Негізгі орта білім беру деңгейінің «Жаратылыстану» білім саласы пəндерінің



Дата04.08.2017
өлшемі322,57 Kb.
#22825
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖƏНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ АКАДЕМИЯСЫ



Негізгі орта білім беру деңгейінің

«Жаратылыстану» білім саласы пəндерінің

ОҚУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ

(5–9-сыныптар)

Астана 2013

Қазақстан Республикасының Білім жəне ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сəуірде №115 бұйрығымен бекітілген.

Қазақстан Республикасының Əділет министрлігінде 2013 жылы 10 сəуірде № 8424 тіркелген.

Жалпы білім беретін мектептің 5-9 сыныптарына арналған «Жаратылыстану» білім саласы пəндерінің оқу бағдарламалары – Астана, 2013. – 104 б.

Ы.Алтынсарин атындағы

Ұлттық білім академиясы, 2013 2 3

«Жаратылыстану» пəнінен оқу бағдарламасы

1. Түсінік хат




Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сəйкес əзірленген.
2. Жаратылыстану курсын оқытудың мақсаты оқушылардың бойында ғылыми-жаратылыстану білімдерін, түсініктерін жəне саналы қоғамдастығы бар бірегей ғаламшар ретіндегі Жер туралы біртұтас көзқарастарын, табиғат пен қоғамның өзара жүйелі байланысын, жүйелі-кешенді ойлау мен функционалдық сауаттылықтарын дамытуды қалыптастыру болып табылады. Алдын-ала оза, кіріктіріп оқыту курсы болып саналады жəне оны негізгі орта мектепте оқыту жеке тұлғаның дамуы мен оған білім берудің, тəрбиелеудің жалпы мақсаттарына: оқушыларды функционалдық сауаттылықтың негізімен, білім жəне іскерлікпен жігерлендіріп, күнделікті өмірде қажетті бағыт пен мəдениеттілік, жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылықты жəне білімқұмарлықты дамытуға қызмет ету болып саналады.

3. Оқытудың міндеттері: курс бастауыш мектепте алған білім, біліктілік жəне дағдыны əрі қарай жалғастырады, сонымен қатар Отанын, туған табиғатын сүюге деген жоғары рухани ізгілікті, жеке тұлғаның жалпы мəдениеттілігін тəрбиелеуді жалғастырумен ұштастырылады.

4. Бағдарламада берілген барлық практикалық іс-əрекеттер дамытушы жəне қалыптастырушы болып табылады, міндетті түрде бағаланатын практикалық жұмыстар нөмірмен белгіленген.

5. Пəннің пəнаралық байланыстары:

1)

географиямен, Жердің пайда болуы, оның пішіндері, картада жəне глобуста бейнеленуі, жердің қабықтары туралы оқығанда;


2) əдебиет жəне музыкамен, қазақ, қазақстандық, орыс, кеңес одағының ұлы ақындарының, жазушыларының жəне сазгерлерінің шығармаларын, музыкалық шығармаларды, əндерден үзінділерін қолдану барысында;

3)


математикамен, табиғатты танудың ғылыми əдістерін оқу барысында,
қарапайым есептеулер жасауда;

4)


астрономиямен, жұлдызды аспанды жəне Ғарыштық кеңістікті оқу барысында;

5)


физикамен, физикалық құбылыстарды, денелер мен заттарды оқуда;

6)


химиямен, химиялық құбылыстарды оқу барысында;

7)


биологиямен, Жердегі өсімдік жəне жануарлар дүниесін оқу барысында;
8) тарихпен, жаратылыстанушыларды, олардың дүниені тануға қосқан үлестерін оқу барысында. 4

6. Типтік оқу жоспарына сəйкес курсты оқуға аптасына 1 сағаттан, 34 сағат бөлінген.



2. Оқу пəнінің базалық мазмұны

7. Кіріспе (3 сағат):

жаратылыстану табиғат жайлы ғылымдардың жиынтығы ретінде, «терминдер» мен «ұғымдар» сөздерінің мағынасы, макро жəне микро əлем ұғымдары;

табиғатты ғылыми тұрғыдан тану əдістері (бақылау, эксперимент, тəжірибе, зерттеуге арналған құралдармен танысу);

саяхат, табиғатты оқып-үйренудің негізгі əдістерімен танысу.

8. «Жер жəне Ғарыштық кеңістік» бөлімін оқуға 14 сағат бөлінген:

1) төбеміздегі аспан (3 сағат), астрономия – ғылым ретінде, жұлдызды аспан, «Ғарыштық кеңістік», «Галактика», «Жұлдыз», «Ғаламшар», «Комета – құйрықты жұлдыз», «Астероид», «Спутник» ұғымдары, негізгі жұлдыз жүйелері;

Күн жəне күн жүйесі, ғарыштық кеңістіктің заттық табиғаты;

ғарышты зерттеу жəне ғарыштың экологиясы;

2) «Жер біздің ғаламшарымыз (11 сағат):

Жердің пайда болуы, Жер планетасының пішіні, өлшемі, қозғалысы;

Ай – Жердің серігі, Жердің глобуста жəне карталарда бейнеленуі;

Жер құрылысының жалпы сипаты, литосфера, Жердің заттық құрамы, тау жыныстары жəне пайдалы қазбалар, материктер мен аралдар;

гидросфера – Жердің су қабығы, гидросфераның негізгі компоненттері, Судың өмір үшін маңызы, судың қасиеттері, суды қорғау;

атмосфера – Жердің ауа қабаты, ауа, оның құрамы, атмосфералық құбылыстар, олардың тірі организмдерге əсері.

9. «Табиғаттағы денелер мен заттар» бөлімін оқуға 7 сағат бөлінген:

1) физикалық дене, физикалық өлшемдер (ұзындық, масса жəне дененің салмағы, уақыт, температура, жол, кеңістік), физикалық денелер мен заттардың сипаттамасы, қоршаған ортадағы таза заттар, ерітінділер мен қоспалар, олардың маңызы, заттардың құрамы, диффузия;

физикалық жəне химиялық құбылыстар əлемінде, табиғи құбылыстардың көп түрлілігі (жарық, жылулық, дыбыстық, электрлік, магниттік), механикалық қозғалыс, тепе-теңдік, табиғаттағы күштер,

2) №1 практикалық жұмыс «Физикалық шамаларды анықтауға арналған құралдармен жұмыс істеу».

10. «Биосфера – тіршілік ортасы» бөліміне 5 сағат бөлінген:

1) ғаламшардағы тіршілік, өсімдіктердің көп түрлілігі жəне олардың маңызы (бөлме жəне дəрілік өсімдіктер), ауыл шаруашылық өсімдіктері;

жануарлардың көп түрлілігі жəне олардың өзара қарым-қатынасы; 5

саңырауқұлақтар, микроорганизмдер, олардың маңызы жəне көп түрлілігі, бірлестіктердің түрлері;

2) №2 практикалық жұмыс «Өсімдіктерді өсіру технологиясымен танысу».

11. «Табиғат жəне адам» бөлімін оқуға 5 сағат бөлінген:

1) қоршаған орта жəне адамның ондағы орны, табиғат байлықтары жəне оларды тиімді пайдалану;

қорықтар, ұлттық саябақтар, табиғат ескерткіштері, Қазақстанның «Қызыл кітабы»;

қоршаған ортаның экологиясы, табиғатты қорғау, Қазақстан Республикасының табиғатты қорғау Заңы;

2) шағын зерттеу жобалары.




Оқушының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

12. Оқушылардың дайындық деңгейін бағалау үш аспектіні: пəндік нəтижелерді, тұлғалық нəтижелерді, жүйелі-əрекеттік нəтижелерді есепке ала отырып жүргізіледі.

13. Пəндік нəтижелер. 5 сыныптың соңында оқушылар:

1) кіріктірілген жаратылыстану курсының мағынасын, оның қоршаған орта жайлы дүниетанымдық түсініктерін қалыптастырудағы мəнін;

2) макро жəне микро əлем ұғымдарының мəнін;

3) ғылыми танымның негізгі əдістерін;

4) Жер жəне Ғарыштық кеңістік, Жер ғаламшары жəне оның табиғаты жайлы негізгі жаратылыстану ғылыми түсініктерін;

5) Қазақстанның, қазақстандық ғалымдар мен ғарышкерлердің ғарышты зерттеуге қосқан үлесі жайлы;

6) Жер бетінің жоспардағы, картадағы, глобустағы бейнесін;

7) Жер бетінің негізгі пішіндерін жəне олардың дамуын (құрлық жəне су қабатын, олардың құрамдас бөліктерін);

8) тау жыныстарын жəне пайдалы қазбаларды;

9) төтенше табиғи құбылыстар жағдайындағы жəне табиғи ортадағы тəртіп ережелерін;

10) денелер мен заттар, олардың қасиеті мен құрылымы жайлы негізгі ұғымдарды;

11) табиғат құбылыстарының көп түрлілігін жəне адам өз өмірін, адамдардың өмірі мен мүлкін сақтау үшін қажетті техника қауіпсіздігі ережелерін;

12) ұғымдар мен шамалардың физикалық мағынасын;

13) ғаламшардың тірі қабатының құрылымын, оның Жер дамуындағы рөлін;

14) табиғи бірлестіктердің түрлерін жəне сипатын;

15) пайдалы жəне улы өсімдіктерді;

6

16) өз өлкесінің өсімдіктері мен жануарларын;



17) өсімдіктер мен жануарлардың маңызын;

18) Жер бетіндегі табиғат компоненттері мен табиғат кешендерінің өзара байланысын;

19) табиғат байлықтарының түрлерін;

20) Қазақстанның қорықтарын, ұлттық саябақтарын жəне табиғат ескерткіштерін;

21) «Қызыл кітапқа» енгізілген жекелеген жануарлар мен өсімдіктерді білулері тиіс.

14. 5 сыныптың соңында оқушылар:

1) қоршаған ортада жүйелі түрде бақылау жүргізе, өзгерістерді талдай;

2) ғылыми танымның əдістерін (бақылау, эксперимент, тəжірибе жəне т. б.) қолдана;

3) табиғатты зерттеуге арналған құралдарды пайдалана, ауа райын бақылау күнделігін жүргізе;

4) жеке жұлдыздар тобын анықтай (Үлкен Аю, Кіші Аю, Поляр Жұлдызы жəне басқалар);

5) карталармен жұмыс істей білу, Жер бетінің əр түрлі пішіндерін анықтай жəне көрсете;

6) тау жыныстарының жəне минералдардың негізгі физикалық сипатын анықтай;

7) атмосферадағы, гидросферадағы, литосферадағы табиғи құбылыстарды сипаттай;

8) табиғатты зерттеуге арналған құралдармен жұмыс істей;

9) қазіргі кездің ақпараттық-коммуникациялық көздерін, білім берудің цифрлық ресурстарын пайдалана;

10) физикалық шамаларды, дененің салмағы мен көлемін, қашықтықты (сызғышпен жəне рулеткамен), көлемді (мензуркамен), ауаның ылғалдылығын (гигрометрмен), ауа жəне дене температурасын (термометрмен), жауын-шашын мөлшерін (жауын-шашын мөлшерін өлшеуішпен), жыл бойы күн жарығы түсуіндегі айырмашылықты өлшеуге қажетті құралдар мен аспаптарды қолдана;

11) құралдармен жұмыс істеу барысында техника қауіпсіздігі ережелерін сақтау, жасаған бақылаулар мен тəжірибелерден қорытындылар мен шешімдер шығара;

12) бөлме өсімдіктерін өсіре жəне оларды күте;

13) жеке гигиена, жұқпалы жəне паразиттік аурулардың алдын-алу талаптарын орындай;

14) зертхана құралдарымен, тірі биологиялық нысандармен, кеппе өсімдіктермен, муляждармен жұмыс істей;

15) жергілікті жердің экологиялық жағдайына баға бере білу жəне нəтижеге презентация жасай;

16) экологиялық акциялар (суреттер, плакаттар жəне басқа да жолдармен) ұйымдастыра;

7

17) дистанциондық тəртіпте ғаламтор арқылы сырттай өтетін сайыстар мен олимпиадаларға қатыса;



18) өзі тұратын жердің тазалығын сақтау шараларын ұйымдастыра алулары тиіс.

15. Жеке тұлғалық нəтижелер:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясына құрметпен қарауынан, жоғары патриоттық сезімін көрсете білуінен;

2) қоршаған ортаны қорғау сұрақтарында белсенді азаматтық ұстанымын көрсете білуінен;

3) өз елінің, туған өлкесінің табиғатының сұлулығын көре білуге, оны сақтауға жəне қорғауға ұмтылуынан;

4) өздігінен білім алуға жəне оқу еңбегіне деген ынта-ықыласы мен қабілеттілігін дəлелдеуінен;

5) берілген жоспар бойынша жеке жəне топта тəжірибелік іс-əрекет жасай білуінен;

6) салауатты өмір салтын ұстануынан жəне өз денсаулығын сақтауға, нығайтуға деген қамқорлығынан;

7) өз қауіпсіздігі жəне айналасындағы адамдардың қауіпсіздігін сақтау дағдыларынан;

8) адамдармен қарым-қатынаста мəдениеттілік танытуынан, этикалық нормаларды сақтауынан;

9) экологиялық акциялар арқылы экологиялық бағыттағы тəртіпті көрсете білуінен көрініс табады.

16. Жүйелі-əрекеттік нəтижелер оқушылардың əр түрлі практикалық іс-əрекеттері арқылы жүзеге асады:

1) ауа райына бақылау жүргізуді ұйымдастыру жəне жергілікті жердің белгілеріне қарап таяу күндердің ауа райы өзгерістерін болжау;

2) табиғатты зерттеудің негізгі əдістерімен танысу;

3) қоршаған ортаның табиғи, мерзімдік құбылыстарына бақылау жүргізуді ұйымдастыру;

4) микроскоппен жəне микропрепараттармен танысу;

5) жыл мезгілдерінің əр түрлі кезеңдерінде Жер бетіне жарықтың түсуін (күн сəулелерінің түсу бұрышы) бақылауды бастау;

6) жаратылыстанушы ғалымдар: əл-Фараби, əл-Бируни, Леонардо да Винчи, Николай Коперник, Джордано Бруно, Герард Меркатор, Галилео Галилей, Исаак Ньютон, Карл Линней, Михаил Васильевич Ломоносов, Чарльз Дарвин, Шоқан Уəлиханов, Қаныш Сəтпаев жайлы қосымша əдебиет оқу;

7) жұлдызды аспанды, Үлкен жəне Кіші Аю жұлдыздар жүйесін, Күннің шығуы мен батуын бақылау;

8) телескоптың, дүрбінің көмегімен Айдың бетіне бақылау жүргізу;

9) жақын жердегі метеостансаға саяхат, ауа райы құбылыстарын зерттеудің əдістерімен танысу;

10) картада жұмыс істеудің базалық дағдыларын қалыптастыру;

11) мəтінде аталған нысандарды картаға түсіру;

8

12) əр түрлі заттардан тұратын денелердің салмағын салыстыру (бірдей көлемді əр түрлі заттардың салмағы, əр түрлі көлемді заттардың салмағы), денелердің өзгеруін бақылау (созылу, қысылу, жылжу, иілу, бұралу);



13) линзанаң көмегімен жарықты сындыру жəне жарық спекторының сызбасын құру;

14) судың əр түрлі агрегаттық жағдайын (мұз, су, бу) бақылау жəне алынған білімді күнделікті тұрмыста қолдана білу;

15) дыбыс шығаратын денелердің тербелісін жəне əр түрлі заттардың дыбыс өткізгіштігін бақылау;

16) магниттік жəне электрлік құбылыстардың мəні жəне əрекеті;

17) денелердің өзара əрекетін жəне инерциясын бақылау (көлікте, спорт ойындары кезінде, адамның қозғалысы кезінде);

18) химиялық құбылыстардың белгілерін: газ, жарық, жылу шығаруын, түстің өзгеруін, жаңа заттың пайда болуын (майшамның жануы барысында) жəне жауын-шашынның түсуін (ерітінділер түрінде) бақылау;

19) жергілікті жердің өсімдіктеріне бақылау жүргізу;

20) өсімдіктердің жарыққа қарай өсуін бақылау;

21) тұқым өсіру жəне бөлме өсімдіктерін отырғызу;

22) зең саңырауқұлақтарымен танысу;

23) жануарларға бақылау жүргізу (үйде, хайуанаттар паркінде жəне үйреншікті ортада);

24) жергілікті жердің экологиялық жағдайына талдау жасау мақсатында эскурсияға шығу;

25) жануарлар мен өсімдіктер туралы шағын зерттеу жобалары.
«География» пəнінен оқу бағдарламасы

1.Түсінік хат




Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сəйкес əзірленген.
2. География пəнін оқытудың мақсаты оқушылардың бойында ғылыми- жаратылыстану білімдерін, табиғат, қоғам жəне экономиканың жүйелі байланысы жайлы, саналы бірлестігі бар ғажайып ғаламшар ретіндегі Жер туралы түсініктері пен көзқарастарын дамыту. Қазақстан Республикасының əсем табиғаты жəне экономикасының ерекшеліктері туралы білімдерін қалыптастыру, функционалдық сауаттылықты жəне жүйелі-кешенді немесе «географиялық» сананы дамыту.

3. Пəнге оқытудың міндеттері: 9

1) география ғылымы жəне Жер туралы серіктес ғылымдардың негізін меңгеру, табиғатқа, оның дамуына, табиғаттың, қоғамның жəне экономиканың байланысына диалектикалық-материалистік көзқарастың қалыптасуы;

2) табиғат ресурстарын үнемді де тиімді пайдалануға жəне қоршаған ортаны қорғауға, табиғи жəне экологиялық жағдайды бағалау мен болжауға қажетті білім мен біліктілікті меңгеру;

3) қазіргі дүниежүзілік дамудың негізгі бағыттарымен, экономиканың жəне қоғамның дамуы барысында туындайтын жеке бір аймақты, сол сияқты барлық дүние жүзін қамтитын проблемаларды жəне сұрақтарды оқып-білу;

4) оқу еңбегіне қажетті біліктілік пен дағдыларды қалыптастыру, зерттеушілікке құштарлықты, зейін жəне байқағыштықты, логикалық ойлауды, есте сақтау қабілетін, сөз шеберлігін жəне көптілділікті, қиялдау, аумақтық бейнені қалыптастыра білу шеберлігін, қоршаған ортаны эстетикалық тұрғыдан қабылдау, өмірге шығармашылық көзқарасын жəне өз білімін арттыруға, дамытуға талпынушылықты қалыптастыру;

5) географиялық, саяси, экономикалық, басқа да ғылыми жəне əдістемелік ақпаратты, карталарды, мерзімді баспасөз басылымдарын, ғаламторды, білім берудің цифрлық ресурстарын қолдана білу дағдыларын дамыту;

6) өз өмірі жəне əрекеті барысында географиялық білімді тиімді пайдалана білуі үшін білім, дағды жəне шеберлікті меңгеру;

7) жоғары отансүйгіштік сезімге, Қазақстан Республикасының Конституциясын сыйлауға тəрбиелеу, белсенді өмірлік көзқарас қалыптастыру.

4. Бағдарламада берілген барлық практикалық іс-əрекеттер тəжірибелік дағдыларды дамытушы жəне қалыптастырушы болып табылады, міндетті түрде бағаланатын практикалық жұмыстар бөліп көрсетілген.

5. Пəнаралық байланыстар:

1) математикамен, масштабты, бұрыштың көлемі жəне оны өлшеуді, компаспен жұмыс істеу, көкжиек тұстарын анықтау, орташа көрсеткіштерді жəне амплитуданы есептеуде, жазықтықтағы координаттарды есептеу, параллельдік жəне перпендикулярлық тура сызықтар жайлы, қаржылық сауаттылықты дамыту, нарықтық экономиканың қызмет атқаруы, қазіргі кездің биржа қорлары, капиталдың акционерлік формалары жəне экономиканың түрлері туралы, есептеуге арналған практикалық жұмыстарды орындау, карталармен, сызбалармен, кестелермен, графиктермен, диаграммалармен жұмыс істеу барысында;

2) химиямен, пайдалы қазбалардың, топырақтың пайда болуы жайлы, конструкциялық материалдар шығару кешенін оқу барысында;

3) физикамен, жер қыртысындағы литосфералық плиталардың қозғаласы, сейсмикалық жəне жанартау атқылау құбылыстары жайлы, атмосфералық циркуляция жəне мұхит суы қозғалысы, булану, ылғалдану коэффициенті, циклон, антициклон жайлы, ауа райын бақылауға арналған құралдарды қолдану, машина жасау кешені тақырыбын оқу барысында;

