Қаңқасы. Жеке тiршiлiк ететiн полиптерде қаңқа болмайды, ал колониальді формаларында қаңқасы күштi дамып, рифтер мен аралдарды құрап, жер бетi бедерiн (рельефiн) жасауға қатысады.
Сегiз сәулелi (Octocorallia) полиптердiң қаңқасы мезоглея қабатындағы спикула деп аталатын әртүрлi инелерден құралып, iштей орналасады. Спикулалар мезоглея қабатындағы склеробласт клеткаларынан дамып, СаСО3 (iзбестен) немесе мүйiздi органикалық заттардан тұрады. Инелерi көп болған жағдайда олар бiр-бiрiмен қосылып тұтас қаңқаны құрайды.
Алты сәулелiлерде (Hexacorallia) iзбестi қаңқасы сырттай орналасып ерекше түзiледi. Ең алдымен колониядағы жеке полиптiң эктодермасынан сыртқа қарай iзбестi табанша тақтасы бөлiнiп шығады. Одан денесiн сырттай орап алатын тостағанша қаңқасы немесе текасы дамиды. Текадан iшке қарай, септаларды бойлай қаңқа перделерi - склеросепталар жайылады. Склеросепталар тек бiрiншi реттегi жұп септаларда болады. Колонияның жеке особьтарының қаңқалары бiрiгiп мықты, бүкiл колонияға ортақ қаңқаны құрады. Осындай колониялардан пайда болған маржан рифтерi мен маржан аралдары Атлант, Үндi және Тынық мұхиттарында өте көп.
23-сурет. Сегiз сәулелi (А) және алты сәулелi (Б) маржан полиптердiң көлденең кесiндiлерi (жұтқыншақ деңгейiнен кесiлген): 1-эктодерма, 2-энтодерма, 3-жұтқыншақ, 4-сифоноглиф, 5-вентральді бағыттаушы камера, 6-дорзальді бағыттаушы камера, 7-септа, 8-iшкi камера, 9-аралық камера.
Көбеюi және дамуы. Маржан полиптер жыныссыз және жынысты жолмен
көбейедi. Кейбiр жеке тiршiлiк ететiн актиниялар ұзына бойы бөлiну, ал колониялы формалары бүршiктену арқылы көбейедi.
Көпшiлiгi дара жыныстылар. Жыныс клеткалары септаның энтодерма мен мезоглея аралығында дамиды. Аталық клеткалары эпителий қабатын жыртып, ауыз тесiгi арқылы су ортасына шығады да, сумен бiрге аналық особьтарына
өтiп жұмыртқа клетканы ұрықтандырады. Жұмыртқаның алдыңғы даму кезеңi гастраль қуысында өтедi. Зигота толық және бiркелкi бөлшектенiп, бластула,
гаструла ұрығын түзеп, одан кiрпiкшелi планула личинкасы пайда болады. Ол анасының iшiнен ауыз тесiгi арқылы су ортасына шығып, кiрпiкшелерiнiң көмегiмен суда жүзiп жүредi де, денесiнiң кеңейген алдыңғы бөлiгiмен субстратқа бекiнiп жас полипке айналады. Кейде планула анасының iшiнде жас полип деңгейiне дейiн дамып, содан кейiн сыртқа шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |