Н86. Жетпістің жетеуі Алматы: (Ғылыми Өндірістік Полиграфиялық Баспа компаниясы) ҒӨпбк "gauhar", 2010 77 бет



бет2/2
Дата04.11.2016
өлшемі1,47 Mb.
#126
1   2

Әлдиханның балалар әлемі

Басы үлкен, кең маңдайлы, толықша келген, мінезі сабырлы, біртоға қара жігіт салған жерден ұнаған. Үндемей отырып-отырып, кенет дар еткізіп, шелекпен төккендей қылып күліп жібергенде, разы болмай көр. Жамбыл облысы, Шу ауданынан екен. Студент атанып, ауылшаруашылық жұмыстарына, Арқаға астық жинауға барғанда күллі өнерін көрсетті, білмейтін шаруасы жоқ, бригадир қайда жұмсаса да, қарсылық жасамайды, бәрін тындырып келеді. Шаруашылық басшылары да, жолдастары да дән разы. Дала қосында, кешке қарай, алакеуім, апақ-сапақ кезде сабан толтырылған тақтай төсекте теріс қарап жатып бірдеңені күнде шимайлап жататын. Қыздарға, ауылға хат жазатын шығар деп ойлайтынбыз. Сол машығын Әлдихан Қалдыбаев университетке келгеннен кейін тіпті үдетіп жіберді. Не жазады, бізге белгісіз, әйтеуір күнде қолына қалам алады. Төртінші курста оқып жүргенбіз. Бұл кезде кімнің қандай қабілеті барлығы, жазу-сызуға икемі, білім деңгейі, мінез қалпы – бәрі белгілі дәрежеде айқындалып қалған еді.

Бір күні жатақханадағы бөлменің есігін тарс еткізіп ашып, дабырлай кірген Әлдиханның қуанышында шек жоқтай көрінген. «Балдырған» журналына барып, балаларға арналған бес-алты әңгімесін көрсеткен екен, редакцияларға олар ұнапты. Бердібек Соқпақбаев: «Сен, бала, жазушы боласың», – депті. Осыны айтқанда Әлдихан қуаныштан айқайлап жіберді, еденді аяғымен теуіп-теуіп қойып, дөңгеленіп билеп кетті.

Содан кейін жарты жыл өтті ме, өтпеді ме, Әлдихан бөлмеге тағы айқайлап кірді. «Байғазы, байғазы беріңдер» дейді. Бердібек Соқпақбаевтың тікелей көмегімен «Жазушы» баспасынан кітапшасы шыққан. Үлкен форматпен, әдемі безендіріліп басылған «Көк дөңгелек» атты кітапша. Ол кезде бір-екі ауыз өлеңі, елу жол хабары баспасөзде жарияланса, кеудесіне нан пісіп, есіріп шыға келетін, тіпті ішіп кететін студенттер үшін мына жаңалық айды аспанға шығарғандай болды. Алған қаламақысына достарын разы етіп, бір аптадай тойлағаны болмаса, өзгерген Әлдихан жоқ. Сол баяғы қалпы. Кешке қарай, төсекке теріс қарап жайғасып, бірдеңені шимайлайды да жатады.

Сөйтіп жүріп, 1963 жылы университет аяқтадық. Ол кезде жаңа бітіргендер жолдама қайда берілсе, міндетті түрде сол жерге жұмысқа барады. Әлдихан курстасы Жорабай Молдақұлов екеуі Қызылорда облысы, Арал ауданына орта мектепке мұғалім болып кете барды. Ол жерде ұзақ тұрақтай алмай, әскерге алынып, бұрын университетте арнаулы әскери кафедрада үш жыл офицерлік дайындықтан өткеніне қарамай, шала сауатты, дөрекі, орысшыл командирге қарсы сөз қайтарғаны үшін жазаланып, зорлық көріп, екі жыл бойы аспан айналып жерге түсетін аптапты, шыжыған сол кездегі Совет Одағының оңтүстік шекарасында, арқасынан тұзы шығып, боқмұрын бала-шағалар не көрсе соны көріп, солдат өмірінің қиындығын кешкен Әлдихан сол көргендерін қағазға айнытпай түсіріп, қазақ әдебиетіндегі тосын тақырыпта екі хикаят тудырды. Соғыс кезіндегі әскери өмір туралы әңгіме, хикаят, романдар бір төбе болғанмен, бейбіт кездегі солдаттар туралы шығарма жоқ болса, Әлдихан сол олқының орнын толтырды. Бұл екеуі де реалистік туындылар. Әскери орта, әртүрлі ұлт өкілдері, командирдің неше түрі, ақылдысы, дөрекісі, зорлық, әділетсіздік, тәртіп, қару-жарақ түрлері, киім киіс, жатын орын, сан алуан жаттығулар – осының бәрі университет бітірсе де қатардағы жауынгер болып жүрген дарынды қазақ жігітінің көзімен реалистік тұрғыда нақты бейнеленеді. Әдемі күлкі, юмор мен сатиралық сарын да мол.