4) биологиямен, өсімдіктер мен жануарлардың өмір сүру ортасының жағдайына, өсімдік жəне жануарлар əлемінің маусымдық құбылыстарына 10

тəуелділігі жайлы, табиғат зоналары, топырақ, жануарлар дүниесі жəне оның дамуының ғаламдық маңызы жайлы, табиғат кешендері мен олардың адам əрекетінің нəтижесінде өзгеруі жайлы, агроөнеркəсіптік кешен тақырыбын, геохронологиялық кестені оқу барысында;

5) тарихпен, «Саяси карта жəне халықтар» тақырыбын, халықтар мен мемлекеттерді сипаттайтын тарихи деректерді қолдану, материктерде халықтардың орналасуын, отарлау дəуірі туралы, отарлық державалардың өз меншігіне қарасты саясаты туралы, «Қазақстан аумағының зерттелу тарихы» тақырыбын оқу барысында;

6) əдебиет жəне музыкамен, қазақ, қазақстандық, орыс, кеңес одағының ұлы ақындарының, жазушыларының жəне сазгерлерінің шығармаларын, музыкалық шығармаларды, əндерді, əндердің үзінділерін пайдалану барысында;

7) сызумен, жер бедерінің кесіндісін, диаграммалар сызу, кескін картаны толтыру барысында;

8) технологиямен, Қазақстанның жəне дүние жүзінің жекелеген аумақтарындағы халықтық, ұлттық қолөнерді оқу барысында.

6. География пəні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:

1)


6 сыныпта – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағат;

2)


7 сыныпта – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағат;

3)


8 сыныпта –аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағат;

4)


9 сыныпта – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағат.
2. Оқу пəнінің 6 сыныптағы базалық білім мазмұны

7. Кіріспе (3 сағат):

физикалық география нені оқытады, Жер туралы географиялық білімнің дамуы, ежелгі кездегі Эратосфен, Птолемей, Бехаймның глобусы, Қашғаридің дөңгелек картасынан біздің күнге дейінгі картаның дамуы;

саяхатшылар жəне зерттеушілер (Х.Колумб, Ф.Магеллан, Ф.Беллинсгаузен, П.Лазарев, Ш.Уəлиханов);

табиғат құбылыстарын бақылауды ұйымдастыру.

8. «Жер бетінің жазықтықта бейнеленуі. План жəне карта» бөлімін оқуға 16 сағат бөлінген:

1) «Жер – Күн жүйесінің теңдессіз ғаламшары» (1 сағат), Жердің Күн жүйесіндегі орны, Жердің пішіні мен мөлшерлері;

2) «Жергілікті жердің планы» (7 сағат):

жер беті бейнесінің түрлері, жергілікті жердің планы жəне шартты белгілер;

масштаб, қашықтықты өлшеу, азимут туралы түсінік, жергілікті жерде жəне план бойынша бағдарлау; 11

жер беті элементтерінің планда бейнеленуі, жергілікті жердің планын, топографиялық картаны, елді мекендердің сызбанұсқаларын оқу, жергілікті жердің планын түсіру, негізгі тəсілдер мен іс-əрекеттер;

№1 практикалық жұмыс «Жергілікті жердің планын түсіру»;

9. «Географиялық карта» бөлімін оқуға 8 сағат бөлінген:

глобус – Жердің моделі, географиялық карталар, олардың жіктелуі, карталар таным жəне ақпаратты өңдеуші құрал ретінде;

глобустағы жəне географиялық картадағы градус торы, географиялық ендік, географиялық бойлық, географиялық координаталар ұғымы жəне координатты анықтау;

географиялық карталарда биіктіктер мен тереңдіктердің бейнеленуі, пландар мен карталардың маңызы, ғаламдық Глонасс, GPS жəне Galileo навигация жүйелерімен танысу;

№2 практикалық жұмыс «Бағыттарды, географиялық координаталарды анықтау».

10. «Жердің қабықтары» бөлімін оқуға 37 сағат бөлінген:

1) «Литосфера жəне жер қыртысы» (9 сағат), «Литосфера», «жер қыртысы», «жер бедері» ұғымдары, Жердің құрылысы, тау жыныстары жəне минералдардың жіктелуі;

литосфералық плиталар (тақталар) туралы ұғым, жер қыртысының қозғалысы, жанартаулар, ыстық бұлақтар, гейзерлер;

құрлықтағы таулар, олардың жіктелуі, құрлықтағы жазықтар, олардың жіктелуі, мұхит түбінің жер бедері, Жер бетінің шаруашылық мақсатта пайдаланылуы жəне оны қорғау;

№3 практикалық жұмыс «Картадан ірі таулар мен жазықтардың географиялық орны мен биіктігін, жекелеген нысандардың биіктігі мен географиялық координаталарын анықтау»;

2) «Гидросфера» (10 сағат):

гидросфера, су айналымы жайлы ұғым, дүниежүзілік мұхит жəне оның бөліктері, дүниежүзілік мұхит суының қасиеттері, мұхит суының қозғалыстары, мұхит суын зерттеу, қорғау;

құрлық сулары, өзендер (бөліктері, режимі, қоректенуі, ағысының сипаты), көлдер, жер асты сулары, мұздықтар, жасанды су қоймалары, құрлық суының маңызы жəне оны қорғау;

№4 практикалық жұмыс «Бір су нысанына сипаттама беру»;

3) «Атмосфера» (14сағат):

атмосфера, оның құрылысы, ауаның құрамы, Жердің өз осінен жəне Күнді айнала қозғалуы, Жер қозғалысының маңызы, жерде күн жылуы мен жарықтың таралуы, жылулық белдеулері, жыл мезгілдері;

ауа температурасы жəне температураның тəуліктік өзгерісі, ауытқу амплитудасы ұғымы жəне ауа температурасының тəуліктік ауытқуының маңызы, мерзімдік айырмашылықтары, ауа температурасының жылдық өзгерісі жəне ауытқу амплитудасы; 12

атмосфералық қысым, жел, негізгі түрлері жəне себептері, ауа массалары, жел өрнегін сызу, климат картасын оқу, ауадағы су буы, бұлттар, атмосфералық жауын-шашын;

ауа райы, климат, климат құрушы факторлар (географиялық ендік, жердің төсеніш беті жəне атмосфералық циркуляция), жергілікті жер климатының қалыптасу себептері;

№5 практикалық жұмыс «Өз өлкесінің ауа райы жайлы материалдарды өңдеу жəне талдау»;

4) «Биосфера» (4 сағат):

биосфера ұғымы, биосфераның шекаралары, тірі организмдердің көп түрлілігі жəне олардың таралу заңдылықтарының географиялық жағдайы, тірі организмдердің Жер қабығына тигізетін əсері;

Докучаев В.В. топырақтану ілімінің негізін салушы, «топырақ» ұғымы, оның қалыптасуы, өзгеруі, топырақтың түрлері.

