Негізгі құралдар дегеніміз - өндірісте ұзақ уақыт бойы яғни бір жылдан артық уақыт бойы пайдаланылатын, өзінің бастапқы заттай нысанын (пішінін, түрін) сақтай отырып, құнын шығарылған өнімге, орындалған жұмысқа көрсетілген қызметке біртіндеп бөліп-бөліп есептелген амортизациялық аударым мөлшерінде ауыстыратын еңбек құралдарын, яғни материалдық активтерді айтамыз. Негізгі құралдарға ұйымның қозғалмайтын мүлік, жер учаскелері, үйлер мен ғимараттар, өткізгіш тетіктер, машиналар мен жабдықтар, өлшеуіш және реттеуіш аспаптары, есептеуіш машиналар мен техникалары және олардың бағдарламалық құралдары, көлік тасымалдау құралдары, аспаптар, өндірістік және шаруашылық құрал-саймандары, өнім және жұмыс малдары, көп жылдық көшеттер, шаруашылықтың ішкі жолы тағы да басқаларын жатқызамыз. Көлемінің үлкен-кішілігіне, бағасының азды-көптілігіне (арзанды-қымбаттылығына) қарамастан пайдалану мерзімі бір жылдан аспайтын өндіріс құралдары негізгі құралдардың қатарына жатпайды. Сонымен қатар негізгі құралдардың құрамына ұйымның қоймаларындағы дайын бұйымдар (тауарлар) болып саналатын жабдықтар мен машиналар, күрделі құрылыс құрамында есептелетін монтаждауды (құрастыруды, орнатуды) қажет ететін жабдықтар, жасалып, салынып біткен бірақ әлі пайдаланылуға берілмей тұрған машиналар мен жабдықтар сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмысының өзіндік құнының құрамында қаралған қосымша шығындардың есебінен салынған титулдық тізімге кірмеген ғимараттар мен тетіктер , сонымен бірге жас малдар, яғни мал төлдері де жатпайды. Негізгі құралдардың бухгалтерлік есептегі мәнін ашып қарау үшін олардың бағалануын, пайдалану және шығындарын зерттеу керек. Жалпы алғанда барлық негізгі құралдар өздерінің өндіріске қатысуына қарай өндірістік және өндірістік емес болып екіге үлкен топқа бөлінеді. Негізгі құралдарды халық шаруашылығының салаларына қарай топтастырған кезде олардың қатысуымен шығарылған өнімдердің немесе орындалған жұмыстар мен қызметтердің шаруашылықтың қай түріне жататындығы негізге алынады. Егер ұйымдағы негізгі құралдардың барлығы тек қана ұйымның негізгі шаруашылығының түріне ғана қызмет жасайтын болса, онда бұл ұйымдағы негізгі құралдардың барлығы түгелімен сол ұйымның атқаратын қызметі саласындағы топқа жатады. Негізгі құралдардың бүгінгі таңдағы болсын бұрынғы болсын шаруашылықта алатын орны ерекше. Қай салада да болмасын қолданыстарында негізгі құралдар болады. Сондықтан да олардың пайдаланылуын және де оларға амортизация есептеуде бухгалтерлік мамандарға қойылатын талаптар жоғарылауда.
Халық шаруашылығының алдына қойған міндеттерін табысты шешуде оның басты буындары – экономиканың нақты секторындағы ұйымдарды басқаруды жетілдірудің маңызы зор. Негізгі құралдар ұлттық байлықтың бір бөлігі, еліміздің экономикасын дамытудың материалды техникалық базасы болып табылады. Сондықтан да, өндіріс тиімділігін әрі қарай арттыру негізгі құралдарды тиімді пайдаланумен тығыз байланысты. Қоғамдық өндірістің тиімділігі едәуір дәрежеде негізгі құралдардың ұтымды пайдаланылуына байланысты.