Негізінен балалар әдебиетінің дарынды өкілі болып танылған Әлдихан Қалдыбаев шығармашылығының бір ерекшелігі – оқиға таңдай білу, мінезді кейіпкер табу. Алғашқы «Көк дөңгелек» әңгімесінің кейіпкері Серікбек жолдасы Мараттың дөңгелегін бопсалап, алдап тартып алып, соны басына киіп шығара алмай азапқа түседі ғой. Сол сияқты «Қос тентек», «Бауыржан деген бала бар», «Рахима» шығармаларынан ерекше мінездерді көреміз. Әдеттегідей жұмсақ бала, жақсы бала, тәртіпті бала емес, мінезді бала, қиқар бала, өжет бала, тентек бала. Қай туындысын алсаң да оқиға бар, әрекет бар, тартыс бар. Сол арқылы сенімді, қызықты бейне жасалады. Оның ішінде ауыл баласы да, қала баласы да жүр. Ескі өмір суреттері, бұрынғы мектеп, қазіргі шаһар тірлігі, жаңа мектеп, мінездерінде, жүріс-тұрыстарында айырма мол, әртүрлі толқын оқушылар, сан қырлы өмір суреттері.

Прозашы Қалдыбаев – театр сахнасына қойылған, көп жылдар көрерменді өзіне тартқан бірнеше пьеса жазған белгілі драматург. Пьесаларының ішіндегі биігі, бүкілодақтық байқауда бас жүлде алған «Шаншар атай» комедиясы. Өзге біреу ондай табысқа жетсе көзіне май бітіп, мақтаныштан жарылып кетер еді, ол оған аса мән бермей, бір бүлк етеді де қоя салады. Әлдиханның қаламдастар туралы ілтипаты да бөлекше. Әдеби тұсауын кескен балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев туралы арнайы зерттеу жасады, өзімен жерлес қаламгерлерден Бауыржан Момышұлынан тартып Кәрім Баялиевке дейінгі бірқыдыру жазушылар туралы ағынан жарылып, салмақты пікір айтып, «Көңіл көмбесі» деген тартымды кітап жазды.

Әлдиханның орнықтылығы қызмет бабынан да жақсы аңғарылса керек. Ол қырық жыл бойы табан аудармастан күш-қуатын Жамбыл облыстық газетіне жұмсап, әдеби қызметкерден бас редакторға дейінгі қызметтердің барлығын атқарды, күнделікті журналистиканың отымен кіріп, суымен шыға жүріп, табиғат берген, ананың сүтімен келген жазушылық дарынына опасыздық жасаған жоқ. Соның жақсы бір айғағы – соңғы жылдары жазған «Мен – апамның баласымын» деген роман. Қазір жартылай публицистика, жартылай мемуар, жартылай деректі, жартылай қиялдан туған, жанрлық талаптар сақталмайтын, формалық шекаралары шайылып кеткен, ешкі басты, қой аяқты дегендей дүмбілез шығармалар қаптаған заманда шын, таза проза үлгісімен сағынып көріскендей боласың.

Кітапты оқып шыққанда алпысыншы жылдардың басындағы Тараз атырабы, Шу бойы, Жамбыл колхозы, ондағы бір шаруа шаңырағы көз алдыма қайтадан тіріліп келгендей болды. Ауылымыз алыс біздер студент күндерде жазғы каникул кезінде болмаса, үйлерімізге басқа уақытта бара алмайтынбыз. Жақын маңайда тұратын достар шақырады. Соның бірі Әлдихан еді. Кешке пойызға отырсаң, таңертең Шуға жетесің, аржағында ауылы тиіп тұр. Барғаннан кейін білдік, Әлдихан әкесі Қалдыбайды – жезде, анасы Әміржанды – әпке, нағашы апасы Айшаны – ана дейді екен. Біздің ауылда да сондай талай балалар бар, оған таң қалған жоқпыз. Қалдыбай ақсақал алып денелі, тарамыс, ауыл арасында сирек кездесетін, өзгелерден төбесі асып тұратын, алақаны күректей, батыр бітімді кісі екен. Әлдихан мүлде тартпаған, етженді, тіпті толық, ботпиғандау, нағашыларына тартып кеткен сияқты. Қайта ағасы Шәкен әкесіне келеді. Өз рулары Дулат ішінде Шымыр, оның Күнту бұтағы. Бізге Күнту деген сөз қатты ұнап, Әлдиханға әдеби псевдоним етіп ал деп жармастық. Ол күлді де қойды. Жылдың қай уақытында барсақ та сол сүттей ұйыған қазақы шаңырақ бізді өз балаларынан артық күтпесе, кем күткен жоқ. Сол кезде көзбен көргендеріміз, құлақпен естігендеріміз, жүрекпен сезгендеріміз бір бүйірімізді жылытып, жақсы әсер, ұмытылмас сезім болып жата беруші еді. Әлдихан романын оқып шыққан соң сол тәтті мұң, тарқамас сағыныш қайтадан тіріліп шыға келді.

Аяғын сындырып алып, төсекке таңылған Әлден (Әлдихан десеңіз де болады) баланың еске түсірулері арқылы берілетін соғыстан кейінгі қазақ ауылының суреті, анықтап айтқанда, Жамбыл атырабы, Шу бойы, Кербұлақ өңірінің кескіні жеткіншектің адал, пәк, таза қабылдауы арқылы көрсетілетін ауыр, жүдеу болғанымен, риясыз, иманды қатынастарға құрылған әке-бала, шеше-бала, күйеу-ене, бала-табиғат, аға-қарындас, жас сүйіспеншілік ұшқыны, еңбек рахаты, ойын қызығы, жақсы ат, жүйрік тазы, балалық арман – осы алуандас сарындар ықшам, жинақы, мәдениетті проза талаптарына орай нақты адамдар бейнелері арқылы суретті күйде, бояулы қанық тілмен, реалистік қалыпта суреттелген. Ең қуаныштысы осыдан қырық-елу жыл бұрын шет жағасын өзің көріп, ішінде болған өмір суреттеріне, жан бітіп, қолын ұстап амандасқан, қатар отырып, дәм ішкен адамдар сөз құдыретімен қайтадан тіріліп келіп, қасыңда жүргендей, әсер қалдырады. Оқиға көбіне автор атынан бірінші жақтан баяндалады, көрсетілетін жағдай зерттеумен тапқан, архивтен, басқа кітаптардан алынған, естіген, сұрап білген жәйттер емес, өзі сезген, өзі көрген, өзіне бармақ шайнатқан, өзін сүйсіндірген құбылыстар, кейіпкерлері де бұрын қасында жүрген біліс-таныс адамдарды тіпті олардың аты-жөні де аса көп өзгеріске түспейді. Автор осы бағытты барлық шығармаларында берік ұстанып отырады.

Қысқасы, Әлдихан Қалдыбаев саналы ғұмырында қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп үлес қосқан, соны мысал, ертегі, әңгіме, хикаят, романмен жанрлық түрлерді байытып, есте қалатындай жанды кейіпкерлер арқылы өмір құбылыстарын көркем бейнелеп берген, қарасөздің қабырғалы қайраткері, өзінің айрықша дарынын қалың оқырманға, әдеби қауымға әбден мойындатқан байсалды жазушы екендігін разылықпен айту әділет болмақ.

Есенбайдың сырлы өлеңдері

Әуелде бәрі ақынбыз деп кеуде соққан, жатақханада, аудиторияда, түрлі кештерде таласа тырмысып, жарыса жыр оқитын, бірер жылдан кейін әркім өз орнын таба бастады: біреу журналистикаға, біреу әдебиетке, біреу ғылымға бой ұрып, өлеңшілік адастырып кетті. Ақындықты ұстап қалған жалғыз Есенбай Дүйсенбайұлы ғана. Соған ғана енді өлең оқытамыз. Қыздарға барғанда өзіміз шығарған болып, соның жырларын заулатамыз. «Сенің көзің әдеміден әдемі, жанарыңда шайқалады сұлулықтың әлемі» деп талай сұлуды құлаттық. Курстағы әуелгі жетпіс өлеңшіден қалған жалғыз тұяқ Есенбайды біздің «Кішкентай Абай» деп төбемізге көтеруші едік.

Университет бітіргеннен кейін үй-іші жағдайына байланысты Ақтөбе жаққа кеткен ақын Есенбай мектепте, аудандық, облыстық газеттерде он бес жылдай қызмет істеп, Алматыға жетпісінші жылдардың аяғында оралып, тұрақты тұрып қалды. «Бозала таң, бозторғай», «Ақпейіл», «Біздің толқын», «Ақжелкенді ағыстар», «Ашық хат», «Таң торғайы», «Үш бұлақ», «Санамақ», «Менің жаңа астанам» сияқты поэзиялық кітаптарымен оқырманға кеңінен танылып, әртүрлі сыйлықтар алып, курстастары қойған «Кішкентай Абай» атағын әбден ақтады.

Таяуда жаңа кітабын беріп жіберіпті. «Ұланғайыр» деген атпен «Раритет» баспасынан шыққан жыр кітабы. Таңдамалы десе де болғандай. «Жыр жауһары» сериясымен жарық көрген.

Қазақ пен өлең егіз жаралған деушілердің сөзі рас сияқты. Солай да болар мүмкін. Өйткені сонау ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясынан бастап, бүгінгі жырға дейін небір сұлу да үйлесімді, ұйқасты да ойлы сөздер емін-еркін төгілген. Қазақтың бүкіл бітім-болмысы, дүниетанымы мен ой толғамы, салты мен дәстүрі, тұрмысы мен тіршілігі, ғұмыр кешкен кеңістігі, сайын даласы, ата қонысы сол өлеңінің бойына сыйып кеткен сияқты. Дәлірек айтқанда, қазақ поэзиясының бойынан қазақтың иісі аңқып тұрады. Сондай ұлттық табиғи бояуы қанық өлеңдердің авторы – Есенбай Дүйсенбайұлы дер едім. Ақын қалың оқырманнан, әдебиет сүйер қауымнан өзінің әділ бағасын алды.

Есенбай өлеңдерінен нағыз қарапайым қазақы болмысты аңғару қиын емес. Өзімізге таныс, көкірегімізге бұл күндері сағыныш боп орныққан кәдімгі ауыл бейнесі, дала келбеті ақын өлеңдерінің негізгі өзегі. «Бозала таң мен бозторғай» өлеңіндегі тұтас сурет осы ауыл, дала таңының көрінісін көз алдымызға әкеледі.

Домбыра-дала қуанған

Бозжорға дейтін күй төгіп,

Бойжеткен-орман, ну орман

Бозала суық бүркеніп.

Міне, қазақ даласының Есенбай кеңістігіндегі бітімі. Ақынның көркемдік танымындағы даланың домбыра эпитетімен кескінделуі соншалықты нанымды. Сол даланың бозжорға дейтін күй төгетіні тіпті шындық. Көкжиек-көл, боз атқа мініп, құйғыта шауып келе жатқан Қуаныш, бозала таңда оянған өмір – мұның бәрі де поэтикалық бітімі жарасымды өрнектер. Табиғаттағы өзгерістер, маусымдардың – қыс пен көктемнің, жаз бен күздің алма-кезек ауысуы сондай қарапайым, сондай тартымды жолдармен беріліп, еріксіз өзіне үйіреді. Ақынның сәуірі:

Қаз дауысты аспанның

Қанатынан суыл кеп,

Кеудесінде жас талдың

Жапырақтар уілдеп, -

немесе, келесі бір өлеңде:

Қарлы қыстың қойнында жаз жаралып,

Сәуірлерде сәулелі саздар ағып,

Табиғаттың келеді көктемдерін

Қаңқылдаған қанатты қаздар алып.

деген шумақтармен бейнеленсе, қыркүйектегі сурет, күздің суық лебі өткінші өмірмен қатарластырыла суреттеледі:

Қыркүйегің демде қарып барады,

Қыр астында шеңбер ағып барады.

Жастық шуын белдер алып барады,

Жапырақты желдер алып барады.

«Айналдырған алмай қоймас» деп келді...

Анау бір қарт дүниеден өтті енді.

Ару қызды алып қашты махаббат,

Аққу-қаздар алып ұшты көктемді.

Табиғаттағы әрбір сәтті қалт еткізбей қағып алатын ақынның қырағы түйсік көзіне шалынған суреттер тізбесі тіптен көп. Ары қарай оқып қарайық:

Желдің шөлін басады жаңбыр әні,

Махабат та таңды тек таңға ұрады.

Өмір деген құмарын бал аралар

Гүл ернінен от ішіп қандырады.

Болмаса:

Ақжақұт аспанынан аунаған нұр,

Сұрасам, берер ме екен тау маған жыр?

Айта алмай күдіктенем...

Үміт деген

Үлпілдек ақша бұлт па жаумаған бір?

Ақын табиғат-ананың бір сәт қайталанбас сұлулығын дәлдікпен көрсетеді. Әркім болжай алмайтындай мұндай дәлдік, алдымен, әсемдікті тани және түйсіне білетін ақынның сезімталдығын һәм шеберлігін қажет етеді. Есенбай көзі көріп, танымы қабылдаған суретті оқырманының сезіміне әсер ете отырып жеткізе біледі:

Кетті қайда жалтарып,

Қараңғылық дірілдеп?