11. «Географиялық қабық» бөлімін оқуға 5 сағат бөлінген:

географиялық қабық – Жердің ерекше кешенді қабығы, табиғат кешені туралы ұғым, оның құрылымы, географиялық қабық – Жердің ерекше кешенді қабығы ретінде, оның маңызы мен заңдылықтары, адамның табиғат кешендеріне əсері;

географиялық белдеулер жəне табиғат зоналары туралы ұғымдар, дүние жүзінің табиғат зоналары картасымен танысу, ғаламшардың бір табиғат зонасына презентация;

№6 практикалық жұмыс «Өз өлкесінің табиғат зонасына сипаттама жасаудың жоспары жəне шығармашылық сипаттама»;

«Жердің қабықтары» бөлімін қайталау (1 сағат), жер табиғатындағы ғаламдық өзгерістер.

12. «Жер бетіндегі адамзат» бөлімін оқуға 5 сағат бөлінген:

жердің халқы, саны, тығыздығы, демографиялық саясат;

нəсілдер, нəсілдердің теңдігі, халықтар, Н.Н.Миклухо-Маклайдың зерттеуі;

елді мекендер, олардың картада бейнеленуі, Ддүние жүзінің саяси картасындағы мемлекеттер, Қазақстан дүние жүзі картасында;

№7 практикалық жұмыс «Берілген координаталар бойынша кескін картаға мемлекеттерді жəне олардың астаналарын түсіру».

13. «Курсты қорытындылау» бөлімін оқуға 2 сағат бөлінген:

саяхат, туған өлкенің табиғат кешенімен танысу;

«Туған өлкенің табиғат кешені компоненттерінің негізгі ерекшеліктері», «Жердегі адамзат», «Дүние жүзінің саяси картасы» үлгі қорытынды жұмыстардың презентациясы.

3. Оқу пəнінің 7 сыныптағы базалық білім мазмұны

14. Кіріспе (3 сағат): 13

материктер мен мұхиттар географиясы пəні жəне міндеттері, материктер мен мұхиттардың зерттелу кезеңдері, материктер мен мұхиттардың карталары;

№1 практикалық жұмыс жоспар бойынша «Атлас карталарына сипаттама беру».

15. «Жер шары табиғатының негізгі ерекшеліктері» бөлімін оқуға 10 сағат бөлінген:

1) «Литосфера» (2 сағат), материктік жəне мұхиттық жер қыртысы, геологиялық жыл санау жəне геохронологиялық кесте;

литосфералық плиталар (тақталар) теориясы, сейсмикалық белдеулер, Жер рельефі (жер бедері), Жер рельефінің жер қыртысының ішкі ерекшеліктерімен, тектоникалық құрылымымен байланысы, ішкі жəне сыртқы күштердің қазіргі рельефтің қалыптасуындағы ролі;

2) «Атмосфера жəне Жердің климаты» (3 сағат):

атмосфераның жердегі тіршілік үшін маңызы, климат карталары, ауа температурасының таралуы;

жер бетіндегі атмосфералық қысым, басым желдер жəне ауа массалары;

жауын-шашынның таралуы, Жер шарындағы климаттық белдеулер жəне климат қалыптастырушы факторлар;

3) «Дүниежүзілік мұхит» (4 сағат):

дүниежүзілік мұхит суы, оның негізгі қасиеттері, маңызы жəне су массалары;

беткі ағыстар, мұхиттағы тіршілік;

Солтүстік Мұзды жəне Атлант мұхиттары, Үнді жəне Тынық мұхиттары;

4) қорытындылау (1 сағат), жер бетінде болатын үдерістердің нəтижесінде туындайтын төтенше жағдайлар, адамның тіршілік əрекеті (семинар).

16. «Материктер жəне мұхиттар табиғатының алуан түрлілігі» бөлімін оқуға 53 сағат бөлінген:

1) «Географиялық қабықтың заңдылықтары» (2 сағат), табиғат кешені, географиялық қабық жəне оның қасиеттері, географиялық қабықтың заңдылықтары, географиялық зоналылық: ендік, биіктік, азоналылық ұғымы;

2) «Жердегі материктер» (51 сағат):

Африка (10 сағат), Африканың физикалық-географиялық орны, материк жағалауын шайып жатқан мұхиттар мен теңіздер, Африканың зерттелуі;

жер бедері жəне пайдалы қазбалары;

климаты, климат қалыптастырушы факторлар, материкте ауа температурасы жəне жауын-шашынның таралуы, климаттық белдеулері;

ішкі сулары, өзендердің жер бедеріне, климатқа тəуелділігі, қоректену түрлері, негізгі өзендері мен көлдері, өзендер мен көлдердің адам өміріндегі рөлі;

табиғат зоналары, топырақ картасы, экваторлық ормандар жəне саванналар, тропиктік шөлдер жəне қатты жапырақты ормандар мен бұталар, антропогендік табиғат кешендері, ерекше қорғалатын аймақтар; 14

Африканың халқы жəне саяси картасы, Африканың аймақтарына шолу, халқының шаруашылық əрекеті;

№2 практикалық жұмыс «Жекелеген аумақтарға кешенді сипаттама»;

3) «Аустралия жəне Мұхит аралдары» (5 сағат):

Аустралияның физикалық-географиялық орны, материк жағалауын шайып жатқан мұхиттар мен теңіздер, Аустралия жəне Мұхит аралдарының зерттелуі;

жер бедері жəне пайдалы қазбалары, климаты, өзендері мен көлдері;

табиғат зоналары, тіршілік дүниесінің ерекшелігі, антропегендік кешендер;

халқы жəне аймақтың саяси картасы, Аустралия Одағы. Мұхит аралдары;

4) «Антарктика. Антарктида» (2 сағат):

Антарктика мен Антарктиданың физикалық-географиялық орны, материк жағалауын шайып жатқан мұхиттар мен теңіздер, материктің ашылуы мен зерттелуі, материктің зерттелуінің ғылыми жəне практикалық маңызы, халықаралық ынтымақтастықтың қажеттілігі, қазақстандық полярлық экспедиция;

материктің табиғаты, жер бедері, пайдалы қазбалары, климаты, мұз жамылғысы, тіршілік дүниесінің өзіндік ерекшеліктері;

5) «Оңтүстік Америка» ( 8 сағат):

Оңтүстік Американың физикалық-географиялық орны, материк жағалауын шайып жатқан мұхиттар мен теңіздер, зерттелуі;

жер бедері мен пайдалы қазбалары;

климаты (климат қалыптастырушы факторлар, материкте ауа температурасы мен жауын-шашынның таралуы), климаттық белдеулер;

ішкі сулары (өзендердің жер бедері мен климатқа тəуелділігі, негізгі өзендер мен көлдері);

ылғалды экваторлық ормандар мен саванналар, пампа, шөлейт жəне шөл зонасы, Анд тауындағы биіктік белдеулер, антропогендік табиғат кешендері;

Оңтүстік Американың халқы жəне саяси картасы, Анд елдері жəне Шығыстағы жазық елдері;

№3 практикалық жұмыс, жоспар бойынша «Оңтүстік Америка жəне Африканың табиғатына қысқаша салыстырмалы сипаттама беру»;

6) оңтүстік жарты шар материктерін қайталау (1 сағат):

оңтүстік жарты шар материктеріндегі табиғат компонентерінің, табиғат жағдайларының, халқының өмір сүру жағдайы мен шаруашылық əрекетінің ұқсастықтары жəне айырмашылықтары, материктердің жəне мұхиттармен шектесетін бөліктердің экологиялық проблемалары;

7) «Солтүстік Америка» (8 сағат):

Солтүстік Американың физикалық-географиялық орны, материк жағалауын шайып жатқан мұхиттар мен теңіздер, материктің зерттелуі;

жер бедері мен пайдалы қазбалары;

климаты (климат қалыптастырушы факторлар, материкте ауа температурасы мен жауын-шашынның таралуы), климаттық белдеулер; 15

ішкі сулары (өзендердің жер бедері мен климатқа тəуелділігі, негізгі өзендері мен көлдері);

табиғат зоналары, Кордильердегі биіктік белдеулері, антропогендік табиғат кешендері, ерекше қорғалатын аумақтар;

Солтүстік Американың халқы жəне саяси картасы, АҚШ, Мексика жəне Орталық Америка елдері;

№4 практикалық жұмыс, жоспар бойынша «Материктің бір өзеніне сипаттама беру»;

8) «Еуразия» (16 сағат):

физикалық-географиялық орны, материк жағалауындағы мұхиттар жəне басқа да нысандар, Еуразияның зерттелуі, орыс, кеңес одағы, қазақ ғалым-саяхатшыларының рөлі;

Еуразия жер бедерінің жалпы ерекшеліктері, тектоникалық құрылымының ерекшеліктері, жер сілкіну жəне жанартау атқылау облыстары, материктегі ежелгі мұз басулар, жер бедерінің негізгі пішіндері жəне пайдалы қазбалардың кен орындарының орналасуы;

климаты, климат қалыптастырушы факторлар, материктегі климат жағдайының алуан түрлілігі (ауа температурасы мен жауын-шашынның таралуы), климаттық белдеулер;

ішкі сулары (өзендердің жер бедері мен климатқа тəуелділігі, өзендердің қоректену түрлері), Атлант мұхиты алабының өзендері, Солтүстік Мұзды, Тынық, Үнді мұхиттарының жəне ішкі тұйық алабының өзендері, көлдер, мұздықтар, көп жылдық тоңдар, батпақтар;

табиғат зоналары (олардың географиялық орны), арктикалық, субарктикалық жəне қоңыржай белдеулердің зоналары, субтропиктік, тропиктік, субэкваторлық жəне экваторлық белдеулердің табиғат зоналары, биіктік белдеулер, антропогендік табиғат кешендері, материктің жəне Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын аумақтары;

Еуразияның халқы, саяси картасы жəне аймақтары. Еуразияның жекелеген елдерді (Ресей, Қазақстан. Қытай, Үндістан, Жапония жəне Оңтүстік Корея, Германия, Франция жəне Ұлыбритания);

№5 практикалық жұмыс, жоспар бойынша «Материктің екі бөлігінің климат типін анықтау жəне салыстыру»;

№6 практикалық жұмыс, жоспар жəне нұсқалар бойынша «Еуразияның бір еліне қысқаша, кешенді сипаттама»;

9) солтүстік жарты шар материктерін қайталау (1 сағат):

солтүстік жарты шар материктеріндегі табиғат компоненттерінің, табиғат жағдайларының, халқының өмір сүру жағдайы мен шаруашылық əрекетінің ұқсастығы мен айырмашылығы, материктердің жəне мұхиттармен шектесетін бөліктердің экологиялық проблемалары (қорытынды, қайталау семинары).

17. «Жер – біздің ортақ үйіміз (курсты қайталау)» бөлімін оқуға 2 сағат бөлінген: 16

табиғат пен қоғамның өзара байланысы, қазіргі саяси картаға, ғаламшар халқының орналасуына, материктер мен мұхиттардың экологиялық жағдайына, ғаламшардың табиғат ресурстарына сипаттама;

табиғат жағдайларының адам өміріне, денсаулығына жəне іс-əрекетіне тигізетін əсері, Жердің болашағы.



4. Оқу пəнінің 8 сыныптағы базалық білім мазмұны



Кіріспе (4 сағат):
географиялық білім көздері, Қазақстан Республикасы атласындағы карталар, олардың өлшеуіш ресурстары. Қазақстан Республикасының физикалық-географиялық орны, ғаламшардағы уақыт өлшемі, даталардың ауысу сызығы, Қазақстан аумағындағы уақыт айырмасы (сағаттық белдеулер, жергілікті уақыт, декреттік уақыт, белдеулік уақыт);

№1 практикалық жұмыс «Картадан елдің географиялық орнын анықтау, Қазақстанның шекараларын белгілеу жəне Жердегі белдеулік уақытты анықтау».





«Қазақстан аумағының зерттелу тарихы» бөлімін 4 сағат бөлінген:
қазақ жерінің ерте кездегі географиялық зерттелуі (сипаттама, тарихи деректер, Геродот, Страбон, Птолемей шығармаларындағы жер туралы мағлұматтар), Ұлы Жібек жолы (бағыттардың сипаттамасы, тарихи деректер, археологиялық ескерткіштер, маңызы);

орта ғасырларда Қазақстан аумағының географиялық зерттелуі (араб саяхатшыларының табиғатты танып-білулері, əл-Истахри, əл-Масуди, ибн-Хаукаль, ибн-Фадлан, ғалымдар Əбу Насыр əл-Фараби, Махмуд Қашғари, ХІІІ ғасырда табиғаттың зерттелуі, П. Карпини, В. Рубрук);

ХҮІ – ХІХ ғасырларда Қазақстан аумағының географиялық зерттелуі (ресейлік жəне басқа да географтардың зерттеулері, К.Жалаири, С.Ремезов, П.И.Рычков, И.П.Фальк, Г.С.Карелин, Г.С.Паллас, А.И.Бутаков, А.Гумбольдт, К.М.Бэр, А.И.Левшин, П.П.Семенов, Н.А.Северцев, И.Г.Борщов, И.В.Мушкетов, А.Н.Краснов, Л.С.Берг, В.А.Обручев, С.С.Неуструев, Ш.Уəлиханов);

ХХ ғасырдың басында жəне ортасында Қазақстан аумағының зерттелуі, соғыс жылдары Қазақстанға эвакуацияланған кеңес ғалымдарының рөлі, Қ.И.Сəтпаевтың ел ресурстарын зерттеуге қосқан үлесі, қазіргі кездегі зерттеулер (кескін картада жұмыс).

20. «Қазақстан табиғатының жалпы физикалық-географиялық сипаттамасы» бөлімін оқуға 36 сағат бөлінген:

1) «Жер бедері, геологиялық құрылысы жəне пайдалы қазбалары» (11 сағат), геологиялық жыл санау жəне геохронологиялық кесте (тау жыныстарының жасы, эралар, кезеңдері, геологиялық оқиғалар), Қазақстан аумағының геологиялық даму тарихы мен тектоникалық құрылымы (платформалар, қатпарлы облыстар, тау жыныстары); 17

жер бедерінің қалыптасуы мен дамуы (жер бедерін қалыптастырушы үдерістер, олардың байқалуы), Қазақстан жер бедерінің негізгі ерекшеліктері (жазықты аумақтар жəне тау жүйелері, биіктік айырмашылықтары), Қазақстан жазықтары (физикалық-географиялық жағдайы, түрлері, сыртқы сипаты, тау жыныстарының жату ерекшеліктері), аласа таулары (биіктігі, тау жыныстарының жасы, жер бедерінің ерекшеліктері) Қазақстанның биік таулы аумағы (жасы, қалыптасу жағдайлары, жоталардың орналасуы);

Қазақстанның пайдалы қазбалары (жіктелуі, олардың орналасуының жер бедері мен геологиялық тарихқа тəуелділігі), рудалы пайдалы қазбалар (түрлері, қоры, аумақтық жəне тереңдік таралуы), рудасыз жəне жанатын пайдалы қазбалар (түрлері, қоры, аумақтық жəне тереңдік таралуы);

№2 практикалық жұмыс «Тектоникалық құрылымдар, жер бедері пішіндері жəне пайдалы қазбалардың арасындағы өзара байланысты анықтау»;

2) климат жəне агроклиматтық ресурстар (10 сағат):

ғарыштық климат қалыптастырушы фактор (күн радиациясы, оның түрлері), атмосфераның жалпы циркуляциясы (ендік, меридиандық), фронталдық зоналар, циклондар, антициклондар, атмосфераның маусымдық циркуляциясы (себептері, ерекшеліктері), атмосфераның жергілікті циркуляциясы (тау аңғарлық, жазықтық-тау алды, бриздер);

Қазақстанда ауа температурасының өзгеруі, ел аумағында атмосфералық қысымның, жауын-шашынның, қар жамылғысының өзгеруі, климаттың адам өмірі мен оның шаруашылық əрекетіне тигізетін əсері (қолайлы, қолайсыз), агроклиматтық ресурстар (вегетациялық кезең, жылумен жəне жарықпен қамтамасыз етілуі);

№3 практикалық жұмыс «Қазақстанның екі аумағының климат көрсеткіштерін салыстыру»;

3) «Қазақстанның ішкі сулары жəне су ресурстары» (8 сағат):

Қазақстанның ішкі суларының түрлері (табиғи жəне жасанды);

Қазақстанның өзендері (қоректену түрлері, ағыстары, режимінің ерекшеліктері жəне өзен алаптары), алаптар бойынша Қазақстанның ірі өзендеріне сипаттама (аумағы, ағысының сипаты, су шығыны, шаруашылық маңызы, өзендердің трансшекаралық проблемалары), Қазақстанның көлдері (жіктелуі, ерекшеліктері, олардың аумақ бойынша орналасуы);

ірі көлдері (географиялық орны, негізгі сипаты, экологиялық жағдайы), мұздықтар жəне көпжылдық тоң (пайда болу жағдайлары, таралуы, уақытқа қарай өзгеруі), жер асты сулары (жіктелуі, орналасуы, пайдаланылу салалары), су ресурстарын қорғау;

№4 практикалық жұмыс, жоспар бойынша «Əр түрлі ақпарат көздерінің көмегімен өзендерді салыстыру»;

4) топырақ ресурстары (2 сағат), топырақтар (қалыптасу жағдайлары жəне құнарлылығы, табиғаттың басқа компоненттерімен байланысы);

топырақтың түрлері (таралуы, қолданылуы, олардың құнарлылығын қалпына келтіру, жерді мелирациялау ұғымы); 18

5) табиғат зоналары (5 сағат), табиғат кешендері (қалыптасу жағдайлары жəне Қазақстан аумағында табиғат зоналарының өзгеруі);

орманды дала жəне дала, шөлейт жəне шөл зоналары (географиялық орны, климатының, топырағының, өсімдік жамылғысы, жануарлар дүниесінің ерекшеліктері жəне адамның пайдалануы), биіктік белдеу жəне антропогендік кешендер;

№5 практикалық жұмыс, жоспар бойынша «Қазақстанның табиғат зоналарына қысқаша салыстырмалы сипаттама».

21. «Қазақстанның ірі географиялық аудандары» бөлімін оқуға 16 сағат бөлінген:

Қазақстан аумағын физикалық-географиялық аудандастыру, Шығыс Еуропа жазығы, Тұран жазығы, Батыс-Сібір жазығы, Сарыарқа (Қазақтың ұсақ шоқысы), Орал (Мұғалжар), Алтай, Сауыр-Тарбағатай, Жетісу Алатауы, Тянь-Шань;

№6 практикалық жұмыс «Белгілі бір ауданның кешенді кесіндісін сызу».

22. «Қазақстанның табиғатын қорғау жəне табиғат ресурстарын тиімді пайдалану» бөлімін оқуға 8 сағат бөлінген:

Қазақстанның табиғат ресурстары, олардың түрлері, орналасуы жəне қолданылуы, табиғатты тиімді пайдалану (ресурсты үнемдеу, физикалық-географиялық жағдайды есепке алу);

Қазақстандағы негізгі экологиялық проблемалар (ғаламдық, ұлттық, жергілікті), Қазақстан Республикасының табиғатты қорғау Заңы, Қазақстанның «Қызыл кітабы», ерекше қорғалатын аумақтар, қорықтар, ұлттық саябақтар, қорықшалар жəне басқалар;

семинар «Ғаламдық деңгейде ойла, жергілікті деңгейде шешімін тап», курсты қорытындылау.



5. Оқу пəнінің 9 сыныптағы базалық білім мазмұны

23. Кіріспе (1 сағат):

экономикалық жəне əлеуметтік география ұғымы, мақсаттары мен міндеттері.

24. «Экономикалық жəне əлеуметтік география пəні» бөлімін оқуға 7 сағат бөлінген:

«Экономика», «экономикалық жүйе» терминдерінің анықтамасы жəне ұғымы, Қазақстанның экономикасы (дамуының негізгі кезеңдері, ел шаруашылығының өткені, қазіргі кезі жəне болашағы), индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы, ТМД-дағы интеграция (ықпалдастық);

Қазақстан əлем картасында (аумағы, экономикалық-географиялық жағдайы жəне мемлекеттік құрылысы), қазіргі Қазақстанның экономикалық əлеуеті, ресурстары, өндіріс факторлары, экономиканың негізгі сұрақтары;

№1 практикалық жұмыс «Қазақстанның экономикалық-географиялық жағдайын жəне саяси-əкімшілік құрылымын анықтау». 19

25. «Халқы жəне еңбек ресурстары» бөлімін оқуға 8 сағат бөлінген:

халық саны, табиғи өсімі жəне ұдайы өсуі, ел халқының жастық-жыныстық құрамы жəне денсаулығы;

еңбек ресурстары, əлеуметтік жəне мамандық құрамы, халықтың ұлттық жəне діни құрамы;

елді мекендердің түрлері, қала халқы, урбандалу, ауыл халқы, халықтың тығыздығы жəне қоныстануы, халықтың көші-қоны;

№2 практикалық жұмыс карталар жəне оқулық мəтіні деректерінің көмегімен «Картадан ел халқының орналасуы, облыстар бойынша халықтың табиғи өсуі, урбандалу жəне көші-қон деңгейіндегі заңдылықтарды анықтау», қорытынды шығару.

26. «Салааралық кешендер географиясы» бөлімін оқуға 26 сағат бөлінген:

1) шаруашылықтың жалпы сипаттамасы (2 сағат), шаруашылықтың құрамы мен құрылымы, өнеркəсіптің құрылымы, орналастыру қағидалары жəне факторлары, кластерлер;

2) салааралық кешендер (24 сағат), отын-энергетикалық кешен (3 сағат):

елдің отын-энергетикалық кешеніне сипаттама, мұнай, газ өнеркəсібі, көмір өнеркəсібі жəне электр энергетикасы;

№3 практикалық жұмыс «Бірнеше отын базасын сипаттау жəне салыстыру», қорытынды шығару;

3) конструкциялық материалдар өндірісі кешені (7 сағат):

металлургия кешені, қара металлургия, түсті металлургия, ауыр түсті металдар металлургиясы, жеңіл түсті металдар металлургиясы, металлургия жəне қоршаған орта;

химия кешені, конструкциялық материалдар шығаратын басқа салалар (орман, ағаш өңдеу, құрылыс өнеркəсіптері);

№4 практикалық жұмыс «Металлургия, химия, ағаш өңдеу өнеркəсіптерінің салаішілік жəне салааралық байланыстарының сызбанұсқасын жасау» нұсқалар бойынша жəне презентация жасау;

4) машина жасау кешені (4 сағат), машина жасаудың экономикадағы рөлі, оның құрылымы, мамандануы жəне кооперативтендіру;

машина шығарудың технологиялық кезеңдері, икемді технологиялар, машина жасауды орналастыру факторлары, Қазақстан машина жасауының салалық құрылымы;

5) агроөнеркəсіптік кешен (АӨК) (6 сағат), АӨК құрамы жəне маңызы, кластерлері;

Қазақстанның өсімдік шаруашылығы, Қазақстанның мал шаруашылығы;

тамақ өнеркəсібі, жеңіл өнеркəсіп;

№5 практикалық жұмыс «Тамақ жəне жеңіл өнеркəсіптерінің орталықтарын орналастыру заңдылықтарын талдау, орналастыру факторларын анықтау», нəтижені кесте түрінде көрсету;

6) инфрақұрылымдық кешен (3 сағат), Қазақстанның көлік кешені, құрамдас бөліктері, түрлері, көрсеткіштері, көлік тораптары, қатынас жолдары, өткізгіштік қабілеті; 20

көліктің түрлері жəне елдің көліктік-транзиттік əлеуеті;

əлеуметтік инфрақұрылым салалары, демалу жəне денсаулықты қалпына келтіру индустриясы:

7) «Салааралық кешендер географиясы» бөлімін қорытындылау (1 сағат).

27. «Қазақстанның экономикалық аудандары» бөлімін оқуға 22 сағат бөлінген:

1) «Қазақстан аумағын аудандастыру» (1 сағат), өндірісті аумақтық ұйымдастыру жəне экономикалық аудандастыру, өнеркəсіп тораптары мен аумақтық-өндірістік кешендер, экономикалық ауданды оқу жоспары;

2) «Қазақстанның экономикалық аудандары (21 сағат):

Орталық Қазақстан (3 сағат), Шығыс Қазақстан (4 сағат), Батыс Қазақстан (3 сағат), Солтүстік Қазақстан (4 сағат), Солтүстік Қазақстан (4 сағат);

экономикалық-географиялық жағдайы, табиғат жағдайлары, ресурстары, халқы, (Қ.И.Сəтпаев зерттеулерінің Орталық Қазақстанның дамуындағы маңызы);

шаруашылық географиясы, көліктік жағдайы;

қалалары, ауылдық елді мекендері жəне олардың экономикалық-экологиялық проблемалары, (Астана – Қазақстан Республикасының астанасы, оның аумақ пен ел экономикасын жетілдіру мен дамытудағы рөлі, ЭКСПО – 17 көрмесі өтетін жер), (Алматы, Байқоңыр – еліміздің теңдесі жоқ қалалары, олардың ел экономикасының дамуындағы рөлі);

№6 практикалық жұмыс «Орталық жəне Шығыс Қазақстанның өнеркəсібіне салыстырмалы экономикалық-географиялық сипаттама»;

№7 практикалық жұмыс «Солтүстік жəне Оңтүстік Қазақстанның ауыл шаруашылығына салыстырмалы экономикалық-географиялық сипаттама»;

3) №8 қорытынды практикалық жұмыс (1 сағат), экономикалық аймақтардың халқы жəне экономикасындағы айырмашылықтарды табу мақсатында қысқаша, кешенді (жоспар жəне нұсқалар бойынша) салыстыру, істелген жұмысты талқылау жəне презентация өткізу;

4) қорытынды сабақ (1сағат), жоспар бойынша туған қаланың, ауылдың экономикасын сипаттау, халықтық қолөнердің, ұлттық-дəстүрлі өнеркəсіптің ерекше түрлерін анықтау, өз елді мекенінің шаруашылығының облыс экономикасындағы, экономикалық аймақтың жəне ел экономикасындағы маңызын анықтау.

28. «Қазіргі əлемдегі Қазақстан» бөлімін оқуға 4 сағат бөлінген:

геосаясат ұғымы, Қазақстанның геосаяси жағдайы, дүниежүзілік экономикадағы Қазақстан (жетістіктері, беталысы, реформалары, халықтың өмір сүру деңгейі жəне адамзат дамуының индексі (АДИ));



Қазақстанның басқа елдермен саяси, сыртқы экономикалық байланысы жəне мəдени-гуманитарлық ынтымақтастығы, Қазақстанның экологиясы жəне халықаралық экологиялық ынтымақтастық. 21
Каталог: uploads -> doc -> 033a
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
033a -> Сабақтың типі: Жана сабақ. Қазақстантарихынан өткізілген ашық сабақ жоспары. Сабақтың тақырыбы: 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс
033a -> «Өзін-өзі тану» пәні бойынша тәжірибелік сабақтары бойынша
033a -> Сабақтың тақырыбы: Бала Тұрар. Сабақтың мақсаты


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет