188-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу орны 1. Баланың тууын мемлекеттiк тiркеу ата-анасының не олардың бiреуiнiң қалауы бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тiркеушi органда жүргiзіледi.
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін құжаттарды қабылдауды тіркеуші орган, сондай-ақ "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады не "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
2. Егер ата-анасы бір-бірімен некеде тұрмаса (ерлі-зайыпты болмаса), баланың тууын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiшпен бір мезгілде әке болуды анықтау туралы өтiнiш берiледi.
3. Тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасында баланың туылған жері деп баланың тууын мемлекеттік тіркеу кезінде қабылданған Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық бірлігінің атауына сәйкес баланың нақты туылған жерінің атауы көрсетіледі.
Экспедицияларда және шалғай жерлерде, сондай-ақ анасы теңіз, өзен, әуе кемесінде немесе пойызда болған кезде туылған баланың туылған жері деп баланың тууын мемлекеттік тіркеу жүргізілетін әкімшілік-аумақтық бірлік көрсетіледі.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде туылған баланың туылған жері деп баланың нақты туылған жерінің атауы көрсетіледі.
4. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде туылған баланың тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде не ата-анасының немесе олардың біреуінің қалауы бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда шетелдік тіркеуші органдарда тіркелгеніне қарамастан, мынадай құжаттардың бірін:
1) туу туралы куәліктің түпнұсқасын;
2) туу туралы акт жазбасының көшірмесін;
3) туу туралы медициналық куәліктің түпнұсқасын көрсеткен кезде осы Кодексте белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттар болмаған кезде, соттың туу фактісін анықтау туралы шешімінің көшірмесі көрсетіледі.
Ескерту. 188-бап жаңа редакцияда - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).