187-бап. Баланың тууын тіркеу үшін негіз 1. Баланың тууын тіркеу үшін туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі негіз болып табылады.
Медициналық ұйымнан тыс жерде, оның ішінде үйде босанған жағдайда, туу туралы медициналық куәлікті анасының жеке басын куәландыратын құжаттарына сәйкес босанғаннан кейін ол өтініш жасаған медициналық ұйымның қызметкері немесе босандырған және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке адам ресімдейді.
Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде дәлелді себеппен ата-анасының жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған жағдайда, ата-анасы туралы мәліметтер неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлікке не неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасына сәйкес толтырылады. Бала медициналық ұйымда туылған және анасының жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған жағдайларда, туу фактісін тіркеу кезінде ол туралы мәліметтер анасының өтініші бойынша және туу туралы медициналық куәлікке сәйкес толтырылады, оған анасы туралы мәліметтер өзінің сөзі бойынша жазылғаны туралы белгі қойылады. Азаматтық хал актілеріне ата-анасының атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тегін, ұлтын жазу осы Кодекстің 50, 51 және 63-баптарына сәйкес жүргізіледі.
Баланы суррогат ана туған жағдайда туу туралы медициналық куәлік тіркеу үшін негіз болып табылады.
2. Баланың туу туралы медициналық куәлігі баланың анасы туралы барлық қажетті мәліметтерді (тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), сондай-ақ баланың туған күнін, айын, жылын және жынысын, құжаттың берілген күнін қамтуға тиіс. Куәлік медициналық ұйымның лауазымды адамының қолтаңбасымен және мөрімен расталуға тиіс.
3. Кәмелетке толмаған ата-аналардың бала тууын, сондай-ақ суррогат ана туған баланы мемлекеттік тіркеу жалпы тәртіппен жүргізіледі.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тууды мемлекеттік тіркеу үшін негіз болмаған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу осы әйелдің баланы туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің негізінде жүргізіледі.
Ескерту. 187-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).