Көбеюi және дамуы. Сцифомедузалар - дара жыныстылар. Жыныс бездерi қарын қалталарында қалыптасып, жетiлген жыныс клеткалары ауыз тесiгiнен сыртқы су ортасына шығып ұрықтанады.
Зигота толық бiркелкi бөлшектенiп бластула және гаструла ұрығын түзеп, одан кiрпiкше түкпен жабылған личинка – планула пайда болады. Ол кiрпiкшесiнiң көмегiмен суда бiраз уақыт жүзiп жүредi де денесiнiң алдыңғы бөлiгiмен субстратқа бекiнiп, гидраға ұқсас сцифистома деп аталатын полипоид кезеңiне өтедi (22-cурет).
Сцифистома өсiп, оның денесi бiрқатар көлденең бунақталып, бiр-бiрiне қабаттаса орналасқан диск тәрiздi жас медузалар пайда бола бастайды. Осындай көлденең бүршiктенудi стробиляция, ал осы сатыдағы полиптi стробила деп атайды.
Стробиляция нәтижесiнде пайда болған жас медузалар бiрте-бiрте сцифистомадан бөлiнiп шығып, еркiн тiршiлiк ете бастайды. Олардың шатырша шетi терең ойықталған, iшкi жүйелерi толық дамымаған. Бұл - эфира деп аталатын личинкалық сатысы. Эфиралардың шатырша шетi тегiстелiп, гастроваскулярлы жүйесi толық қалыптасып, жыныс клеткалары жетiлiп ересек медуза пайда болады.
Сцифистома мен медузоидтi ұрпақтарының алмасуы нағыз метагездiң белгісі.
Сцифистома бекiнiп тiршiлiк ететiн, тек қана жыныссыз стробиляция жолымен көбейiп медузаларды қалыптастыратын формалары және тез өтiп кететiн, нашар бiлiнетiн сатысы. Медузалар - еркiн тiршiлiк ететiн, тек қана жынысты жолмен көбейiп сцифистомаларды қалыптастыратын формалар оның кезеңi әлде қайда басымырақ болып келедi. Сөйтiп аурелия аурита ұрпақ алмасуы -метагенез жолымен, яғни жыныссыз көбею мен жынысты көбеюдiң кезектесiп отыруы арқылы дамиды.
22-сурет. Сцифомедуза Aurelia-ның даму циклі: 1-жұмыртқа, 2-планула (личинка), 3-сцифистома (полип), 4-бүршiктенген сцифистома, 5-сцифистоманың көлденiнең бөлiнуi (стробиляция), 6-жас медуза (эфира), 7-ересек медуза Aurelia.
Экологиясы. Сцифомедузалар теңiздерде кең тараған, әсiресе аурелия аурита барлық қоңыржай және тропикалық теңiздерде мекендейдi, арктикалық ай мақтарда да кездеседi. Балтық, Ақ, Баренц, Қара, Азов, Жапон теңiздерiнде көп көлемде таралған.
Сцифомедузалар- жыртқыштар, планктондық организмдермен, балық шабақтарымен де қоректенедi, ал тамырауызды медузалардың Rhyzostoma pulmo өкілiнiң ауыз тесiгi бiтелiп, ауыз айналасындағы қалақша өскiндiлерi бiрiгiп қатпарланып, тек қана ұсақ планктонды организмдердi сүзетiн елекке айналған.
Классификациясы. Сцифомедузалар класы бес отрядқа бөлiнедi: стауромедузалар - Stauromedusae, кубомедузалар - Cubomedusae, короната - Coronata, семаостома - Semaeоstomeae, тамырауыздылар - Rhizostomida.
Достарыңызбен бөлісу: |