с.113. -774 c.
Абусейтова М.К. Казахстан и Центральная Азия в XV-XVII вв.: история, политика, дипломатия. –Алматы: «Дайк-Пресс», 1998. с. 103.
Материалы по истории казахских ханств XV- XVIII веков. –Алма-Ата: «Наука», 1969. -650 с.
Сейфуллин С. Билер сөздері// Қазақтың Ата заңдары. Том 2. –Алматы: «Жеті-жарғы», 2003. –Б376-385.
Марғұлан Ә. «Қасым ханның қасқа жолы». // Қазақтың Ата заңдары. –Алматы: «Жеті жарғы», 2005. 104 б.
Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ, һәм хандар шежіресі. –Алматы: Қазақстан; Сана. 1991. 24-25 бб.
Ахмедов Б. Государство кочевых узбеков. –Москва: «Наука», 1973. -195 с.
Байболов Қ. Еңсегей бойлы ер Есім. Қолжазба. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-і, Түркология ҒЗИ-інің қолжазба қоры. 205-206 бб.
Жанәділұы Ш. Үш Арыс ынтымағы. ҚҚ «Үш арыс», 2000. 5-43 бб.
Тынышпаев М. «Қазақ ру-тайпаларының тарихы». Найман X т. Бірінші кітап. –Алматы: «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, 2008. 436-437 бб.
Ұлы Пайғамбар және ұрпақтары. –Астана: «Арай» баспасы, 2007. 48-49 бб.
Сәдібеков З. Қазақ шежіресі. –Ташкент: Узбекистон, 1994. 97 б.
Жандарбек З. Автордың 1991-2002 жылдар аралығында жинаған материалдары.
I секция
АУЫЗША ДӘСТҮР (ШЕЖІРЕ) ЖӘНЕ ЕУРАЗИЯ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ТАРИХЫ. «АУЫЗША ТАРИХ» - ЗЕРТТЕУ МЕТОДОЛОГИЯСЫ МЕН ТӘПСІРЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
М.А. Алпысбес
Астана қ., Қазақстан
Ауызша дәстүрдегі, шежіредегі
түсіндіру құрылымдары және естелік айту
Ақпарат айналымы ауызша дәстүрге негізделген байырғы қоғамдарда адам санасы мен жады қызметінің орны ерекше болғаны белгілі. Жады кез келген адам үшін аса білім сақтаудағы қолайлы құрал және сенімді архив, әр адамның өзінше «жеке мұрағаты» бола алады. Бұған ешбір күмән жоқ. Жады мағынасындағы қазақтың балама ұғымы ес, сана.
Жадының негізгі өнімі – естеліктер. Жадыға тоқылған ақпарат тарихи мазмұнда болса, тарихи естеліктер болады, ата тарату, туыстық реті жайында болса, генеалогиялық мағынадағы дерек болады. Осындай естеліктер кешенін кез келген адамның бойынан табуға болатыны сөзсіз. Сол естеліктердің барлығын тарихи дерек мақсатына жарату мүмкін болмаса да, олардың жиынтығын талдау арқылы тарихи шындық туралы түсінік қалыптастыруға болады.
Әр адам санада өзінің жеке білім, ақпарат, тәжірибелерін сақтайды және сол арқылы әр нәрсе туралы түсінік қалыптастырады. Ес-сана қызметі адам жадысы арқылы мәдениет, тұрмыс тәжирибесін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырады және құбылыстардың өзара себеп-салдарын түсіндіреді.
Адамдардың жеке естеліктерінде әр нәрсенің себептерін түсіндіру, қанатты сөздер, әдеби нақыш үлгілеріне айналған сөздер бар. Бұл деректердің барлығы бір оқиға жайында қалыптасқан ой түю деректері, ой өнімі болып табылады. Олардың барлығы тарихи сананы құрайтын ой сатыларына айналады. Мұндай дерек топтары көбінесе қалыптасқан тарихи жағдайды түсіндіруге, тарихи оқиға туралы баяндауға бағытталған.
Естеліктерден құралған деректердің негізінде көбінесе тарихи тұлғалар жайында, олардың болмысы мен тұрмыс-тіршілігі туралы болатындықтан, олар туралы білудің мол мүмкіндіктері бар. Бұл дерек түрлерінің маңыздылығы өте зор.
Қазақ шежірелерінің тарихи әңгімелері көбінесе ақсақалдардың өз ортасында өзара еске алып отыру, бұрынғы оқиғаларды ауызша әңгімелеп отыру дәстүрінен жалғасып келе жатқанын естен шығармауымыз керек. Оқиғалық жайды еске алу үрдісі баяндаушының тарихи жадын іске қосуды талап етеді.
Тарихи жадының қызметі қазақ ортасында әртүрлі жиындарда іске асып отырған. Дегенмен, естелікте де кейбір оқиғалар мен жағдайлар естен шығып, ұмытылғандықтан айтылмай қалатыны да аз емес. Кейбір тарихи оқиғалар туралы деректер ауызша дәстүрде болғанымен, ол туралы сауал болмағандықтан білуші тарапынан айтылмай қалуы да мүмкін. Кейбір оқиғалар баяндаушының тарапынан айтылуы ыңғайсыз болғандықтан айтылмайды.
Шежіре деректерін зерттелуі халықтың ауызша тарих айту дәстүрін қарастырудан басталады. Дәстүрге сүйенген қоғамның өзі ерекше тарихи өзекті мәліметті ауызекі үлгіде, сол замандардағы көшпелі әлеуметтің өнімі ретінде дамытқан.
Сондықтан, ауызша тарих айту дәстүрінің қалыптасуы жолдарын зерделеу – ұлттың қайталанбас феномені болып табылатын шежірелік дерек қорын талдауға жол ашады.
Тарихи-шежірелік дәстүр мен ауызша дәстүрдің өзара тығыз шектесетін тұстары көп. Бұл дәстүр қалын бұқара ортасында дамып, оның тұтынушы тыңдарманы жалпы халықтың өзі болғанымен, сол дәуірлердің өзінде де тарих айтушы нақты субъект болғаны анық.
Сол деректердің негізін салған ауызша тарих айтушы субъекттің жасаған еңбегі де қайталанбас феномен ретінде қабылдануы тиіс. Қазақ шежірелері тұрақты тарихи жәдігер ретінде тек қана сол ескі заманнан қалыптасып жалғасқан ауызша дәстүр төңірегінде өзін сақтаған.
Мұның өзі есте сақталған тарихи оқиға туралы тұрақты білім қоғамның қажеттіліктерін өтеп, көшпелі қауым тарапынан кең қолданылғанын көрсетеді. Ауызша тарих айту дәстүрі басқа да әртүрлі әлеуметтік-мәдени құбылыстарменен байланысты болған және соған орай дәстүр репертуары да әрқилы болы келеді.
Олардың барлығы ауызша тарихи деректердің бірден-бір ерекше сипаты болып табылады. Әсіресе ауызша әңгімелеудің тарихи-деректік сипаты туралы айтатын болсақ, бұл арада тарих айтушы тарапынан оқиғаның жаңаша тіркелуі, тіркеуші тарапынан рәсімделуі үрдісі алдымен көзге түседі.
Ауызша тарих айту барысында қалыптасқан мәліметтер жиынтығы дерекнамалық тұрғыда ішкі дерек қорын құрайды. Ауызша тарихи деректердің басқа да дерек түрлерімен салыстырғанда, айтарлықтай айырмашылықтары бар.
Тарихи факт болмай тарихи дерек жоқ. Тарихи дерек болмай тарихнамалық факт жоқ. Тарихи факт болмай тарих та жоқ екені белгілі. Яғни тарихтың өзі қоғамдық мәні бар әртүрлі орын алған оқиғалардың тіркеліп, себеп-салдары анықталып, түсіндіріліп, тәпсерленіп, баға берілген соң тарихи оқиға ретінде баяндалып, қағазға хатталатыны белгілі.
Ендеше ауызша тарихи деректерді зерттеуе байланысты күрделі мәселенің бірі ауызекі тарихи деректің жалғастығы мен тіркеу үрдісі арқылы сақталуын анықтау.
Бұл мәселеге байланысты зерттеуші таңдамалылық пен тәпсір принциптері мен әдісін іске қосуға мәжбүр болады. Ауызекі тарих айту дәстүрі төңірегінде қалыптасқан хронологиялық үйлесімділігін, сәйкестігін тексеру арқылы ғана әңгімеленіп отырған сюжеттердің өзара байланыстылығын анықтауға болады.
Демек зерттеуші ауызша тарих айту деректерін тәпсірлеу, түсіндіру тәжірибесін жетілдіруі тиіс және ауызша дәстүр деректерінің жиналуы мен жинастырылуының әдіс-тәсілдерін кеңінен қолданады.
Осы амалдар арқылы ғана ауызша дәстүр төңірегінде сақталған қазақ шежірелері толымды түрде қордаланып, жүйеге түсіріліп, ғылыми әдіс арқылы талдануы мүмкін. Ал шежірелер – қазақ мәдениетінің дәстүрлі негізін тану құралы, оның маңызды деректік негізі екенін есте ұстау қажет. Ауызша шежірелік үрдістің өзінше даму заңдылықтары да бар. Шежірелердегі ауызша айтылған мәліметтер сол деректерді тудырған ұрпақтан тыс берілген дерек болса, олар ауызша дәстүрге айналады.
Бірақ ауызша дәстүрдің ақпараттық ауықымы кең құбылыс. Оның аясында әрқилы дерек топтары бар. Деректердің бір тобына күнделікті қолданыстағы халықтың әртүрлі сөз үлгілері жатады. Кейбір ауызекі сөйлем құрылымдары белгілі бір формулаға айналады, арнайы сөздер құралына айналады, айталық – баталар; ал деректердің екінші топ объектілерін әдеби, ақындық сөз үлгілері құрайды деп білеміз.
Жадыға тоқылатын ауызша дәстүрдегі сөздердің мазмұнында өзіндік ерекшелік сипаты бар сөз үлгілері болады. Тарихи фактінің сипаты жағынан, қасиеті тұрғысынан сөз үлгілері (әңгімелер, естеліктер) екі түрлі топқа бөлінеді, оның бірінің айғағы болса, демек шындығы мен қоспасы көрсетілген болса, екіншісі тек нақты қиялдан туған көркем сөз.
Айғақты дәстүр негізінде қалыптасқан үлгілердің өзі "шын" немесе "шын сөз сияқты" дегендей бағалануы мүмкін. Ой, қиял үлгідегі сөз ретінде аңыз, әпсаналарда әртүрлі жеке тәмсіл әңгімелер айтылады. Әрине, осының арасын нақты жік-жігімен айыру үшін «шын» мен «өтірік», «ақиқат» пен «жалған» деген ұғым туралы нақты бір ұстаным қалыптасуы қажет. Мәдениеттануда "ақиқат" ұғымының өзі әртүрлі мәдениетте әрқилы қабылданатыны айтылады.
Қазақ төлтума мәдениетінде зерттеуге аса лайық болатындай ең керемет құбылыстың бірі ұзақ тарихи уақыт бойы жалғасып келетін тарихи-генеалогиялық деректер болып табылады. Олар өмір тәліміне қажетті тарихи әңгімелер, насихаттар, тәлім-тәмсілдер, халықтың идеяларынан құралған. Осының барлығы ұмытылмай, ұжымның немесе шежірешінің санасында жақсы сақталуына қайран қалуға болады.
Шоқан болса, шежірелерде көрініс тапқан халықтың тарихи санасы, халық білімі мен тарихтағы қадірлі атақты адамдар туралы деректердің ғылымға берері мол екенін ескерте отырып, «қазақ халқының тарихи санасында, тарихи жад-зердесінде ұмытылған бірде-бір маңызды оқиға, аты ұмытылған бірде-бір әйгілі тарихи тұлға жоқ» - деп жазды (1).
Осы құбылысқа қаншалықты көп таңдансақ та, соншалықты оны кешенді түрде қарастыру маңызды. Ауызша дәстүрді танып білу мәдениет, идеология, қоғам, психология, өнер, және тарихты зерттеуші мамандар үшін аса маңызды болу тиіс.
Ауызша дәстүр әртүрлі тарихи деректемелерде ерекше орын алады. Олар да тарихи дерек, ақпарат болып табылады. Бірақ негізгі сипаты жағынан хатқа түспеген, ешбір жерде жазылмаған ауызша дерек түрі. Шежіре дәстүрінің жалғастығы нәтижесінде өткен дәуірлердің тарихи деректері заманнан-заманға өтіп, тіпті бүгінгі күні де белгілі бір формада өз жалғасын табуда.
Шежірелік дәстүр ауызша дәстүр ретінде тек тарихты айту, айтылу барысында ғана жалғасып өзінің әлеуметтік-мәдени қызметін атқарады. Қалған уақытта ауызша дәстүр аясындағы өмір суретін беретін тарихи деректер тек қана адамдардың санасында сақталып, тысқа шықпайды.
Сондықтан ауызша үрдіс ретіндегі шежірелік дәстүрлер үшін адамның жады мен сана қызметінің аса жақсы жұмыс істеуі шарт, ол дәстүр сақтаушыдан үнемі сана сергектігін талап етеді.
Ауызша мәдениет жағдайында өмір сүретін адамдардың ақыл-ой қызметінің жинақы болуы тіршілік талабынан туындаған. Барлық білім мен тәжірибе мәліметтері тек ауызша дәстүр аясында жалғасқандықтан, олар үнемі өмір контекстінде болуы тиіс еді. Өйткені тіршілік кеңістікте үнемі қозғалыста болатындықтан тек ауызша айтылған сөз ғана, ауызекі тарих айту үлгілері ғана болды.
Генеалогиялық білімнің дәстүрлі қоғамда қажеттілігі аса зор екені белгілі. Тарих тағылымы өмірлік тәжірибе ретінде де кез келген адам үшін сондай-ақ өз алдына өте қажетті. Сөйтсе де адамның жады қабілеті еш қозғалыссыз күйде, мәліметті білетін субъектінің санасында ғана қала береді. Яғни сөз – көшпелі, жады – орнықты құбылыс болып табылады.
Сондықтан да, мұндай жағдайға душар болған қауымда, ауызша дәстүрге негізделген қоғамдарда адам санасының ой реттеу қызметі мен оның жады қызметі жақсы болуынан, оларды аса қолайлы қолдана білуі де сана мен жадының сенімді мұрағат болу-болмауына тікелей байланысты болды.
Ауызша мәдениет ортасында өскен адам үшін оның жады әлбетте сенімді есте сақтау құралы бола алады. Адамның жеке ой қызметі мен сананың жетілу дәрежесінің арқасында мұндай реттеуші қабілет ерекше тарихи мұрағат ретінде өз жадында ұзақ тарихи дәуірлердің оқиғалары, атақты тұлғалары мен олардың қажетті өмір тәжірибесі туралы тарихи деректер осындай дәстүрлі қоғамның ұжымдық тарихи санасында сақтала береді.
Нақты айтқанда адам санасы өткен замандағы тарихи тұлғалардың өмір тәжірибесін, тарихи оқиғалар тағлымын ой елегінен өткізу, сұрыптау арқылы, сақтайды. Шежірелер белгілі бір тұлғалардың ойы елегінен өткен осындай мәліметтерден құралған. Сондықтан олар шежірешінің санасы өңдеген тарихи мағлұматы қатарында. Шежірелер шежірешінің тәжірибесіне, "қария сөз" айтушының санасы арқылы өткендіктен, оның өмір тәжірибесінің негізінде әр нәрсе туралы қалыптасқан түсінік болып табылады.
Шежірешілер өзінің жеке тәжірибесіне тарихи ұзақ дәуірлердің маңызды әрі өзекті деген ұрпақтар тәжірибесін ұштастырған, барлығын қосып сақтаған субъектілер. Сөйтіп шежірелерде көрініс табатын қариялардың тарихи санасы есте сақтаушы субъектілерінің тарихи жады арқылы дәстүрлі мәдениет қағидаларын да, адамның өмірлік тарихи тәжирибесі мен білімін де ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырады.
Осы орайда тарихи деректемелерде тарихи факт және тарихи тәжірибе турасында айтуымызға болады. Ауызша мәдениет жағдайында өмір сүретін тарихи сана өткен дәуірлердің тарихи оқиғаларын олардың себептері мен салдарын түзіп, бір сапқа тұрғызады. Шежірелердегі тарихи сана әр нәрсенің себеп-салдарын түсіндіреді.
Сана қызметі ұлт мәдениетіне адам жадының қызметі арқылы, яғни шежірелер арқылы бір ұрпақтан келесі ұрпаққа сапалы түрде жалғастыруды қамтамасыз етеді. Осы құбылыстың барлығы, әрине, адам зейін-зердесінің, интеллекті қызметі арқылы, олардың ой-толғамы ерекшеліктерінің арқасында орын алады.
"Ауызша дәстүр" ең алдымен ауызша тарих айтудың өзі, сондай-ақ тарих айту барысында жасалған ой-түйін білдіру. Демек, "ауызша дәстүрдің өнімі" дегеніміз – ауызша деректер болса, осы тұрғыда шежірелердегі қария сөздерден, шежірелердің өзі де ауызша тарих айту дәстүрінің жемісі болып табылады. Олар осыған дейін айтылған ауызша деректерге негізделген.
Шежірелік қасиеттің өзі қариялардың жадында сақталған тарихи білім-тәжірибе деректерін ауызекі күйінде беруі. Шежірелік дәстүр қариялардың айтуыменен, ең болмағанда аға буын ұрпақ тарапынан айтылған тарихи-генеалогиялық мазмұндағы ауызша әңгімелеумен жалғасады.
Демек, кез келген ауызша дәстүр, шежірелік дәстүр – бар болғаны бір уақыт мерзімі ішінде ғана айтылып қалған бір сөз. Сөйтіп ауызша тарихи дерек бір рет қана пайда болады. Содан кейні шежірелерді айту үрдісі одан әрі жалғасу барысында молайып, оның мазмұнындағы деректер, белгілі дәрежеде өңделе түседі де, алғашқы қалпынан біраз өзгере түседі. Яғни әрбір баяндау үрдісі барысында айтылған ауызша мәлімет объективті жағдайға орай өзгерулерге ұшырайды.
Тарихи шежірелерді баяндау үрдісінде белгілі өзгерулер болдырмау мақсатында, шежірелерді сақтаушы субъект өзі таңдаған әртүрлі мнемоқұралдарды қалыптастырады: әлқисса қара сөзді қара өлеңге айналдырып, дастан, тарихи немесе батырлық жырға айналдырып баяндау тәсілін қолданады. Өлең мен жыр қалпына айналдырылған мәтіндердің арасында әлқисса қара сөз сақталса да, оны мейілінше қарапайым сөз үлгісіне немесе белгілі нұсқадағы формула мағынасындағы ауызша сөзге айналдырады.
Шежірелік үрдісті тарихи дерек көзі ретінде зерттеуден бұрын ең алдымен бұл құбылыстың сыртқы пішінін құрайтын негізгі сипаттарын да анықтау керек.
Шежірешілдік болмыс, сөз өнерінің әртүрлі үлгілерін қолданумен ғана жүзеге асады, ал көшпелі тұрмыс жағдайдың ортасында қалыптасқан қазақтағы ауызша мәдениет сөз үлгілерінің әр-алуан түрлерінен келіп туындаған. Қазақтың сөз мәдениетінің әртүрлі ішкі принциптері қалыптасқан, мысалы: анық тақырыпқа сөйлеу; астарлап сөйлеу; мысал қып сөйлеу; ертегі қып сөйлеу; баяндап сөйлеу; мегзеп сөйлеу; жұмбақтап сөйлеу; әзілдеп сөйлеу; жоқтап сөйлеу; салыстырып сөйлеу; мадақтап сөйлеу; насихат қып сөйлеу дегендей. Осындай сөз үлгілерінің барлығы ауызша дәстүр аясында жалғаса береді.
Сондықтан шежірелердегі қария сөз өзінің ішкі мазмұны жағынан қоғамда орын алған әртүрлі тарихи-генеалогиялық жағдайлардан хабар береді. Сондай-ақ қария сөзбен қатар шежірелерде насихат сөз, мақал-мәтел, ескіден келген мифтік әңгіме, тұрмыс жағдайлар айтылады.
Шежірелердегі қария сөз, өлең сөз, мақал, мәтел, шешендік сөз және тағы басқадай осы қалыптағы ауызекі сөз нұсқалары сөздің ең жетілген үлгілері болып табылады.
Жалпы, қазақта – қара сөз, қара өлең, жоқтау, билер сөзі, мадақ өлең әртүрлі дамыған. М.Ж. Көпейұлы: "Орта жүз арғын төртуыл-қаржас Алтынторыдан шыққан Қалқаман батырдың баласы Бұқар жырау атанған қария тоқсан үш жасында Абылай ханның алдында жыр толғаған. Өз заманындағы жандар бұл кісіні "көмекей әулие" деседі екен. Бір жәй сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен" – дейді.
Шежірелік дәстүрдегі сөздердің негізгі мазмұны адамның ой, сезім тәжірибесін сақтау. Бұл тәжірибе негізінде белгілі бір тарихи оқиғаның тәлімі, немесе қоғамдық ортада қалыптасқан әдеп үлгісі әңгіме етіледі. Форма тұрғысынан шежірелердегі сөз үлгілері сан-қилы болып табылады. Белгілі дәрежеде бұл сөздердің астарында эмоция, сезім күші де аңғарылады.
Ауызша тарих айтушылардың деректері негізіне көбіне заманында орын алған әртүрлі оқиғалар мен жағдайлар туралы айтылып қалған естеліктер мен әрқилы айтылған сөз үлгілері, және оған дейін баяндалған тарихи хабарлар арқау болады. Кез келген жағдайда адамдардың сөйлесу нәтижесінде бір сөз үлгісі пайда болады. Олардың ішінде кейбір сөздер мазмұндылығы мен маңызына қарай басқа орындарда қайталанып айтылуы мүмкін, сөйтіп сөз қайта айтылу арқылы одан әрі жалғасып бірден-бірге берілуге себеп болады. Олардың ішінен кейбір айтылғандар маңызды мәлімет болып, кейін тарихи дерек негізіне айналуы әбден мүмкін. Алайда осы қайталанған ауызша сөздердің ішінде тарих баяндаушыға тек екі түрлі сөз үлгісі ғана қажетті болып табылады, егер оның бірі – тарихқа жаңалық болар бір дерек болса, ал екіншісі белгілі тарихи оқиғаға орай айтылған түсіндіру сөз болғанда.
Тарихи тақырыпта сөз қозғап сөйлеу қазақтың тұрмыс әдеттерінің бірі. Бұл турасында екі түрлі мысал келтірейік. Бірінші мысалды шежірелер жинау мақсатында ұйымдастырылған дала зерттеулері кезінде тіркелген деректен алайық: көптеген қариялар «бала күнімізде, әсіресе 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс жылдарында, біз көрген қариялар алдымен майданнан хат-хабар бар ма деп, амандықты сұраған соң, өзге әңгімеге бұрылмай баяғыдағы қан-кешті заманда да қалмақ қырғыны осы Герман сықылды еді деп, әрідегі Абылай заманын айтушы еді», - дейді.
Мысал ретінде Шота Уәлиханов жариялаған "Кенесары туралы Мұса Шорманұлының әңгімесі" атты шежірелік деректен мәлімет алуға болады.
Автор Мұса Шорманұлы мен Саққұлақ Бапанұлы арасында болған бір кездесудегі әңгімені айта келіп, «Саққұлақ шешен әңгіме шертіп, аяғында мырзаға "Мұсажан, маған өңшең тыңдаушы келеді, әңгіме айтушы тіпті аз, сондықтан ендігі әңгімені өзің айт" дегенде, Мұса мырза "оныңыз орынды, көз көргенді айтайын ба, әлде құлақ естігенді айтайын ба?" деп сұрайды.
Сонда Саққұлақ шешен "құлақ естігеннің артық-кемі болады, көз көргенді айт" депті. Мұса мырза "Кенесары төренің үш рет рахым жасағанын, үш рет рахымсыздық жасағанын көрдім, соны айтайын", - дейді» (2).
Осындай орындарда айтылған ауызекі әңгімелер тарихи дерек негізіне айналып, тарихи шындықты баяндайтын мәліметтің көзі болып шығады.
Сол мәліметтерді деректік талдау және құрау арқылы тарихи-қоғамдық шындықты белгісіз тарихи оқиғалардың сырын ашуға орынды пайдалануға болады. Қария сөздердің орны ерекше, олар ескіден хабары бар қарттардың, ақсақалдырдың айтуымен жалғасқан сапалы және піскен сөз. М.Ж. Көпейұлы: «қазаққа қазақ таңсық ... бас қосқанның көбі жетілмеген, піспеген, шіп-шикі бала болған соң, бұрынғы жетілді, пісті деген мың сөзі де баланың сөзі болып кетті» - деп жазды.
Ауызша тарих айтушы тұлға, орны, уақыты, туралы түсінік: ауызша тарих айтушы көбіне оқиғаға өзі қатысқан, немесе тікелей оқиғаны көзімен көрген баяндаушының айтқан хабар-деректерін еске сақтауға алады. Осындай тікелей тіркелген жағдайды "нақты тарих", ең дұрысы "нақты шежіре" деп атауға болады.
Қазақ айтады: "көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра" – деп, демек көп ғұмыр кешкен адамның азды көпті көргені аса мәнді болмақ.
Ауызша тарихнама жүйесі айналымындағы сөздер – көптеген басқа да мәдени дәстүрлердің, иә болмаса жазба тарихи құжаттардағы деректің қайнаркөзі болып табылады. Бұл екеуінің өзінде де баяндаушылардың дерегі ойдағыдай толық бола бермейді.
Ауызша тарих айту дәстүрін зерттеу амалдары ауызекі мәтіндерді қағазға түсіру, сұхбат алу тәжірибесімен тікелей байланысты.
Мұндай сұхбат жүргізу және сұхбат алу арқылы жиылған деректер қолда бар басқа да қағаздарда хатталған, немесе жазба күйінде баспадан шыққан дерек көздерімен салыстырылуы керек. Сонымен, осындай үлгідегі ауызша тарихи дәстүрді зерттеудегі негізгі мақсат – ауызша айтылып жүрген тарихи деректердің ұмытыла бастағанына байланысты жойылып кетпеуінен оны сақтандыру.
Сондықтан осындай тарихи санаға қонған, тарихи жадыға тоқылған шежірелік тарихи деректерді теріп жазу арқылы бұдан әрі өшпестей ету мүмкін болады.
Ауызша тарих айту дәстүрімен шұғылданған маман, тарихтың ауызекі үлгіде айтылған мирастармен жұмыс жасап, осындай сөзде сақталған тарихи оқиғалардың деректерін қажетінше ғылыми әдіс қолданып өңдейді.
Өзінің зерттеу тәжірибесінде олардың алдында барлық ақпараттық әлеуеті мол деректерді іріктеп, сол дерек үлгілерін сақтаушыларды таңдау секілді үлкен мәселе тұрады. Ауызша тарих айту үлгілерін тіркеу тәжірибесі, сұхбатта жалғасады.
Шежіре, немесе аузыша тарихи дәстүр үлгілерін зерттеу бірнеше жолмен іске асады. Біріншісі, қазіргі күндегі шежіре жинаушылардың, сақтаушылардың өнерін зерттеу. Екіншісі, қағаз бетіне түскен ауызша тарихи дәстүрді қолжазба үлгісінен зерттеу. Және соңғысын айтушының өзі жазып қалдырған қолжазба мен айтушының сөзінен жазылып алынған деп айырып қарау қажет.
Қазақ шежірелерін ауызекі және жазба дерек ретінде пайдалану барысында, оның мағлұматтарын мен қоса заттай тарихи дерек боларлықтай өзге де материалдық жәдігерлердің мағлұматымен сабақтас қарастыру қажет. Өйткені шежірелік деректерің өн бойында нақты жер аттары, ол жерлерде тарихи әңгіменің өзегіне айналған тарихи тұлғаның артынан қалған түрлі мұралар сақталған. Мысалы, ескі аңыздардағы қиян руының өкілі Домбауыл туралы сөз етілсе, Ұлытау өңірінде Домбауылдың ескі мазары орналасқанын білеміз. Сан ғасырлар бойы сол Домбауылдың аты ұрпақтан-ұрпаққа айтылып келгені көшпелілердің тарихи жады мәселесіне ден қоятынын көрсетеді.
Қазақтың ауызша дәстүрімен құрамдас тарихи жырларға Ә.Х. Марғұланның жоғары дәрежеде пікір білдіріп жазуы, жырлардағы қазақ тарихының көрінісіне көз жеткізу жолы деп білеміз.
Қазақ жерін мекендеген жартылай көшпелі рулардың ортасында қалыптасқан мәдени құндылықтардың ішінде толық күйінде сақталғаны халықтың тарихи жырлары – деп жазады Ә.Х. Марғұлан. Басқа тарихи ескілікті жәдігерлер, сәулетшілік үлгілері, тас мүсіндер ізі жоғалып, ізі ғана сақталып келген көне қамалдар мен мұнаралардың қирандыларын осы күнде көре аламыз. Керісінше қазақ далаларында ескі дәуірлердің жыр дәстүріне тән эпикалық нұсқалар сақталған.
Өзінің идеялық мазмұны жағынан, тақырып көлемділігі жағынан қазақ жыр дәстүрі әлемдік эпикалық сюжеттер қорында ерекше орын алады – деп көрсеткен (3).
Қазақ шежіресі мақаласында Ә. Х. Марғұлан қазақ ортасында ауызша тарихи және тарихи-геналогиялық дәстүрдің қаншалықты дамығанын анық көрсетеді. Шежірелердің мазмұны фольклорлық дәстүрмен шектесетін де тұстары аз емес.
Бұл туралы Н. Әлімбайдың пікірі өте орынды: «шежіредегі рудың, тайпаның, әрісі этностың тек-тамыры, таралуы мен территориялық орнығуы жөніндегі оқиғаның өрбітілу әдісі және композициялық шешімі мен эстетикасы, оның көшпелілердің жалпы фольклорлық мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде қызмет атқарғандығын, сондықтан да оны фольклорлық тарихнама ретінде қарастырудың орынды екендігін дәлелдейді» (4).
Тарихи ақпаратты жалғастыру мақсатында ауызекі жанрлар үлгілерінің кең мүмкіндіктерінің барлығы іске қосылып, тарихи оқиға, генеалогиялы дерек туралы мәлімет хадис, тарихи әңгімелер, жыр (тарихи, батырлық), дастан, өлеңмен таратылған шежіре үлгісінде болса да айтылып қалуы керек болған. Сөйтіп тарихта орын алған жаңа оқиға туралы ауызша дерек айтылумен осылайша жалғаса береді.
Сол сияқты осындай әмбебап мнемоникалық кешен негізінде жиылған барлық ауызша дерек түрлері де анық өз жалғасын табады.
Нақты айтқанда, шежіререлердің деректері дәстүрлі мал кәсібін дамытып көшпелі тұрмыс кешкен қазақ халқының әлеуметтік-мәдени өміріндегі күнделікті экономикалық, діни, саяси іс-қымалдарын, тұрмыс жайын, шағармашылық қабілеттері мен отбасылық салтын мейілінше дұрыс, ғылыми объективті түсінуге қызмет етеді.
Бұдан шығатын қорытынды, жан жаққа таралатын институционалдық тәртіпті түсіндіру жолын қалыптастырып, сонымен өзінің когнитивті және нормативті тәпсірлеу амалын іске асырады. Мұндай түсіндірулерді жаңа ұрпақ жадына сақтап, сол үрдістің барысында оларды белгілі бір институционалдық ретте әлеуметтендіреді.
Шежірелердің субъективті қасиеттерінің табиғаты:
– шежірелік дерек ауызекі тарихи дәстүр және біраз уақыт өткеннен соң жатталған сөз болғандықтан байқалады;
– шежірелерде сөзсіз әртүрлі деректік өзгертулер орын алған. Мысалы, Уыз ханның әңгімесінің өзі бірнеше нұсқада айтылады;
– шежірелерде шартты түрде авторлық болжамдар мен автордың жеке теориясы да орын табады;
– субъективтілік шежірелердегі әңгімелерді есте сақтау шаралары тәуелділіктен туындайды.
Шежірелер көбінесе объективті әлеуметтік шындық ортасында айтылған ауызекі тарихи әңгімелерден құралғандықтан, көшпелі тұрмысты сипаттауда оның шаруашылық, ихсаттық жай-күйін баяндайтын дерек ретіндегі тарихи шындықты жеткізу маңызды.
Шежіре деректеріндегі айқын айтылған мағлұматтарды талдаудан гөрі жанама, баяндауды мақсат етпеген жасырылған ақпараттарды айналымға алу объективтілік талаптар тұрғысынан тиімдірек.
Демек шежірелерде әңгімеленетін тұлғалардың іс-әрекеттерінің психологиялық моделін құрастыруда зерттеушіге қажет болады. Бұл үшін, әрине, шежірелік деректерде жасырын келген менталитет тарихы жайында ойлану керек.
Шежірелерде орын алған әрбір тарихи оқиға немес құбылыс жайында белгілі бір түсіндірулер болуы керектігі анық. Дәстүрлі түсіндірулердің бір тобы шежірелердің ішкі құрамдық элементтерінен құралған таңба мен ұран белгілері, сондай-ақ антропоним, топоним және жалпы тарихи географияға қатысты бір топ түсіндірулер шежірелердің мазмұнынан табылады. Сондай түсіндірулер шежірелерде беріліп отырады.
Шежіре деректерінде рулық ұранның шығуы туралы, таңба белгілерінің мәнісі, мағынасы, оны жасаған тұлға туралы, рудың аталуы себептері, руаралық қатынастардың басқа да себеп-салдарларын түсіндіру және тәпсірлеу тәжірибесі шежіре деректерінде жиі кездеседі. Түсіндірілетін объектінің сипатына қарай түсіндіру үлгілері әрқилы болады. Мысалы арғын руының таралуы, ұраны мен ұранның алыну себептері былайша түсіндіріледі: «Арғын Жанарыстан тараған Қотан би деген кісі болады. Оның баласы Қарақожа, бұдан Дайырқожа, бұдан арғын туады. Арғынның бес баласы болады: Мейрамсопы, Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Жолымсопы. Арғын еркін жүріп, еркін тұрып, бұрматал арғын деп атанған дейді. Қайда жүрсе де жолы болып, содан Ақжол атаныпты. Ақжол деген ұран алған дейді» (5).
Шежірелер – тарихи фактілер қоры. Ауызша тарих айту дәстүрін зерттеген мамандар үшін естелік, шежіре ретінде сақталған деректерді жинау, әсіресе оларды жүйелей отырып қолданудың тәсілдерін жасау аса маңызды.
Қазақ шежірешілері естелік, шежіре ретінде сақталған деректерді шежірелік дәстүр талабына орай реттеу, түсіндіру амалдарын қалай атқара білгендігі туралы айту маңызды.
Шежірелердегі түсіндіру мен тәпсірлеудің екі түрлі құрылымы бар: біреу шежірелік деректің авторы жасаған түсіндіру мен тәпсір; екіншісі шежірелер дерегін түсінуге ұмтылушы субъекттің берген түсіндіру мен тәпсірлеу мысалдарынан құралады.
Шежірелер дерегіндегі түсіндіру үлгілерінің ішкі, сыртқы, құрылымдық сипатын анықтау маңызды.
Сонымен қазақ шежірелерінің ішкі құрылымдық формалары ретінде мәтінде кездесетін таңба, ұран, антропоним, топоним, эпоним, этноним, геонимдер, сондай-ақ басқа да әртүрлі шаруашылық-мәдени атаулар мен туыстық номенклатура ұғымдық таксоном ру мен тұлға, жеке адам мен социум, жалпы мәдениеттің тарихи дамуын түсіндіру құралына айналған.
Достарыңызбен бөлісу: |