Наурыз бен түркілік күнтізбе
Наурыз қашан пайда болды деген сауалға, әрине, нақты жауап беру қыйын. Алайда, Адам баласы Уақытты есептеу мен бағалай білгеннен бастап, бейнелі ойлау қабылеті туған сәттен Наурызды мерекелеу қажеттігі туылған болар. Бізді осындай ойға жетелейтін бес мың жыл бұрынғы Алматының солтұс-батысындағы 170 шм жердегі Аңырақай тауындағы жартаста қашалған ежелгі суреттер. Онда жер бетілік мақұлықтардан бірнеше есе ірі екі тұлға бейнеленіпті: оң жағында күндидарлы адамкейіпті киелі тұлға бері қарап тұр, бұл «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш болса керек, оның сол жағында әрі қарап, түндидарлы сайтанкейіпті - Ыңыр (Іңір – бұл қазақтарда күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған); олардың ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр жылының 4 маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайылып тұр, ал оның сол жағында семіз де мүйізі қарағайдай ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түскен, ауру да көтерем сыйыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз және қыс. Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам билеп жүр. Бұл – ежелгі наурыз мерекесі емей немене?! Бұл сиыр жылының Наурызын мейрамдау емей немене?!
Әзірге Наурызды парсыға біржақты телитіндей дәйек тапшы: оның бірі «новруз» сөзі болса, екіншісі түркілерге де тән наурыздық ғұрыптар мен дәм тұтыну рәсімдері. Ал, «новруз» сөзінің о бастағы тегі парсыға қатысты сөз екені әлі толық дәлелденген жоқ. Жоғарыдағы дәйектерді қорыта келе, Наурыз мерекесінің түркілік тегіне де көздің көбірек жететінін жасыру қиын. Дұрысы - Наурыз мерекесі Тұран мен Иран аталатын мемлекеттік құрылымдар пайда болғанға дейін, тіпті, түркі мен парсы жұрттарының ара жігі ашылғанға дейін пайда болып, қалыптасқандығын жоққа шығару мүмкін болмас. Десек те, Наурыздың ежелгі мәні мен сәнін сақтауға келгенде жүйесіз болса да, бұл жөнінде түркілердің қымсынбастан, мол мұрасын алдыға жайып салатындай ахуалы бар.
Наурыздың туындауы мен оның мәнін зерттеу үшін, оны құрайтын көріністер мен атрибуттарды қалпына келтіріп, зерделеген жөн. Осы жағынан қарағанда, Наурызды он екі мүшелдік түркілік күнтізбеден тыс қарау мүмкін емес. Өйткені, 90 күндік қыс шығатын 14-наурыз (бұрынғыша - 1 наурыз) күні ескі жылды шығарып, батыс аймақтағы қазақтар бірін біріне «Жыл құтты болсын!» айтады, арапша (хамал) ай атымен жаңғырған наурызды «Амал туды» деп көрісіп (көкірек жанастыру рәсімі) жатады. Мұндағы наурыз айының «амал», «көкек» секілді түрлі нұсқада аталуы қазақ халқының тарихындағы алуан саяси-идеологиялық қабаттарды білдіреді. Алайда, айдың мазмұны өзгерусіз жаңа жылдың басы ретінде мыңдаған жылдар бойы ұмытылмай келуі қайран қалдырады. Соған қарағанда, көшегендердің түрге емес, мазмұнға басты көңіл тоқтатуы олардың тарихи жадының айырықша сипаты болса керек.
Наурызды ежелгі түркілік онекімүшелдік күнтізбеге қатыссыз қарай алмаймыз. Бұл мерекелік рәсім аталған дүниетанымға негізделген Уақыт пен Кеңісті әмбебап онекімүшелдік жүйеге жіктеудің бір көрінісі. Бұл жүйе бойынша адам мен айуан денесінің он екі мүшеден тұруы ғаламдық құрылымның он екілік жүйесінен алынған. Бұл - кеңістің ағза түріндегі он екілік мүшеге жіктелуі болса, соған сәйкес уақыт та астрологиялық, астрономиялық жағынан он екі ай мен он екі жылдық мүшелге жіктелетіндігі әйгіленген. Тіпті, он екі мүшелдік айналымның өзі ғарыштық он екі мүшені айғақтайтын айуандардың бейнесі ретінде қолданысқа түскен, ал отырық өркениеттің атрибуты саналатын өсімдік пен минералтекті нәрселерге орын қалмаған.
Жалпы, скиф-сақтардың «айуандық стилі» көшегендердің зергерлік, мүсін өнеріндегі жан-жануарға деген ерекше құрметтері ғана емес, ол - ең алдымен олардың дүниетанымдық мәдени көрінісінің мәйегі. Ал, мүшелдік күнтізбеге арқау болған айуандық бейнеленім болса, бұл - олардың дүниетанымдық көрінісінің өмірге тығыз енгізілу дәйегі, бейнелеу өнеріндегі олардың дүниетанымдық параллелі. Міне, Наурыздың мәні де - осы айуандық бейнеленім түріндегі табиғи, ғарыштық құбылысты дәріптеу, танымды паш ету. Сайып келгенде, Наурыз – түркілік онекімүшелдік күнтізбенің рәсімдік нұсқасы.
Жоғарыда қарастырылған тарихи «Наурызнамалар» шынтуайтына келгенде, түркілік күнтізбеге негізделген Уақыттың бөлшектері ғана. Отырық жұрттарды басқарған әрбір билеуші өз дәуірін паш ету арқылы Наурызды түрлі идеологиялық құрсауда ұстаса, көшегендерде ол бай рәсімдер мен жоралғыларды жүзеге асыру арқылы мүшелдік күнтізбені паш ету тетігіне айналып, идеологияның құрбаны емес, негізін құраған. Сондықтан да түркілік күнтізбе зерттеуші Ә.Махамбетованың «Гипотезы Фабр д,Оливе и В. Ларичева позволяют предполагать, что возраст мушеля гораздо старше пяти тысяч лет.» деген уәжіне иек арта отырып, Наурызды да мыңдаған жылдық түркілік күнтізбенің бас жоралғысы ретінде мойындауға мәжбүрміз.
Достарыңызбен бөлісу: |