Н86. Жетпістің жетеуі Алматы: (Ғылыми Өндірістік Полиграфиялық Баспа компаниясы) ҒӨпбк "gauhar", 2010 77 бет



бет1/2
Дата04.11.2016
өлшемі1,47 Mb.
#126
  1   2


Н86. Жетпістің жетеуі - Алматы: (Ғылыми - Өндірістік Полиграфиялық - Баспа компаниясы) ҒӨПБК "GAUHAR", 2010 - 77 бет

ISBN 9965-588-34-1

Академик Рымғали Нұрғалидің оқушылар назарына ұсынылып отырған бұл кітабында қазақтың С.М.Киров атындағы (бүгіндері Әл - Фараби) Ұлттық Университетінде 1958 - 1963 жылдың аралығындағы оқыған студент жастар өмірі қамтылады.



ЖЕТПІСТІҢ ЖЕТЕУІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдығын бүкіл республика тойлады. Филология факультетін біз бітіргелі де бір адамның ғұмыры дерлік 46 жыл өтіпті. Тіл және әдебиет, журналистика деген екі мамандық, екі бөлім болғанмен, көп пән ортақ, бірге оқушы едік. Қазір ойлап отырсам, сол алпыс үшінші жылы бітіргендерден елімізге белгілі көп азамат шығыпты. Олардың ішінде ғылым докторлары Әлімхан Жүнісбеков (тілші), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Байынқол Қалиев (тілші), ақын, профессор Өтеген Күмісбаев (шығыстанушы), профессор Лазар Керімов (педагог), Әміржан Шалтыков (саясаттанушы), Республикалық, Халықаралық, облыстық, аудандық газет редакторлары Болат Бодаубаев, Мәткәрім Әкімжанов, Нұриден Мұфтахов, Бақтыбай Далабаев (Орал), Идош Асқаров (Ақтөбе), Мәкен Өсербаева (Талдықорған), Қаһар О., Даян Қ. (Моңғолия), Маман Ементаев, Жұмабай Есекеев (Көкшетау), Байтұрсын Ілияс (Қостанай), Әміржан Қалиев, Әкімжан Оралбаев, Жақсылық Темірбеков, Әнуар Жапаров, ғылым кандидаттары Нарбай Ыбыраев, Назар Қанафин, Ләтипа Ахметова, белгілі кинорежиссер Серік Жармұхамедов. Баспа, мектеп директорлары мұғалімдер, өз алдына, ақын-жазушылар бір төбе: Өтежан Нұрғалиев, Мағираш Сарикова, Өтен Ахметов, Ерғали Ахметов, Құрманбай Толыбаев, Қабыш Жаркенов, Қарауылбек Қазиев, Әлдихан Қалдыбаев, Қоғабай Сәрсекеев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәрсенбек Жұмабеков, Жорабай Молдақұлов, бокстан Қазақстан чемпионы Айдарбек Жапсарбаев ...

Ұядан бірге ұшқан курстастар туралы мына қысқаша жазба сағыныштың бір тамшысы ғана.

Құрманбайдың реализмі

Қытайдан келген екі курстасымыздың екеуі де қасқа.

Құрманбайдың басы сопақ, шашы жұмсақ, ерте түскен, самай шаштары орнында, маңдайынан төбесіне дейін түбіт қасқа. Мінезі салмақты. Қандай қалжың айтсаң да көтереді, кісі көңілін қалдырмайды.

Қабыштың басы жалпақ, самай шаштары қатты, қап-қара, маңдайынан төбесіне дейін жарқыраған айна қасқа. Мінезі шырт етпе, басынан сөз асырмайды, кімді болса да жыландай шағып алатын шақар. Құрманбай мүшел жас, Қабыш он шақты жас үлкен болғанына қарамай құрдастай болып кеттік. Екеуі мені туған інілеріндей еркелетеді, достарындай сырласады, туыстарындай жақсы көреді. Екеуі де мен үшін қазына: Қытайдағы жағдай, Шығыс Түркістанның трагедиясы, халықтың әрлі-берлі көшу тарихы, ер-азаматтар, ақын-жазушылар, әнші-күйшілер, өзен-көлдер, тау-ормандар-баршасын майын тамызып әңгімелейді. Әсет өмірі, Шәкәрімнің ұлдары, алаш ардагері Райымжан Мәрсеков, Оспан батыр, Қалыбек Хәкім, Қажығұмар, Омарғазы жазушылар, Нариман аудармашы - бұл төңіректерде айлап айтылған сырлар бар еді.

Кейін Қабыш сырттай бөлімге оқуға ауысты, университет бітіргеннен кейін көп жылдар Шұбартау, Үржар, Талдықорған жағында қызмет етті. Бірнеше кітап, оның ішінде «Мұғалімдер» романын бастырды.

Ал Құрманбайммен 46 жыл бойы іргеміз де, көңіліміз де бөлінген жоқ.

Ол Алматыда Орталық стадион жанында, аэропорт жақта, микроауданда және орталықтағы соңғы үйінде тұрған кездерінде күн демей, түн демей қалаған уақытымызда барып, жеңгеміз Розаның шай-суын, ас-дәмін еркін ішіп-жеп, қаласақ қона кетіп, ойнап-қунап, әзілдеп, мәз-мейрам болып жүруші едік. Негізінен қалада тәрбиеленген, орыс мектебінде оқыған Роза Құрманбайдың қадірін білді, адал жар, аяулы ана болды; оған жағдай жасады, айтқанынан шыққан жоқ; үлкен ұлдарын Құрманбайдың апасының бауырына салып берді; ауырып қалған күндерінде Құрманбайды сәбидей күтті, Мира мен Нұратты үкілеп өсірді.

Құрманбай табиғатынан дарынды, аса еңбекқор адам еді. Оның бүкіл өмірі оқу-ізденумен, жазу-сызумен өтті. Біреудің алдына түсу, дүние жинау, байлық қуу, кісінің сыртынан ғайбат айту, әлдекіммен ұстасу, кектесу, өш алу дегендерден құлан таза болатын. Адалдық, тазалық, еркіндік, туған халқына махаббат – оның басты қасиеттері еді.

Қаламы қозғалмаған күні жоқ. Негізінен реализмді нысана еткен жазушының «Ай күледі», «Балбөбек», «Қайдасың, досым?», «Шынар», «Нар идірген», «Қаныш Сәтпаевтың балалық шағы», «Әсет», «Бабадан қалған бар байлық» сияқты көптеген кітаптары жарияланды. Өлең, дастан тудырды. Ертегі, әңгіме, хикаят, роман жазды. Тарихи-танымдық, этнографиялық, педагогикалық еңбектер берді. Аударма жасады. Әртүрлі кітаптар, күнтізбелер құрастырды. Бұлардың басын қосып шығарса, көп томдық шығармалар жинағы болмақ.

Құрманбаймен көп сапарда бірге болдық. Ол өте сергек адам еді. Ұзақ жолда бап талғамайтын қазанат секілді: үш-төрт сағат көз іліндірсе, қунап шыға келеді; асқа кірпияз емес, аздың өзін қанағат етеді; далаға, машина кабинасына қона салуға бар. Берекесіз көп сөйлеп, мазаны алмайды, татымды әңгімемен ауыл-аймақты разы етеді.

Менің «Ақбұзау» деп ат қойған «Жигули» машинаммен екі балам-ұлым Ардақ пен қызым Ләйла және Құрманбай бар, 1975 жылы шыжыған шілде айында Алматы – Жамбыл – Шымкент – Түркістандатып сапарға шықтық. Жамбылда Әлдихан Қалдыбаев, Шымкентте Қарауылбек Қазиев күтіп алды. Қызықты кештер, әңгіме-дүкен, тамаша табиғат құшағы, жастық күндер.

Одан Ташкент – Самарқан – Бұқара – Хиуа тарттық. Бензиннің тапшы болып тұрған кезі. Құрманбай ұйғырша ұйғырдан артық біледі, өзбекше де сөйлейді. Бірден райкомға тартамыз. Жазушылар Одағының мүшесі деген кішкентай қызыл куәлікті көрсетеді де, кітап жазу үшін саяхаттап жүрміз, жағдай жасаңдар дегенді өзбекшелеп мипаздап айтады. Әр қарай мәселе қолмақол шешіледі: жатар орын, ішер тамақ, құйылар бензин түгел дайын.

Әсіресе Самарқан облысының бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Рахимов деген азамат ерекше күтті, түбі Қашқарлық ұйғыр болса керек; Құрманбайдың Шығыс Түркістан туралы әңгімелеріне құрсан болып, бір апта алып қалып, Самарқантты, оның маңайын түгел аралатты, арнаулы демалыс үйіне жатқызды, әрі қарай баратын жерімізге телефон соғып айрықша тапсырды. Сонша құрмет көріп жүрген Құрманбай екеуіміздің аяғымызда бақайларымыз ырсиып тұрған шарқай, үстімізде алабажақ жейде. Көңіл таза, сезім-ақ.

Келесі жылы жазда Құрманбай бар, әнші Жәнібек Кәрменов бар. Жолда Талдықорғанда Дәнеш Рақышевта қонақтап, Үржар, Алакөл, Аягөз-Семейлетіп тағы саяхатқа шықтық. Ғажайып бір ән сапары еді ол.

Ғалым, әнші Құныпия Алпысбаевпен Кеген-Нарынқол жағында болдық. Еске түсіріп отырсам, он мың шақырымнан астам жерді Құрманбаймен бір машина ішінде болып өткен екенбіз.

Құрманбай алды-артына бірдей мейірмен қарайтын, адамды кісілігіне қарай сыйлап құрметтейтін көшелі кісі еді. Тағдырлары ұқсас Зия Самади, Жағда Бабалықов, Қабдеш Жұмаділов, бірге қызметтес болған Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсенбаев, балалары қатарлас Несіпбек Айтов, Тұрсын Жұртбаевтармен сырлас, дос, ниеттес болатын. Курстастары Құреке деп түгел төбесіне көтеруші еді, тіске басар табылмай қалған қызу шақтарда оның теңбіл-теңбіл, дөңгелек тамшылары мөлдіреген түбі қасқасын рахаттана жалап отыратындар да табылатын. Бала күнінен бірге өскен, Құлжа бойында жастық шақтың қызығына ортақтасқан асыл досы, Әсет мектебін қайта тірілткен, қазақтың қобыз үнді ғажайып әншісі, ішкі сарайы тап-таза, періште мінез Дәнеш екеуінің шығарда жаны ғана бөлек еді. Бұл ғұмыр бойына созылған, қас-қабақтан, түсінісетін, көрмесе сағынып тұратын, ешқашан сызат түспеген тамаша қазақы достық болатын.

Қазақстан Жазушыларының соңғы құрылтайында Құрманбай шаршаңқы, жүрісі сылбыр, өңі қуқыл, көңілі жабырқау көрінгенмен, «ал, кеттік» деген шақыруға қарсылық білдірмеді. Сол күні Алматының бір жылауық жаңбыры толассыз жаусын. Оған қараған біз жоқ. Астымызда сүліктей қатқан, есік пен төрдей, былғары орындықты, Германиядан күні кеше ғана келген Қоғабайдың су жаңа «Мерседесі».

Түнге қарай орталықтан бас сұғар жер таба алмай, аэропорт, вокзал, Тастақтарды сенделетін баяғы Алматы емес, таяқ тастасаң кафе, казино, ресторан, «кел, іш, же, ойна» деп шамдары жарқырап, шақырып тұр. Зыр етіп, Абай көшесіне түстік те, у-шу, ырду-дырду бір кафеге кіріп кеттік. Одан кейін екінші кафе. Одан кейін үшінші кафе. Әуелде үшеу едік. Кейін басқалар қосылды. Қызу әңгіме: кім мақталды, кім сыйланды, кім кімге дауыс берді. Қызыл кеңірдек. Құрманбайдың сабырлы қалпы. «Алаш» сыйлығын алып тұрған жерінен біреулердің қызғанышынан өтпей қалғаны айтылғанда да былқ еткен жоқ. Түні бойы қыдырдық.

Кафе, ресторан жалықтырған соң, менің үйіме, Қоғабайдың үйіне бардық. Атақ, даңқ, күндестік, опасыздық, өмір, өлім, әйел, нәсіл, достық, дұшпандық, кедейлік, байлық, қазақтың тағдыры – бәрі сөз болды. Құрманбай түн ауа көңілденді. Жас кезіндегідей қолын сермеп тастап, қызыл шеке боп айтысты, ешкімге есе теңдік бермей қойды. Таң ата үйіне келгенде әйелі Розаға:

- Сен, ұрыспа, мен бүгін ақырғы рет қатты іштім, достарыммен іштім,-деді. Дауысы дірілдеді, көзіне жас келді.

Содан кейін мен Құрманбайды көрген жоқпын.

Нұриденнің сатиралық фельетондары

Ол бізден үш-төрт жас үлкен болатын. Жасы ғана емес, түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы ауылдан келген біздерге қарағанда өзгеше еді. Қапсағай, арық, бойы ұзын. Шықшыт сүйектері шығыңқы, мұрны үлкен, қоңқақ. Көзі алақандай, үлкен, кісіге суық қарайды. Қайдан тауып алатынын білмейміз, өзгелерде жоқ киім киеді: басында сұр берет, үстінде қара сулық, қолында қара қолғап, көзінде қара көзілдірік. Сол кезде экранға шыға бастаған италия киноларының кейіпкері секілді. Полицейский ме, детектив пе?

Ауылшаруашылығы жұмысына бару үшін жолға шыққан бетімізде, жүк артатын, мал таситын вагондарға мінер-мінбестен бәрімізді билеп-төстеп кетті. Өзі би, өзі қожа, тізімдеп кезекші жасап, тазалық, тәртіп орнатып, бірден серкеміз болып алды. Совхозға жеткен соң бригадирге айналып, кетті, қанша астық тазартылды, қанша, машина артылды, барлық құжаттарды өзі толтырады, кімге қанша ақша тиесілі өзі шешеді. Адал. Ешкімнің ала жібін аттамайды. Алаламайды. Сөйтіп, астық жинауға барғанда, Нұриден Мұфтаховтың арқасында бірінші курсқа жаңа түскен біздер өмірі қолымызға ұстап көрмеген ақшаға қарық болдық, тіпті сол сомаға костюм-шалбар, етік, алғашқы сағат сатып алынды, одан артылғанын стипендияға қосып талғажау еттік.

Сөйтсек Нұриден университетке дейін Қарағандыда кенші болған, бірталай қиыншылық көрсе де мойымаған қайсар, тісқаққан жігіт екен.

Университеттің жалпы комсомол жиналысы өтіп, Арқаға астық жинауға қатысқан бірталай студенттерге сыйлық беріліп, марапат жасалған кезде, бірінші курс студенті, біздің топтағы Е.Қ. «Тыңды игергені үшін» медаліне ұсынылғандығы айтылғанда, өзгелер аса мән бермесе, Нұриден шоқ басып алғандай, тулап шыға келді, мінберге ұмтылды, «бұл дұрыс емес» деп орнынан түрегеліп айқайлап та жіберді: «мен бұл әділетсіздікті болдырмаймын» деп жұдырығын түйді.

Айтқаны рас екен, Нұриден әрекетті бастады. Е.Қ. қолайсыз бір жағдайға байланысты, алыстағы Маңғыстаудан жедел хабар келіп, ауылына жұмыс бітерден жиырма күндей бұрын қайтқан болатын. Нұриден сол құжатты алғызып, алдымен университет газетіне жазды. Еш қорытынды шыққан жоқ. Жастар газетіне жазды. Нәтиже болған жоқ. Мәскеуге, Жоғары кеңес төралқасына жазды. Ақыры шынында студенттердің жазғы ауылшаруашылық жұмысында толық істемесе де, жаңсақ жолмен медальға ұсынылып кеткен студентке Нұриден қоймай жүріп марапатты бергізбей тастады. Біреулер: «Шындыққа жетті. Азамат екен» десе, біреулер: «Сонша соңына түсіп, өз қалтасынан шыққандай. Қызыл көз пәле екен» деді.

Әдебиет тарихы курсы бойынша жаңа оқытушы - доцент Белгібай Шалабаев аудиторияға кіріп, орындыққа жайғасты. Үстінде бір түсті ақ матадан тігілген жеңі шолақ көйлек, шалбар, аяғында да ақ сандал. Шашы да аппақ. Бұрынғы галстук тағатын, костюм киетін оқытушылардан бөлек. Сабақ оқытуы да басқаша екен. Ұзақ-сонар өз өмірбаянын шолып кетті. Сәкен, Сәбит, Мұхтар, Әлкен, Мұқаметжан Қаратаев, Хамза Есенжановтармен өзін үнемі қатарластыра айтып отырып, қазақ әдебиетшілерінің ішінде Шоқаннан кейін еңбектерін орыс тілінде жазатын екінші әдебиетші екеніне тоқталып, стол үстіне қойған, әр жерінен жібі шығып, өңі кетіп тозыңқырай бастаған жуан, қызыл күрең портфелін ашып, ішінен екі жұқалтаң кітап шығарды. «Қазақ әдебиетін әлемге таныту үшін мен мақсатты түрде орыс тілінде жазам. Сендерді де осы кітаптарыммен орысша оқытатын болам» деді. Содан кейін өз кітабы бойынша диктант жаздырды. Келесі лекцияға келгенде білдік, төрт-бес студенттен өзгеге екі қойылыпты. Оқытушымыз өз кітабын тақырып-тақырып бойынша бәрімізге бөліп берді. Сөйтіп біз өзімізді өзіміз оқыта бастадық. Негізінен кітаптан көшіріп аламыз да соны оқып береміз. Оқытушымыз анда-санда «Молодец» деп қойып, шалқайып отырады, қате айтқан сөздерді түзетеді, «Осылай әрі білім аласыңдар, әрі орысша үйренесіңдер» дейді. Ол да мәз, бізде мәз.

Бір күні кезек Нұриденге келді. Оның орысшасы бізден көш ілгері. Ешқандай қате жібермейді. Күмпілдетіп, саудыратып оқып жатыр. Оқытушы риза болып, басын изеп отырған. Кенет студенттің қолындағы қалың дәптерден кітаптан жыртылып алынған беттер сау етіп төгіліп, оның бір парағы оқытушы столына барып құласын. Оқытушының көзі бағжаң ете қалып, даусы шаңқ ете түсті: «Қолың барып, менің кітабымды қалай жыртқансың?» деді. «Көшіріп жатуға уақыт болмады, ағай. Мен сатып алдым ғой кітапты» дей бергенде, оқытушы орнынан атып тұрды. «Кітап жыртқан фашист, иттің баласы!» дегенде Нұриден өзін-өзі ұстай алмай, қалшылдап: «Мен комсомолмын. Иттің баласы емеспін. Әкем соғыста өлген. Тіліңізді тартыңыз!» У-шу болды да кетті. Улап-шулап деканатқа бардық. Улап-шулап ғылыми кеңеске бардық. Ақыры басқа оқытушы келді. Бәрімізді бастап жүрген – Нұриден

Университетті бітірген соң, жолдама бойынша жан-жаққа тарадық, Нұриден Алматыда қалу мүмкіндігі болса да, сұранып, өтініп жүріп, ақыры Атыраудың облыстық газетіне кетті. Бітіргенімізге бес жыл толғанда Алматыға жиналдық, біреу сақа тартқан, біреуге қарын біткен, біреу кішігірім бастық, біреу кітап шығарып, Жазушылар Одағына мүше болған, біреу диссертация жазып, кандидат дипломын алған, біреу әлі бойдақ, біреу үш-төрт баланың әкесі, бәрінде де өзгеріс бар, өзгермеген Нұриден ғана, сол сұр берет, қара көзілдірік, қара сулық, қара қолғап, мінезі де баяғыдай: «бес жылда үш адамды соттаттым, бес адамды партиядан шығарттым, он екі адамды жұмыстан қудырдым» деп қарап тұр. «Әділет үшін күрестім. Біреуді мақтап, өтірік очерк жазған жоқпын» деген.

Облыста фельетондармен атағы дүрілдеген Нұриденнің дабыры Алматыға да жетіп, Республиканың бас газетіне арнайы шақырылды. Бұрынғы бұрынғы ма, қылмыстардың бетін ашқан, жемқорлық ініне су құйған, зорлық, әділетсіздікті әшкерелеген материалдарды қарша боратты, жақтастары да, дұшпандыра да көбейді, оған қаймығып жатқан Нұриден жоқ, Қазақстанның қай бұрышына барса да не фельетон, не сын мақала жазып келеді, бетің бар, жүзің бар демейді, құзырлы мекемелерді де, үлкен мансап иелерін де найзалап жібереді, жалғыз өзі әрі милиция, әрі сот, әрі прокуратура секілді, дерек, факт, құжат табуда тұтас тексеру бригадасының қызметін атқарып кеткендей болады. Кейде олқы соқса, қателессе, оны мойындаудан қашпайды. Асанбай Асқаров туралы әуелде жалған деректерге сүйеніп материал, жазса, кейін сол қайраткерді ақтау әрекетінің басында жүрді, Журналист-адвокат қызметін абыроймен атқарды десе болғандай.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Нұриденнің мүмкіндігі тіпті молайды. Бірінші болып заң газетін шығарды. Әділет министрлігінде істеді. Келе-келе орыс тілінде еркін жазып кетті. Әлеуметтік толғақты ойларды қозғайтын қайраткерге айнала бастағанда, халқына Нұри Мұфтах атымен кеңінен танылған биік белесте, аяқ астынан жол апатынан қазаға ұшырады. Қазақ сатиралық журналистикасының үлкен бір сеңгірі Нұриден Мұфтахов екендігінде ешқандай күмән жоқ.

Қарауылбектің лирикалық прозасы

Біз бесінші курсқа келгенде, филология факультетінің орыс бөліміне Ж. есімді бір қазақ қызы оқуға түсті. Он алты жаста екен, Қызылорда қаласынан, екі тілде бірдей. Ұзын шашын бір бунақ етіп, арқасына тастай салған. Өзі екпінді. Үнемі жүгіріп жүрген секілді. Беті сопақша келген, көзі тостағандай, өңі аққұба. Күлген кезде тістері ақсиып тұрады, бір уыс ұсақ күмісті жарқ еткізіп шашып жібергендей әсер қалдырады. Аз күннен кейін белгілі болды, ауылшаруашылығы ма, политех па, солардың біреуінде оқитын жігіті бар екен. Үлкен қалың көзілдірік киген, еңгезердей дәу қара, қаудырлаған сулық киіп жүреді, онысы жерге сүйретіліп жатады. Виноградов көшесіндегі жатақханада тұрамыз. Есік алдындағы биік теректің жанынан көреміз, этаж арасындағы баспалдақ астынан көреміз, әлгі дәу қараның кең сулығының ішінде үнемі Ж. тұрады. Сүйісіп тұрады. Бәріміз қызғанамыз. Ең алдымен сұлулық десе, ішкен асын жерге қоятын Қарауылбек қызғанады. «Ойпырмай, құжбаннан не тапты екен?» деп басын шайқайды. Таңертең Ж. университетке қарай бұрымы арқасында бұлғандап, бір шекесінде ақ бантигі ағараңдап, жүгіре басып кетіп бара жатады. Аузымыздан суымыз ағып, жабыла соған қараймыз. Бәріміз ғашық болып қалғандаймыз. Екінші семестр басталғанда болса керек, Ж. ақ бантигін тастапты, жүріс-тұрысы бұрынғыдай емес, сабыр тартқан, өңіне мұң кіргендей. Бір күні Ж. жатақханадан көрінбей қалды. Салпаң сулықты құжқараға күйеуге шығып кетіпті. Алдымен Қарауылбектің қабағы қарс айрылды. Бәріміз асылымызды жоғалтқандай күйге түстік. Қарауылбек: «Кетуін кетті ғой. Белгі қалсын. Кәне, бәріміз «Ақ бантик» деген атпен бір-бір әңгіме жазайық» деді. Конкурстық комиссия құрдық. Оншақты әңгіменің ішінен ең үздігі деп Ерғали Ахметов пен Қарауылбек Қазиевтің әңгімелерін мойындадық. Ерғали әңгімесі «Жұлдыздың» жастарға арналған санында басылды. Әдеби қауым өнерге жаңа талант келді деп қуанды. Әлі күнге дейін себебін білмей қайран қаламын, Ерғали сол тамаша әңгімеден кейін мандытып көркем шығарма жазған жоқ, мұғалімдікпен, журналистикамен ұзақ жылдар айналысты, облыстық газет редакторының орынбасары болды.

Ал Қарауылбектің жазушылығы сол «Ақ бантиктен» қауырт басталып кетті. Алғашқы әңгімелер жинағы да «Ақ бантик» (1968) аталған еді. Көзі тірісінде «Иманжапырақ» (1975), «Үркер» (1971), «Кемпірқосақ» (1984), «Утренняя роса» (1983), кейін «Ақшуақ» (1988) деген атпен әңгіме, хикаяттар жинағы басылған. Қазқ әдебиетіндегі лирикалық прозаның талантты бір өкілі, тамаша стилист, жастықтың, махаббаттың романтикалық жыршысы екендігін көрсетіп кеткен дарынды досымыздың мінезі де қызық болатын.

Жолаушылап кетті ме, сапарда ма, Қарауылбекті телефонмен таба алмаған соң, барғаннан кейін кездесерміз деп, Шымкентке хабарсыз-ақ тартып отырдым. Орталықтағы қонақүйге жақсылап жайғасқаннан кейін, негізгі келген шаруамды тындырайын деп Әкіш Шаниннің үйіне бірден тартайын. Тоқпақтай ғана жылтыр қара шал айтқан сөздерімді селқос, мән бермей тыңдап алды да, дүрсе қоя берді: «Айтатындарың бәрі өтірік. Амантай Сатаев келген. Қанша материал бердім. Бар жазғаны – бір мақала. Бағыбек Құндақбаев келген. Қанша материал бердім. Бар жазғаны – бір мақала, кітап жазам дейсің. Мен сендерге сенбеймін. Қолда енді қалған дүниелерді ешкімге бермеймін. Кезі келер. Сонда иманы бар біреу Жұмат Шанин туралы жазар». Бүрісіп отырған жұдырықтай шалдың көзі өңменімнен өтіп, дауысы құлағымды жарып жібере жаздады. «Әуре болма, енді келмей-ақ қой» деді кетерімде орнынан да тұрмастан.

Қонақүйге қайтып, тамақ ішіп, демалғандай болып отырсам да, көңіл-күйім болмай, терезеге қарап тұрған кезімде, біреу келіп оң қолымен көзімді басып тұр. Біле қойдым – Қарауылбек, мұндай исі бар одеколонды бір сепсе, сол ғана себеді. «Қонақүйге түскенің не, масқара, сенің? Менің үйім жоқ деп естіп пе едің?» Аяқ-қолымды жерге тигізбей, қасындағы жігітіне заттарымды, қағаздарымды жинатып, чемоданға салдырды да, бөлмеден итергендей етіп шығарып, көшеде тұрған «Москвич» мәшинесіне мінгізіп алып, үйіне қарай тартты. Әйелі Зоя, шешесі Ермек, екі кішкентай баласы мені көптен күтіп отырғандай қуанысып, қаужаңдап әбігер болды да қалды. Қонақ келетіндей мол дастархан жасап, неше түрлі дәм, жемісті толтырып тастаған. Арақ-шарабы, қымыз-қымыраны, қазы-қартасы – бәрі жыртылып айрылғандай. Кірпіштен салынған, арнаулы жобамен жасалған, негізінен обком қызметкерлері тұратын үш бөлмелі, жайлы, кең қолайлы пәтер алуына облыстық атқару комитетінің төрағасы Жамалбек Шаймерденов көмектескенін, ол кісінің Зояның марқұм папасының досы болғандығын, Зояны өз қызындай көргенін Қарауылбек зор алғыспен, ырза көңілмен айтып отырды.

Әкіш шалдың қалай қарсы алғанын естігенде, Қарауылбек бұйра шашын сілкіп тастап, үлкен танауы қоңқайып, шек-сілесі қатып күлді. Ертеңіне базарға алып барды. Бір өзбектен мәнті жегізді. Сондай дәмді болар ма, осы күнге дейін дәмі аузымда. Жеңді білектей қос қазы, жылқының сан етінен, жаясынан алды. Қымыз-қымыран алды. Армян коньягын, орыс арағын, молдован шарабын алды. Соның бәрін машинасына салды да, Әкіш Шаниннің үйіне тартты. Келе салысымен «Мына еттерді қазанға салыңыз» деп жеңгесіне тапсырып болған соң, Әкіш ақсақалдың қасына келіп жайғасты. Бірін-бірі бұрыннан біледі екен. Әңгімелері жарасып тұр. Қария маған онша мән бермей, екеуі көп шүйіркелесті. Шай үстінде бірер рюмка тамақтан өткеннен кейін үшеуіміздің де маңдайымыз тершіп, сөзіміз жараса бастады. Жас қазы, жылқы етінің иісі танауға келе бастағанда Әкіш ақсақалдың әңгімесі тіпті түзелді. Қанша дегенмен Республиканың еңбек сіңірген артисі емес пе, шыққан ортасы, ата-бабасы, Баянауыл, Семей, Омбы атырабы туралы тарам-тарам тарихты таратып айтып, Жұмат Шанин өміріне келгенде тіпті көсіліп, біреулерден көрген қиянатты, өкімет жасаған репрессияны айтқанда өңі бұзылып, даусы өзгеріп, тұтас бір трагедиялық моноспектакль көрсеткендей болып отырды. Қарауылбектің те түсі бір сұрланып, бір қарайып, сан алуан күйге түсті, өзгеше құбылып отырды.

Менің кейін Жұмат Шанин туралы кітап, деректі фильм сценарийін жазуыма мол азық берген сол ұзақ отырыс арада қырық жылдан астам уақыт өтсе де әлі есімнен кетпейді.

Қарауылбек студент кезінен ерекше жомарт еді. Ауыл қоңторғай. Елден көп болса, бес-он тиын, бір дорба ет келеді. Бар талғажау – стипендия. Студенттер үшін стипендия алған күн – той. Басқалар дүкеннен тамақ сатып алып, асханаға барып, терлеп-тепшіп жатқанда, Қарауылбек бөлмесін бейтаныс жігіттер басып кетеді: ана институт, ана техникумнен келген. Келгендерге стипендиясын пышақ үстінен қарызға бөліп береді. Басқамыз ондай қадамға бара алмаймыз, қайтармаса ертең аштан өлетіндей қорқамыз. Әр жерден келген жігіттер Қарауылбекті алдамайды, уәделі уақыттарында қайтарады.

Кейін облыстық радио-телекомитетті басқарып, жазушы болып қаламақы тауып, «қолына қарға саңғыған» дегендей кезеңде Қарауылбектің жомарттығы тіпті үдеп кетті: Шымкентке жазушы барса, өз үйіне түсіреді, Алматыға сапарға шықса, вагон-ресторанда отырғандардың ақшасын төлейді, Қырымға шығармашылық үйіне барғанда, бір маусымға келгендерге банкет береді, басқа да Атымтай жомарттығы аңызға айналды. Кісі көңілін табуға, алыс-жақынның бәрін сыйлауға асығатын да жүретін. Ғұмырының қысқа болатынын сезді ме екен?

Қоғабайдың қаламгерлігі мен баспагерлігі

Курстас досымыз Қоғабай Сәрсекеев жетпістің желкесіне шыққан мерейтойына дастархан жаятынын айтып, сол қуанышқа қатысуға шақырып жазған хатын алғаннан кейін қазіргі ішіміздегі үлкеніміз, белгілі баспагер, атақты аудармашы Мәткәрім Әкімжанов, көрнекті публицист-жазушы Болат Бодаубаев және мен мерейтой иесіне сыйлық іздеп, Астана дүкендері мен базарларын олай аралап, былай аралап, көпке дейін лайықты ештеңе таба алмай дал болдық: өрнектелген, оюланған, алтын-күміс жіппен әдіптелген талай шапанды жаратпадық; самғап ұшып кетейін деп тұрған бүркіт ұнамады; жер тарпып кісінеген арғымақты алмадық. Елеусіздеу дүкеннің күңгірттеу бұрышында тістері ақсиып, тас арасынан енді шығып, жеміне атылайын деп, атылайын деп жиырыла ұмтыла бастаған қиғаш көз, шұп-шұбар барысты шалып қалған Мәткәрім: «Міне, табылды. Нағыз сувенир осы. Қоғашқа ұқсай ма, қалай» деп күліп жіберді де, бізден келісім сұрамастан, кассаға барып, ақшасын төлей бастады. Жол билетін алдық.

Тұңғыш атом бомбасы сыналғанына алпыс жыл толуына орай, полигон құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысу үшін Семейге барған күннің ертеңіне аяқ астынан қан қысымы қатты көтеріліп, ауруханадан бір-ақ шығып, Қоғабайдың тойына бара алмадым. Ұзақ күн сарылып төсекте жатқан адамның жолдасы уайым мен қайғы, мұң мен ой, өткен-күткен күндер елесі.

Дос қуанышын телефонмен құттықтауға ғана шама келді. Содан кейін жарты ғасырдан артық қатар, бірге сүрген өмір, соның әртүрлі мезеттері еске түсе бастаған.

Сүтке тойған қозыдай томпиған, қап-қара қайратты шашын қысқа қырықтырып, тікірейте тараған, бүйрек бет, орта бойлы, қалың қабақты, қағылез бала өзгемізден бөлекшелеу еді. Ауылдан енді келген біздердің үсті-басымыз алқам-салқам, олпы-солпы, жүріс-тұрысымыз бошалаң, ол тіпті жинақы, тап-тұйнақтай, үстіне кигені ескі-құсқы емес, бойына шап-шақ, дүкеннен бүгін сатып алғандай дүниелер, білегінде ешқайсымызда жоқ қымбат сағат. Байдың ұлы шығар деп ойлағанбыз. Кейін білдік, әкесі Сәтен соғыста өлген, жетім-жесір әйелдердің қолында өскен тесік-өкпе бала екен ғой. Асханада, той-томалақта, былайғы жүріс-тұрыста қолы ашық, оңды-солды шашып жүреді. Бұл ақшаны қайдан алады десек, ол бізге ұқсап түнге қарай бұрқыратып ұйқы соқпай, бір мекемеде әрі күзетші, әрі отжағушы болып істеп, сол жерде түнімен сабақ оқиды екен ғой. Бір атпалдай азаматтың еңбекақысын алған, оған стипендиясын қосыңыз. Баспасөзде жиі көрініп, қаламақы таба бастады. Жоғарғы курстардың бірінде болса керек, біздер де галстук байлауды үйреніп, венгрдің бе, поляктың ба сырт киімін, чехтың туфлиін киюге жарап қалғанбыз. Қоғабай бұл кезде тіпті ұзап кеткен.

Бір күні лекцияға жарқырап келді. Үстінде тіпті профессорлардың өзінде жоқ костюм-шалбар. Қай дүкеннен алғанын сұрасақ үндемейді, жымиып күле береді. Қандай материалдан тігілгенін білгіміз келгенде айтқанын түсінгеміз жоқ, каверкот деді ме, бостон деді ме, әйтеуір біз білмейтін бір мата. Тіпті қыр соңынан қалмай сұрақтың астында қалдырғаннан кейін шындыққа көзіміз жеткендей болдық: мұндай киім осы қалада классик Ғабит Мүсіреповте ғана бар екен, тапсырмамен екі-ақ данасы тігілген, шебері жебірей Мейэр.

Университет бітірген соң, дәм-тұз бұйырып, бір жылдан астам Арқа жақта республикалық жастар газетінің тілшісі болып жүргенде, бұрынғы Ақмолада үшінші курста облыстық басылымда Қоғабай тәжірибеден өткен кезде жатқан үйде мен де тұрдым. Төрт бөлмелі, қара қопсылы, жақсы салынған кең үй. Адресі Авдеев көшесі, 38. қазір Шоқан Уәлиханов көшесі, ол үй қазір де бар, бұзылған жоқ.

Алпыс төрттің жазғытұрымы еді. Пионер газетінің қызметкері Қоғабай сапарлап келе қалды. Үй иесі бойы ұзын, тарамыс денелі Саттар ағай базарда ет сатады, әйелі толық келген, алтын тістері жарқыраған салтанатты бәйбіше Әмина да сауда жасайды; екеуінің де арғы тегі бай-бағылан болғандығы үй-тұрмыстарынан, ішкен-жегендерінен, аралас-құраластарынан көрініп тұрады, қолдары ашық, жомарт. Қоғабай келгенде туған інілерін көргендей қуанып, бір қойды сойып тастады. Анау да олардың іші-бауырына кіріп, елпілдеп тұр.

Үйден шықпай, бір күн – бір түн әңгіме соқтық. Студент күндер, бірге оқығандар, ертең кім боламыз, қалай жүріп, қалай тұрамыз, алда не күтіп тұр, соның бәрін шалып, ақыры аяқ астынан Торғайға тарттық та кеттік. Мен тілшімін. Қайда барам, қайдан жазам, не жазам – бәрібір.

Қалай келіскенін білмеймін, Қостанайда бір облыстық мекеме басшысына кіріп, Қоғабай жеңіл машина сұрап алды. Торғайға дейін жер қашық, жол жаман, шаршап шалдығып, түн ортасында әрең жеттік. Тура өз ауылыма келгендей болсам да, білмегенсіп, ондайды көрмегендей, үй-үйдің арасында қабырға іспеттес қаланған қарайғанды көрсетіп: «Was ist das?» – дедім немісшелеп. Қоғабай ойланбастан «Was ist қи» деп салды.

Өзі атын айтатын Мәрзия деген шешесі, үлкен екі әжесі бар екен, мен кейін дұрыстап күтпеді деген дау шығарады деп, Қоғабай ескертіп қойды ма, қонақжайлық дәстүрге жығылды ма, білмеймін, түн ортасында қойға бата сұрап, бір малды жайратты да салды. Апталап араладық: шежіре, әңгіме тұнып тұрған аңыз секілді Торғайдың қаласы, адыр-адыр шағылдар, арқырап аққан өзендер, шалқыған көлдер, ол кезде әлі таусыла қоймаған, бастарында қолдан тоқыған торғайы түбіт тақиялы қариялар, кимешекті аналар мол еді. Барлығы да шежіре, барлығы да дана, барлығы да мейірман. Арғы заман, Алаш дәуірі, 16 жыл барлығы ұмытылмаған. Тау-тас, ескі көз, кәрі құлақ бәрі сөйлеп тұр. «Ақаң, Жақаңдарды көп сұрайды екен. Байқасын. Жаман бала емес сияқты. Көктей орылып кетпесін» деп маған жандары ашыған жарықтықтар-ай десейші. Қариялар әулие ғой, біледі екен, орылып кетпесек те, маңдайға жазғанын көрдік қой.

Ерте түртінген, тіпті мектепте жүріп, өлең, мақала, күнделік жазған Қоғабайдың алғашқы әңгімелер жинағы ерте шықты. Ол кезде Жазушылар Одағында кеңесші болып істейтін маған келіп көрімдік алғаны, астындағы буфетке барып өзімізше жуғанымыз әлі есте. «Кілт» кітабында бала кезде көргендер, ауыл суреттері, алғашқы сүйіспеншілік әдемі суреттелген болатын. Одан кейін шыққан «Қараша қаздар» жинағында өскен, толыса бастаған байсалды прозашының қолтаңбасы көрінген.

Ұзақ жылдар баспасөзде басшылық қызметте болып, өзгелердің жазған-сызғанын түзетіп, өз қағаздарына қарауға мұршасы болмай шаршаңқыраған Қоғабай бір күні жұрттың бәрін таңқалдырып, республикалық газеттегі үлкен мансабын өз еркімен тастап, үйіне кетіп қалды. Ол кезде қазіргі Абылайхан көшесінде, Райымбек көшесінен төмен, вокзалға таяу жерде, шағындау үш бөлмелі үйде тұратын. Араласып тұрамыз, барып жүрем. Жазуды, өз жазуын сағынып қалған екен. Күн демей, түн демей столға отырды. Торғай даласында XIX ғасырдың сексенінші жылдарында басталған оқиғаларды көрсетуден басталатын тарихи роман жаза бастады. Бас кейіпкері халық батыры – әйгілі Амангелді.

Бір күні «Жазушы» баспасына барсам, проза редакциясының меңгерушісі Амантай Байтанаев, редакторлар Мағзұм Сүндетов, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділов, Жайсаңбек Молдағалиев, Тұтқабай Иманбеков, «Жалынның» редакторы Қуанышбай Құрманғалиев бәрі әбігер, алдағы жылдың тақырыптық жоспарын жасап жатыр екен. Жоғары жақ революцияны айтатын, коммунист бейнесін көрсететін кесек туынды керек деген қатал нұсқау берген сияқты. Ондай қолжазба таба алмай, не істеуді білмей қиналып отырған үстерінен түстім. Басыма аяқ астынан бір ой келді де, Қоғабай Сәрсекеев болып баспа директорының атына тездетіп өтініш жаздым. Қазақ даласындағы 16 жылды, революцияны, Амангелді Имановты бейнелейтін «Қызыл жалау» атты роман жазып бітірдім. Сол қолжазбаны алдағы жылдың жоспарына енгізуді сұраймын дедім. Аннотациясы қоса тіркелді. Талай қолжазбалар жылдар бойы кезек күтіп, Баспасөз комитетінде ұсталып, немесе Жазушылар Одағында тоқталып, немесе Орталық партия комитетінде кері қайтарылып, ұзақ шырғалаңға түсіп, жазудан гөрі шығаруға көп күш кетсе, құдай оңғарып, саясаттың қышыған жерінен тиетін ат қойылған романның жоспарға енуі де, жариялануы да оңай әрі сәтті болды. Кітап Ғабит Мүсіреповтің қолдап жазған алғы сөзімен «Жалын» баспасынан шықты да, еңбектің бірден бағы жанды. Сәкен Жүнісов қолдады. Оқырман жылы қабылдады.

Кейін, уақыт өзгеріп, өз қолы өз аузына еркін жеткен, не айтам десе мүмкіндігі туған кезеңде автор шығарманы қиындықсыз жариялау үшін саясатты бұлдаған «Қызыл жалауды» өзгертіп, «Ақырзаман» деген атпен қайта бастырып шығарды.

Газетте, баспада, кітап саудасында ұзақ жылдар істеп, аққаптал болған, баспаханадағы темір-терсек, қағаз, бояу исі бір күн мұрнына бармаса, ішкені ас болмай, ұйқысы келмейтін кәнігі баспагер Қоғабай бұрынғы құрылымдар қаусап, жаңа қатынастар орнай бастаған тоқсаныншы жылдар басында өзгемізге ұқсап, өкіметке жалтақтап, алақан жайып отырып қалмай, батыл бір қадамдарға басты, жиған-тергенін түгел салып жүріп, алқам-салқам, тоз-тозы шыққан, ешкім қарауды қойған, ескі бір баспахананы сатып алғанда, «шатасқан шығар» деп мұрнымызды шүйіргенбіз. Аз уақыттан кейін баспахана жүріп берді, түрлі жарнамалық, әр түрлі сусындардың этикеттері басылған өнімге сұраныс мол болды. Табыс көбейді. Кітап шығару бизнесі өрге басты. Кітап бастыру ісіндегі бизнестің көзін тапты. Кітап бастыру «Сақ» баспа корпорациясының президенті Қоғабай енді бізге шекесінен қарайды.

Жазған-сызғандарын жинақтап алдымен қалың екі том етіп шығарған автор, араға көп уақыт салмай «Төрттаған» деген жалпы атпен төрт томдық шығармалар жинағын бастырды. Таяуда мес кітап – «Қазақиясы» шықты. Мерейтойында тұсаукесер өтті.

Редактор Қоғабайдың үлкен олжасы, ерлікке парапар еңбегі – Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газетін өз қаржысына қайтадан шығара бастауы деп білу керек. Тұңғыш ұлттық газет идеяларын қайта жаңғырту, бүгінгі күндегі қазақ проблемасының шиеленістерін байсалды жазу өз алдына, қаламгер Алаш тақырыбына білек сыбана кірісіп, тарихи деректі, материалдары тың, бірнеше еңбек тудырды, олар академик Салық Зиманов сынды ақылмандардың жақсы ықыласына бөленді.

Жаймашуақ, жібек мінезді Қоғабайдың бір қитықса, иіле кетпейтіні де бар, газет тиражына ат салыспадыңдар, мақала жазбайсыңдар деп шалқайса керек, белгілі қайраткер-қаламгер Хасан Оралтай, ақын Есенбай Дүйсенбайұлы және мені «Қазақ» газетінің алқа мүшелігінен ескертпестен бір-ақ күнде шығарып тастады.

Жалпы Қоғабай кез-келген адамның тілін оп-оңай тауып кете береді. Студент кезінде әйгілі профессор Темірғали Нұртазинмен дәлізде қолтықтасып алып, әңгіме соғып жүргенін көріп таңқалсақ, кейін генерал Сағадат Нұрмағамбетов, батырлар Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Бошай Кітапбаев, ғалымдар Өмірзақ Сұлтанғазин, Манаш Қозыбаевтармен араласқаны әдеттегі жағдай секілді көрінетін. Жазушылардан басы Ғабит болып, жерлестері Қайнекей, Сырбай, Ғафуларды айтпағанда, Тахауи, Сәкен Жүнісов бастаған серілердің, кейінгі буын інілері Оралхан, Жарасқан, Кеңшіліктердің оның дастарханынан дәм татпағаны жоқ шығар.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет