СЦИФОМЕДУЗАЛАР КЛАСЫ - SCYPHOZOA.
Бұл кластың тек теңiздерде тiршiлiк ететiн 200-ден аса түрлерi белгiлi. Құрылысы жағынан гидроидтi медузаларға ұқсас, айырмашылығы - олардан iрi және желкенсiз болады.
Құрылысы мен физиологиясы. Сцифомедузалардың өкiлi ретiнде аурелия ауританы (Aurelia aurita) алуға болады. Аурелияның шатыр пiшiндi денесiнiң астыңғы (төменгi) ойыс жағында төрт бұрышты ауыз тесiгi болады, оны қорегiн ұстап алатын төрт қалақша өскiн қоршаған. Ауызы жұтқыншақ арқылы қарын қуысымен жалғасып тұрады. Қарынның жиегiнде, сөл шығарып тұратын төрт гастральді жiпшелерi бар. Гастроваскулярлы жүйесiнiң кезектесiп отыра тын тармақты және тармақсыз радиальді түтікшелеріқарынның жиегiнен баста лып, әрқайсысы шатыр жиегiн бойлай тұйықталған сақина тәрiздi түтікшелермен байланысқан (21-cурет). Аурелия планктонды организмдермен қоректенедi. Қорек заттары қарында қорытылып, түтікшелері арқылы денеге тарап, қоры тылмаған қалдығы ауыз тесiгi арқылы сыртқа шығарылып тұрады.
Шатырдың айнала жиегiндегi қысқа қармалауыштарының кейбiреулерi жуандап, шеткi денешiктерге немесе ропалилерге айналады. Олар тармақты радиальді түтікшелердің түбiнде орналасады, саны сол түтікшелердің санына сай келедi. Ропалидiң iшiнде тепе-теңдiктi сақтау мүшесi-статоцист және әртүрлi құрылысты көзшелерi болады. Қарапайым көзшелерi эктодермальді пигменттi және сезгiш ретинальды клеткаларынан құралған, ал күрделi көздерi көз шұңқырша ғы эпителий астына батып тұрған көз көпiршiгi түрiнде болады. Оның түбi мен бүйiрi пигменттi және ретинальді клеткаларынан құралған, үстiңгi қабырғасы қалыңдап қасаң қабық пен көз жанарына айналып, қалған бос кеңiстiк көз көпiршiгi бөлiп шығарған шыны тәрiздi затқа толы. Осындай күрделi құрылыс тығына қарамастан көздерi тек жарықтың өзгерiстерiн ғана ажырата алады.
21-сурет. Сцифомедузалар: I-тамырауызды медуза-Rhizostoma pulmo; II-сцифомедуза - Aurelia aurita-ның құрылысы; 1-ауызы, 2-ропалия, 3-ауыз қалақшасы, 4-сақина түтікшесі, 5-радиальді түтікшелері, 6-қармалауыштары, 7- гастральді бездерi.
Нерв жүйесi күрделiленiп шатырша жиегiнде яғни ропалилердi жанында нерв клеткаларының түйiнi - ганглиялар түрiнде дамыған.
Достарыңызбен бөлісу: |