Таңдайынан бал тамып,

Таң келеді сібірлеп.

Туған жер табиғатын ақынның бәрі де жырлады. Әрқайсысы өзінше жырлады. Сол ата қонысты жырлауда ақын ақиқат пен әсемдікті қатар өріп, нақты бейне жасайды, шындық болмысты шырайландырып, поэтикалық бояуын қанықтырады. Есенбай ақын жырлауындағы туған жер, дала болмысы табиғилығымен, қарапайым да әсерлі өрнегімен ерекшеленеді. Бұл сипат Есенбайдың адам өмірінің неше ықылымынан бергі, шешусіз сұрақтарына көңіл бұруынан, адамның ішкі болмысына, жан дүние сырларына үңілуінен, көзі шалған құбылыстарға символикалық астар бере отырып, тың ойды айтуымен танылады. Ақынның талантын таразылайтын басты өлшем – шынайылық десек, сол шындық таза қалпында ашылып, өлең болып төгіледі. Бозала таңды, бозторғайды қайталай жырға қосқан ақынның боз түсті әлемі өз алдына бір арна. Бозала таң, бозторғай ұя салған бозаң, бозбауыр аспан, боздала, Бозінген, Бозжусан, бозбала шақ – бұл поэтикалық қалып Есенбайдың ақындық өрісінің бітім-болмысы.

Бозбауыр аспан иіп бір,

Рахат жаңбыр құйып тұр.

Тобықтай ғана бозторғай

Тобылғыдан аласа,

Тораңғыдан биік тұр.

Толқын-толқын күйіне

Тоқсан тарау сыйып тұр.

Тылсым тартып дүние

Тыңдай берді ұйып қыр.

Тағы оқи берсек:

Өзіңсіз күндер оза ма,

Отырмын тағы ой толғай.

Таңымның аты – Бозала,

Торғайдың аты – Бозторғай.

Боз бояу тұр ғой көзге ұрып:

Даланың аты – Боздала,

Жігіттің аты – Бозжорға,

Баланың аты – Бозбала.

Шулардан шаршап тозғанда

Жайлауға барсам өзім мен:

Жорғаның аты – Бозжорға,

Күйдің де аты – Бозінген.

Әрі асып бұлттан ақыным,

Аспанда бір сәт көз жұмсаң,

Иіскеп отыратұғын

Дәрінің аты – Бозжусан.

«Бозала таң – бозжорғам», «боз дәурен» деп толғаған ақын «Төрт бояу» өлеңінде боз түсті таңға – тіршіліктің басталған шағына, өмірдің сәбилік кезеңіне тели отырып, бозбаланың ат мініп, ақ жолға бел буған шағын, қызыл іңір мен қараңғы түннің көркемдік ұғымындағы қалпын өмірмен байланыстыра жырлайды. Боз түстен басталып, ақ түске, сосын қызыл... қара түстерге ауысатын уақыт мезеттері мен адам өмірінің кезеңдері сәтті үйлесім тауып, қатар өрілген жырдың әсері тамаша. Бөбек дүниеге келген бозала таң, қызартып, қуырған қызыл іңір, көңіл суынған қараңғы түн... бұдан әрі үміт түнін жамылып үй сыртында бозарып, қыз күткен бозбала сырлы бір әлемге тартады. Сол бояуларды жырға қоса отырып ақын:

Көріп тұрып көктегі ала бұлтты,

Табиғаттан таптым бір даналықты:

Боз, ақ, қызыл һәм қара – төрт бояудан

Адамзаттың тағдыры жаралыпты, -

деп ой түйеді. «Жауа алмай кеткен бұлттар-ай», «Тамыз тамшылары», «Құмда», «Таңғы жол», «Есіктің алды», т.б. өлеңдер тізбегінде осындай сырлы да сазды суреттер көп-ақ.

Поэзия сұлулық пен ақиқат, шыншылдық пен кіршіксіздік, жақсылық пен парасат жарасымдылығын мұрат тұтқан біртұтас рух майданы десек, әр ақынның өзінің жүрегінде орын алған, санасының қалтарысына қатпарланған танымдық әлемі өлең өнеріне өз өрнегін қалдырады. Ақын жаны – тым нәзік, тым әсерленгіш. Әр ақын өз танымының биігінен дүниеге көз тігеді. Осы тұрғыдан келгенде Есенбай ақынның өзгеге ұқсамас ерекшелігі – поэзиясының ешқандай қолдан жасалған қоспасы, әр жерден құрап-жинап алған жалғандығы жоқ шынайылығы, табиғилығы дер едік.

