Теңiз гидроидты полиптер отряды - Leptolida.
Бүкiл жер жүзiндегi теңiздерде кең таралған, тек Limnomedusaе отряд тармағының кейбiр түрлерi тұщы суларда кездеседi.
Бұл отряд төрт отряд тармағына бөлiнген: Athecata, Thecaphora, Limnomedusa, Hydrocorallia.
Гидромедузалар отряды - Trachylida.
Полиптiк ұрпақтары жойылған, таза гидромедуза күйiнде теңiздерде тіршілiк етедi.
Aglantha туысының өкiлдерi бүкiл Дүние Жүзiлiк мұхитта кездеседi.
Хондрофора отряды - Chondrophora.
Тропика теңiздерiнiң беткi қабаттарында (плейстон) жеке тiршiлiк ететiн iрi полиптер. Денесi диск тәрiздi, ауыз тесiгi, қармалауыштары, гонофоралары денесiнiң төменгi жағында, ал үстiңгi жағында, текаға ұқсас хитиндi қабық жақсы дамыған (Porpita туысында). Кейбiр түрлерiнде (Velella туысында) хитиндi қабық үш бұрышты өскiн түрiнде дамып - желкен деп аталады. Соның көмегiмен полиптер теңiздiң бетiнде жүзiп жүредi.
СИФОНОФОРАЛАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - SIPHONOPHORA.
Сифонофоралар жылы теңiздерде еркiн жүзiп тiршiлiк ететiн ерекше колониялы жануарлар. Колония құрайтын особьтары құрылысы мен физиологиясы жағынан әртүрлi, оларды зооидтар деп атайды.
Зооидтар колонияның полиптiк және медузоидты особьтары, атқаратын қызметiне қарай гастрозоид, цистозоид, гонозоид деп аталады. Олар шоғырланып кормидия деген топтарды түзейдi, әрқайсысының арасында буын аралығы болып, оларды түрi өзгерген пластинка жауып тұрады.
Сифонофоралардың көпшiлiгiнiң колониясы ұзын сабақша тәрiздi, особьтары оның бүкiл бойында реттескен (Physophora туысында), қалғандарының сабақшасы қысқа, особьтары (зооидтары) оның астыңғы жағына бекiнген (Physalia туысында).
Жыныссыз және жынысты жолмен көбейедi. Жыныс клеткалары суға шығарылып, ұрықтанған жұмыртқадан планула личинкасы дамиды. Ол күрделенiп, бүршiктену нәтижесiнде зоидтар пайда болып колонияға айналады.
Сөйтiп сифонофоралар әртүрлi особьтарынан (зооидтардан) құралған полиморфты колониальді жануарлар. Олардың особьтары реттесiп орналасқан: жоғарыда пневматофора оның астында нектофоралары, қалғандары топтасып кормидия түзейдi. Әрбiр кормидия гастрозоид, цистозоид және гонозоидтардан тұрады.
Экологиясы. Сифонофоралар тропиктiк және жылы теңiздерде көп кездеседi. Пневматофора мен нектофораларының көмегiмен бүкiл колония судың iшiнде қалқып, жүзiп жүредi.
Physalia physalis - "португаль кемешiгiнiң" пневматофорасының ұзындығы 20 - 30см, желкен тәрiздi, судың бетiне шығып тұрады да, колонияны суға батырмай жылжытады.
Дене мөлшерi әртүрлi: ұзындығы 1 см-ге дейiн – Diphyes туыстарында, Apolemia өкiлдерiнiң ұзындығы 2-3 м-ге дейiн, ал Physalia physalis - тың ұзындығы 1м, қармалауыштары 10м, пневматофораның биiктiгi 20-30см.
Көпшiлiгi мөлдiр түстi болып келедi, бiрақ кейбiр бөлiмдерi қанық түске боялған, мысалы, "португаль кемешiгiнiң" пневматофорасы қызғылт немесе көгiлдiр.
Достарыңызбен бөлісу: |