Поэзиялық туындылар қарапайым тілмен айтқанда сезімдер мен түйсіктердің нақты көрінісін көрсететін, сан алуан ағымдар мен сәулелерден туып, өзінің түрлік-пішіндік ерекшелігімен айқындалатын туындылар екені белгілі. Өлеңінің мазмұны далалық бояуға қанық, суретке бай ақын ізденісінің бір қыры осы пішіндік тұрғыда да бай мазмұнды. Дәстүрлі тармақ, қалыптасқан ұйқас шарттарынан өзгеше өрілген мына бір өлеңінің Абай жазғандай, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндігі» айтпаса да анық:

Ай көрдім, жаңа туған арай көрдім!

«Жаңа айда жарылқай көр,

Ескі айда есіркей көр!» -

Ел сөзі еске түсіп қарай бердім.

Өлең техникасын қапысыз меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермес. Жаңа түр іздеймін деп, мазмұнын, кейде ұйқасын ақсатып алатын өлеңшілер толып жатыр. Бұл жағынан келгенде Есенбай алдыра да, шалдыра да қоймайды. Қалыпты ұйқастан шығып, бірінші тармақ пен төртінші тармақты жай ұйқастыра салуға болар. Есенбай ұйқасының ішкі үйлесімінің өзі құлпырып тұр. Пішін жаңалығын іздегенде мазмұндық үйлесім желісін бұзбай, төрт аяғын тең басқан, су төгілмес жорғадай әсем жүрісті өлеңді тудырған ақынға риза боласың. Мына бір-екі шумақтан ғана тұратын жапон хайкуларын еске түсіретін (бірақ олардан мүлде бөлек) әсем өлең соған айғақ:

Жаңағы талдырмаш таң,

Жаңбырлы аспан

Жалт етті

Жан сусынын қандырмастан.

Әндетпей күміс күн де,

Пүліш-бүлде

Қыр мүлгіп,

Қызыл іңір тұр үстімде.

Үш, яки бес жолдан тұратын хайку, танка сияқты жапон поэзиясының пішіндік түрлері өз бойына күллі суретті сыйдырады. Өздерінше айтқанда, әлемнің кішкентай моделі сияқты. Біз мұны текке айтып отырған жоқпыз. Ұлттық поэзиямыздың көркемдік мүмкіндігінің өрісі барынша кең екеніне сілтеп отырмыз. Жоғарыдағы төрттағанды өлеңде бір қарасаң, табиғаттың құбылмалы сәттік көрінісі, екінші жағынан таңнан басталып, түнмен тәмамдалар уақыт, яғни соған қарай икемделе бейнеленген өмір суреті бар.

Ақынның туған жеріне, қимас достарына, қиын тағдырлы әкесіне, аяулы анасына, апасына – баршасына арналған өлеңдері шынайы тебіреністен, шын сағыныштан туған жырлар. Олардың бояу әлемі мен әуен-сазын да ақын көкірегінің толғаныс-тебіренісі жасаған, шынайы, табиғи. Өмір мен соған еліткен көңілдің қас-қабағын бағып, тынысын қапы жібермеген аңғарғыштық, сезімталдық бар. Туған жерге деген ыстық сезім, риясыз көңілді қызыл сөзбен емес, жүрекпен жеткізген әсем бір өлеңі осы ойға мегзейді.

Жетісудің көктемі

Күнде нөсер, көк мекен,

Біздің ауыл шөптері

Шөлдеп тұрған жоқ па екен?

Осылайша туған Ақтөбесінің жазда жаңбырға зәру екендігін еске алған ақын перзент сол туған далаға деген сағынышын әдемі тілегімен ұштастырады. Алматыға арман қуып келген алаң көңіл бозбаланың көкірегіндегі таусылмас махаббат пен сағыныш еріксіз ауылын еске алдырады.

Ту көтерді жанарым,

Туып-өскен жақты аңсап,

Жаңбырына қаланың

«Жарқамысқа аттан» сап.

Жетісудың жаңбырлы шағын, көкорайлы келбетін көре тұрып, ауылындағы аптапты еске алғанда ақын жылы әзілді ұмытпайды.

Алматының гүлзары

Алатаулы дүр мекен.

Біздің ауыл қыздары

Күнге күйіп жүр ме екен?

Дала – халықтық болмыстың, ықылым заманнан еркіндік пен өрлікке құмар ұлттық рухтың символы болса, дала бауырындағы ауыл – оның қызу да қызықты тіршілікке толы және бір жанды, төл көрінісі. Ауыл - халық рухына бас иіп, соған тәу еткен, кіндігі осынау алтын қазыққа байлаулы қазақ баласының жүрек тереңінде сақтаған қазыналы алтын сандығы. Сол дала, сол ауыл ақынның поэтикалық кеңістігінде сағынышты сазды, кіршіксіз тазалықты, еркіндік пен асқақтықты бойына сіңірген тұрақты көркем болмысқа айналған. «Арғынбай тоғайы», «Сахнасы өмірдің», т.б. өлеңдерін осы сөзіміздің дәлелі етеміз. Ұлттық дәстүрді ардақтап, қазағын қадір тұтқан қай ақын да бір кездегі сән-салтанаты келіскен ауылдағы, дала өміріндегі табиғилыққа, қала өмірінен мүлде бөлек ерекшеліктерге салқын көзбен қарай алмаса керек. Ақын үшін табиғат, оның аясында емін-еркін шалқыған ауыл – ұлттық қанық бояулар қазынасы тәрізді. Жусан иісі, тау самалы, дала аптабы, жөңкіле көшкен бұлттар, қызыл іңір, арайлы таң, қысқы кеш, ұлыған боран, көшіп бара жатқан көктем, сәуірдің жаңбырлы аспаны... Мұның бәрі ақынға шабыт берер, жүрегін тербетіп, қимас сезімге толтырар суреттер.

Дарынды ақын Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің үздік аудармасын жасады. Тәжірибелі, талантты редактор қазір қазақтың жүз романын қайта қарап, баспадан шығарғалы жатыр.

Болаттың романтикасы

Артық-ауыс сөз жоқ, мінезі жұмсақ, қақ-соқта ісі болмайтын, қой аузынан шөп алмас момын санап жүрген курстас досымыз аяқ астынан айды аспанға бір-ақ секіртті. Ол кезде екі ауыз өлеңін, не жирыма-отыз жол хабар-ошарын газет бетіне бастырған жігіттің кеудесіне нан пісіп, Алматыға симай кететін шағы. Жуастан жуан танытып, бүкіл республика оқырманын таңырқатып, “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы” деген мақаласымен “Лениншіл жастың” бетіне шыға келгенде, бәріміз таң қалдық. Екінші курс студенті көзі тірі классик Ғабиден Мұстафин, белгілі сыншы, жазушы Темірғали Нұртазин шығармаларында орынсыз қолданылған бөгде сөздерді тап басып ажыратып, олардың қазақша баламасын мөлдіретіп тізіп берген. Әділ айтты.

Арада көп уақыт өткен жоқ, сол “Лениншіл жас” өзінің 1959 жылғы 15 июльдегі санында былай деп жазды: “Лениншіл жас” газетінің редакциясы осы жылғы 9 июльдегі санында КазГУ-дің студенті Б.Бодаубаевтың “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы” деген мақаласын жариялап елеулі қателік жіберді. Мұны Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бюросы атап көрсетті. Бүгін редакция өзінің мақаласын жариялап отыр”.

Сәбеңнің соққысы аз болғандай, журналдар, газеттер “жас ұлтшылды” жапа-тармағай мүйіздеп, есінен тандырды. Болат Шу бойында шөп шауып жүргенде, бұл жағдайды естіген ауылдың бас көтерер үлкендері: “Қарағым, мына газеттердің түрі жаман, сені ертең соттатып жіберуі мүмкін. Бұрынғы ағаларыңнан әулие емессің. Бір амалын ойлану керек. «Сәбит өзі де бала-шаға өсіріп отырған ақсақалды кісі емес пе, алдына барып жығылып, кешірім сұрасаң, аналарға қойыңдар деп айтар», деген кеңес береді де, Болат Алматыға келіп, Жазушылар одағының есігін аңдиды, ішіне кіруге қорқады, екі-үш күн далада жүреді, бірақ Сәбит Мұқановты кездестіре алмай салы суға кетіп, үйіне қайтып оралады.

Ал оқырман қауым қатты қуанған, әдебиет аспанында жаңа жұлдыз болып жанар деп үміттенген Болат Бодаубаев сол алғашқы аяусыз соққылардан соң әдеби сын жазуын пышақ кескендей тыйды да, көп жыл журналистикамен айналыса жүріп, көркем прозаға кештеп келді.

Бүгін жазушы Болат Бодаубаевты қалың оқырман жақсы біледі. Тұстас қаламдастары біз де жақсы білеміз. Білгендіктен де шығар, жазушы атынан журналист деген кәсіби мамандығын қоса тіркейміз. Ризашылықпен, сүйінішпен айтамыз. Өйткені, лиро-романтикалық сазда талай көркем әңгіме, повесть ұсынып танылған, талай-талай деректі көркем проза туындылары бар жазушының жан-дүние пернелерін басып, табиғи талантын ашқан факторлардың бірі де осы журналистикаға тән ерекшеліктері. Болат өмірбаяны мен шығармалары, байқап-байқап қарасақ, қатар өріліп отырған сияқты. Ол әдебиетке көлденеңнен емес, өмірдің тура өзінен келген жазушы. Романтика қуып барып, Рудныйда екі жыл жұмыс істеген. Оның басты-басты көркем туындыларында (“Желсіз түнде жарық ай”, “Май жаңбыры”) тазалық, сыршылдық, қаламгерлік көркемдік сипаттарымен бірге қазіргі өмірдің нақты моральдық-этикалық, адамдық-имандық мәселелерінің астасып жүретіні де сондықтан. Еңбек ардагерлері, өнер қайраткерлері туралы кезінде жарық көрген көркем очерктерін, шығармашылық портреттерін қалың оқырман жақсы біледі. Кезінде оның қаламынан туған тіл, әдебиет, мәдениет хақындағы проблемалық мақалалары да игілікті қызмет атқарған еді. Көркем әдебиетке жетпісінші жылдарда түбегейлі ойыса бастаған Болат Бодаубаевтың қаламгерлік көзқарасын, өзіндік дүниетаным қырларын әуел баста сол деректі прозасы мен мақала, эсселері танытқан. Қалың оқырман көңіліне олар берік ұялаған.

Көркем әңгіме, повестерінде автор сол бір сыршылдық желілерді, адам жан-дүниесінің сәулелі сұлулығына деген іңкәрлік сезімін жоғалтпай, қай шығармасының да өзекті әуен-ырғағындай айналып-соғып отырады. “Шақырады жол алға” повесіндегі Бақыт, “Желсіз түнде жарық айдағы” Батталхан, “Жаңбырдан кейіндегі” Аңсағандар әр шығарманың дара кейіпкерлері болғанымен, үндестіріп, белгілі бір арқау желіге байлап тұрған қасиет те сол ар алдындағы тазалық, сұлулыққа іңкәрлік. Мінез-құлқы әрқилы жаңағы кейіпкерлердің өмірдегі мұрат бірлігі, адалдығы, арманшылдығы тіршіліктің сан-қатпарлы қалтарыстарындағы кісілік кейпі, адам баласына деген мейірімдері тұтас тұлғаны көзге елестетердей. Бұл жазушы туындыларының өзекжарды сазын түзеп, құлақкүйін келтіріп отырған көркемдік олжа, құнарының белгісі. Тақырып әрқилы (“Жаңбырдан кейін”, “Қайрақбай ата”, “Талғаттың атасы”, “Нағима”, “Торы биенің қымызы”, т.б. әңгімелері), ондағы сюжеттік бітім мен мінез-құлық көріністері де әрқалай, бірақ соның бәрін жинақтап, бір өзекті арнаға құйып тұрған суреткерлік мұрат-аңсардың айқындығы мен мөлдірлігі. Бұл жазушы қаламының лайықты қасиеті, толымды сипаты.

Шағын пікірде қаламдас, қатарлас құрбымыздың бүкіл шығармаларын түгендеп, түстеп жату мүмкін емес. Шарт та емес. Мақсат оның өзіміз байқаған көркемдік суреткерлік ерекшеліктеріне назар аудару. Әйтпесе, тізе берсе Б.Бодаубаевтың көркем шығармалары мен деректі туындыларында қозғалған, сөз болған проблемалар да, тақырып жүйесі де бір қыдыру. Көркемдік ізденіс самғаулары да әрқилы. Соның бәріне ортақ, түйіп айтатын бір белгі – нәзік, кей сәттерде ашық сыршылдықты реалистік прозаның талаптарымен ұштастыра келіп, өмірдің өз сурет, романтикасына барынша жақындай түсетіні.

Бүгінде белге шыққан журналист-жазушының әдебиет әлеміндегі үлес өрнегі тек мұнымен шектелмейді. Ол белгілі аудармашы, әдебиетті насихаттаушы. Композитор Еркеғали Рахмадиев туралы жаңа көлемді кітап бітірді.

Халқымыздың рухани қазынасының ата-тегі әдебиет мүддесі үшін де, қоғамдық қызметімен де жан сала араласып жүрген қаламдасымыздың шаңқай түсі алдағы ізденіс арналарының кеңдігін, алар асуларының еңселілігін меңзейді.



P.S. Бір факультетте бес жыл бірге оқып, бірге бітірген жетпіс түлектің мінезі, кейінгі тағдыры, жеткен биігі жетпіс бес түрлі ұзақ хикаят іспеттес. Мен соның жетеуін ғана сөз еттім.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет